Терезенің алдында отырған Шыбын үйдің іргесіндегі гүлге кеп қонған Көбелекті көріп қалды да, айқай салды.
— Ыз-ыз! Көбелек, мұнда не істеп жүрсің?
Көбелек басын көтеріп, қанатын қағып-қағып жіберді.
— Гүл иіскеп жүрмін.
— Хи-хи-хи! Сөзінің түрін. Гүл тамақ бола ма саған?
— Бекер күлесің, Шыбын. Барлық қызық тамақ ішіп, қарын тойғызуда ғана ма?
— Ақымақ!
— Олай деме. Гүлдің жұпар иісі анау-мынау тамақтан артық.
— Пәлі! Гүлдің иісін қорек қып жүрсең, жетіскен екенсің, ендеше көп ұзамай аштан өлесің, бауырым. Біліп қой, барлық рақат тамақта. О, шіркін, менің өмірім сенің түсіңе де кірмейді ғой. Бұл үйде мен дәмін татпаған, аузымды тигізбеген бірде-бір тағам жоқ. Не ішем, не жеймін демеймін. Айран ба, бал ма, ет пе, май ма, сүт пе — бәрі қолымда. Дастарқан жайылса, бірінші мен барып жайғасамын. Құдды осы үйдің сыйлы қонағы секілдімін. Дастарқан үстіндегі әр көз жауын алған тағамнан бір-бір асап, шай, сүт ішіп, демде қарным тыңқиып шыға келеді. Сосын өзімді осыншама сый-сияпат үшін борыштар сезініп, үйдің иелеріне бар өнерімді салып, ұшып-қонып бәйек болып, сызылтып әуезді ән шырқап беремін, қашан ұйықтап кеткенше құлақтарының түбінде жүремін. Сосын өзім де аз-маз көз шырымымды аламын. Одан соң қайта тұрып және тамақ ішемін. Рақат! Ертегі!
Ал, Көбелек, сенің көрген күніңді ешкімнің басына бермесін. Халің мүшкіл. Қаңғалап гүл иіскеп жүргенің. Күлкілі! Бәрінен бұрын бала біткеннің көзіне түссең, өлгенше ізіңнен қуатынын қайтерсің. Кесектейді. Тас лақтырады. Шыбын жаныңды шырылдатып көзіңе көрсетеді. Осы да тіршілік пе? Жоқ, өмірің онсыз да қып-қысқа. Жаңбыр жауса, гүлдің қауызының астында, шөптің түбінде бүрісіп отырғаның.
Көбелек гүлдің жұпар иісінен басы айналып, шыбынға мойнын бұрды:
— Шыбын, бекер масаттанасың. Мен сені жақсы білемін. Ісіңде бір береке жоқ. Жұқсызсың. Сұғанақсың. Жұрт сені етке, сүтке жолатқысы келмейді. Жуыссаң болды — құрттатып жібересің. Айтқаныңның бәрі шылғи өтірік. Сені ешкім сый-сияпаттап, кәделеп күтпейді. Өзің баса-көктеп жүресің. Тәтті тағамның бәріне аяғыңды, ұртыңды малып, ластайсың. Ызыңдап жұрттың мазасын аласың. Ән салам дейсің. Қателесесің. Ызыңың әуезді ән болғаны ма? Адам сені есік-терезесін ашып, желпуіштеп үйінен қуып шығады. Резеңке сапалақпен ұрады. Ұстау үшін тәтті желім жағып, қағаз іліп қояды. Осыны білесің бе? Сүйкімсізсің.
Ал мені бар адам дос санайды. Оларға қанатымды қағып, гүлден-гүлге ұшып-қонып жүргенім керемет қызық. Бау-бақшаның, даланың көркімін. Балалар қуса, қызығып қуады. Ұстап алса, қолдарымен аялап сипайды. Қайсыбір тентектер болмаса, көбісі еркіме қоя береді. Ойнайды. Бір сөзбен айтқанда, мен ұшып жүретін гүлмін. Рас, өмірім қысқа, оны өзім де білемін. Бірақ өкінбеймін. Бақытты дәурен кешемін. Бір күн болса да далада, ашық аспан астында күн кешкенге не жетсін!
Жақсы, сау бол!
Сөйтті де Көбелек көрші баққа қарай ұша жөнелді.
Осы сәт жұмыстан оралған қожайын әйел:
— Туһ, үйге шыбын қаптап кетіпті ғой! — деп терезені ашып, қызыл сүлгімен желпуіштеп мақтаншақ Шыбынды бөлмеден қуып шықты.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі