Автомобиль — өз козғалтқышы арқылы қозғалып, жүк және жолаушылар тасуға арналған машина. Грекше аutоs — өзі және латынша mоbіlіs — қозғалмалы, қозғалатын деген ұғымды білдіреді. Орта ғасырларда жел күшімен немесе адамның бұлшық еті күшімен қозғалатын арба жасалды. 1752 жылы орыс механигі Леонтий Шамшуренков екі адамның күшімен қозғалатын «жүгірме арба» жасады. 1769-70 жылы француз өнертапқышы Никола Жозеф Кюньо, ал одан бірнеше жылдан кейін Англияда Уильям Мердок және Ричард Тревитик бу автомобилін құрастырды. 1784-91 жылы орыс өнертапқышы Иван Кулибин жасаған педальды арбаларда осы күнгі автомобильге тән механизмдердің (беріліс қорабы, маховик, механикалық тежеуіш, роликті подшипник, т.б.) біразы қолданылды. 19 ғасырда Англияда және Францияда бу автомобильдері тарала бастады.
19 ғасырдың 30-жылдарында жолаушылар таситын бу автомобильдері жолға шықты. Аталған ғасырдың аяғында аккумулятор батареяларынан қуат алатын автомобиль құрастырылды. 1879 жылы орыстың өнертапқышы Огнеслав Костович бензинмен жүретін карбюраторлы қозғалтқыш жасады. Жеңіл де ыңғайлы, жүрісі шапшаң және үнемді іштен жанатын қозғалтқыштың шығуымен автомобиль жасау ісі тез дами бастады. 1885-87 жылдары неміс өнертапқыштары Карл Бенц пен Готлиб Даймлер алғаш рет іштен жанатын қозғалтқышы бар автомобиль жасады. 1890 жылдары Францияда «Панар-Левассор» және «Де Дион-Бутон» автомобильдері пайда болды. 1892 жылы АҚШ-та Генри Форд өзінің алғашқы автомобилін құрастырды, ал 1903 жылы ол өндірісте шығарыла бастады. 1932 жылдан бұрынғы Кеңестер Одағында ГАЗ-А автомобилін көптеп шығару қолға алынды. Николай Брилинг пен Евгений Чудаков құрған автомобиль мектебі автомобиль жасауды жетілдіруде, оның пайдалану көрсеткіштерін жақсартуда маңызды рөл атқарды. Автомобильдер пайдалану қызметіне қарай көлік, арнаулы және жарыс автомобильдері болып бөлінеді. Соның ішіндегі негізгісі — көлік автомобильдері. Олар адам және жүк тасуға арналған. Арнаулы автомобильдер тиісті жабдықтармен жабдықталып, көше сыпыру, өрт сөндіру, жүк тиеу, жүк түсіру сияқты кейбір өндірістік жұмыстарды (автокран, автокомпрессор, өрт сөндіру машинасы, көшпелі жөндеу шеберханасы, т.б.) атқаруға пайдаланылады. Жарыс автомобилі спорттық жарыстарға қатыстырылады.
Көлік автомобильдерінің бір түрі — жолаушылар автомобилі. Оның жеңіл автомобиль, автобус сияқты түрлері бар. Көлік автомобиліне автопойыз құрамына кіретін арнаулы буксирлер мен тягачтар да жатады. Жеңіл автомобиль екіден сегізге дейін (жүргізушінің өзін қосқанда) жолаушылар тасуға арналған. Қозғалтқышының литражы (қозғалтқыштың барлық цилиндрлерінің жұмыс көлемі) мен салмағына қарай: айрықша кіші — 1,2 л - 850 кг; кіші — 1,2 - 1,8 л - 850 - 1150 кг; орташа - 1,8 - 3,5 л – 115-1500 кг; литражы мен массасы шектелмейтін жоғары сапалы болып 5 класқа бөлінеді. Жеңіл автомобиль қорабының типіне қарай лимузин (қорабы жабық), кабриолет (қорабы жоғарғы жағынан матамен жабылған), фаэтон (қорабы ашық) болып ажыратылады. Жүк автомобильдерінің өте жеңіл жүк көтеретін (0,75 т-ға дейін), жеңіл (0,75 — 2,5 т), орташа (2,5 — 5 т), ауыр (5 — 10 т) және өте ауыр жүк көтеретін (10 т-дан жотары) түрлері бар. Жүк автомобилі қорабының түріне қарай әмбебап және арнаулы болып бөлінеді. Әмбебап автомобильдің борты ашпалы-жаппалы ашық платформалы болып келеді. Арнаулы жүк автомобиліне аударылмалы ашық платформасы бар аударғыштар, қорабы жабық фургондар, сұйық және сусымалы заттар тасуға арналған автоцистерналар, цемент тасығыштар, т.б. жатады. Жол жағдайына қарай кездескен кедергілерден кідірмей өте алатын, су өтпейтін қорабы, ескек винті, т.б. суда жүзуге қажетті қовдырғылары бар амфибиялар да автомобильге жатады. Бүгінгі күнгі кейбір жүк таситын автомобильдердің көлемі мейлінше үлкен. БелАЗ-дардың кабинасына арнайы сатымен шығуға тура келеді. Кейбіреулерінің қорабына 100 т жүк кетеді. Автомобиль әскери істе әскер және қару-жарақ тасиды, артиллерия, зеңбірек, пушка, т.б. сүйрейді. Реактивтік және ракеталық қондырғылар, жөндеу шеберханасы, радиолокациялық станса, т.б. орнатылған автомобильдер бар. Әскери әуе күштерінде жанармай тасығыш, автоцистерна, автостартер, қар күрегіш, автокран, сыпырғыш машина, прожекторлы және өрт сөндіру машиналары, оттек өндіру және зарядтау стансалары, маяк және компрессорлы машиналар, т.б. автомобильдер пайдаланылады. Әскери автомобильдің бұлардан басқа штабтық санитарлық автомобиль, авторефрижераторлар, радио және электр стансалары, экскаваторлар, орқазғыш сияқгы екі жүзден аса түрі бар. Қазіргі автомобильдерге орнатылатын қозғалтқыштардың негізгі түрі — іштен жанатын поршеньді қозғалтқыш. Электр автомобиль аккумулятор батареясымен жұмыс істейтін козғалтқышпен жабдықталады. Мұндай автомобильдер қалада жеңіл және шағын көлемді жүк тасуға қолданылады. Жағатын жанармайының түріне қарай автомобиль карбюраторлы, газ баллонды, газ генераторлы және дизельді болып бөлінеді.
Автомобильдер негізінен карбюраторлы келеді, ауыр жүк таситын автомобильдерге, орташа және көп орынды автобустарға дизельді қозғалтқыш орнатылады. Кейбір жүк автомобильдері газ баллоны және газ генераторымен жүреді. Үлкен-кішілігіне қарамастан автомобиль негізінен жүріс бөлімі, қозғалтқыш, трансмиссия, басқару механизмдері және қораптан тұрады. Жүріс бөліміне рама, алдыңғы және артқы белдіктер (осьтер), аспа және пневматикалық шиналы доңғалақтар кіреді. Рамаға автомобильдің барлық механизмдері, сонымен бірге оның қорабы немесе кабинасы бекітіледі. Жеңіл автомобиль мен автобустардың механизмдері тұтас жасалған қорапқа бекітіледі. Автомобильдің басқару механизміне рульмен басқару және тежеу жүйелері кіреді. Автомобиль конструкциясы жүккөтергіштік мүмкіндігі мен жүк сыйымдылығына, ауқымы мен салмағына, тарту күші мен кедергіден мүдірмей өткіштігіне, отын үнемділігі мен пайдалануға, техникалық қызмет көрсетуге ыңғайлығығына (басқаруға жеңілділігі, жүріс жатықтығы, жүк тиеу, жүк түсіруге бейімділігі, т.б.), орнықтылығы мен қауіпсіздігіне қарай жіктеледі. Автомобиль орындығын отыруға ыңғайлы етіп жасау, қорабындағы ауаны кондициялау, терезенің ашылып-жабылуын автоматтандыру, бейтаныс айдап кетуден сақтандыратын дабыл бергіш, қашықтан әсер ететін кішкентай басқарғыш арқылы автомобильді оталдырмай қоятын жүйелер орнату арқылы оның қолайлылығын жақсартуға болады. Қазақстанға алғашқы автомобиль 1910 жылы келді. 1939 жылы Қазақстан автомобиль көлігі халық комиссариатының құрылуы республикалық автомобиль көлігінің дамуына үлкен ықпал етті. 1940 жылдың өзінде оның қаруында 27 мың автомашинасы бар 18 автомобиль шаруашылығы болды. Бұдан кейінгі жылдары жылжымалы құрамның өнімділігін арттыруды, тасымалдың өзіндік құнын кемітуді, көлік шығындарын азайтуды қамтамасыз еткен көлік жүйесін ұйымдастырудың озат нышандарын игеру ісі қолға алынды. 1990 жылдардың соңынан бастап отандық автомобильдердің алғашқы үлгілері жасала басталды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі