Өлең, жыр, ақындар

Қазақстанның ордендері

Орден — латын тілінен аударғанда «сап, дәреже, топ» деген мағынаны білдіреді. Батыс Еуропада орта ғасырларда монахтық, діни-әскери ұйымдар, құпия бірлестіктер "Орден" деп аталған. Олардың әрқайсысының өзіндік айырым белгілері болған. Бұл белгілер уақыт өте келе мемлекеттік сыйлық сипатын иемденіп, нәтижесінде сан алуан ордендер жасалынды.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алғаннан кейін, мемлекет және қоғамға еңбек сіңірген тұлғаларға құрмет белгісі ретінде өз ордендерін тағайындай бастады. Мұндай мемлекеттік ордендердің кімге берілетіндігін Елбасы анықтап, марапаттайды. Сондай-ақ, орден иегеріне орденмен қоса, оның аты-жөні жазылған кітапша тапсырылады.

Мемлекеттегі ең жоғарғы марапат «Алтын Қыран» мен «Халық Қаһарманы» атағы болып табылады.

Медаль белгілі бір даңқты оқиғаның, көрнекті қайраткердің, жердің құрметіне шығарылатын металл белгі болып табылады. Ол екі жоғынан (кейде бір жағынан) бедерленеді. Көбіне медаль дөңгелек, кейде тік бұрышты, көп бұрышты, сопақша немесе басқа да пішінде жасалады.
Медаль соғу ісі алғашқыда Ежелгі Римде, кейіннен, XIV- XV ғасырларда Италияда, Византияда жасалып, онымен марапаттау кеңінен тарала бастады.

Орден мен медальді мемлекет басшылары ерекше қызмет көрсеткен мемлекет қайраткерлеріне береді.

Қазақстан Республикасының наградаларымен республикаға еңбегі сіңген шет ел азаматтары мен азаматтығы жоқ  адамдар да марапатталуы мүмкін.

Орден мен медальдар республика мүддесін қорғау жолында ерлік, батылдық пен қаһармандық көрсеткен азамат қайтыс болып кеткен жағдайда кітапшасымен бірге оның туыстарына тапсырылады.

Орден не медальмен марапатталған адам қылмысы үшін сотталған жағдайда соттың ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті шешімімен қайтарылып алынады. Сондай-ақ, заңсыз сотталып кеткен және толық ақталған азаматтардың мемлекеттік наградалары соттың ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті шешімімен иесіне қайтарылады.

«Алтын Қыран» — Қазақстан Республикасындағы ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгі. «Алтын Қыран» орденімен республикаға зор еңбегі сіңген азаматтар марапатталады. Бұл орден жұлдыз пішімінде ақ, кызыл және сары түсті алтын құймасынан жасалады. Оның ортасында, шеңбер ішінде қыран құс бейнеленген. Төменгі жағында, қыранның айналасында «Алтын қыран» деген жазу бар. Жоғары жағына 3 лағыл тас орнатылған.

«Алтын қыран» орденімен бірқатар елдердің басшылары да марапатталды.

«Халық Қаһарманы» — еліміздің бостандығы мен тәуелсіздігі жолында азаматтық және жауынгерлік ерлік көрсеткендерге берілетін атақ. Оған ие болған адамдарға айрықша ерекшелік белгілері — «Алтын Жұлдыз» бен «Отан» ордені тапсырылады.

«Отан» орденімен экономиканы, әлеуметтік саланы, ғылым мен мәдениетті дамытуға үлес қосқан мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі адамдар марапатталады. Сонымен қатар, демократия мен әлеуметтік үрдісті дамытуға ерекше үлес қосқан мемлекеттік, құқық қорғау және әскери қызметтегі азаматтарға да беріледі.

«Барыс» ордені бейбітшілікті, еліміздің егемендігі мен халықтар арасындағы достық қатынастарды, ұлтаралық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше ат салысқан адамдарға беріледі. Ол 3 дәрежеден тұрады. I дәреже - орденнің ең жоғарғы дәрежесі. Дәрежелер III, II, I ретімен беріледі. Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен ерекше көзге түскен азаматтар үшін реттілік сақталмауы да мүмкін.

«Даңқ» ордені 2 дәрежеден тұрады. I дәрежесі - жоғарғы дәреже. «Даңк» орденімен Қарулы Күш, Прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік, Ішкі істер органдарының басшы құрамдағы офицерлері марапатталады. «Даңқ» орденін иемдену үшін әскерлерге басшылық жасап және осы басқару ісінде табыстарға қол жеткізу, сондай-ақ әскердің жоғары жауынгерлік даярлығы мен елдің корғаныс қабілетін қамтамасыз ету кажет. Сонымен қатар, бұл орден әскери, шекаралық, ішкі қызметті үздік ұйымдастырған, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз еткен, заңдылық пен қоғамдық тәртіпті сақтауды нығайтқан азаматтарға да тапсырылады.

«Парасат» орденімен ақын-жазушылар, мәдениет пен өнер саласында (артистер, әншілер, режиссерлар, т.б.) еңбек ететіндер, ғалымдар, мемлекет және коғам қайраткерлері халықтың рухани өмірін жақсартуға қосқан табысты еңбектері үшін марапатталады.

«Айбын» орденімен әскери қызметшілер, Прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік, Ішкі істер органдарының қызметкерлері марапатталады. Бұл орденнің иегері атану үшін жауынгерлік әзірлікте, әскерлерді жоғары жауынгерлік даярлықта ұстауда, заңдылықты, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде табыстарға қол жеткізу қажет. Сондай-ақ «Айбын» ордені әскери және қызметтік борышын атқару кезінде батылдық пен жанқиярлық көрсеткен азаматтарға, мемлекет мүддесін қорғауда ерлік көрсеткендерге беріледі. Ол 3 дәрежеден тұрады. Ең жоғарысы — І дәреже. I және II дәрежелі «Айбын» ордендерімен офицерлер, ІІІ дәрежесімен — сарбаздар, матростар, сержанттар, старшиналар және мичмандар марапатталады.

«Достық» орденімен қоғамдағы өзара татулықты, халықтар арасындағы бейбітшілікті, достық пен ынтымақтастықты сақтауға көп үлес қосқан азаматтар марапатталады. «Достық» ордені 2 дәрежеден тұрады. Кейбір айрықша жағдайларда реттілік дәрежесі ескерілмеуі де мүмкін.

«Құрмет» орденімен экономика және әлеуметтік сала қызметкерлері, сондай-ақ ғылым мен мәдениет, білім беру ісін дамытуға зор үлес қосқан азаматтар марапатталады.

Сонымен қатар бұл орден мемлекеттік органдарда мінсіз қызмет атқарған, белсенді қызмет көрсеткен тұлғаларға да беріледі.

Оқуға кеңес береміз:

Қазақстан медальдары


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз