Өлең, жыр, ақындар

Сонымен, Қаратай деген кім?

Бошай ағам еске салмағанда, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов болмағанда «дүңгәнә» боп кеткен кейінгі ұрпағы бабасының зиратын іздей қояр ма еді?.. Күманым бар. Әйтеуір, Ергенекті, оның ішінде Көкжарлы екенін білеміз. Өз әкесі Ұлатемір. Одан әрмен қаза берсек, жыл санауымыздың 91-жылы иісі түркі түгел жиналып Ергенектінің атажұрты Отыкеннен орын тепкенін тарих айғақтап береді. Осы өңірде тырп етпей жатып, 551-жылы Тұран империясын (Ұлы Түрік қағанаты) жариялап, қалың Найман батысқа қарай жылжығанда Ергенектінің бір бұтағы Көкжарлы атажұртында (Төр Алтай мен Өр Алтайда) ХҮІІІ ғасырға дейін қала берді. Онжеті мен онсегіздің ортасында Жоңғар шапқыншылығы кезінде Арқаға ауып, уақытша Тайатқан-Шұнақта отырды. Қалмақтардың да жетіскені шамалы. Әуелде Қытайды шабайын деп тұрған жоңғарларды Ресей мен Қытай қазақтарға айдап салып, Еділ бойына жеткенде енді өздері қыса бастады: құрып кетпейін десеңдер тіліңді өзгерт, дініңді өзгерт, тірлігіңді өзгерт деген соң амалсыздан кері қайтты. «Очерки по истории калмыкского народа» деген кітаптарында қалмақ тарихшылары: біз өз трагедиямызды өзіміз жасадық, айтаққа еріп тыныш жатқан ағайын қазақтарда неміз бар еді деп жазады. Қайтарда жауды Абылай қолы елсіз, сусыз өңірге ығыстырып, Қаратал өзенін буып тастаған. Қалмақ ханы Обашының таңдаулы деген он мыңға жуық әскерін түгел қырып жіберіп, бала-шағасы аралас әбден әлсіреген жұртын Обашы қоршаудан зорға алып шығыпты. Бұл Мойынты бойындағы 1771 жылғы алты күнге созылған жойқын соғыс. Жердің «Қалмақ қырылған» аталуы да осыдан. Қаратай батыр садақтың у жаққан жебесінен опат болса керек. Сүйегін Абылай ставкасы тұрған төбенің басына ардақтап жерлеген. Мазарды ешкінің майы мен жылқының қылынан, биенің сүтімен шылап сары балшықтан соққан екен. Ел бастап, ерлік жасаған батырдың күмбезі Тайатқан-Шұнақта қалды да атағын артындағы жұрты Төр Алтайға ала кетті. Бүгінде тұтас бір аудан Қаратай елі болып отыр. Ауданның бұрынғы әкімі Серік Зайнулдин батыр атындағы бақ ашып еді, қызмет бабымен Зайсанға (дұрысы Жайсаң) ауысуына байланысты ескертіш қоюды жаңа басшы Арман Ілиясұлына аманат қылып тастап кетті... Қаратай батыр туралы толық мәліметті Қайырды Назырбаевтің «Қаратай бабаның зираты қалай табылды?» деген очеркінен оқуларыңызға болады («Елорда» баспасы 2008 жыл).


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз