Өлең, жыр, ақындар

Тілашар тойына арналған тілектер, құттықтаулар

Таудай болсын арқалаған талабың,
Сезін өмір құпиясын, ғажабын!
Айнұрдайын періштеге тілек сол —
Құтты болсын, мектеп аттар қадамың!

*** *** *** ***

Шаттыққа толы болсын келер күндер,
Нұры ғой көзіміздің көгершіндер.
Аман қыл құртақандай құлындарды,
Аруақтар, желеп-жебеп жүресіңдер?!
 
Адамдар артқан екен ұрпаққа үміт,
Солардың арқасы ғой, тұрсақ күліп.
Еңбектеп,
Тәй-тәй басып,
Мектеп барып,
Сұңқардай
Шыңға қонар шырқап шығып.
 
Желкілдеп жігіт болды тайға мінер,
Күй болып шалқы көңіл, қайна жігер.
Алдынан арайланып бақыт таңы,
Азамат болсын аузын айға білер.
 
Көргендер бақытты ғой немересін!
Көгерсең немереңнен көгересің...
Ертең-ақ мақтанышқа айналады,
Ат ерттейтін Азамат деген есім.
 
Ұрпақпен ұласады мұрат арман,
Бәйтерек бой көтерер құба талдан.
Тойлаңдар,
Қуаныңдар, ағайындар,
Шалқып қайт, шаттық тойы -
Тілашардан!

*** *** *** ***

Тілашар тойында балалар айтатын тақпақтар

Мектепке алғаш барғанда
Ұатаздарды мақтаймын,
Сенімдерін ақтаймын.
Біздікіндей мектепті
Әлем шарлап таппаймын.
 
Сәлем беріп өтейін,
Биіктерге жетейін.
Алдыңызда өзімді
Таныстырып кетейін.

*** *** *** ***

Мектеп, менің мектебім,
Ақылсыздан шеттедім.
Білімдімен дос болып,
Сенен аттап өтпедім.
 
Қару-жарақ — сабағым,
Қалам-парақ — садағым.
Жалқау менен наданды
Білімменен қададым.

*** *** *** ***

Тақпағымды жаттаймын,
Сабағымды баптаймын.
Біздікіндей мектепті
Ешбір жерден таппаймын.
 
Таң қалдырып әлемді,
Айтайын мен өлеңді.
Қабыл алғын, жамағат,
Қызың берген сәлемді.
 
Күн көзімен таласқан,
Ай мен күнге жол ашқан.
Қазақ қызы мен болам,
Білімменен санасқан.

*** *** *** ***

Есін допқа жеңдірген,
Бала емеспін сен білген.
Алтыға кеп, алып боп,
Біріншіге келдім мен.
 
Еркелік жоқ кешегі,
Оқушымын көшелі.
Білім алып бойыммен
Ойым да енді өседі.
 
Салтанаты бек керім,
Міне, сынып-мектебім.
Ұстаздарым аялы,
Достарым да көп менің.
 
Мен оқушы баламын —
Оқып, білім аламын.
Мектеп-ұям, өзіңе
Арналады бал әнім.

Қажетті сілтемелер (қарап көріңіз):

Тілашар батасы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз