Өлең, жыр, ақындар

Гольф туралы қызықты он дерек

1

Гольф тарихының ресми дүниеге келуі Шотландияда осы ойын түрі туралы алғашқы жазбалармен байланыстырылады. Дегенмен бұл спортта өзгелер секілді талай құқайды бастан кешірді. Тіпті, әскерлердің садақ ату жаттығуларына кедергі келтірді деген сылтаумен 1457 жылы король Джеймс аталған ойынға тыйым салады. Бірақ көпті баурап алған спорт қайта бойын тіктеп, ХVІІІ ғасырдың басында алғашқы гольф клубтары өз жұмыстарын бастады. Мұндай мекемелер негізінен масондардың қызығушылығының арқасында дамыды. Себебі, масондар өз жиналыстарын гольф ойынымен аяқтауды әдетке айналдырған. Әлгінде айтылған ақсүйектердің сүйікті ісіне айналуына гольфтің тәртіп пен адамның өз-өзін дұрыс ұстай білуін ерекше талап еткендігі әсер еткен болар.

2

ХХ ғасырда гольф бүкіл әлемге, тіпті, ғарышқа да жайылып кетті: 1971 жылы «Аполлон-14» айға гольф жабдықтарын жеткізіп, соның арқасында АҚШ ғарышкері ауасыз кеңістікте соққы жасау бақытына ие болды. Бүгінде бұл ойын бұқаралық сипат алған.

3

ХХІ ғасырдың басында әлемде 60 млн гольфші бар екендігі анықталды. Спорттың аталған түрінен ерлер арасында Ұлыбритания, АҚШ, Австралия мен ОАР көш басында. Жетпісінші жылдардан бері гольфке деген сұраныс Жапония, Скандинавия, Батыс Еуропаның біраз елінде қатар артты. Кейіннен қызығушылар Азия елдерінде де пайда болды. Қазіргі таңда Оңтүстік Кореяның нәзікжандары гольфте алдарына жан салмай келеді.

4

Әлемде гольф жарыстарының беделі жоғары. Жылда өтетін Еуропаның ашық чемпионаты он айға созылып, оған 15 елде өтетін 40 турнир кіреді. Кәсіби жарыстардың жүлде қоры да өзге спорт түрлерінен әлдеқайда қомақты. Мәселен, 2000 жылы АҚШ біріншілігінің қоры 6 млн доллар болса, ал жеңімпаз 1 млн доллар пайдаға кенелді.

5

Турист-гольфшілер үш топқа бөлінеді: бірінші, саяхатқа гольф ойнау үшін әдейі баратын туристер (шамамен 6-10 млн); екінші, демалыс немесе бизнес-жорықта қосымша әуес ретінде гольф ойнайтын туристер; үшінші, гольф-турнирлеріне көрермен ретінде келетін туристер. Соңғы екі топқа кіретін туристердің нақты санын есептеу қиындау.

6

Қазіргі кезде әлемде гольф өндірісі бар деп айтуға болады. Оның жылдық айналымы 20-60 млрд долларға жетеді. ХХІ ғасырда бұл индустрияның дамуы жылына 5-15% болып отыр және бұл көрсеткіштің арта беретіні сөзсіз. Әсіресе, Қытай мен Үндістанда қарқын жоғары (жылына 25-30%).

7

2005 жылы әлемде 32 мың гольф алаңы болды. Ең теріскейдегісі – Гренландияда, оңтүстігі – Аргентинада, шығысы – Тонгада, батысы – Самоа аралында.

8

The Masters Tournament турнирінде Тайгер Вудс – ең аз соққы жасаған чемпион. Ол бір турнирдің ішінде бар-жоғы 270 соққы жасаған.

9

The Masters Tournament турнирін ең көп ұтқан ойыншы – Джек Никлаус. Ол аталған турнирде алты рет жеңімпаз атанған: 1963, 1965, 1966, 1972, 1975, 1986 жылдары.

10

Гольфке бөлінетін, оның айналымындағы қаржы қомақты. Оны «байлар ойыны» деп атау бекер емес. Сондықтан бұл спортқа ақша құятындар саны да артып келеді. Әсіресе, дамыған және дамушы елдерде гольфке деген сұраныс жоғары.

Бүгінде гольфтің ашық алаңда өтетін классикалық түрімен бірге оның басқа да нұсқалары бар: шағын гольф (ресми спорт түрі және демалыс түрі); кеңсе гольфі; виртуалдық гольф-стимулятор.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар