Өлең, жыр, ақындар

Ағадан кемдік көргем жоқ

Ол кезде Сафуан ағамыз секретарь, Амантай ағамыз прозаның сарапшысы. Боқшамды қолтықтап Жазушылар Одағына келдім.

— Бұл жерден сен түгілі, сенен үлкен бір ағаң да балшығын арқалап құр ауыз қайтқан, — деді Сафекең, — қазір Ғабиден Мұстафин келеді, көнсе қолқалап көрейін, бағың да, сорың да сол кісіге байланысты, жарайды десе жарадың, жарамайды десе...

Сафуан ағамыз мен сияқты бойы шарғыларға бұйыра бермейтін қымбаттау танауын төбеме тіреп тұрып алды:

— ... енді, болмайды десе болмағаны да!..

Тірі жазушыдан танитыным үшеу-ақ: Сафуан ағаммен «Мәдениет және тұрмыста» бірге істедім. Ғабдол ағаммен де сонда танысып, соңынан қолбаладай салақтап біраз ердім, Зейнолла ағама 1952 жылы Алматыға түскен күннің ертеңінде емтихан тапсырғаным бар, содан күні бүгінге дейін емтихан тапсырып келе жатырмын. (Айтпақшы төрт жыл бойы дәріс алсам да Мұхтар Әуезовтің бетіне тіктеп қараған емеспін).

Сафекең мені келесі бір кабинетте жұтынып отырған өңшең бір ығай мен сығайдың ортасына тығып жіберді. Тура есік көзінен газетте істейтін бір ағамды танып, әкемді көргендей ұмтылып едім, оның қасынан орын табылмады, байқаймын, екі бүктетіліп, басының салбырап кеткеніне қарағанда, оның да маған пана болар түрі жоқ сияқты. Төрге таман озыңқырап кетсем керек, сонымды жақтырмады ма, Амантай ағам иегін көтеріп:

— Мына дөкей кім? — деп былғары қолғабын шошайтты.

— Әлгі Қабдоловтың жер-көкке сыйғызбай мақтап жүрген «Қоңыр күзі едінің» авторы деді Сафекең.

— Ы - ы!.. — Амантай ағам былғары қолғабын бетімнен зорға алып кетті.

Ол кезде «Қоңыр күз еді» еш жерде жарық көрмеген. Жылдар өткен соң айтуға болатын шығар: бір ағамыз повесімді торт жыл қамап, мына біреуден құтқарып берші деп Әбдіжәміл Нұрпейісовке оқытқан екен, ол бір түнде қарап шығып, Зейнолла Қабдоловқа тапсырыпты. (Әлі бір пенде қолына ұстамаған қолжазба қақында «Қазақ әдебиеті» газетінде рецензияның жарияланып кету тарихы осы).

Ұнап қалғандықтан ба, ол кездегі ағаларым шетінен жігіттің көркемі еді: бәрі де сайдың тасындай — қортығы да, мыртығы да, тыртығы да жоқ; қазір ойлап отырсам, жазушы деген қауымның сырт пошымын, сымбат-сиқын бүлдірген менің тұстастарым — сұрапыл соғыс жылдарының жетімектері сияқты. Кейін, студент қауымның бәрімізді жиып-теріп «Бес тапал» деп қойған аты да бар. (Менен екі сантиметр аласа, жиырма сантиметр жуан болса да өздерін ұрғашы жұрағаттың алдында ұзын бойлы, қыпша бел, бидай өнді, аққұба, жігіттің төресімін деп есептейтін кейбір құрдастарымның құлағына алтын сырға).

... Бір тең қолжазба қолтықтап ара көзілдірікті зор адам кіріп келді. Маған солай көрінді. Ғабиден Мұстафинді сыртынан таныдым. Кабинет тік тұрып қол берді. Мен жете алмай қалдым. Арадағы жарты қадам мен үшін ол кезде жер түбі еді, жарты қадам жердегі Ғабекең ол кезде маған шың басында тұрған алыс жол еді. Көңілімнің биігінде қонақтап қалған ағаларымды ғұмыр бақи аласартқым келмейді, олар аласарса, өзім қайдан барып шықпақпын?..

Тас бітеу қара көзілдіріктен бе, жапатармағай жүгірген көп қолды алып тұрып та Ғабекең бірінің жүзіне бұрылып қарамағандай, бәрінің ілтифатына бір-ақ емеурінмен жауап қатқан суық жандай көрінді. Мен ауызғы бөлмеден орындық сүйреп қайтып келсем, Ғабекең әлі түрегеп тұр екен. Босағада бүрісіп отырған ағамыздың қасына егіздің сыңарындай болып жабыса бергенімде:

— Орныңа отыр, андағыңды бері әкел, — деп Ғабең орындығымды тартып алғандай болды.

Әлдебіреу жоғары жылжыр ма екен деп қипақтап тұрып қалдым.

— Отыр, кабинеттің төрі мен босағасы жоқ, — деді Ғабекең. Ал әдебиеттің төріне сен түгілі біз де жеткеміз жоқ. Қысылма.

Әдебиеттің аудиториясына кіру қиямет-қайымнан қиын болар ма, ал оның талқысына түсу таңдамақ шардың мүңкір-нәңкірінен бетер екенін алғаш сезгенім сол еді. (Сынның маған ешқандай септігі тиген жоқ дейтұғын кейбір әріптестерім мықтылығынан айтатын шығар, өтірік бөссе өздері білсін).

— Мынау байлықтың иесі кім? — деді Ғабекең, отырар-отырмастан бір тең қолжазбаны Амантай ағамыздың алдына соғымның сыбағасындай қос қолдап қойып жатып

«Мен едім» дегендей босағада бүрісіп отырған журналист ағамыз орнынан имене тұрды. Ғабекең қара көзілдіріктің астынан тереземен ғана тілдесіп отырғандай еді:

— Шырағым, кезінде газет-журналдың бетінде әлеуметтік міндетін атқарып кеткен фельетон, сыңаюы көркем әдебиетке сүйреп келудің қажеті жоқ! — деді сол бұрылмаған қалпы.

— Бәріміз де көзімізді газетпен ашқанбыз, бірақ соның бәрін жинай берсек, жер-көкке сия ма, судың да сұрауы бар, қағазды да аяу керек.

«Алып кетуіңе болады» дегендей Ғабекең бір шынтағымен басып отырған бір тең қолжазбадан қолын көтеріп алды:

— Жасыңа да, жазғаныңа да қарасам, әдебиеттен кеш қалған жігіт сияқтысың.

Журналист ағамыз именіп келіп, қолжазбасын көтеріп бір ізбен ләм-мим деместен шығып кетті. Маған оның мойыны қылдырықтай, бөксесі қара қазандай боп көрініп еді. Үстіндегі қытайы шымқай қара кәстөмнен бе, әдебиет үйінен қара жамылып, мәңгі-бақиға қоштасып бара жатқандай болды.

— Әлгі бірдемені түсініп кетті ме, түсінбей кетті ме деп Амантай ағамыз аң-таң қалды.

— Түсінсе — қайта келмес, түсінбесе әлі талай шаршатар, — деп Ғабекең Сафуан ағамызға бұрылды. — Осы сендер бізді уақытын өлтіре алмай бос қарап жатыр деп ойлайсыңдар ма? Көз болса көруден қалып барады, кемпірімді қазан-ошақтан жырып жалдап оқыттым. Көңіл тұщыса бір жөн, іліп алары жоқ бес жүз беттік шанды сілкіп шыққанша өмірім өксіп, қажып кеттім ғой! Обал деген қайда?! Өнер қонбаған өкпешілдің шатпағы шалдардың шаңырағында түнеп шығуы міндет пе? Біреуің оқи салып, осы босағадан-ақ қайтаратын нәрсе еді ғой!..

Сөгісті Сафуан ағамыз естігенмен, құйрығын ыстық таба қарып бара жатқандай Амантай ағамыз қипақтап отыра алмады.

— Аптариханың алдынан қайтпаса, басқамызға жүгіне бермейтін бетпақтау жігіт еді, — деп жайын түсіндіргендей болды.

— Аптариха деген мынау Одақ емес пе?! Түйсігі бар адамға осыдан артық аузы дуалы қандай аптариха керек?! — деп шаңырақты алдына сала, жауабын қысқа қайырып, орынан тұрды.

— Ғабеке, біраз уақытыңызды жеп қойдық, оған кінәлі мен едім, соның өтеуі болсын, мына бір баланың қолжазбасын оқып көрсеңіз қайтеді — деп Сафуан ағамыз қымбат танауымен мені төбемнен түрткендей болды. — Бес жүз бет емес, бар болғаны бес-ақ баспа табақ.

Жүрегім зырқ ете қалды. Мықты деп жүрген бір ағамыздың әлгінде ғана мешке отырған мысықтай болып, жердің үстімен келіп, астымен кеткенін көріп отырып көңіл қайдан дауасын.

— Болмайды. Уақытым жоқ! — дегенде қуанып кетіп едім — анау көзі бүтін Ғабитке берсеңдерші, түнімен биллярдтың тасын қуғаннан басқа түк бітірмей босқа жүр! — дегенде зәрем тағы да зәр түбіне кетті.

Ағаларым мені екі Ғабеңнің қақпасына футболдың добындай кезек тепкілеп, мылжалап алғысы келгендей көрінген. Жазбай кетсем де Жазушылар Одағына неге келдім деп өкініп отырғанымда есікке барып қалған Ғабекең қайырылып маған қарады да:

— Ертең сағат он бірде үйге кел, өзің оқып бересің, — деді де шығып кетті.

Баруға жүрексіндім. Бармауға тағы қорықтым. Ғабекеңнің қысқы қонысы ол кезде Абай мен Мир көшесінің тоғысында еді. Ғабекең құн жақ бөлмедегі жазу столын нұсқады. Аруақты адамның орындығына жақындауға аяғым баспай қойды. Кім білсін, ырым қылды ма, Ғабекең терезеге қасқайған күйі міз баққан жоқ. Амал қанша, бүркіттің ұясына қонған торғайдай болып бүрісіп келіп отырдым.

... Ұйықтап отырған сияқты еді. Қарсы отырып қадалғанда қара көзілдіріктің де адамның пысын басатыны бар: сүйсініп отыр ма, сүйкімсіз болып отырмын ба, аңғару қиын; өзің болжырасаң танау шіркіннің де жалбырап, қайдағы жоқ жөтелдің қысатынын, қайдағы жоқ жеріңнің қышынатынын қайтерсің; даусым дірілдеп, тілім быдық адамдай былжырап кетсем керек.

— Оқи бер, — деді Ғабекең. — Көзім соқыр болғанмен құлақтан қалғаным жоқ, бір сөзді бөліп оқысаң да, бөстіріп оқысаң да қазақша ептеп түсінем...

Әйтеуір, жазғаным қазақша екен-ау деген көңілде медет бар, өйтпесе халім мүшкіл еді. Ғабекең босқа шашылмайтын, не айтса да сөзі алты батпан ауыр, тыңдаушының құлағына емес, көкейіне дық ете қалатын.

— Болды! — деді Ғабекең. — Бүгінше осыны сіңіріп алсақ та жетер.

Дәлізде бәтеңкемнің бауын ағытпай тепкілеп киіп жатыр едім, ас пісіретін бөлмеден жеңгеміз шықты.

— Бұл бала дәм татпай кететін бе еді? — деді.

— Е, кетсе тағы келеді де, — деді ағамыз, — қазан көтеріп жатсаң сонда көреміз ғой.

Осы кеткеніңмен тәсбидение дейтін шығар деп едім. «Кетсе тағы келеді де»-нің ар жағында үміт бары көңілге тағы да медет болды...

... Бес баспа табақ салған боқшамды сүйретіл Ғабекеңнің үйіне бес күн бардым. Бес күнде тіс жарып бес сөз айтқан жоқ еді, тек соңғы күні ғана:

— Көркем шығармаға публицистика көлік бола бермейді, — деді қара көзілдіріктің астынан тереземен ғана тілдесіп отырып, — Жеткізе алмай жатқан жеріңді публицистикамен жамама, оның төркіні қызыл сөз, онан да жетпей жатқанының өзі жақсы. Әйтпесе, тегіс жермен жортып келе жатып, селкілдек батпаққа түсіп кеткендей аяғының асты былқ ете қалса, оқушың секіріп сенен кейін қашады.

Алтыншы күні Ғабекең менің бес баспа табағыма бола Жазушылар Одағына бес минутқа кіріп шықты.

— Бұл баланы маған несіне жібердіңдер?! — деді Ғабекең.

«Құрыған жерім осы шығар» дедім ішімнен. «Құрттың-ау, жүгермек!» дегендей Амантай мен Сафуан ағамыз бетіме бажырая қарады.

— Сөз төркінін білетін бала екен, кітап болуға әбден жарайды, — деді Ғабекең. — Ары-бері сандалтпай мұндай даяр дүниені жолдамасын беріп, баспаға жөнелте салмайсыңдар ма!..

Бес баспа табақ жетім кітапшама әдебиетіміздің бір ақсақалының берген батасы осы еді. Бес баспа табақ жетім кітапшамен-ақ 1963 жылы қос Ғабең мені Жазушылар Одағының мүшелігіне қабылдаған.

— Мүше болуға жарайды, — деді Ғабекең.

— Аванспен! — деді Ғабең.

... Ағаларым арқалатып жіберген аванспен тырпылдап жүріп жатырмын...

Мен өз тұстарыммен кейін табыстым. Атадан жалқы болсам да ағадан кемдік көргем жоқ. Тағдырдың маған қиған бақыты шығар, мен ағалар қолтығында көп жүрдім. Бірі Кетік дейтұғын, бірі Кержақ дейтұғын, бірі Кольхауын деуші еді, бірі әлтек-тәлтек әңгімемізді қызық көретін, бірі үлкен үміт күтетін, бірақ, бір де бірі не қорлап, не қорқытып көрген жоқ, өзінен кішіні өзімен терезесін тең қойып сырласатын әдет бойынша жалғандығы жоқ жанашырлық жасайтын. Бір бірімізге барынша, әркімнің қолынан келгенінше атмосфера жасауға тырысатынбыз. Солардың ішінде атымды толық атайтын қос Ғабең еді. Солардың ішінде әр сөзі алты батпан, әділ де қатал ұстаз болып Ғабекең көңілімде жүр.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз