Өлең, жыр, ақындар

Сыралғы дос

Мен ерекше қадыр тұтатын Сырдың үш перзенті: бірі көңілімде, екеуі көз алдымда. Көңілімнен тастамайтыным — Нәсір, көз алдымнан кетпейтін — Қомшабай мен Оразбек. Жазушы ретінде үшеуі үш қиыр. Тұлға ретінде жұрттан табиғаты бөлек. Бір өзеннің суын ішкендіктен шығар, тірі жан ретінде үшеуі егіздің сыңарындай — сырт көз байқамайтын, сыралғы замандас сынамай-ақ танитын қатты ұқсастық бар. Мінез: қарапайым десем қорлаған болармын, тым биязы екені рас, бірақ сыпайылықтың ар жағынан тәкаппарлығы көрініп тұрады, өті жарылып өлердей ашуланбайды, біреуді өтірік жақсы көрмейді, біреуден көңілі қалса, қағынан жерігендей қайғы оған оралмайды. Пенделік тіршілікте: жалғыз аты өлейін деп жатса, соны бауыздай салуға дәрменсіз, баланы таптырғаны болмаса, сол балаға бәйбішесімен ортақтас екені есінде жоқ, есесіне сол балалармен таласып жалғыз бәйбішені қақтап саууға бар. Қайырымда: қас - дұшпанына да маңдайға біткен қасқа сиырды жетектетіп жібереді. Уайымы: қарабастың уайымын ешкімге айтқан емес, мен естігем жоқ, ал уайымы — ел ғой, елі Сыр ғой, Сыр бәрімізге ортақ қой. Оразбектің Алматыда қалғанын біле тұра, мен оны Сыр бойына іздеп барамын. Азабы: өлеңде «бір күн ауру бір күн сау, арылмадым дертіңнен» деуші еді, мен екеуінің де бір күн сау отырғанын көре алмай қор боп жүрмін-ау...

... Термометрдің тілі қырықтан асып кеткен шілденің айында екеуі терезені тарс бекітіп алып кайф болып отыр екен. Аяқтағы шұлығы тоғыз қабат, кәстөм мен свитерді қоспағанда он қабатқа оранған Қомша еденнен ыз тебетіндей үркіп шығып, көпшікті диванды ерттеп мініп алыпты. Қалың триконың ішінде қанша қабаттың жатқанын күнде шешіндіріп жүрген Шара санамаса кім біліпті, әйтеуір, Орекеңнің кеңірдегінен оншақты көйлектің жағасы жалбырайды. Еден — кілем, қабырға — кілем, жамбаста — түйе жүн бөстек, шынтақта — құс жастық. Терезені желімдеп тастаған. Оның сыртындағы шынылы балкон да жеті қабат желімнен тыныстай алмай тұншығып тур. Қомша Алматыға келсе болды, мен осы үйде күн сайын қона — түне жататындай Орекеңнің табалдырығын аттай бере: «Қалихан қайда?» — дейтін әдеті. Есікті ашуым мұң екен, Қомша екі иінінен ентіккен электр самауырға телміріп отырып:

— Әй, Ореке, осы бір жерден ысқырып тұр ей! — деді.

— Рас-әй, ысқырып тұр! — деді Орекең.

— Ойпыр-ау, желімделмей қалған екі жыртықтарыңнан болмаса жел қайдан шығатын еді?! — дедім мен.

— Қайдан дерің бар ма, — деп Қомша бөксесін қымтай бастады. — Иненің жасуындай тесік болса бізді табады ғой.

— Иә, сөйтеді ғой, — деп Орекең сеспей қатқан терезеге сескене қарады.

Шара он кіріп, он шықты.

— Ойпырай, жүз кіріп, жүз шықтың ғой, есікті жапшы! — деп бәйбішесі дастарханды толтырып болғанша Орекеңнен он дүркін ескерту алды. Санап отырып.

Күндіз күпісін, түнде тонын тастамаған соң тірі шабақты табақсыз-ақ қуыратын Сырдың ыстығына қанбай, сап-сары күйінде шикі боп қалған екеуі желі топырақ, самалы қоймалжың Алматының ауасына отықпай-ақ қойды. Түшкіре қалса да ауылына қаша жөнелетін Оразбек, бір айдай аунап-қунап, бүйрек-сирағын құмға пісіріп алған соң құлан-таза айығып, қайтып келеді. Он бес жыл ұйықтамаған Қомшаны отыз жыл үгіттеп Қызылордадан қуып шыға алмап едім, әлі күнге шала ұйқы, қалғып-шүлғып Аралдың ашып кеткен тұзды желі мен суын тұздықтай сапырып жұтып отыр. Менің Темірбек деген бір інім Өскеменнен сөну бес жүз шақырымдық Топқайыңға түн қатып келіп, ертеңінде елең- аланда қайтып барады екен, бұйымтайын сұрағанда: «бір түнге болса да ұйқымды қандырып алдым» деген екен. Туған жердің қасиетті топырағы мен суы, ауасы мен аруақты аспаны дертіңді сылып, құр атқа мінгендей сергітіп тастайтын сиқыры шығар. Аралдың орнында ақтаңдақ сор жатса да көңілі сенбей, күндіз торығып, түсінде шомылып, баяғысын сағынышпен еске алатын Орекең қонысы Алатаудың бөктерінде бола тұра, қашан керсең де, қашан сөйлессең де Сырдың жағасында жүреді. Отаны Сырда Оразбекті айтамын-ау, кеше ғана қолына қалам ұстаған әрбір азаматтың сол Сырда ат байлап түсетін жоқ дегенде бір үйі, бір досы бар еді. Аяқ басқан сайын анекдот шығарып, кез-келген әнге пародия жазып, маңайын қырғын ғып күлдіріп отыратын ер көңілді сері жігіт Әнуарбектің, таңғы асынды астанадан татсаң да кешкі құрсағыңды Сырға сақта деп дос-жаранды сағынғанда самолетпен шақырып алып, шыдамай ара-арасында шапқылап келіп-кетіп тұратын ақжарқын Зекеңнің, Сырда жүріп бір саптаяқ сыраны жалғыз отырып іше алмайтын Нәсірдің заманында Арал аяқ астында, Сыр сырық тастам жерде. Бүгінде соның бәрі мұң болып қашықтап барады, бірақ сол Әнуарбек, сол Зекең, сол Нәсір, сол Саид әлі күнгі Сыр бойында жүргендей көрінеді де тұрады...

Желкесіндегі бес тал шашын қасқайып маңдайына жеткізе алмай арса-арса боп отырған Қомшаны, өкінішін жасырғанмен өмірдің біраз жерге кеп қалғанын самайдың ағымен сездіріп, кешегі салдықты бүгінгі салмақ жеңіп бара жатқанын іштей мойындайтын сабырлы Орекеңді көргенде: «япырай, ертең кімді іздер екенмін?» деп жүрегі құрғыр зырқ ете қалады. Жер ортасына жаңа жеттім деп бір-бірімізді жұбатқанмен бұл да әншейін жарым ырыстың бодауына жүретін жақсы сөз ғана. Өтті-кетті өмірді ойласаң, бұл фәниді атам-заманнан кешіп келе жатқан сияқтысың, зымырап бара жатқан заманды ойласаң, кеше ғана дүниеге келген сияқтысың. Рас, кеше ғана болатын.

Жиырмаға жетер-жетпесте әдебиет деген әлемнің етегіне жармасып едік, отызға жеткізбей алдымыздағы жақсы ағаларымыз қалтамызға мүшелік билет салып беріп, додаға қосты да жіберді.

Алпысыншы жылдарды өлеңмен бастаған Оразбек «1961» поэмасымен ақын боп кіріп еді. Сол кездегі жастардың жалғыз панасы «Лениншіл жастың» тұтас бір бетіне басылып, жабыла оқыған әдеби қауымның аузында кетті: авторға біреулер үмітпен қарады, біреулер үрке қарады. Кейін «Хрущевтің жылымығы» атанған сол бір жылдарда жастар өздерінше түртініп, іздене бастаған. Әсіре бояманың шылғи өтірігінен жұрт жалығып отырған шақта, бәрі болмаса да біразы әдебиетке дайындықпен келген бозбалалардың бұл талпынысы идеологтар мен қасаң қалыпқа отығып алған өнер қақсалдарына ұнай қойған жоқ. Құяр шүмек, шығар ағысы жоқ, балшығын бауырына басып, тұнып жатқан божыма тоғанға көктемнің тасқын суы кеп құйылғандай тып-тыныш кілкіп тұрған рухани тіршіліктің шырқы бұзылды. Әуезовтің алғашқы әңгімелері мен повестерін жасырып оқып, Сәкен, Ілияс, Бейімбеттермен енді ғана танысып, Аймауытов, Жұмабаев, Байтұрсынов, Дулатов, Бөкейханов, Шәкәрімдерден бейхабар жүрген кейінгі буынның бірден ауыз салғаны — әлеуметтік проблема еді. Сөйтсек, аспаннан түскен ешкім жоқ екен, кезінде Алаштың азаматтары негізін қалап кеткен шыншыл да сыншыл реализмге қайтып оралыппыз. Идеология мен өнердің «монархтары» осыны да көтере алмапты, кешіре алмапты.

«Жылағанның алдынан бақырған шығады» демекші, жылымықтың аяғы үскірікке айналды да «абстракционизм және формализм» деген науқан лаулап берсін. Көкірездің шаруасын тындырып, көрмеге кіріп кеткен Хрущев Неизвестныйдың шығармаларын боқтап шығып еді, партейный «көкелеріміз» ал кеп жер-жерден неизвестныйларды іздей бастағаны. Сол пақырды қазақтың суретшілерінен таппады, композиторлардың арасында жоқ екен, әншілердің қайсысы абстракцианист, қайсысы формалист — ен-таңбасын айыру қиын болды. Амал жоқ, редактор атаулыны жанторсықша қанжығаларына байланып алып, идеологтарымыз Мәскеуге шапты да қайтып кеп «жуас түйе» әдебиетке желқомсыз мінді. Әрине, бірден саяқ жүрген тайлақтарына тиісті.

«1961» соншалықты септелмейтін де еді. Поэмада айдарынан жел есіп тұрған формализм де, абстракционизм де жоқ. Осыған шамырқанып, бұл сыншыл жұрағаттар осы екі терминнің төркінін түсінбейтін шығар деп едік. Дәп сол кезде «Жұлдыз» журналының жастарға арналған саны шыға қалды да Оразбек Сәрсенбаевтың «Сын түзелмей мін түзелмесі» өшіп бара жатқан отқа май құйып жібергендей гу ете қалғаны. Осының алдында белгілі әдебиетші Есмағамбет Ысмайыловтың сын мақалалар мен жинағы мен зерттеулері кітап боп шыққан. Басынан бақ тайды десті ме, сергелдеңде жүрген Мұхтар Әуезовті сынау сол кезде модаға айналған. Е.Ысмайылов «Абай жолының» ұсақ-түйек кемшіліктерін шөмшектеп, «Қан мен терге» теліп қойып біраз жерге апарып тастаған екен. Оразбек Әуезовке ара түсемін деп сыншының ағат сөзін «кемтар пікір» депті. Сол-ақ екен, Е.Ысмайыловты кемтар деп айттың деп ерттеп қойған ағаш атқа Орекеңді мінгізе салды. Қармаққа қылтанақ таппай отырғанда айналып соғатындары — «1961». Жекелеп те сабады, желкелеп те сабады, әлдекімдерді сынай қалса, «атқа жеңіл телпекбай» қылып қосарлап та жіберді. Оразбектің жүзін танымайтын, Оразбек жүзін көрсе де бірін танымайтын жігіттермен ағайын боп шыға келді: Асқар, Әбіш, Жүсіп, Рамазан, ішінде мен пақыр да бар, ортасында бұзау ішіндегі дөнежіндей Тоқаш Бердияров ағамыз да жүр. Күнде жиын, күнде айтыс. Айтыс болғанда да итжығысы жоқ, біріңғай тоңқайтып қойып тепкілеу. Газеттердің беттері де қып-қызыл бөрлігіп тұр: «Социалистік Қазақстан», «Казахстансая правда», «Қазақ әдебиеті», ара түскен жалғыз жетім «Лениншіл жас», жастармен қоса сойылға объекті болған да «Лениншіл жас». Бір ағамыз: «жаңалық па, жаңа былық па?!» деп ұранқайлап шықты, бір ағамыз: «қазақтың он бір буынын шабақтап жатыр» деп ойбайын салды, бір ағамыз: «Әуезовтің бөлтіріктері» деп көзге шұқыды, енді бір ағаларымыз: «бұларды қылтанақтап келе жатқанда қырқып тастау керек!» деп ұран тастады. Жазушылар Одағы мен университет жиынмен семіріп, жиналыстан күпті болып еді, ақыры абстракционистке қоса «түршілдер» деген кепешті тоқалдыққа киіп шыға келдік те Орталық Комитет ұйымдастырған идеологиялық мәжілісте жасаған баяндамасында Н.Жанкелдин ағамыз тірідей жаназамызды шығарған. Ол кісінің жалғыз-ақ айыбы Оразбектің атын Орынбек деп шатастырып, жол-жөнекей домбыраны да шанағынан оңдырмай тепті.

Қамсыз жастық па, қанықтап мән берген жоқ едік. Отыз жетінің түрмесіне тұрғын боп қайтып, запы боп қалған апайым елге барғанда алдымнан шығып: «Алматыңның басына!.. Ауылға қайт, сені асырауға әлі де шамам жетеді!» деп көзіне жас алғанда ғана зұлмат жылдардың үрейі елестеп, жазықсыз мерт болған ағаларымыз есіме түскен. Сөйтсем, отызды қойып, алпысыншы жылдардың өзінде зиялы қауым шіріп отыр екен-ау, әйтпесе айқайламасаң басынды аламын деп ағаларымызды кім зорлапты?! Тіпті үндемей қалғандар да үйдей пәледен құтылмап па еді. Басқаны қойып, дос-жаран болып қасымызда жүрген ақын замандасымыз радиодан Оразбекті «буржуазияшыл ұлтшыл» деп айыптап жатқанда бір Оразбек емес, бәріміздің де ішіміз итше ұлыған. Бұл айып кешегі Алаш қайраткерлерінің басын жұтқанын кейін біліп отырмыз.

Осының бәрін айтпауға да болар еді. Кісілік дәметпесек те, кісінесіп табыспасақ та аманымыз түзу ағайын сүрей боп жүре бергенге де не жетсін. Бірақ, көптің бірі, көпшіктің кірі емес, мәдени, рухани тіршілігіміздің бел ортасында тұлға боп көрінген белді азаматтың өмірбаянына қатысы бар, Оразбектің, оның замандастарының әдеби процестегі орнын белгілейтін, көңілсіз болса да көкейде жүретін ағымға, заманға қатысы бар оқиғалар, бұл аз десек, әдебиетіміздің тарихына кезең боп кіретін құбылыс.

Оразбек әсте табиғатынан ұрыншақ емес. Сынға да төзімді. Бірақ мінезсіз суреткер жоқ десек, Оразбектің мінезі оның әдебиеттегі творчестволық беті. Ұсақ-түйекті талшық етпей, коғамның әлеуметтік артық-тыртығына қанжар қадаса, оны ұрыншақтыққа санауға болмас. Түптеп келгенде бұл оның азаматтық борышы. Сонан соң ол да жұрт жайламаған сонаға түсе беретіні заңды. Өлең өрісінен келген ақын бұл жанрда бірде бір жинақ шығармапты. Поэзиядан прозаға ойысқанда да әуелгі екпінін жоғалтқан жоқ, прозаға ақынның көңілімен, ақынның өлшемімен қарайтын әдеті бар. Әр жанрдың ерекшелігімен профессионал ретінде есептесе берсек, әрине бұл кез-келгенге ұнай бермеуі де мүмкін. Жетпісінші жылдары оның бір-екі әңгімесі мен шағын повесін мен де сынадым. Қатты сынадым. Оразбек соған жауап берген жоқ, бірге жүріп те көңіліне алған жоқ. Менің де сөзден қайтпайтын жаман мінезімнің барын жақсы білетіндіктен де шығар. Жалпы біздің буын бір-бірін өтірік қолпаштап, сырт көзден қорғаштап, болмаса «тіл тигізген» сынампаздарға найза көрсеткен емес. Керісінше, бір-біріміздің қылт еткен артық жібімізді жібермейтін едік. Қалихан қазақ тілін білмейді деп Сайын «Қазақ әдебиетіне» мақала басып, «Бұқтырма сарыны» бұйым емес деп Дулат приговор жазғанда, әдеби жылдың қорытындысында Әбіш Кекілбаев жоғарыдағы екі мақала болмағандай, болса оқымағандай жайбарақат қана сол повестке әдебиеттен орын тауып берген. Қиянатқа да шыдамдық танытқан біздің буын әдеби сын жанрында да ешуақытта қақалып-шашалған емес. Соның бірі Оразбек, оның жекелеген кітаптары, жалпы әдеби процесс жайындағы ой-толғаныстарын жинақтаса өлеңнен көп шығар. Сынап отырып та, сыр қылып отырып та ол обал дегенді ұмытқан жоқ. Ал өз адресіне айтылған ғайбат сөз, ғанибет сөзді жұтып қоятын әдеті, өкпесі болса да, өкініші болса да ішінде шығар. Творчестволық отыз жылдың ішінде жиырма кітап шығарыпты. Жиырма кітапқа жиырма түрлі пікір жазылған болар. Осыдан ширек ғасыр бұрын «1961»-де Оразбек: «менің кітаптарым жиырма жылдан соң Маяковскиймен қатар тұрады» деп еді. Әр елдің бір Маяковскийі барына көзім жетпейді, бірақ мен үшін Маяковскийден Оразбек қымбатырақ.

Ағынға қарсы жүзетін Ахан Нұрманов секілді «қырсық» мінез Оразбекке де тән. Қалам ұстаған жұрт тың игеруді тарихи құбылыс деп бөркін аспанға лақтырғанда, Ахан оның трагедиясын әшкере қылды. Кейінгі керең буынды айтпағанда, көне көз, көне құлақтың өзі Кейкінің атынан-ақ үркіп жүргенде Ахан ол туралы роман жазып, Кейкінің ажалы кімнен еді деп құныкердің маңдайына таңба сап кетті. Қасиетті Төретам қасіретті Байқоңырға айналып, Қарағым деп жүрген Қарақұм қара жамылып, аты аңызда қалған Арал аспанға ұшып кетсе де «біз космодромның отанымыз» деп мақтандық. Оразбек кешегі Сырын іздеп, экологиялық апатқа ұшырап езіліп отырған елдің көз жасын тия алмай жүр. «Аузы түкті кәпірдің талайларын, бақыртып бауыздаушы ем лақтайын» дегендей Иманжүсіп айтқан. «Кәпір» деген сөздің түп төркіні «дінбұзар», Иманжүсіпше түсінсек  — имансыз, «жүрегінің түгі бар», — қорықпайтын ержүрек болғанда, қазақта «аузы түкті», — қасқырдай, болмаса жыртқыштай озбыр, жалмауыз деген мәнді білдіреді. Монтаны пысықтар, моты пысықтар «кәпірді» де орыс деп, орыстан басқа жұртқа сақал бітпегендей «аузы түктіні» де орыс деп түсіндіріп, Иманжүсіп орыс атаулыға жау боп тиісіп, ұлт араздығын қоздырған қас - дұшпан ретінде қара тізімге ілді. Бабасынан әкесіне дейін бүкіл бір әулет қоқан басқыншылығымен арпалысып, Кенеханға қосшы болған қазақтың ардагер батырларының ұрпағы Иманжүсіп те әділетке жете алмай, отаршылдық пен қиянатқа қарсы тұрғаны үшін ақ империядан да, қызыл империядан да қуғын көрген бозым еді, ақыры коммунизмнің қапас камерасында коммунистердің қолынан жазықсыз мерт болды. Ақмешіттен бастап Әулиеата, бүкіл Арқаны сан жылдан бері Иманжүсіптің ізімен шарлаған Оразбек, абақты, түрме біткенді тінткілеп жүріп, аруақты атасының қасіретпен, қорлықпен өткен ғұмырын оймен, жүрекпен қайта кешіп шыққандай болды. Советтік идеологияның, қызыл цензураның күйіп тұрған шағында да үзік-үзік мақалалар жариялады. Әрине, Иманжүсіптің өмірі Зейтүн Ақышевтің кітабына да өзек болғанын оқушы біледі. Бірақ онда ел аузындағы әңгіме басым да ағаттығы көп, жасқанып отырып жазған соң шындық те теріс түсіндірілгені көрініп-ақ тұр, алайда жүрегімен жылап отырып жазған Зекеңе де жұрт разы. Сабырдан шықпайтын Оразбек архив материалдары мен Иманжүсіпті көрген көз, тірі қалған ұрпақтарының естеліктерімен қоса өріп, көркем шығарма ретінде тиянақтап отыр. Оразбекте Аманкелді туралы да ел естімеген жаңа деректердің барын білемін. Жалғыз ғана қолы жетпей отырғаны — Санкт-Петербургте жатқан архив. Сәті келгенде оны да оқырмыз.

Тәуелсіздік алғаннан бері өткенге жүгіру, архивке жүгіну көбейіп кетті. Белгілі, белгісіз қайраткерлер, ел өміріндегі келелі оқиғалар жайында кітаптар да молшылық. Бірақ соның көбі көркем шығарманың санатына қосылмайтын информация сипатындағы ғұмыры қысқа публицистика. Ең басты кемшілік — ел өмірінің эпикалық суреті, қайраткерлердің көркем образы жоқ. Оразбек осы кемістіктің орнын суреткерлікпен толтырар деп үміттенеміз.

Оразбектің қаламынан туған жиырма кітапқа анализ жасау зерттеушінің міндеті. Менің ниетім замандастың өзі туралы бір ауыз ілтифат қана. Оның үстіне жақын дос жайлы бірдеме деу маған оғаш сияқты көрінеді де тұрады. Амал жоқ, алпысында естімеген жарасымды жылы сөз Орекең тоқсанға жеткенше тозып, дәмі қашып кетер деп... және де Алматыда отырған Оразбекті көңілмен Сырдан іздейтін жаман әдетім және бар...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз