I
Егіз қозыдай екеуі едел-жедел. Әдебиетке екеуі де едел-жедел келіп еді. Енді қарап отырсам, екеуі де елуге келіп қапты. Елу деген асуды менсінбей аяқ астында тастап кетіп едім, сөйтсем ол шіркін жер ортасы екен ғой. Жиенім Оралхан сол елуге бір-ақ қадам жете алмай кетті. Сол Оралхан: «бір ауданнан бес жазушы бармыз» деп мақтанушы еді. Дұрысы — біз бір атадан бесеу едік. Ағамыз Баламер де елуге аяғын артып тұрып, фәниден жерігендей-ақ бұрылып алып бақиға тартып отырды. Сонау Алтайдың асуындағы Қаратай деген елдің ақыны да, асылы да көп болған. Оның есебін данагөй ақсақалымыз, көне дәнекері Бошай ағамыздай басқа көп жұрт біле бермейді. Өйткені кезінде көптің көсемі болып, көшті аузына қаратқан асыл жандар кейін көптің аузына түсе бермеген. Заман солай болды. Зауал боп келген тарих ел шетіндегі азғантай бір атаны алдымен қуып, ары-бері сандалтқанда, аттың жалында туып, аттың жалында жаназасы оқылған игі-жақсыларға туған жердің топырағы да бұйырмапты. Арғыны да айтпайын, айтсам 25 ғасырдан ары асып кетермін, Думаға депутат, «Алаштың» атқару комитетіне мүше болып, ел тағдырына атсалысқандарды да санамай-ақ қойдым, Ақ патшаның заманында-ақ Мәскеу, Петербург, Қазан, Уфа, Орынбор, Омбы, Томның оқуын тауысқан зиялылардың өзінен де не із, не ұрпақ қалған жоқ — тып-типыл. Жесірлер мен жетімдердің өлкесі, Алаштың атамекеніне жұрнақ ретінде тек біздерді тастап кетіпті. Асылдың сынығы демейін, артында қалған ырымы болсақ та Жаратқан — Иемнің қайтарып берген қарулығы шығар — қолымызға қалам ұстатты. Біз бүгінде үшеуміз — Алла жар болса, енді көпсінбейтін шығар...
... Біздің жақтың өзендері қым-қиғаш, бір отбасын қырыққа бөліп бірі ағы ағады, бірі бері ағады, ақыры айналып келіп Ертісті табады. Адасып жүрген тек қатып, бұл жер де біздікі, бұл жер де Алаштың атамекені деп Алтайдың терісін шарлап, Биді ертіп алып, Обырды (Обь) толтырып, тағы да Ертісті тауып алып мұхитқа жеткізіп салады. Қым-қиғаш өзендердің қиығында, құрақ көрпедей түсі мың, түгі жібек Жер Жаннатында туып өскен екеуі бірін-бірі жетелеп, елбесіп-селбесіп Алатаудың бөктеріндей астанадан бірақ, бүгінде қазақтың әдебиеті дейтұғын мұхитқа екі көз боп құйып отырғанына құдайға шүкір.
Әлібек табиғатынан суретші, өнерді қылқаламмен бастаған. Тіршілікпен тілдесуі жұмсақ, сүт бетінен қаймақ қалқығандай тұнықты лайламай, тыныштықты бұзбай бір сарын, бір ырғақпен лекітіп отыратын жанға жайлы әсем жорғасы бар реалист. Көргенін көшірмейді, көпіртіп те өсірмейді, көргеніне көңілдің күйін, ойдың түйінін қосқанда өмірдің шындығы қаз-қалпында шыға келеді. Бұл қызғаныш дегенді қойсаңшы, екеуін оқып отырып, бұл мен жазатын нәрсе еді ғой деп өкінгендей боламын.
Жазушыға білім де керек, ғылым да керек шығар. Бірақ оқыған-тоқығанды, барды сапыра берудің аяғы — біреуді қайталау. Заманның, саясаттың аңысын аңду да керек болар. Бірақ оның аяғы конъюктураға сүйреп кетеді, нашар мағынасында. Қаламгерге ең қымбаты фантазия мен интуиция, оған қоса «көз» де керек екен. Мен елден 1948 жылы кетіп едім. Артымнан ширек ғасыр кейін қуып жеткен екеуі ел сүретіне едәуір коректура жасай келіпті, елге деген сағынышты жаңғырта келген екен...
... Жоғалтқандары көп, тапқандары да сонау өткеннің өткелдерінде, көңілдің түкпірінде жатса керек, келе сап соны балалық «бал — дәуреннен» іздей бастады. Бал — дәурен бе, әлде өзін-өзі алдау дәурен бе?.. «Спасибо великому Сталину за наше счастливое детство!». Бала-бақшасынан мектептің маңдайшасын да босатпайтын, қақ шекеңнен ұрып тұратын осы бір «алғыс» көзді жауыр қылса да көкесінің иығынан түскен көне қомша, көншарқай сүйреткен тесік өкпе бөлтіріскейлер сапта тұрып күніне жоқ дегенге он рет айқайламаса оқу қонбайтындай болушы еді. Сол бақырауықтардың ішінде екеуі де бартұғын, уызынан жарымаса да атымен жарылқап тастайтын ұлы көсемнің есімімен ауызданып, «жасасынмен» тілі шыққан.
Мал бағумен бүкіл өмірін өксіткен Әшімхан ағамыз әр қонып кеткен жұртына бір «тас монша» қалдырып, Шабанбайдың қойнау-қойнауына көзінің тірісінде өзіне ескерткіш соғып еді, бесігінен бестісіне дейін сіргесінен жетелеп, жанынан тастамайтын Дүйкешіне бөліп берген бар еншісі — Жер екен. Мектептің есігін кеш ашып, бірде қатынап, бірде қашып, қойдың бақайын құрттап өскен Дидахмет те «бақытты балалық шағын» қайдан ұмытсын, бүгінде тоқсанға таяп қалған ағамыз кешегі өзі жайлаған атамекенін баласының қаламынан қайта тауып алып, құдайға шүкір деп отырған жайы бар... Жер!.. Әйтеуір иісі Қаратайдың кәрі-құртаңы сәт сайын Алтайдың басына қарап алып жанары жіпситын әдеті. Алтайдың басына шыққандары да, шықпағандары да. Кім біледі, шыққандары шың басындағы өткенін аңсайтын шығар, шықпағандары арманын аңсайтын шығар. Жер!.. Неге екенін кім білсін, әйтеуір ұлы-кішіге жер қымбат болыпты. Сүйегі жатта қалған бабаларының зиратын, жаугершілікте зиратсыз қалған ағалардың сүйегін іздемесе де жер дегенде ішкен асын жерге қоймайтын пенде жоқ. Біреу «әу» дей қалса: «ағажай, Алтайдай жер қайда-ай!» деп мөңіреп отыратын «жаман» әдеті және бар.
Әлібек енші бөліп бере ғой деп ешкімнен бәсіре дәметкен жоқ. Жалғыз ананың алақанына қараған жаутаң көздің еншісі ағайыннан әлі күнге бөлінген жоқ. Бар болғаны елу түтінді Паркеде туып-өскенмен бүкіл Өр Алтайдың мұқым жұртынан сынық белдеме дәмететін сыбағасы бар. Баяғыда тың көтеріліп жатқанда әлдебір ақын інісі Сырағаңа: «ақын аға сен жырлап, мен қалам ба қостамай» деп қызғаныш білдіргені есімде. Әлібек қызғанбай-ақ тиесілі міндеті мен борышын ойып алып, үндемей-ақ көбімізден бұрынырақ тындырып тастап жүрген жігіттің өтімдісі. Сөйте тұра ол менің де, Оралханның да, Дидаштың де егініне түскен жоқ. Басқамыз шоқысын да биіктетуге құмар болып жүргенде ол — «Мен қайтейін Өр Алтай биігіңді» деп бүйірден нұқып қалатыны бар. Айта салғаны ма?.. Жоқ қайта салмағы бар. Егер мен түсінсем: бауырың жара, басың түгел болмаған соң биігіңнен не қайыр деген күрсініс, заманға деген өкпе-наз. Тек еркеліктің емес. Орынсыз қиғылық та емес. Қисынын тапқан қаламның қан-тамырын тапқан қандауырдай қадалған жүзі... Дидахмет жер десе, бұл ел дейді. Жерді айтсаң — ел елестейтіні, елді айтсаң көз алдында жер тұратыны белгілі ғой. Бір мақаласын Дидаш «Жер — жүрегің» деп жазып еді. Жерді көргенде жүрегің туламай, ет-бауырың езілмей көрсін!..
II
— Қалаға, бұл жолы атамекенді атпен аралатамын, — деді. «Тас монша» есіне түссе қарап отырып қасынып, Мұзбелдің төбесінен шаршап қайтқандай «Сары самауырдың» күрең шайын таңдайымен сағынатын Дидаш қой. — Бір үйден тоғыз қабат тон тауып киетін баяғыдай баршылық жоқ, етік болса ала жүр, елде керзінің құны екі қой, онда да табылса ғана...
Иә, ат аяғы жеткен жердің бәрі де атамекен. Құс қанаты жеткен жердің қиясын да аталарымыз мекен еткен. Машинаның доңғалағы жеткен жерге өткен жылы апарып қайтқан. Мұзбелдің етегінен. Іс басындағы адамның уақыты бола ма, Әлібек анасының қырқын беріп, асығыс Астанаға тартып кетіп еді... Ирек пен Тарбағатай жайлауының биігіне көтерілгендей Әкім Тарази етекке қарап басы айналды. Расында аспан айналып жерде жатқандай. Етекке үңілсең — көз жетпейтін шыңырау. Енсіз Бұқтырма еденде түсіп қалған жалғыз тал қылдай, жағасында құмырсқаның илеуіндей бірдеңе қарауытады — Оралханның ауылы, әріден санасақ, Әбдікерім болыстым ордасы, ежелгі Шыңғыстай.
«Тарбағатай, Шабанбай,
Айрылдым елден баға алмай
Сағынып мұнда жатырмыз
Маңайыңа бара алмай.
Уа, Шыңғыстай, Шыңғыстай!
Ішімді оттай өртедің!
Туып өскен қайран жер
көкейімнен кетпедің!..» — Әбдікерімнің соңғы жазған хаты.
Басы айналғандардың кәлласы қайда қашар дейсің. Менің көкейімде Әбдікерімнің ақын қызы Бағиланың ұзатылардағы екі ауыз зары тұрды:
«Жаз жайлауым Қарасаз, Мұзбел, Татан, Кешір жұртым, ісімде болса қатам. Әпекем жатқа қиып бермес еді, Атастырып кетіпті үлкен атам.
Мұзбелдің мұзартынан шаң тұрмаған Қолыма сұңқар қонған саңқылдаған. Сол сұңқарым қапыда ұшып кетіп, Әпеке мен болдым қаз қаңқылдаған...».
Бағиланың сұңқары — Сұлтанмахмұт Торайғыров еді Ел аузында Әпеке атанып кеткен Әбдікерім — кезінде екі үшін жанқиярлық жасаған, Думаның депутаты, «Алаш партиясының белсенді өкілі, Совет дәуірінде үш рет түрмеге қамалып, ақыры туған жерден топырақ та мүрдесі Шығыс Түркістанда қалды. Әбдікерім мектебінде ұстаздық жасап жүріп Сұлтанмахмұт Бағилаға ғашық болған екен. Он жетідегі есті қыз да ақынға құлап қалса керек. Серт бұзбады деген былайғы сөз, он алтыншы күннің тауқыметінде азаматтарын қайда сыйғызарын білмей қысылған Әбдікерім Бағиланы боздақтардай қылып қалыңсыз ұзатып, қыздың жасауы деп қырық нарға қару теңдеп Қосағаш арқылы арғы бетке өткізген екен. Ұлы ақынның ғашықтық жырларының да Бағилаға арналған... «Кім жазықты», «Қамар сұлу» романдарына өзек болған да Өр Алтай, сол Алтай трагедиясы. Алтайдың әр томпағы, әр соқпағы ел тарихы. Австриялық тұтқындар салған Иректің ел тағдырының куәгері болған із жатыр — жиырма сегізі бар, отыз екісі мен отыз жетісі бар — бұл жол қасіретпен қазылған; қабырғасы кептеліп, табаны Қаратайдың жеті атасымен тапталған...
... Қырат басы оp екен. Қырдан қырға, тау сілемдерінің құйқасын кесіп кете беретін үзігі жоқ треншея, ені жеті-сегіз метр, тереңдігі қанша болғанын кезінде осыны қазған бабаларымыз болмаса, балалары өлшей алмады. Кемері түйетайланып мүжілген, екі қапталы орман, альпаның жапырақты тықыр шөбі болмаса оp ішінде қылтанақ та өспеген. Бір қабырғасында қарсы бетке қасарысып, қарағай істіктің қуарған найзалары динозаврдың орақ тісіндей ырсиып-ырсиып шығып тұр. Аран!.. Кәдімгі аңға құратын аран. Айырмасы — найзасы қамыс емес, сояудай қып ұштаған қарағай діңгек. Бір сөзбен — Оборанительная сооружения. Тек бұл ғасырдікі емес. Нобайына қарағанда, мыңжылдықтың арғы жағында жатқан көне заманның жұрнағы.
— Неше бір жүз шақырым, — деді Дидахмет. — О шеті мен бұ шетін адымдап өлшеген адам жоқ. Әйтеуір шығысы — Маңғол, батысы Ертіске барып қулайтын тоқал таулардың төбесінде жатыр.
Өз демінен өзі жарылып кетпей аман жүргеніне де құдайға шүкір, әр сөзін сауып алмасаң тырс етпейтін Әкім: «бұл не?» дегендей Дидахметке тұп-тұтас денесімен бұрыла қарады.
— Бала күнімнен көріп келемін, жазайын деп сан оқталдым, — деді ақталғандай Дидахмет. — Нақты жорамал таба алмаған соң өтірікші болмайын деп... қыстым.
— Отыкен! — деді көкеміз. — Отыкен!.. Еркен қонған!..
Екі көзі етекте, екі таудың арасындағы кең жазықта. Екі көзі кең жазықтағы Бұқтырманың суыртпақтай сызатына еріп батыстағы сонау көкжиектен зорға қайтты. Соңғы жылдары жатып алып тек қана тарихпен шұғылданатын «дертке» шалдыққан. Гумилев пен Бекшоринді пұшпағына дейін кеміріп, кейбір жорамалдарды өзінше септеп, өзінше екшеп, екі-үш жылдан бері «Парасаттың» бетін босатпайтын болған.
— Отыкен!.. Тарихшылар ары тарт, бері тарт қып, қайда апарып қондырарын білмей сандалған Отыкен Алтайда, Қаратай елінде екен-ау! — дегенде барып жанарына жылт кірді. Көне тарихтың парағын ашқандай кәдімгідей толқып кетті. — Екі жүзінші жылдары парсылардан қатты таяқ жеген түркілер дәл осы Отыкенде тапжылмай жатып, жарасын жазып, бес жүзінші жылдары дүр сілкініп қайта көтерілді. Мынау аран жатқа қарсы жасалған қорғаныстың, бекіністің сұлбасы.
Расында, нобайына қарағанда ат өте алмайтын, адам бата алмайтын терең ор Отан соғысы кезіндегі танкіге қарсы жасалған айқыш-ұйқыш темір ошақты траншеяларды еске салып еді. Бұл дүнияның бізден қарызға алмаған бір нәрсесі болсашы!..
— Бәсе, — деп Дидаш та екіленіп шыға келді. — Белгілі бір қашықтықта осы арадан етекке түсетін қазған жолдар, солардың әр шақырымында үйілген тас қорым бар, әскери тілмен айтсақ — ход сообщения. Тас қорым биік, төбесіне от қойып, келесі бекетке хабар беретін болғаны да...
Көне тарихтың етек-жеңін Қаратайға еншілеп жіберген соң ба, әншейінде әзілден басқаны қиғым келмейтін досыма көңілдегі бір жылы сөзімді айтқым келіп еді, қисық біткен езуі бар болғыр икемге келмей-ақ қойғаны. Бұл жолы қалжыңның жөні жоқ еді, бұл жолғы әзіл әбестік болар еді, сонсоң да жалғаны жоқ жақсы пейілімді досымның келесі сыбағасына қалдырдым да пұшық «уазикке» жеткенше іштей өзімді-өзім сөгіп келемін. Атамекеніміздің арғы түбі Отыкен екенінен менің де ептеп хабарым бартұғын, бірақ сол Алтайда деп кім ойлаған, алпысқа жеткенше іргеде жатқан «Аранға» назар салмағаныма өкініп келемін, Алтайдың көне аты Күнтауы, оны жайлаған түркілердің күндер (ғұндар, гунны, хунны) атанғанын біле тұра Отыкенді осы өңірден іздемегеніміз қалай деп қазағымды кіналап келем. Сонау Дулатиядан Әкім Тарази жеткенше Дидаш екеуміз бейғам жүре беретін бе едік?..
... Тарбағатайдың асуынан түсе бере, тар жазықтың дін ортасында, тар жазықты қақ бөліп, қарсы беттің үңгіріне тесіп кіріп кеткен Аққабаның жағасында жалғыз үй отырған. Жалғыз үйдің жалғыз иесі Елтай, Елтайдың жалғыз жары Бұлғын пұшық «уазиктің» қарасын көрісімен-ақ күн салып қарап тұрған. Дидаштан басқамызды танымаса да жыл көріспеген бауырындай бәрімізбен құшақтасып қуана қарсы алды. Екеуі де жайдары. Екеуі де нарттай қызыл шырайлы, екеуінен басқа жалғыз үйде жан жоқ. Екеуі де отыздың ішінде: бірі бурадай кесек, бірі бұладай келіншек.
Тар жазықты Аққабаның толқынынан басқа сыбдыр жоқ. Тар жазық адам дауысын сағынып қалса керек, қос қапталдан сығымдаған қарағайлы қос тау күңгірлеп, Аққаба сылқ-сылқ күбірлеп қоя берді. Қос қапталдан сығымдалған қарағайлы қос тау сеңсең тұлыпты теріс аударып жамылған қос алып, аңдығандары тар жазықтағы жалғыз үй, бірі күннің шар табағын төбесіне іліп ап, бірі ақша бұлтты төбесіне киіп ап төніп тур. Мен келе салып сыбызғының үнін іздеп едім, сыбызғының үні «Аққабаның толқыны» болса деп едім. Сыбызғыны Елтайдан күтіп едім. Өйткені ол маған Елтай емес, Нұрлыбек боп елестеді, Бұлғын бұлғын емес, Алтынай боп көз алдымда тұрып алғаны. Дидахметтің Нұрлыбегі мен Алтынайы... Дидахметтің «Аққабаның толқыны».
— Мен саған «Аққабаның толқынын» тартып берейін бе, — дейді ол қурайды аузына алып. Қурайды ептеп тістеген жігіттің көмейімен жоқ, жіп-жіңішке қурайдың көмейінен кенет бір таңғажайып үн төгіліп жүре берді... Сыбызғы сыңсиды екен дейді, жоқ, Аққаба сыңсиды. Алтынай бұл өзенді енді танығандай: ол жаныңды бесіктей тербейді екен, жағасындағы сырғалы ақ қайыңдар Аққабаны өзгеше бір әуенмен әлдилейді екен. Төңірек толған ән, төңірек толған күй...»... Бұл Дидахметтің Нұрлыбегі мен Алтынайы. Менің көргенім — Елтай мен Бұлғын. Елтай лесхоздың әбиешігі (обьездчик) екен, аңшылық та жасайды екен, Бұлғынның да шаруасы бір басына жетерлік. Әншейінде аузы еріншек, сөзі шабан Әкім Елтай мен Бұлғыннан әдемі әріптес тауып алып, ел тірлігінен түк хабары болмаса да қазбалап жатты. Менің оған назарым болған жоқ, менің әріптесім Дидахметтің кейіпкерлері еді. Дегенмен еміс-еміс естіп қалғаным:
— Осыншама шөпті нағыласың.
— Ой, бұл өткен жылдың қалдығы ғой. Жеті ай қысқа жетпіс мая тұрғызсаң да көптік қылмайды.
— Тағы да шабатын болдың ғой?
— Әрине... Қаратай елі қар жауғанша қолынан шалғы түсірмейді.
— Малың көп пе?
— Бар ғой... Біразы ағайындардікі, біразы өзімдікі... Қой-ешкі, жылқы, сиыр-пиыр деген сияқты...
— Ұры көп пе?
— Ұры бұл жаққа қайдан келсін. Есесіне қасқыр дегенің қойша өріп жүр... Алыстың ақ қасқыры ма-ау, қытайдың қызыл қасқыры ма-ау, бұлардың озбырлығын көргенде өзіміздің қасқырлармен жылап көріседі екенсің.
— Аң аулайсың ба?
— Ептеп...
— Ақ кеп пе?
— Алтай ғой. Алтай болған соң, аңсыз отыра алмайды ғой.
— Аққабада балық бар шығар?
— Аққабада бәрі бар... Балық та бар, құндыз да бар, іздегенге сусар да табылады... Мұнда бәрі де бар...
— Жалғыз үй, жан дегенде екеуің ғана, жалықпайсыңдар ма?
— Үйрендік қой. Оның үстіне қайда барасың... Ойда он бала тұрмақ он тауық асыраудың өзі қиын. Совхоз тарады, жұмыс жоқ, өкіметке құның бес тиын.
— Мұнда не істеп жатырсың?
— Орман күзетем, мал багамын... тері илеп, былғары жасаймын, талысым әне тұр. Тағысын тағы деген сияқты... Кейде бәрін тастап тұра қашқым келеді. Бірақ жұрт осыған да зар...
«Кейде бәрін тастап тұра қашқым келеді»... Неге?.. Малынып тұрған табиғат мынау, іргесінде Аққаба, шаңырағың Мұзбел мен Дарбы — төбесіне шығамысың, ерттеп мінемісің, өзің біл; мал жетеді-же де жат, аңы жыртылып айрылады-ат та сат; тамақ тоқ, киім бүтін, енді не уайым? Пендеге осыдан артық не керек?.. Нұрлыбек пен Алтынай да осылай деп ойлаған. Осындайда Абайдың бір шумағы есіңе оралады:
«Дәмі қайтпас, бұзылмас тәтті бар ма?
Бір бес күннің орны жоқ аптығарға.
Қай қызығы татиды қу өмірдің,
Татуды араз, жақынды жат қыларға»...
Абай осыны Нұрлыбек пен Алтынайға айтты ма екен?..
«... Қарағайлыда өткен алты жылы түгелдей бос азап екен, алдағы күндеріне белгісіз бір үміт артып, мына қараша үйден жылу іздеген бұл да ессіз бейбақ екен... алты жыл бойы махаббатым деп иіп келгені әншейін күр тұлып екен... Ұрлыққа түскендей шифоньерді қолы қалтырап әрең ашты. Қолына іліккенін кие салды... Алтынай ауылға апаратын күре жолға түсті...». Жауапты Сараң Серісінің мына бір сөзімен түйе салуға болатын сияқты: «адам тамақ ішу үшін өмір сүрмейді, өмір сүру үшін тамақ ішеді».
Күн еңкейсе қарағайлы тау іші қарақұрық тартады. Тау басынан лекіткен қарақұрық желде қардың иісі бар. Әрі-беріден соң өкпеңді тескендей қарақұрық жел тар жазықты тулақтай сілкілеп, апшысын қуырады. Тар жазықтағы жалғыз үй осы ызғардан ескі жылдан қалған шірік шөмеледей жермен-жексен боп ымыртқа шөгіп бара жатады. Күн еңкейгенше шай да ішілді, жалғыз үйдің иесі жалғыз жарымен қалбалақтап жүріп табақ та тартты, арақ та қойды. Дегбірсіз жүздерінде «мыналар тағы да кетіп қалады-ау» деген елегізу бар. Дәм үстінде Елтай басынан кешкен бір әңгімесін айтты...
... Аң аулаймын деп жүріп тер қатты да ертеңіне қалпақтай ұшып түстім. Содан төсек тартып тапжылмай үш ай жаттым. Өлер болдым. Бұлғын да тозып кетті. Күндіз малмен жағаласып, түнде қасқырмен арпалысады, отын-суы және бар. Қу сүйек боп қалдым. Дәрі-дәрмек те жоқ. Ел жақтағы асуды қар басып қалған, қыс бойы Ирек йен жатады. Сонда да ел жаққа қараймын. Қардан басқа дым жоқ, аспаннан басқа түк жоқ. Шіркін-ай, өлген деген осы екен-ау дедім. Өле қалсам Бұлғын жалғыз өзі тоң қазып қалай көмер екен, жалғыз қалып асу ашылғанша қалай күн көрер екен деп уайымдадым. Сүйегімді сүйретіп түзге шыққан сайын сүзіліп ел жаққа ұзақ қараймын. Ақ қардан басқа дым жоқ, аспаннан басқа түк жоқ. Сонда да сүзіліп отыра бергім келеді. Бірақ дәрмен жоқ. Бұлғын бұлғын ішікті әкеліп жабады, қасқыр ішік те әкеліп жабады — бірі де қамсау емес, жаның қысылғанда бәрі де әдіре қалады екен. Бір күні... ақ қарды тесіп, аспаннан біреу түсіп келеді екен!.. Бұлғын! Адам келе жатыр! Адам! Деп айғай салыппын. Жасыратыны жоқ, жылап жібердім... Бұлғын жүгіре жөнелді. Мен жүгірген болдым... Адам дегенім — әкем екен. Әкемнің адам екенін мен сонда бір-ақ білдім...
... Күн бесінге барып қалған екен. Тау іші күңгірт, қарағайлы сабалақ құздардың қара көлеңкесі тар жазықты басып барады. Аңғарды аңырата кесіп арсы-гүрсі бұлқынған Аққабаның түрі жаман екен, жағасына жолатар емес. Тамағын тарта беріп, дастарханын әдейі ұзаққа созған жалғыз үйдің жалғыз иесі мен жалғыз жары: «осылар отыра түссе екен» деп тілегендей еді, қоштасарда жыртылып зорға айрылысты...
... Көне тарихтың төбесінде отырған жалғыз үйдің екі жаны әлі тұр. Тоқтай қалсақ тұра жүгіретіндей. Тұра жүгіріп қуып жететіндей. Біреуге Елтай мен Бұлғын, маған Дидаштың Нұрлыбегі мен Алтынайы... Бізді де адам деп тұр ғой. Біздің адам екенімізді бүгін біліп тұрған шығар...
ІІІ
— Қалаға, бұл жолы атамекенді атпен аралатамын, — деді.
Алматыда отырып Алтайда жүргендей, Алатауды көріп отырып Алтайды суреттейтін Дидаш қой. Астанаға қызметке шақырғанда үш ай жүріп қайтып келіп еді. «Әлібектен басқа жан жоқ, ең қиыны — тауы жоқ екен» деді.
Атпен шықтық. Бұл жолғы бетіміз Шабанбай...
«... Алашқа мекен болған өр Шабандай Аң құрлы қойнауыңнан жер таба алмай, Армансыз, тексіз туған кембағалдай Айрылдым қарындастан мен баға алмай...».
Бұл да Әбдікерімнің аузынан шыққан шер. Кейіпкер Әбдікерім. Орыстар алдымен Шабанбайды жаулап алған. Ақ патша оны жекеменшігім деп жариялап, қызына тарту еткен. Әбдікерім: «аң құрлы қойнауынан жер таба алмай» десе осыны айтқан болар. Алтай үш бірдей биліктің табанында қалған: қазақ-орыстар — атаманымен, переселендер — крістиан-нәшәндігімен, аборигендер — болысымен. Қазақтарды тау-тасқа — резервацияға қуып тықты, қазақ-орыстар — Бұқтырманың бойын бөліп алды, переселендер — ішкі жақтағы жердің шұрайлысын басып қалды. Тау-тастың өзін қазақтарға қимаған империя жасырын бұйрықпен: «на все четыре стороны! Возвращать не обязательно!» деп 1916 жылы төрт құбылаға тентіретті, атқа қонар, қару ұстар деген он сегіз бен отыз бірдің арасын қи сыпырып алып кетіп, қалғандарын, ел аспағандарын басыбайлы құл етіп ұстауды мақсат етті, сол үшін переселендерге қазақ-орыстың статусын беріп, қару таратты. Совет өкіметі келді де үш бірдей билікті бір уысқа жиып алды. Империялық саясат өзгерген жоқ. Өзгергені бұйрық қана: «непущать! Возвращать необязательно!». Сол үшін шекараға отрядтар әкеліп төкті, асу-асудың ар жағына да, бер жағына да пулемет құрып, орманға өрт қойып, ары қашқандарды да, бері қашқандарды да қырып салды, сөйтіп отарлау компаниясын біржола аяқтады, құлдықтың бұғауын тас қып бекітті. Шабанбай сорлы екі заманғы зомбылықтың символы...
Алтау едік: жергілікті әкім Шаймерден Оразаев, Шорнауаның орманшысы Ниязбек Әбішев, атқосшы жігіт, Дидаштың өзі, менің құрдасым — Дидахметтің он төрт жасар ұлы Дәулет, сосын баяғы мен. Әлібек анасының жылын беріп, асығыс Астанаға кетіп қалып еді.
«Шапқан жолмен» астық. Дидахмет мұны «Балтабайдың жолы» деп жазған. Қырық жыл трактордың рычагінен қолы босамаған, қырық жыл малдың ізін, аңның жымын қуалап жүріп қиядан жол салған, биыл бастаған бір сөзін келер жылы зорға аяқтайтын Дидаштың Балтабайы... Жамбыл облысындағы Меркі мен Құланның жайлауынан «Көтенүзген» деген асуын көрген едім. Балтабайдың жасап берген асуы көтеннен де зорғыны үзгендей екен. Кешкісін үйге қайтқанша екі көзі төрт болып, тауға қарап отыратын бәйбішесі Менейдің қорықса қорыққандай-ақ жөні бар екен. Алдыңа қарасаң аспаннан басқа түк көрінбейді, артыңа қарасаң басың айналады. Астыма Ниязбек жирен қасқа жорға беріп еді, сыйлағаны да, бұл шіркін қызғаншақ неме екен, өрге келгенде алдыма жан салмаймын деп ырсылдап-күрсілдеп жанталасады да, еңіске түссе жорғасымен лоқылдап арқасына ер тоқтатпай лақтырады кеп. Ат үстінде отырып «С-80»-ді жыландай жорғалатқан қиядағы Балтабайды елестеттім де «Жигулиден» басқа көлік көрмеген Дидашты тракторшының орнына апарып қоя алмадым.
«Балтабайдың жолы» Шұбарағаштағы Балтабайдың жартасына дейін жеткізіп салды. Бұл елде Балтабайлар баршылық, бірақ солардың бәрі шетінен балта ұстағандар емес, егес пен ереуілге шығып, ерлікпен бас кескен біреуі ғана...
Есеппен шаншып қойғандай шанжау-шанжау балқарағайлы Шұбарағаш етекке қарай қиялап түсетін атшаптырым кең алқап, бір кезде Шор- науаның шабындығы екен, қорадан мал кетіп, өріске тұяқ тимеген соң шымы тусырап, шалғыны кеңірдектен асыпты. Дидахмет аттан түсе салып камераға жармасты. Табиғаттың өзі жонып қалаған қарсыдағы қызыл күрең жартастар қатар-қатар сап түзеп, төбемізден күн өтпесін дегендей балқарағайдан шынар киіп алыпты да сәлемші күткендей бұлар да ел жаққа қарап едірейісе қалыпты. — Балтабайдың жартасы деген осы деді Дидахмет. Ернін қинауға ерінген жұрт «тесіктас» дей салады.
— Сенің жүрген жеріңнің бәрі Балтабай ма, әлде Балтабай жүрген жердің бәрін шарлаған сен бе, — деп әзілдеген болдық.
Өз салмағы жарты тонна, бір тонналық қаракер аттан Шаймерден қарғып түскенде жер солқ ете қалып еді, «бүйтіп азаптағанша сойып тастамайсың ба» дегендей Шерушінің Көшкіншісінен бодауға қалған ендігі «жуанына» қаракер жәудірей қарап күрсініп салды. Жануардың мұңына жанашырлық жасар бапкер қайда, Шаймерден шайқалып кеп:
— Ол бір ұзақ хикая ғой, — деп Дидахметтің жауабын қарызға сатып алды. — Бұл жартасқа тіл бітсе талай хикметті сайрар еді, әттең, тасқа жазылған тарихымызды бүгінде кім оқығандай...
— Соны оқытамын деп бұл Дидаш біздерді жетелеп келе жатқан жоқ па.
— Жетелеген жақсы-ау, бірақ Дидаштың төпелеп жазатын кезі емес пе. Бұл арғы Балтабайға жете алмай, белгілерін ғана жиып-теріп, «Тасмонша» мен «Тасқаланың» арасын таптап тауыса алмай жүр ғой... — Шаймерден байқатпай тұрып Дидаштың бақшасына бір тасты томп еткізді.-ақсуға барып сіз жатып алдыңыз, Паркеден шықпай Әлібек жүр...
Үш шапалақтың астарында назы бары, айтылмаған қолқаның ағайынға деген құлаққағыс міндеті бары да рас еді. Шаймерден үшеуіміздің үш кітабымыздың атын тілге тиек етіп тұр: кемітіп те, кекетіп те тұрған жоқ, Қаратайдың қасіреті мен қымбаты өткенде жатыр емес пе дегендегісі. Соның бірі мына «Тесіктас», Дидахметке салсаң — Балтабайдың жартасы...
... Балтабай жұрттан асқан қолмерген болған деседі. Атпен ағызып келе жатып аспандағы құсты көздемей атып түсіре береді екен. Теңеп айтсақ — Қаратайдың Кейкісі. Екі заманға да сыймаған: патша өкіметіне барымта, совет өкіметіне бандит атанып, қадірін халқы ғана білсе керек... Аудан орталығында, ауданның «қызыл алаңында» күні кешеге дейін қақайып Пахомов дейтіннің ескерткіші тұрды, қаңқасы да сол құлпытастың астында дейтұғын.
ОГПУ-дің бастығы Пахомов Балтабайдың қолынан қаза тапқан. Балтабай бандит атанып, Пахомовты елу жыл бойы жер-көкке сыйғыза алмай мадақтап, аудан ауызға ілінсе, оның аруағы әулиедей дуалының лебізінен қалған жоқ. Жарықтыққа тәңірдей табынатын жөніміз де бар еді: оның өз сөзіне жүгінсек — «мен пәленбай жүз бандиттің басын шаптым, пәленбай жүз қашқынды бақыртып түрмеге жаптым» депті-мыс. Мұндай ерлік әр жерде болған шығар, бірақ біздің Пахомовтан озбаған шығар. Жүздеген бейбақтың тағдырымен оқпен ойнаған екінің бірінен табыла қояр деймісің... Қылыш ұстағандар ұлы кәмпескеде қолының қышуын бір қандырды-ау, әрине, бес бие байлаған «ірі» байлардың, шолақ байтал мінген құлақтардың тұқымын тұздай құрту керек болды. Марқұмға Қатонқарағайдың төрінен топырақ бұйырды, Алтайдың асуларында оққа ұшқан «қашқындар» мен «бандиттердің» қаңсып жатқан қаңқасын күз бен шатқалдардан әлі күнге теріп алар ешкім жоқ. Алтай селосының аяғындағы батпақтың үйығына кеткен, Өрелдің ұра-жырасына атау-кересіз тоғытылған өліктерді кім жоқтапты?.. Солардың ішінде аяулы апамыз Бибігүлдің әкесі Ахмет те жатыр. Өрелдегі комендатура солардың сүйегінде отыр. Пахомовтардың ел мадақтайтындай «ерлігі» осындай.
«Жаңа үлгі» мен Мойылдының арасы ел көшіп қонатын жер. Аңғарында Бұқтырма жатыр. Жағасындағы орманды-тоғай әлі күнгі күңіреніп тұратын сияқты. ОГПУ ел азаматтарын осында алып келіп, қарағайға таңып тастап, күн сайын дүремен қинап жауап алады екен де ақырында жарып өлтіретін болыпты. Түнделетіп мәйітті ұрлауға келген ағайындарды ертесіне шетінен топырлатып түрмеге жапқан. Солардың ішінде жазықсыз кеткен Балтабайдың жұрағаты Жұмахан да бар.
Аң болмаса адам баспаған Алтайдың асуларын жатқа білетін Балтабай, жалақтаған қылыштан, жалқақ қаннан, өрттей жалмаған аштықтан қашқан басқан жұртты арғы бетке апарып салып жүреді екен. Қиянатқа шыдай алмаған жеке батыр қолына қару алуға мәжбүр болған. Совет өкіметін құлатамын деп емес, коммунизмге тойып болған елді алып шығу үшін. Артынан кезекті бір қуғын түскенде дәл осы «Тесіктаста» Пахомовты қасқа маңдайдан көздеп, қанды іше-іше күпті болмасын деп фәнидің азабынан құтқарса керек... Балтабай Шығыс Түркістанда 1949 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске де қатысты деп еді. Ұрпағы жасқанып, туған елге қайтпай қалды...
Жарты ғасыр үндемеген «Тесіктас» үндемеген қалпы мелшиіп тұр. Мелшиуіне қарағанда «үндеуді» бізден күткен тәрізді. Жел-құздан арса- арсасы шыққан жақпарлардың Балтабай қай жықпылында тұрды екен?.. Арса-арса боп айрылып кеткен жақпарлар жартастың заманнан тартқан жарасындай көрінген...
...Отыкен, Күнтауы, Алтай... Алашқа қоныс боғанға дейін Алтайдың қанша аты болды екен?.. Кім білсін. Әйтеуір Алтайға біткен әрбір шоқының да бәсірелі аты бар. Ел қонысы — Шабанбай да мың бүйрек, мың сирақ: Шұбарағаш, Көкала айғыр, Көкжота, Талдыбұлақ, Таскүрке, Шашты, Маралды көл, Өскелең... Қалғанын Дидаш пен Әлібек толтыратын шығар. Осылардың бәрі де бабалардан қалған мирас еді. Қаншама көп десек те кейінгі балалары саусақпен санап отыр. Заман сан өлшеп, сан пішкен, сан рет пұшпақтаған, кескен, кесіп әкеткен. Кесіп те жатыр... Менің шебім қайсы, шетім қайда деп Берелде жиырма бес ғасыр ұйықтап, бетін былтыр ғана ашқан сақтың сардарынан сұрай алмайсың.
... Біз Бөгенбай асуында тұрмыз.
— Сонау көрінген Науа, оның арғы бетінде Қатынсу, — деп Дидаш қолын созды. — Бүгінде Науаға бара алмайсыз, Қатынсудан ат суара алмайсыз, — деді. — Абайсызда бара қалсаңыз, қазақтар атыңызды аударып алып, қалтаңызды қағып, артыңыздан бір тебеді де айдап салады.
Атамыз мекендеген төр жайлаумен қол созып қана, саусақ шошайтып қана көрісетін болыппыз. Бір болыс елдің үштен бірі Қосағашты отызыншы жылдары бір кесіп әкетіп еді, он мың Қаратай жат болып әлі күнге сонда отыр. «Катунь» деп езуін шүршитсе де Қатынсу өзегімізді жарып шыққан өзеніміз, Бұқтырманың егізі еді, Ресей оны теріс ағыза алмаған соң жағасынан қазағымды кейін лақтырып тастап, Ақа- Лақадағы сақтың көне зираттарын да бауырына басып алыпты. Барыңа жармасып болып еді, енді көріңе де жармасты деген осы.
Дидаштың «Он бірінші күзі» сонда, Науада өткен. «Тас моншасы» да сонда қалды. Балалық шағының базарын саусағына іліп тұрған ендігі түрі мынау. Жер ыстық, ел бөтен. Кеше ғана су ортақ, ну ортақ дегенге сеніп, бейғам жүрген аңқау жұрт бөксе басар бөстегін сыпырып әкеткендей шоңқайды да қалды. Империя жүз жиырма жыл өткенде Николай патшаны Қаратайдың есіне тағы да салды. Обырдың қолы осымен тынса жөн-ау...
... Біз Бөгенбай асуында тұрмыз. Он сегізінші ғасырда. Жоқ-ау, жиырмасыншының аяғында. Жиырмада тұрған біз. Он сегізге сүйреп тұрған қанжығалы Бөгенбай. Кәдімгі Қабанбайдың сыңары. Бөгенбай асуына көтерілсең дүниенің төрт бұрышы көрінгендей, Алтайдың ұлылығы көз алдыңа келгендей, етектегі Маралды қол көздей-ақ.
— Бұл асуды «Тар өткел» деп де атайды, — деп Шаймерден Дидаштың түсініктемесіне тағы бір сөз қосты. — Сонау Жоңғар шапқыншылығынан қалған атау, кейде Тайбұға дей салады. Қалай десе де бұл биік төрт бірдей батыр — Қабанбай, Бөгенбай, Көкжал Барақ, Тайбұғалардың табаны тиіп, қылыштарын қалмақтың қанына бояған Тар өткел...
... Бұқтырманың бойында жоңғарлар қатты қырылып, Бөгенбай бастаған қазақ қолы қалмақтардың жармысын суға тоғытса керек. Бірде жаңбыр, бірде қар қара күздің кезі екен, жаудың қалған үздік-создық шашырандысын өкшелеп жеткенде тау басына тоң тұрып, қабыршақ мұз қатыпты. Соғыса жылжыған әскер соңынан көшін ертіп, ежелгі қонысына ел қона бастаған. Әскер жорықтан, халық қорлықтан қажыған, айналып қайта шаппасын деп Алтайдың қуыс-қуысына қамап алып қалмақтарды тып-типыл қырып салу керек деген қолбасшылар кеңесінің шешімі болған. Жаудың жан-жағынан тосқауыл жіберіп, негізгі қолдың қос қанатында Көкжал Барақ пен Тайбұға жүрген екен. Соңғы асуға киіз төсеп, күл төгіп өткен, кейін Бөгенбай асуы атанған «Тар өткел» осы. Әр төбенің басында тас қорым — қалмақтардың моласы, қалғанын Қатынсу жұтқан. Қазақтар шейіт болғандарды елге апарып жерлеген.
Жеңістен соң Тайбұға Қаратай елін қоныстандыруға кірісіп, Шерушіге — Маямер даласын, Шоңмұрынға Қоңқай өңірін, Сарғалдақ пен Дәулетке, Кәлім мен Шимойынға Тарбағатай етегін, Самайға Сартепсеңді бөліп берген. Сөйткен Тайбұғыға белгі де жоқ. Зираты Маямердегі мектептің астында жатыр. Ендігі қалған ұрпағы мынау бір тонна қаракердің белін майыстырып отырған жарты тонна Шаймерден.
«Тар өткелдің» басы таз. Сүрлеудің сұлбасы — тас қорым. Кезінде ат аяғы үшін әдейі төселген. Тастан да суық желі бар. Сонау бір қилы-қилы заманның ызғарын алып қалғандай. Бөгенбай асуы-йен. Дәл осы биікке төрт батырға бір белгі керек еді: кезінде ел қорғаған ардагерлердің ең болмаса тас мүсіні ел шетінде, жел өтінде, тағы да жатқа қарап, жау бар ма деп тұрса ғой!..
... Камера да шаршапты. Дидаш та шаршапты. Саусағын шошайтуға да шамасы жоқ па, әлде тіл астына тастап жіберген бір атым насыбайдың маужырама, көзі жұмулы, басы салбырап, салпайып отыр. Сірә көкейінен жатта қалған «Тас монша» мен Науаның сағынышы кетпеген болар. Әлде торт бірдей батырдың еңбегінің еш кеткеніне өкініп отыр ма?.. Тәйірі, Қытайға бір облысқа тең жеріміздің шұрайын кесіп беріп жатқанымызда «Тас монша» да сөз бе екен! Алдыңда елуінші күз тұрғанда «Он бірінші күзіңді» сағынып не қыласың!..
... Ұлы таудың иығына шықсаң көңілге мұң кіретіні рас. Ұлы тарихтан қашанда мұң тебеді. Екі империяның айтқанына алданып өзін-өзі оқ пен отқа айдаған, ақыры жоққа айдап, заманақыр болмай жатып өзін-өзі жоқ қып тынған қалмақ трагедиясы бір ғана қалмақтың мұңы ма?.. Қазақтың трагедиясы аз ба еді?.. Енді ғана егеменді ел болдық деп отырмыз. Алда қандай уақыт бар? Екі империяға пұшпағымызды тістеткен екенбіз. Тісін батыра бермей соған тояттаса — садақа! Болашақта не күтіп тұр?.. Жақсылық болса жара да жазылар...
IV
Шабанбай бос жатыр. Дидаш пен Шаймерден кешегі ел отырған жайлаудың жұртын сипап келе жатыр. Жұрт дегеніміз — малшы еді. Соның бірі Әшімхан ағамыз еді. Кезінде жеті атаның өрісі болған Шабанбай Совет дәуірінің соңғы кезінде де мыңғырған мал еді. Мал дегеніміз қой еді. Бұл өңір қойдың тұяғынан тозған. Қойдың тұяғы таудың тасынан тозған. Жүні бұтаның басында қалған. Шабанбай жылқы мен бұғының өрісі еді. Қойда жетпіс жеті атасының есесі кеткендей есепсіз көбейтіп, жылқыны Хрущев құртты да бұғыны шарбаққа апарып қамады. Есесіне жүз қойдан елу қозы, әр қойдан жүз грамм жүн алды. Аяғымен оттайтын, атамекенге қайырусыз-ақ тоқтайтын жылқы жарықтықтан неге жерігенін кім білсін. Шабанбай қойды жек көреді. Қой жүрген жерге қотыр болмаса, тұяғымен жерді тоздырғаны, құмалағымен шымды тоң қылғаны болмаса аң да жоламайды. Алтайдың аристократы аңы мен жылқысы еді. Кәзір екеуі де жоқ. Аңы ойман мен Қытайға ауып кеткен. Ойманымыз — Ресей, Таулы Алтай автономиялы облысы. Қатынсудың бойын түгелімен қорық деп жариялап, атты қазақтар аңдып жүр. Мұндағы аты жоқ қазақтар жаяу-жалпы жүріп-ақ аңға тыныштық бермей, күндіз-түні тарсылдатқан соң қашпағанда қайтсін. Қазақтар емес-ау, келімсек кезбелер мен туристер — облыстағы торт қаладан тысқары — Германиясы, Голландиясы, мұхиттың арғы бетінен Америкасы бар ма-ау, қызыл көрген құзғындай қаптап жүр, Марқаның жағасынан қалашық та салып алыпты. Мұзарт барысы, таутеке, күдір, бұғы секілді қызыл кітапқа жазылған сирек андарды аюымен қоса бытырлатып қырып барады. Тек қасқырға ғана бостандық, бірақ аңшысы қасқырдан да қаскөй. Лицензияны беретіндер тым жомарт, шенеуніктер бір қолымен тиымды басып отырып екінші қолымен долларды санап алатын сияқты. Аңы өз алдына, дәрілік шөптің тамырына дейін күйедей жалмап, аю байқұсқа өт толтыратын түйнек қоймай топырақты қысыр қалдыратын түрі бар...
... Шабанбай бос жатыр. Шекара да бос жатыр. Сонау Шындығатайдағы жетім застава болмаса, қылт еткен аттың құлағын, жылт еткен мылтықтың шошағын көрмейсің. Сақшыда доңғалақ жоқ. Доңғалақта пынзын жоқ. Елге кедейлік кірген соң сақшыдан да кетеу кеткен сияқты. Қарын тойғызудың қамы, күнкөрістің күйбеңі уайым болған соң ел шеті йен, шарбаққа қасынған қыршаңқыдай сүйкене-сүйкене қотанымызға сұғынып кеткен үш бірдей мемлекеттің жиегіне қысқара-қысқара құрдымға айналған сақшыларды бүріксең жетер ме!.. Шіркін, баяғы заман қайда! Асу-асуда отряд, бұта-бұтаның түбі солдат, шыр еткен бала тұрмақ, пыр еткен торғайды да қағып түсіретін қызыл жағалы мергендерді айтам да. Өзімізді аңдығанда жолбарыстай едік, өзгеден сақтануға келгенде мысықтай болғанымыз өкінішті-ақ.
Батыр ағамыз Қасым, ер апамыз Бибігүл болып Қатонқарағайды Марқасымен қоса ұлттық парк етіп жариялауды өтініп Президентіміздің атына, Парламентіміздің атына ашық хат та жарияланған еді. Әңгіме Алтайдың табиғатын сақтап қалуда ғана емес, халықаралық конвенсия кепілдік беретін шекараның қауіпсіздігі еді. Қазақстан территориясында Мемлекеттік Ұлттық парк ашуға ұйғарым болды дегенді құлағымыз шалып еді. Бірақ анық-қанығына әлі көзіміз жеткен жоқ. Облыстық әкімшілік тарапынан ашық акционерлік қоғамның иелігінде табиғи парк ұйымдастыру дейтұғын әлдебір бір қимыжықтың барын да білеміз. Қалпағы қопа қардай болғанмен бұл да тонаудың жасырын түрі, оның үстіне мемлекеттік статусы болмаған соң, жат көз оған түкірмейді де...
... Шабанбай бос жатыр. Ел қызығы бір басқа. Жердің көркі бір басқа. Шабанбай көптен бергі жарасын жазып жатыр. Желден басқа сыбдыр жоқ. Судан басқа сылдыр жоқ. Тырс етпеген тыныштықтан Маралды қол селт етпей қатып қалыпты. Шабанбай малынып тұр. Қарағайы қалғып, қайыңы жусап, шалғыны аяқтыға жол бермей жапырылып жатыр.
— Қой кеткелі Шабанбайдың көзі ашылды, — дейді Дидахмет.
— Жердің көркі мал емес пе, тіске сыздық қалмаған соң оның несі жақсылық, — деп атқосшы жігіт шамырқанды.
— Суға балық шыға бастады, — деп ақталды Дидахмет. — Қойды карасинге тоғытады, қой бұлақты былғайды. Кезінде арық біткеннен ақ балықты көйлекпен сүзіп, көнектеп тасушы едік, он жыл бойы он шабақ ұстап көрдің бе?
— Қойды кәзір инемен емдейтін болған, — деді Шаймерден. — Балықтың жоғалуына қой ғана кінәлі емес шығар, балық тұрмақ қарлығаштың қайтып келгеніне де екі-ақ жыл болды.
Үшеуінің де сөзі рас. Шығыс Қазақстан Республикадағы экология жөнінен ең бір құдай ұрған аймақ. Қай жерден түсті металл қазылса, жағаласып уран жүреді. Уран жүрген жерде радиация бар. Үш қаланың маңында көмілмей жатқан піленбай жүз мың тонна рудалық қоқыстың өзі-ақ Алтайды тұншықтырып болды. Тау болған соң бұлт оралады. Орманды болған соң ылғал бар. Ылғал мен көлеңкеге шөккен радионуклидтерді жер де жұта алмайды. Жел де қуа алмайды, тұнады да жатады. Жаңбыр мен қар, ертеңгі мен кешкі шық бұлаққа сорғымағанда қайда барады? Бұлақ өзен мен көлге құймағанда қайда барады? Қарлығаш кетсе, қауіпті сезгені. Қайтып келсе, қайырымен. Бірақ адам сорлы қарлығаш емес қой. Ауылда бір ай жатқанда екі жүз түтіннен бес адамға топырақ салдық. Бесеуі де рактан кетті. Бір айда шыр етіп бір сәби дүниеге келген жоқ. Қаратайдың қатындары қалжа жегісі келмей қағынып жүр...
— Қойдың өрісі Құзғынды мен Жайдақ еді ғой, — деді Шаймерден.
Мұнысы да рас. Қаратайдың ежелгі кәсібі мал еді. Қаратай мал бағуды білетін еді. Баяғыда Қаратайдың қарағайы мен қара малы таласып өскен. Қалың жылқыдан жер көшкен. Ел шағын сауынымен бір жылы Құзғынды мен Жайдықты, Тарғыбатайды жайлап, малды Шабанбайға салған — малмен араласпаймыз деп. Келесі жылы шағын сауынмен Шабанбайды жайлап, малды Құзғынды мен Жайдаққа айдаған — жерді тоздырмаймыз деп. Жеті ата жерге таласпаған. Жерден жауды ғана аластаған... Бүгінде бақшасына тауық түсіп кетсе де тауды басына көшіретіндер бар деседі. Кім біледі, көз көрсе де көңіл сенгісі келмейді-ақ.
Ақсу Маралды көлден басталады. Маралды қол қар суы мен жаңбырдан жиналған тастай суық тұщы көл. Ақ балығы Ақсуды бөгейді деуші еді. Бұл елге судағының бәрі ақ балық: форель де ақ балық, хайруе те ақ балық. Ақсудың аузында жалғыз «жип» тұр еді, бүлдіршіндей судан шыққан екі сәби бізге қарай тұра жүгірді, аршыған жұмыртқадай аппақ жас келін жайраңдап қарсы алды. Маралды көлді бір көріп қайтуға, кәусардай ауасынан бір демігіп қайтуға келген серуеншіл жас ұя екен. Ініміз қайықпен көл ортасында жүріпті. Менің құрдасым Дәулет қармағын оқталып, шай қайнағанша деп Ақсуға кетіп еді, шай қайнағанда қайтып келді. Ұстағаны өзінің шүметейіндей жалғыз шабақ, шабақта емес-ау, кілегей. Әкесі Дидаш көлді көргеннен балық-балық деп таңдайы салқ-салқ етіл еді, қақтаса бір кілегей екеуін де қарқ қылатын болды. Әйтеуір сәтіне қарай келін шырақмайға бөккен сырбаз балықты табағымен алдымызға қоя салғаны.
— Құрдас, сенің анау кілегейің қазанға симай қалатын болды-ау, — деп едім.
— Байқараның Жарлығастан еншісі бөлінбеген, бәрібір мынау табақты бірге тауысамыз, — деп Дидаш баласын бір әзілден қорғап қалды.
Сөз тапқанға қолқа жоқ!
Шабанбайдың бұлты кесек әрі тентек. Жарқырап тұрып жауа салады, шарқылдап тұрып төбеңді тескендей қылады. Күн бұзылайын деп тұр екен.
— Келін шырақ, тезірек қайтыңдар, жол нашар, жаңбыр жауса мынау қайқаңнан шыға алмай қаласыңдар, — деп ақыл қосқан болдық.
Ниязбек атқосшы жігітті шақырып алып:
— Сен Өскелеңге тарт, ағайын келе жатыр, қамдансын, — деп тапсырма берді.
Жел тұрмай шөптің жұпар иісі аңқып, Балқарағайдың шашақ бүрі ысқыра бастаған. Маралдының беті жыбырлап, айдынын шыбын қытықтағандай тітіреніп жатыр екен. Аспанда бұлт болмаса да төбеде ерсілі-қарсылы қозғалыс бар, көк күмбезінің боз шатырын әлде бір құдіретті қол шайқап тұрғандай. Жай жаңбыр емес, найзағайлы нөсердің белгісі. Әзірге көкжиектен көтерілмей жатса керек. Көкжиекті көлегейлеп тұрған көкшағыр таулар болса керек.
... Алдымен қозғалатын бір тонна қаракер, қарны мен жол жиегіңдегі бидайықты жапырып барады. Қаракердің қарнын жер сыздырған үстіндегі жарты тонна Шаймерден...
Бұрын да малшылар Шабанбайға таласа көшіп келіп, аспанның реңі, шөптің нілі бұзыла топырлап ойға түсетін еді. Артында сары жұрттан басқа дым қалмайтұғын. Жайлау үңірейіп, тоналып, ит сүйреген тулақтай борша-борша боп құлазып тұратын. Бүгінде қойнау-қойнауға ел қона бастапты. Селкем болса да әр қуыста селтиіп «избушка», қарайып шарбағы, түтіндеп моншасы тұр, бұрынғыдай жұла қашатын, қиратып әкететін совхоз дейтұғын «жаудың» мүлкі емес, әркімнің меншігі, әркімнің жылда келіп түсетін құт мекені. Көңілге тоқтық әкелетін осы. Заман тыныш болса мал да бітер, жан да өсер, жайлау тек малдың өрісі емес, жеті ай қыста көң-қоқырға қамалған ауыл жұртының жаз бойы сергіп қайтар, көңіл семіртіп қайтар курорты ғой. «Ағажай, Алтайдай жер қайда-ай!» дейтін сағыныштың орны сонда толар...
... Өскелең. Ырымға болса да аты жақсы. кім атаса да ниеті жақсы. Заты да жаман емес. Шабанбайдың төрінен алыстап, ел іргесіне жақындап, белес-белес боп созылып жатқан кең жайлау. Қара орманды күзеткен қарақшыдай жан-жағыңнан қаумалаған қарағайы артыңнан қалмай ереді де отырады. Сылдыраған булағы қалғып кеткен көңіліңді бөледі де отырады. Осының бәрін кемерлеп, етек-жеңді тұйықтап, сонау етекте Шор — науаның өзені жатыр. Бұлтсыз да Алтайдың күні шахар, әп сәтте қарып түседі. Содан ба биіктен қарасаң өзен біткеннің бәрі де жалтырап, аппақ сүт болып, кейде қатып қалған аппақ қар болып көз қарықтырады. Аттылыға өткел бермес Ақбұлқақ аспаннан сарқырама боп жауғанда, төбеден түсетін Аққаба айран болып жөңкілгенде, Ақсу Шабанбайды қақ жарып Бұқтырмаға жер тесіп жеткенде Алтайға мелдектеп жатқандай көрінеді. Алтайдың тұла бойы толған ақ, әр емшегі саулап тұрған сүт қой.
Алтайдың үні — сыбызғы. Сыбызғының үні — Алтай. Сыбызғыны мыңның біреуі ғана тартады. Көрінгенге ермек емес, қасиетінен қорқады, сонсоң да қорламайды. Күй атасын қусақ, он сегізінші ғасырда — Саймақ, он тоғызыншы ғасырда — Шерубай, жиырмасыншы ғасырдағы арқалының соңғысы Оразбай мен Шанақ ағамыз еді, олар да аруақтарға барып қосылды. Бүгінде Алтай сыбызғыны сағынып отыр. Қаратайдан қурай ұстайтын біреу шыға ма деп...
Сыбызғы үні — зар. Сыбызғы үнінде жерге деген сағыныш бар. Жер!.. Жер!.. Жер!.. «Саймақтың сары өзені», «Айрауықтың ащы күйі», «Аққабаның толқыны», «Жер іздеген саратан», «Туған ел, қош есен бол!»... Әйтеуір жер аңсамай сыбызғының үні шықпайтындай, жер сағынбай күйшінің арқасы қозбайтындай...
... Шерубайдың жалғыз қарындасы ұлықсатсыз сүйгенімен арғы бетке қашып кетіпті. Өкпесі қара қазандай күйші қарындасын іздеп ат аяғын салмай қойған екен. Ертеңгісін сауынға шыққан қарындасы биелер құлағы салпайып иімей қойғанда құлын ұстап тұрған күйеуіне:
— Ойбай, дайындал, ағам келе жатыр! — депті.
— Оны қайдан білдің?
— Биелер иімей қойды.
Жылқы желді күні сыбызғы үнін көш жерден естиді деседі. Барымташылар айсыз қараңғы түнде меңсіз қара ат мініп, бірін-бірі сыбызғының үнімен табады екен... Ертеңгісін жинала бастаған құдалар Шерубайды ел орнына отыра күтіп алыпты...
Өскелеңді көргенде мен Дидаштың «Жер аңсаған саратынын» іштей қайта оқып шықтым. Бұл елге түйелі бай бітпеген. Бірақ түйе жарықтық туған жердің символы болса керек. Қырық бесінші жылы соғыс біткенде сонау Берлиннен Маңғыстауды тауып келген саратан кезінде адайдың да атамекені болған Алтайды іздемеді деймісің. Адайлар бозашыны тапқанша жеті өзеннен өтіпті. Соның бірі Бұқтырма болса, екіншісі Ертіс шығар... (Әттең, Еуропаның курорттарын тоздырған Әбіштер атамекені Алтайды көре алмай жүр-ау. Қайтсін, ауыл арасы алыс, ат аяғы жетпей жатыр да). Кім біледі, Дидаштың саратаны Маңғыстаудан қашты ма екен?.. Әйтеуір сыбызғы үні жер аңсағаны рас. Әйтеуір Дидаштың Есболғаны туған жердің топырағына асыққаны рас. Арғы беттен асықты ма, әйтпесе жатта қалған Жазотырдан ба, әйтеуір жалғыз ұл мен жалғыз жардың зиратынан да атамекен қымбат екен... Есболған сыбызғының үнімен жарысқан. Сыбызғының зарымен туған жермен табысқан... Алматыда жатып-ақ көрпемізді көкірегімізге тарта беріп атамекеннің амандығын тілейтініміз рас...
Әкім Тарази Алтайға қатарынан бірнеше жыл келіп қайтты. Ел бетін көре қалсам, азаматтардың алдымен Әкімнің амандығын сұрайтын әдеті. Кезекті бір сапарымызда:
— Тау саған таңсық емес, орман орыста да көп, бұл елдің адамынан не байқадың? — деп сұрадым.
— Қалың қазақ оңтүстікте дейміз, қазақылығы мол дейміз. Бұл елдің айырмасы — зиялы қауымның интеллектісі, әсіресе әдебиетке тісі бататын зеректігі басым екен, — деп бір қойды. — Бір аудан бір атаның баласы болғандықтан ба, бір-біріне деген ағайыншылығы қатты ұнады, — деді. — Әрі қарапайым, өрі қалтасына тыққан тасы жоқ.
Танымайтын көзге бәрі таңсық. Мүмкін солай шығар. Мүмкін аласы мен құласы Әкімнің көзіне түспей қалған шығар. Құдандалы жекжат болған соң ба, әлде дос-жаранды сол жақтан таңдаған соң ба менің де ағайындарым Дулатияда жүрген сияқты болады да тұрады...
... Өскелеңдегі ағайын ағаштан үй көтеріп үлгермепті. Басында шатыр, бауырында бала-шаға, алдында бір отар қой, екі үйір жылқы. Көңілі — көлдей, көлеңкеге көлдей дастархан жайды. Жырғап отырып өтті — кеттіні жыр қылдық. Жаға жайлауда, есік көзінен басталатын шүйгіннің, шайыры аңқыған самырсынның иісінен-ақ кайф боп қас қарайтып тастаппыз. Қарағай басын жел шалмай, ошақтағы от та шайқалмай дүние тырс етпей тынысы біте қалып еді...
Түн ортасында аспан шарқылдап от ойнап, қара нөсер құйып берсін. Жасын жарқ еткенде қара жер қақ айрылғандай жамбасың дір ете қалады да жайлау дүркірей көшіп жөнеледі. Әйтеуір қой байқұс пыстай, екі-үш кебенек шатырға сүйкеніп, тығылатын пана таппай зар еңіреп еді, оған құлынның шұрқыраған даусы, биенің кісінесі қосылды да төңірек азан-қазан болды. Қарақосты қара тұтқан екі айғыр үйірін осы маңға айдап келсе керек, қысырдан қасқыр тартқан екі қулық бар екен, екі айғыр үйіріне қоспай бірі сатырлатып ары қуады, бірі бері қуып, күрсілдеген тұяқ дүбірі біз түгілі Өскелеңге тыныш бермеді. Қасқырдың тісі тиген тұяқтыны айғырдың малға қоспайтынын естігенім бірінші.
Түнгі сағат үште Дидаш пен Дәулет тысқа шығып кетіп еді. Сеңсең тұлыптың астында бұйығып жатып ұйықтап қалыппын. Елең-алаңда оянсам қара нөсер әлі құйып тұр, бірақ іңірдегідей емес, аспан тыныш, оты таусылып, ашуы басылған сияқты. Судан шыққан суырдай Дидашы мен Дәулеті, Ниязы мен Шаймердені де мен жатқан шатырды шырқ айналып дірдектеп жүр екен.
— Оу, жігіттер не болды?
— Жамбасымыздан су жүріп кетті.
— Су жүргені несі?
— Мен осылай боларын білгем, — деді Дидахмет. Білдім де бар текеметті сіздің астыңызға төсеп, төсекті өрге салып бергем.
— Білсең неге айтпадың! — деп Шаймерден дау шығарайын деді. — Кеше шатыр тігерде айнала мор қазып тастау керек еді... Жалғыз ағаңды ғана күйттегенше...
— Жайлауға жылына бір шыққанда жамбасынан су өтсе, бұтындағы жалғыз шалбарыңды шешіп беріп, елге жалаң бұт қайтар едің. Онан да маған рахмет де.
Рахметті Шаймерден айтпаса да «рахмет» менің ішімде қалды. Ішімде жатқан ескі бір күйді түрте кетті...
... Әпкем Нұрзағила күз жақындағанда мені соқыр торы биеге мінгізіп, жетектеп алып Шабанбайға тартатын. Жаңғақ соғып, оны үгітіп, ұшырып, заготживсырьеге өткізіп, содан түскен тиын-тебенге көйлек-шалбар тігеді де мені мектепке шыт жаңа киіндіріп жіберуші еді. Төртінші — бесінші класта оқып жүрген кезім. Шаруаға еріншектігім жоқ еді, сонда да құлап кетесің деп тәтем Балқарағайдың басына өзі шығады да: «төбеңді бүршік ойып кетеді, арман тұр, арман!» деп айқайлайды. Қайта-қайта өрмелеп жүрмес үшін көбіне қатар өскен екі ағашты таңдайды да теңселтіп тұрып бірінен екіншісіне секіретін... Сонан соң қарағай түбіне от жағатын. От жағады да әлдебір әнді ыңылдап айтып кеп отырғаны. Иен жайлауда үшеуімізден басқа тірі жанның жоқтығын сезе ме, соқыр торы бие көзі көрмесе де отқа емініп, мөлиіп кеп тұрғаны. Тәтем тоқым мен пішпекті менің жамбасыма төсеп, барын үстіме жауып, аяқ-басымды қымтап, таң атқанша қасымда қақшиып отырады да қояды. Ертеңгісін соқыр биеге тағы мінгізеді, тағы да жетелеп жүріп жер аралатады. Содан тор жайлаудан бірақ түсеміз.
— Әкеңнің жұртын көріп ал, мен қартайған соң сені кім әкеліп, кім таныстырар, — деп өзінің қыз күнінде табаны тиген ескі қоныстарды түгел айналып шығатын еді.
Тәтем биыл сексеннің сегізіне қарады. Бүгінде әкесінің қонысын көңілімен ғана іздейді. Мен болсам...
... Жылына бір дүркін атамекенді аралатып қайтатын інілерімнің барлығына Аллаға шүкір!..
V
Түкпірде жатқан жетпіс түтін еді. Түкпірде жатса да түгі бүтін, түтіні түзу, бір-бірін итінің үрісімен түгендеп отыратын. Айқайласаң малы өріске өзі кетіп, аухауласаң қатынды өзі қайтып табатын. Мал екеш малы да ағайынды жанасуымен танып, ағайынды ағайын санасуымен көтеріп тастап отыратын. Бұл ат байлап түсер Әлібектің ауылы. Кәзір...
... Көргенше көшесін де жалағың келеді, көрген соң жылағың келеді. Кезінде «Алмалы», «Орталық», «Заречная» деген үш көшесі болыпты. Алманы Алматыдан әкеліп еккен Бәсе мұғалім екен. Алты жыл өсіп, жетінші жылы қурап қапты. Қайын атасы Қасиман, заржақ қатыны Заира алманың түрін де көре алмай күні бүгінге дейін өкінішін баса алмай жүр деседі. Әуелі мектеп жабылыпты, одан соң дүкен көшіп кетіпті, одан соң поштасы құрғыр да «тәспидания» деп тайып тұрыпты. Ақыры «захарторыға» мініп алып, қоржынын салақтатып тыным таппайтын Сәлима пошташы да тағынан түсіп қалыпты. Талдыбұлақтың көпірін су шайып кетіп, «Заречная» көшесіндегі жалғыз үйде жабағы бет Метірей жалғыз өзі арғы бетте күңіреніп отырған көрінеді. «Алмалы» көшесінде қыз -күйеуімен Қасиман, «Орталықта» балташы Байқоныс, экспошташы Сәлима, қалғанын да аты-жөнін жұрт біле бермейтін жесір кемпірлер өз түтініне өзі қақалып, ертеңді-кеш әйтеуір түзге шығып қайтып жүр. Әуелгіде «Айдарлы», одан соң «Коммуна», онан соң «Төртінші ауыл», келе-келе «Төртінші бригәт» боп қырық құбылып, ақыры жетпіс түтіннен жеті үй қалғанда алғашқы атауын бүкіл Қаратай есіне түсіре алмай дал болуда. Жетпіс түтіннен жетімсіреп жеті үй қалғанда ауданға барып мектепті қайтарып аламын деп Мэлс мұғалім шатақ шығарып еді, ол жиналғанша қыс түсіп жол бекіді; дүкенді аштырам деп облысқа жиналғанда лайсаң ұрып жол түсіп кетті; поштасыз өмір болмайды деп Астанаға жол шекпек еді, шөп науқаны келді де қасқа сиырдың қамынан шыға алмады; пошташы мен «захарторыны» қысқарту Конституцияға қайшы деп Мәскеуден бірақ түсемін дегенде Ресей өз алдына мемлекет болып тынды да мұғалім-патриоттың танауы тарс бітіп пұшайман болды. Мұқырдағы кітапханашы Дәулетхан «Төртінші бригәттің» энциклопедиясын жазамын деп ол әлек. Жазып та тастайтын еді, аудандық газетте шыққан бір мақаласын оқып алған ауылдағы кәрі-құртаң: «мынау рушылдық, мынау педәлизм!» деп ту-талақайын шығарып, түйебас қып өлтіре жаздады. Оларға да кінә жоқ, жетпіс жыл бойы «мәрксизмнің» қағидасы сүйегінен өтіп кетсе керек. Соның «брадуктысы» ғой, құда боламын деп құйрық-бауыр жесіскен Бектемір мен Нұрпейісті ескінің салтын еске салдың деп екі жұмаға түрмеге апарып қамап тастағаны. Аты жоқ ауылдың аты өшкенімен хикаясы жылқышыға жыр, қойшыға хор болғандай. Бір құндыздан бір ішік киемін деп Кәрім шал, бір құндыздан бір ішік тігемін деп бәйбішесі Наршасы да шіренгенде үй тұрмақ бір ауыл, тойыс, жеті үйдің арасын жыртып жібере жаздады-ау!.. Ажалына болмаса каралиннен қоймалжың болған Талдыбұлаққа құндыз қайдан келсін, қолына құндыз ұстап көрмеген Науша, суырды суда жүзеді деп ойлайтын Кәрім шал құндызды ханның иығынан көрді ме екен?! Жетпіс үйден айырылып, жеті үй қалғанда тырс етпеген қайран момын Қаратай! Алтайдың басына қарап отырып ар жағына аттап жүре беретіндей айға қарап өсетінін, күнге қарап бөсетінін қайтерсің! Жеті үйдің көлеңкесінде отырып Алтайдың басын аңдитын Әлібектің: «Мен қайтейін, Өр Алтай биігіңді» дейтіндей жөні бар еді. Бұл әншейін наз ғана емес, әліптің астын тырнай берсек талай-талай жараның да, жауырдың да аузы ашылар еді-ау. Бәрін айтпағанда: «... Мерген болып атпадым киігіңді, Ауылың алыс кеткенде қарағым-ау, Жалғыз қайтып тартамын күйігіңді?!» дейтұғын қоңыр мұңды көмейіне лықсып келсе де әдейі үзіп тастап, көкірегінде сақтап қалыпты.
Абай мен Сейфуллин көшесінің тұйығында таңнан қара кешке дейін кездейсоқ тесік іздеп, өр өткен машинаға телміріп қарайтын жігіттерді терезеден көргенімде, ішінде «аты жоқ ауылдан» да біреулер жоқ па екен деп көңілім бұзылады. Қар жаумай, қазан ұрмай жетпіс түтіннің алпыс үші қайда кетті?.. Жұртта қалған жеті үйдің кәрі-құртаңын тірідей көмген жоқпыз ба?.. Жылап отырып күлдіріп, күлдіріп отырып жылатқан Әлібек оқушыға осы сауалды тастап қойып жорта жымияды. Жымиғаны — бер жағы. Жылағаны — ар жағы. Әрине, бұл жазушының көз жасына шылап жұтқан кермек тоқашы, заһары десек те болады. Повесті езуіңді жимай оқып, жиырылмай қалған ерніңнен көкіректе қайнап жатқан қыжылдың ащы запыранын сорғандай боласың. Атаңмен құрдас қылатын әзіл бар. Атаңды өлтіретін де әзіл бар. Әзілің жарасса ғана әзіл. Әзілді жаратқан қана жазушы. Әйтпесе жетім ауылдарды жазып жатқандар аз ба? Жетім ауыл аз ба?..
Бір жарым ай ел аралағанда үш жүз алпыс елді мекеннің сауын көргенім жоқ. Жетпіс түтін түгілі, екі жүз түтіннің орнында жиырма жесі-ақ отбасы отыр. Кешегі шағын фермаларда бүгінде ит те үрмейді. Есесіне үңірейген есік-терезелерден қасірет ұлып тұр. Түн баласында ауыл екен деп адасып кіріп кетсең зиратқа тап болғандай тұла бойың түршігеді. Әрине менің көргенім Ертістің бергі бетіндегі бес аудан, бұрынғы тоғыз. Әңгіме көргенді жазуда емес, өлгенді тірілту ғой. Оны да өнері жеткен жазушы ғана жасай алады.
Әлібек жеті түтіннен жетпіс үйдің биографиясын жасапты. Әр түтіннің тағдыры мен трагедиясынан тұтас бір ауылдың тұтас бейнесі туған. Қайғысыз қара суға семіріп отырған қарапайым пенденің ішінде де ит өліп, мысық тырнап жатыр екен. Және ол байқұстың «ақымақтығын» сөгіп, ақылдысына күлеміз-ау. Алмағайып заманның құбылмалы күйтіркесіне ілесе алмай, ескінің есігінен шыға алмай, кешегі отырған жұртына бүгін аспаннан түскендей таңданып қарайтын, жетпіс жыл бойы алданып келген пақырдың қырық жыл отасқан қатынын танымай қалу да мүмкін. Заман солай. Бүгін бәрі де құбылмалы, бәрі алдамшы. Іңірде ғана құптан намазына жығылып, сап-сау жатқан көне шал, ертеңгісін кемпірінен: «япыр-ау, мына заман не боп кетті?» деп сұраса алжасты деп айта алмассың. Бір түннің ішіндегі таныс дүниені ертеңгісін таппайсың, Тәңіріден басқаның бәрі жат.
— Журналда қазақ халқы жетпіс жылда деградацияға ұшырады деп жазыпты.
— Неменеге ұшырапты дейді?
— Тоқыраған, тозған деседі.
— Кім ол тозып жүрген?.. Бұл мен естімеген әңгіме екен...
Жетпіс жыл тұрмақ жеті үйдің арасында күнде адасып, өз есігін теріс жағынан іздеп жүрген аңғал байқұс «тозып жүрген» өзі екенін қайдан білсін...
«Аудан жақтан бастықтар келіп жиналыс жасайды деген кесімді күні Мұқырда тағы да қапалақтап қар жауған. Қапалақтап қарашада жауған қар Өр Алтайға тағы да қыс келді дегеннің белгісі еді»...
Өр Алтайға қыс келсе жеті ай шықпайды. Жеті айда жер түбінде қалған жеті түтіннің тағдыры не болар екен?.. Әлібектің өзінен сұрайын десем, ол да повесін осы сауалмен аяқтапты.
Біреулер үндемей жүріп үйдей пәле іздейді. Әлібек үндемей жүріп біреуге үйдей жақсылық жасауға құштар. Одан зор болмаса қор болмас- ау. Тек елу түтінді Паркенің іргесіне тіреу қоя салуға қолының жетпей жүргенін айтам да. Сол елу түтін түгел ме екен? Терісі Ресей, шығысы Мыңқол мен Қытай, егеменді қазақтың ең шетіндегі елден бұрыс Қаратайдың бір пұшпағына ат аяғы жете бермейді.
Дидаштың айтуынша әлі де оншақты отбасы бар дейді. Аллаға шүкір! Бұл жерде де бала туып, ержетпей ме! Қалжа жемейміз деп қағынған Қаратайдың қатындарының ауы да босар-ау!..
«Ақ Найман Қожамбетке арғын жетпес, Төртуыл, Қаратайдан қазақ өтпес! Көк жарлы Саржомарттай қайсысың бар, Қызығы Мысыр шәрідей естен кетпес!» дегенді Әріп ағамыз Сарапамыздың аузына салып еді. Асылдан қалған тұяқ, аруақтыдан қалған ұят бұл елден әлі арылған жоқ...
... Алтайдың басын мезгіл-мезгіл бұлт шалмай тұрмайды. Тарихтың бұлты да талай түйіліп, талай серпілген. Бұлттың бәрі бұлыңғырдың нышаны емес, Алтайдың ылғалы, — Қаратайдың ырысы. Ырысы кетпеген, ыдысы кеппеген қоңыр елдің, тауы тәкаппар, өзені тентек Отыкеннің тарихтағы болашағы тәуелсіз қазақтың тағдырына теліме. Сол тағдырда Жер жәннаты, Алаштың атамекені — Өр Алтайдың да орны бар. Қос інімнің қаламынан қоңыр мұң көбірек төгілсе — сыбызғының үні шығар. Сыбызғының үнінде сағыныш қана, мұң ғана емес, түпсіз терең ой бар. Санасызда ғана сағыныш жоқ. Ойсыз ғана мұңсыз.
Алматы. 29 мамыр, 2000 жыл.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі