Өлең, жыр, ақындар

Нығыметтің бірінші әңгімесі

Жаздың тып-тымық кеші. Күн теңізге шөгіп барады. Қара жолдың үстіне шаң есіліп қалыпты, шаң арасынан ала-құла сиырлар көрінеді. Сыртылдаған бақай, тай қазанның жүзін жиып ап, бытырлатып бидай қуырып жатқандай.

— Ай! Ай! Өк былай! Өй, қарасан келгір, мүйізіңді қағып алайын ба осы!! — Бақташының даусы қарлығып қалыпты. Ұршығы тарсылдаған тор шолақ атын тырп-тырп желгізіп, табынның ол жағына бір, бұл жағына бір шығады. Қайта қайта бақырып, қалғып бара жатқан кешкі тіршілікті қасақана үркітіп келе жатқандай.

— Япырмай, осы бақташыдан бая адам болар ма екен? — деді Нұғыман.

Теңіз жақтан күрс-күрс мылтық атылды. Өзен бойын жағалай бір топ үйрек ұшып өтті төбемізден.

— Қырып жатыр, қатер! — деді Нығымет. — Көктемде құрға, жазда үйрекке тыным бермейді, жер мен судан жерітіп болды. Бәрі Өскемен мен Зырьяновскіден келген қулар. Бәрінің астында машина, бәрі де мекеменікі. Рыбнадзорымыз болғанымен, құснадзорымыз болмай тұр. Қырып барады, иттер!..

Ол бір қолындағы қасық пен вилканы қалтасына салды да, кастрюльдің сырғи берген қақпағын нығыздап жауып қойды. Сонда да қисық баулы көк кастрюль бір жағына ауыңқырап, жиегінен сорпа төгіліп келеді. Ол әкесіне тамақ әкеле жатыр еді...

Ауыл шетіндегі өзеннің жар қабағына шұқшия кептірелген СМУ-дың үлкен ауласынан лүкілдеген мотор дауысы естілді. Қылқиған темір труба шеңбер-шеңбер көкшіл түтінді лықылдатып құсып жатыр. Ауланың іші-сырты шашылған бөренелер, төбе-төбе қып үйген қап-қап цемент. Мазуттың иісі шығады. Нығыметтің әкесі Қапшекер осында күзетші.

— Анау біздің шал шығар, қасындағысы кім болды екен? — деп, Нығымет жар жиегінде отырған адамды қолымен нұсқады.

— Шалың не сенің осы? Орта жасқа жаңа келген адамды шал, шал деп сен-ақ қартайтып болдың-ау, — деді Нұғыман.

— Шынын айтсам, осы уақытқа дейін әкемді қалай атарымды білмеймін. Әке десем де, көке десем де, папа десем де келмейтін тәрізді. Сосын оңайына көшіп, шал деп кеттім. Шал болмағанда несі қалды енді.

— Қызықен...

— Қызығы көп қой оның, ағайын... Оның несін сұрайсың. Мынау күзетшілік те адамның тағатын тауысатын мазасыз жұмыс қой, расында шашының ағы көбейіп, шал боп шөгіп барады. Басқа жерге ауыстыруға оңтайлы ештеңе табылмай-ақ қойғаны. Үйде отыр десем тағы көнбейді.

— Көзін жұмыспен ашқан адам, жұмыссыз қайдан отыра алсын, сенің де үйде жат дегенің орынсыз енді, — деді Нұғыман. Нығымет үндеген жоқ. Нұғыманның будақтаған темекісінің түтінін жақтырмай, бет-аузын тыржың еткізді де, «пү-ү-ү!» деп үрлеп жіберді. Нұғыман әдейі оның жел жағына шығып алды.

— Япырмай, осы сені неғып колхоз председателі етіп тағайындамағанына таң қалам. Қандай қызымыр болар ең, ә?

Ол кесек те мығым денесін үнемі тік ұстайтын. Жүрісі нық, қимылы шапшаң. Өз тұстарына қарағанда отызға жетпей жатып балалығынан байсалдығы басым, түр-тұлғасы да, сымбаты да дәрігерліктен көрі әлдебір жауапты шаруашылық басшысына көбірек келетін. Таңқылау келген домалақ мұрыны жазық маңдайы мен жалпақ бет сүйегіне, үлкен сопақша басына сол кішілеу сияқты көрінетін. Қиықша қоңыр қой көздеріне көп күлкі де жүгіре бермейтін, сырт көзге салқын көрінгенмен қызыл шырайлы жүзінен жылылық теуіп тұрады. Желеңдігі де, дарақылығы да жоқ. «Болсын!» — десе тындырып тастайды. «Жоқ!» — десе кесіп айтады. Бірақ оның ісіне де, мінез-қылығынан да не қазымырлықтың, не қатыгездіктің мысқалдай нышанын табу қиын. Тек үлкенге де, кішіге де бір ілтипат, қуанышқа да, ренішке де бір төзім, ауырды да, жеңілді де бірдей көтереді, қаталдыққа қандай болса, кешірімге де бай.

...Әкесі күтіп отыр екен. Орнынан тұрған да жоқ, ләм-мим деп тіл де қатпады. Теңкиген үлкен дөңбектің үстінде бажырайып тырп етпей отырды да қойды. Умаждалған шүберектей сарғыш бет-жүзін қатпар-қатпар әжім торлаған. Кішкентай қиықша қой көздеріне де мұң толы. Кастрюльді көргесін бас киімін шешті де, бөрене үстіне алып қойды. Жұқа ғана көк бурыл шағи самай мен қарақұсты жиектеп кеп, домалақ бастың төбесіне жете алмай қапты. Тіпті оның қыр желкесін де өрмекшінің торындай айқыш-ұйқыш әжім басып кетіпті. Ұрты солпиып, бет сүйегі томардай боп шығып тұр. Орта бойлы, орта жастағы осы адамның бойына жастық пен кәрілік қатар ұялаған тәрізді. Ол кастрюльдің қақпағын ашты да, қайта жапты. Ыстық бу бұрқ етті де, үзіліп қалды. Сосын:

— Әй! Бері кел! Пельмен жейік! — деп өзен жаққа бұрыла беріп айқай салды.

Жар астынан шылп-шылп су сылдыры естілді де, артынша ұзын құрықты сачок көтеріліп барып, шолп етіп суға қайта түсіп кетті. Жағаның түйетайлы жерінен қылт етіп адамның басы көрінді. Сосын кеудесі шықты. Ашамайына дейін ұзын қонышты резеңке етік сүйреткен арық жирен уысқа толмайтын кішкентай майшабақты тырбаңдатып сачоктан суырып алды да, су толған шелекке ұрып жіберді.

— Не істеп жүрсің? — деген Нығыметтің дауысын естігенде ғана бері бұрылды.

— А... Нығымет Қапшекерыч!.. Сәлеметсіз бе... Мен әншейін... аздап балық аулайын деп...

— Көріп тұрмын. Қазір судан шығыңыз!

— Нығымет Қапшекерыч, мен әншейін...

— Әншейінді қойыңыз! Тағы да мұрттай ұшайын деп жүрсіз бе? Ревматизммен ойнауға болмайды.

Ол қарсылық жасаған жоқ, сачогін иығына салды да, сүйретіліп судан шықты.

Жағына пышақ жанығандай шүңірек көз, ешкібас жиреннің бет-аузынан, қоңқиған қисық мұрын мен ыс басқан мысық сары мұрттан, жымырық құлақтан, қызыл қылтанақты қалың түктен басқа ештеңе көрінбеді.

— Кешіріңіз, Нығымет Қапшекерыч, мен әншейін... балаларға ермек болсын деп...

— Отыр, пельмен желік, — деді Қапшекер оған қасық ұсынып. Бірінің қолында қасық, бірінің қолында вилка, бірі қара бурыл, бірі жидіген жирен бурыл, екі бас кастрюль үстінде тоқайласа қалды.

— Әй, ит-ай, тамағың әлі қайтпаған екен ә, қарбытуың тамаша, — деді Қапшекер кастрюль түбі тықырлай бастаған сәтте. Бұл оған ыржалақтап күлген болды. Сосын қалтасынан орамал іздеді білем, аударып-төңкеріп темекінің ұнтағынан басқа ештеңе таппады да, майланған ернін күсті алақанымен әрлі-берлі сүйкей бастады. Аузын сылпылдатып, қайта-қайта тамсанып қояды. Тісін шұқылады.

Мотор бырқ-бырқ етті де, кілт тоқтады. Көкшіл шеңберлердің соңғы шығыршықтары мұржа мойнынан атып-атып кетті де, бозамық тартып барып, бозғылт аспанға сіңіп жоқ болды. Шығысқа қарай міңгесіп-ұшқасып бұлт жөңкіліп барады. Манағы бір топ үйрек сыпсыңдап теңізге қарай қайта ұшып өтті. Өзен жағасындағы екі-үш аламойын да барқ-барқ ете қалды. Үш-төрт машина суға жуынып-шайынып селоға қайтты.

— Шөлдеп отырғанымды қарашы.

— Үйге барып шай-суан ішіп келіңіз. Біз отыра тұрамыз ғой, — деді Нығымет әкесіне. Манадан дүниенің бәрін ұмытып, қаннен-қаперсіз қалған балықшы да кенет ойына бірдеңе түскендей сачогі мен шелегіне жармасты. Шүңілдеген суын сарқып тастап еді, темір бақыраштың түбінде шоршаңдап төрт-бес аққайран, екі-үш қызыл қанат алабұғаның кілегейі ғана қалды.

— Ах, подлец, әлі тірі өздері! — деп қойды. Балықшының барбиған қолы бақыраш түбіне сүңгіп кетті де, қуалап жүріп бір аққайранды құйрығынан сүйреп шықты. Сосын құшырланып отырып шелектің қырына былшылдатып ұрып-ұрып жіберді. — Ах, подлец! Ах, подлец!

— Әлгі Володя Шималин үйге бес-алты шортан әкеп тастап еді, соның екеу -үшеуін мынаның шелегіне сап жіберіңізші, текке иістеніп кетер, онан да осының бала-шағасына ас болсын, — деді Нығымет бас киімін киіп, кетуге ыңғайлана берген әкесіне.

Өзен құмығып, қара барқыт тартты, ысылдай шұбатылып, ирелендей қашып барады. Дең басындағы клуб қасынан жалғыз шырақ қылмың-қылмың етіп көз қысып шыға келді. Кино қондырғының кішкентай движогы дырылдап қоя берді. Балықшы мен күзетші аяқтарын санап басып, белі қайысқан ағаш көпірге таяп қапты. Бірінің қолында шелек, бірінің иығынан сачоктың ербеңдеген ұзын құрығы көрінеді. Нығымет екеуінің артынан көз сүзіп, әлденені есіне түсіргендей үнсіз отыр. Нұғыманның аузында темекі, паровозша бұрқылдатып езуінен айырар емес. Кішкентай көзінің жанарынан жылтырап екі шоқ көрінеді.

— Сендер әлгіні таныдыңдар ма? — деді әлден уақытта Нығымет.

— Аудандық милицияның атшысы емес пе? — деді Нұғыман.

— Онан арғысы?

— Е, онан арғысын қайдан білейік, кім қазыпты дейсің оның зәу-затын. Әйтеуір милиционер болған дей ме, немене...

— Иә, бір кезде бұл өкірген милиционер болатын. Біздің ескі дос қой, байғұсқа жаның ашиды, өзі сырқат, ревматизм деген қырсығы бар. Екі-үш рет ауруханаға зорлағандай етіп әзер жатқызып ем. Тағы да өлерменденіп суға түсіп жүргенін көрмеймісің. Әлдеқашан жазылып кететін адам ғой, өзін-өзі күтпейді. Ішіп қоя ма, немене... Солай, ағайын, ол біздің ескі дос...

Қараңдаған екі адам дөңге көтеріліп барады. Баған басындағы жалғыз көз шыраққа жақындаған сайын олардың қарасы үлкейіп, балықшының бұлғақтаған құрығы мен ербеңдеген қолдары анық көріне бастады. Әлденені көпіртіп бөсіп бара жатқан тәрізді. Екеуі тасаға кіріп кеткенше, Нығымет тағы да көз айырмай ұзақ отырып қалды.

— Уақыт деген қызық-ау, осы екі адам бір-біріне кездесем деп ойлады ма екен, ойламады ма екен? — деді ол. — Темекіңді арырақ тартшы, тіпті тура танауымның астынан бұрқылдатып тұншықтырып барасың. — Ол бір-екі рет жөтеліп қойды. Шын жөтелді ме, өтірік жөтелді ме, әйтеуір Нұғыман темекісін езуінен жұлып алды да, суға атып жіберді.

— Сен-ақ қазымырланып күн көрсетпедің ғой. Құдайдың қу даласында отырып кіжіндейсің.

— Енді, зәуіммен бір әңгіме айтып берейін десем...

— Онда қойдым, ойбай! Қойдым.

— Мен бұл ескі досыммен он екі ме, он үш жасым ба, әйтеуір қырық сегізінші жылдың жазында бір кездескенім бар...

...Тапа-тал түсте үйге біреу киіп-жарып кіріп келді. Киімі жұтаң, өңі сынық, сақал-мұрты өскен. Дастарқан басындағылар бір сәтке ошарылып қалды. Бәрі де бөгде кісіге бақырайып, «мынау аспаннан түсті ме» дегендей тандана қарасты. Жұма күні еді, молла-сүрей қарт атам тор алдында аруақтарын жамбасынан бір аунатып құран оқып отырған. Соңғы аятын асығып-үсігіп қайыра салды да, көзі жасаурап, иегі кемсендеп, екі-үш ұмтылып орнынан тұра алмай қалды. Самауыр құлағына тақау отырған шешем де жығыла-сүріне ұшып тұрды да:

— Ой, Алла-ау, күнім-ау, шыққыр көзім өтірік көріп тұр ма, шын көріп тұр ма, ой Алла-ау, — деп еңіреп барып бөгде адамды бас салды. Мына жақтан дауыс салып әжем шықты, тәлтіректеп атам да келді. Торт адам бөлме ортасында бірін-бірі құшақтап ұлар-шу боп егілді де қалды. Шешемнің даусы ащырақ, қаттырақ шығып жатыр. Інім Ораз қорыққанынан артыма тығылып, көзі атыздай боп барады. Ың-жыңның ортасында түкке түсінбей мен отырмын. Дауыс шыққан үйден көрші-қолаң қалушы ма еді. Әп-сәтте топырлап қатын-қалаштар басты да кетті. Улап-шулап жүріп, төртеуін зорға дегенде ажыратты.

— Өй, қу тентек-ау, неғып отырсың бажырайып, әкең келген жоқ па, әкең! — деп біреуі мені жұлқылап итермелей бастады.

Мен сенгем жоқ. Мынау сақалды жүдеу адамның әкем екеніне сенгем жоқ, Әкемнің келгеніне сенгем жоқ. Сондықтан ентелеп бара да қойғам жоқ, барғанмен үлкендерден естендік тиетін де емес. Оның өзі ұмтылды бізге. Інім маңайлатпай зытып отырды далаға. Мені бауырына қысып, құшырланып тұрып маңдайымнан иіскеді. Тікендей қадалған сақал мен махорканың иісін жатырқап қалсам керек, тартыншақтай бердім және де сол бір құшақтан өн бойыма от жүгіргендей денем шымырлап кетті. Көзіме жас толды.

— Өй, мынаусын қара, бұл да жылайды, ей! О несі, әй, әкесі келгенде! — деген бір әйелдің даусын естідім есік жақтан. Далаға жүгіре шықтым да, қораны айналып барып мырс-мырс етіп мен де жылап тұрмын. Неге жылайтынымды өзім де түсінбеймін. Неге жылағанымды осы күнге дейін де білмеймін. Әйтеуір ішімде беріш боп қалған бір жалынды сарқып тастағаным есімде.

Қораны айналып коп жүрдім. Ымырт болғанша жүрдім. Қара сандықтың түбінде, қалың кітаптың арасында тығулы жатқан сарғайып кеткен әкемнің суретін көзіме елестетем. Бірде ұқсайтын сияқты. Ұқсатқаныма іштей қуанам. Бірде ұқсамайтын сияқты. Ұқсамағанда тағы да көңілім құлазып қалады. Ұқсай ма? Ұқсамай ма? Сол ма, сол емес пе? Тағы бір барып көрсем қайтеді? Үйге кірейін десем, ұқсамай қалады екен деп қорқам.

— Әй, Нығымет! Үйбай, шірік, мынанікі не, ей?! Кірсеңші үйге! Барсаңшы әкеңнің қасына!

Жоқ ұқсайтын сияқты. Ол мені көріп жымиып күлді. Манағындай емес, түсі жылып қапты. Манағыдай емес, ұқсаңқырап қапты. Түсі жылығанда, күлгенде көбірек ұқсайтын тәрізді.

Сөйтіп, мен он екі жасымда бірінші рет әкеммен бетпе-бет жүздестім. Тұқымымызбен Балтаев боп ұлы атамыздың фамилиясына жазылатын ек, он екі жасымда Қапшекеров деп әкемнің атына ауыстырдым. Көңілден кетпесе де көзден ғайып болған, келмейді демесек те, келеді деген сеніммен күдер үзе бастағанда, жөргекте қалып, жігіт болар алдында тауып алдық оны. Тауып алғандай болдық.

Сандық түбінде тығулы жатқан фотокарточка да қабырғаға шығып, біздің семьямыздың топ ортасынан өзінің лайықты орнын алды. Мен оны әке деп те атағам жоқ, көке деп те атағам жоқ, папа деп те атағам жоқ. Жай ғана шал дейтінмін. Жек көргендіктен емес, жатырқағандықтан да емес. Сәбиіңнен дағды алмаған соң тілі құрғыр иліге бермейтін. Уақыттың мезгілсіз келген күзі, мезгілсіз кірген ызғары оны бөтен түгіл, өз кіндігінен туған баласының да бір ауыз жылы сөзінен ертерек айырған екен. Шал дейтін тіпті кәрілікке көрші қона қойған да жоқ. Бірақ шал атанды. Әлі де шал атанып келеді ғой. Өзі соған мәз боп қалады.

...Мешке тышқандай қып, үнемі бізді тақымдап қалмайтын «құйыршық» деген сүйкімсіз атақтан құтылғандай ек. Жыл жарымдай колхозда бухгалтер боп істеді. Тұрмыс оңалып арқа-бас кеңейіп қалған. Көкіректе беріш боп қатқан шер де тарқап, көңілдегі мұң да, жетімдігіміз де ұмытыла бастады.

Қай класты бітіргенім есімде жоқ, жазғы каникулдың аяқталмаған кезі болатын. Мен өгіз арбамен комбайннан дән тасимын қырманға. Әкем де атқа мініп егіс басына шыққан. Ол орта жолға дейін менің арбамды айдасып барды да, өгіздің митың жүрісіне жалықты білем, әрмен қарай атты борбайға бір салып желіп кетті.

Қара сирағымды қып-қызыл бидайға тығып жіберіп, шалқамнан түсіп жатырмын. Жаңа соғылған көк астықтың иісі қандай тамаша! Кіршіксіз ақ шағырмақ күздің аспаны қандай тамаша! Мөп-мөлдір боп төбеңнен төнеді де тұрады. Белдеудегі апшысы қайтқан шуақты күн мөлиіп саған қарайды да тұрады. Маңдайыңды күн кірпігі аймалап, көзіңді көк аспан суырып, жауырыныңды жылы бидайға тығып жіберіп рақаттанып жатсаң ғой, шіркін!..

Көк бидайдың, көк сабанның хош иісі. Көз алдымда көк аспанның бір пұшпағы арба жәшігімен шектеліп барып бітіпті. Арба жәшігінің оң жақтауынан қылқиып күн сығалап келеді, көз ұялтпайды, жанарды да жемейді. Арба жәшігінің ар жағында сабан сылдырайды. Анда-санда сықыр-сықыр еткен доңғалақтың шиқылы. Аңыздың соқа қопарған жал-жалында арба теңселіп-теңселіп қойып, үстіндегі қызыл бидайды екшеп келеді, мені тербетіп келеді. Жауырынымда жып-жылы бидай, төбемде жып-жылы аспан, бүйірімде жып-жылы күн және де өзімнің үйреншікті, бейкүнә жып-жылы тіршілігім. Сықырлаған төрт доңғалақтың дауысы да, сабанның сылдыры да, арбаның ырғалуы да, тіпті осы арбаны пыс-пыс етіл созыла тартып келе жатқан қос өгіздің күлімсі тері де маған жып-жылы секілді. Бидайдан сорайып шығып жатқан күс-күс башпайымды көрдім. Төбемнен зу етіп бөктергі ұшып өтті. Тырнағында жемі бар, соңында құстың нәзік қауырсыны қап қойды, торғай болса керек. Көз алдыма анам елестеді. Жеке қалсам болды, ылғи да менің көз алдыма анам кеп тұра қалады... Менің көйлегімді тігіп жатыр ма екен? Шалбарымды да бітіріп берсе жақсы еді. Бір жұмадан кейін сабақ. Ә, әкем әкеп берген жаңа бәтеңкем бар екен ғой... Тағы да күс-күс башпайымды көрдім. Құс болса не қылар дейсің, бір түн қаймақ жағып қойсам, ертеңінде-ақ қопарылып өзі түсіп қалады. Әрине, жаңа шұлықта керек... Қарап жатып бойым бір елі өсіп қалды.

Ат тұяғының дүсірі естілді. Артынша-ақ арба жақтауынан әкемнің жирен қасқасының шелектей танауы көрінді.

— Сорлы бала-ау, әкетті ғой әкеңді, жүгірсеңші! Сорлы бала-ай!

Қақ маңдайымнан қасқайтып тұрып қамшымен тартып жібергендей көзімнің алды бұлдырап, есеңгіреп кетті. Арба шайқалып бара ма, жер шайқалып бара ма, әйтеуір дүние шайқалып кетті. Әлуетті қол арба үстінен суырып алды.

— Жүгірсеңші, сорлы бала-ау! Мін мына атқа! Қоңқай қыстауының тұсынан жіп-жіңішке шаң көрінді. Пар ат жеккен жеңіл арба ши-шидің арасымен ұрлана зытып бара жатты. Мен атқа да мінгем жоқ, жаяу-жалпы ұша жөнелдім.

...Ұшып келемін, еңіреп келемін. Орылған аңыздың өткір тұқыл сабақтары жіліншігімді сойып келеді. Оған қарайтын шама жоқ. Екі көзім жеңіл арбада. Жеңіл арба жеткізер емес. Артына қою шаңды шиыршықтап тастап зырғып барады. Әкетіп барады. Әкетіп барады-ау, енді қайтейін!..

Айналманың өкпе тұсынан мен де шықтым, алдымнан пар ат та кесіп өтті. Өкпем аузыма тығылып, ышқынып келемін. Жаным ширығып келеді. Басқасына шамамның жетпейтінін білемін, әкемді тоқтатсам деймін. Аузыма «шал» да түспей, бір-екі рет булығып: — «Әй! Әй-й» — деген болдым. Сосын:

— Қапшекер!.. Қап-ше-еке-е-ер! — деп айқай салдым. Айқай салдым ба, бақырдым ба білмеймін. Сірә, бақырған шығармын. Жұлынған аттар дөң басына жетіп ойқастап тоқтады. Қуып жете бергенімде, арбадан сұсты жирен қарғып түсті де, жолымды кес-кестеді.

— Ах, подлец! Ах, подлец! — Ол менің жағымнан шапалақпен тартып-тартып жіберді. —Жалтырат табаныңды!

Мен бар даусыммен еңіреп жібердім. Әкем менің көзіме қарай алмады. Бетін басып селк-селк етіп отыр екен. Ол да еңіреп отырса керек. Сұсты жирен арбаға қарғып мінді де арбакешке айқай салды.

— Неғып тұрсың! Жібер аттың басын!

Желіккен қос ат жұла жөнелді. Мен де жүгіре жөнелдім. Әкем селкілдеп барады. Арба селкілдеп бара ма, ол селкілдеп бара ма, кім білсін. Өкпем өшіп мен келемін тақымдап. Арба бір ұзап, бір жақындап көш бойы кетіп барады. Сонан Қоңқай қыстауынан аудан орталығына дейін жиырма шақырым қашықтықты атпен жарыстым.

Менен оқ бойы бұрын жеткен жеңіл арба биік қорғанға сып берді де жоқ болды. Мен биік қорғанды күзете-күзете, жылай-жылай ымырт бола осы өзен жағасына келдім де, бетімді жудым. Сосын анау диірменнің қасындағы қиқайған кәрі еменнің түбіне таң атқанша түнеп шыққаным бар...

...Қарауытып қисық емен көрінді. Сылдырап су ағып жатыр. Көпір аузындағы қос шырақтың қалтыраған ұзын сағымы су бетін тіліп-тіліп түсіпті. Өзеннің шағын-шағын өркеші сызық үстінен секіріп өтіп жатқандай. Жып-жылмағай су бетінен Нығымет бірдемесін іздегендей, бедірейіп үнсіз қалды бір сәтке. Несін жоғалтты екен?..

— Амал қанша, әкемді ертеңгісін де көре алмадым, — деді ол не заматта. — Сонау Жұлдыз селосымен екі ортадағы сегіз шақырым жерде табанымның сегіз қабат терісі қалған. Анамыз екеуміз биік қорғанға күн сайып кастрюль арқалап келеміз де тұрамыз. Осы Қазимаш деген қарындасым онда алты-ақ айлық. Бір күні үшеуміз қорғап алдында тұр едік, қақпадан әлгі сұсты жирен шыға келді де, мені көріп:

— Ах, подлец... — деп келе жатты да, анамды көзі шалғысын сөзінің жарымысын жұтып қойды. — Неменеге келдіңдер, оны айдап кеткен қалаға!..

Артынша тағы да қақпа ашылды. Самайына ақ кірген, орта жастағы бір кісі шықты. Фамилиясын да білуші ем, Самойлов па, жоқ Савельев пе, ұмыта қалғанымды қарашы. Жарықтық жақсы кісі еді, кейін жүрек ауруынан қайтыс болды. Япырай, ұмыта қалғанымды қарашы, көзден кетсе, көңілден кетеді деген осы да. Жә, есіме түскенде айтармын. Сол кісі шықты да, өтіп барып, бізді көрген соң қайта бұрылды.

— Ғафу етіңіз, — деді анама. — Сіздерге хабаршы жібере алмай қалдық уақыт тығыз боп. Ол кісіні қалаға түнде аттандырып ек. Облыста тексереді ғой, ақ-қарасына жетеді, кінәсі болмаса қайтып келеді. Жыламаңыз, неге жылайсыз. Мықты болыңыз, мына бала-шағаға енді бас-көз керек.

Бірақ әкеміз қайтып келмеді. Сонан 1956 жылы бір-ақ табыстық қой. Сонда да әлгі кісінің сөзі қаусап тұрған үйелмен-сүйелмен үшеуімізге титтей де болса жылы шырай тастап кетті.

Осы Жұлдыздың тастақ қара жолы. Шешем үндемей жылап келеді. Мен де бет-аузым жыбырлап, кемсендеп келемін. Көзімде жас та жоқ. Көзіме біреу бұрыш шашып жібергендей күйіп келеді. Шешем Қазимашты арқалап келеді. Тағы арқалайтын болды. Біреу емес, үшеуімізді. Үшеу емес, бүкіл семьяны. Қанша арқаларын кім білсін, оған кесім де жоқ. Бізді арқалап жүріп дүние салатынына кімнің көзі жеткен...

...Аспанда ақтеңбіл құс жолы. Қалың жұлдыз оңтүстіктен жыбыр-жыбыр қаулап шығып, солтүстік белдеуге барып төгіліп жатыр. Іргемізде ақ теңбіл өзен. Белі қайқиған ескі ағаш көпірдің астынан ғана шығып, жыбыр-жыбыр ұсақ толқындар бірін-бірі тықсыра, іргеміздегі жар астына сіңіп жатты, өзеннің бас-аяғын түннің сілбі қара көлеңкесі сіміріп қойыпты. Аяқ тықыры естілді. Қараңдап келеді әлдекім. Жарыққа киліге бергенде, Қапшекердің мыжырайған кепкасын таныдық.

— Балалар, бар қызықтарыңнан айырып, көп күттірдім-ау сендерді, ә? — деді ол.

— Иә, көп күттік қой, — деді Нығымет күрсініп...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз