Өлең, жыр, ақындар

Неліктен мақсатыңызды ешкімге айтуға болмайды?

Алдағы уақытта машина алуды жоспарлап жүрсіз бе? Әлде бизнес бастау ойыңызда бар ма? Жо-жоқ, бәлкім ағылшын тілін меңгеріп, шетелде оқуды қалайсыз ба? Ісі дөңгелеген бизнесің, астыңда машинаң болып, оған қоса «Америкада оқыған» болсаң керемет, иә?! Ал бұл жайлы жақындарыңызға айттыңыз ба? Олай болса, енді айтайын деп жүрсеңіз, «түш» тұра тұрыңыз. Ойыңыздағы «міне, істеймін» деп жүрген жоспар, мақсатыңызды ешкімге айтпаңыз. Тіпті отбасыңызға да. Неге? Себебін осы мақалада жаздық.

Алдымен біз неліктен ойға алған ісімізді үндемей кірісудің орнына жұртқа жар саламыз. Соны біліп алсақ.

1. Айналамыздан қолдау күтеміз

Иә, біз жоспарымызбен бөліскенде шыныменде соны істеуге ниетті боламыз. Сондықтан да толық сеніммен «мен мынадай істемекпін» немесе «келесі жылы машина аламын» деп еш бүкпесіз айтамыз және бұған жететінімізге кәміл сенімді боламыз. Отбасымыз тарапынан қолдау табамыз. Олардан қолдау көрген соң біздің ішкі жан-дүниемізде «мені мойындады, мен жарадым» дегендей жағымды бір сезім пайда болады.

2. Мақтанғымыз келеді

«Заманың түлкі болса, тазы болып шал» дегендей қазір әркім өзін-өзі мақтайтынын жасырмаймыз. Бұған тіпті «өзіңді-өзің мақтамасаң, сені кім мақтайды» деген де сөзде бар. «Мен былай істейін деп жатырмын» деп айту арқылы іштей мақтау күтіп тұрамыз.  

3. Өзімізді көрсеткіміз келеді

Еңбекпен қол жеткізіп, жетістігіңмен бөлісіп, қолыңда бар болып шынымен де мақтанып жатсаң оның еш айыбы жоқ шығар. Бірақ ауыз толтырып айтарлықтай ештемең болмаса ше? Бізде жұрт сияқты өзімізді көрсеткіміз келеді ғой. Сондай кезде дәл қазір қолымызда мақтанарлық нәрсе болмаса онда болашақта не нәрсеге жетеміз, қандай ірі жетістіктерге қол жеткізетініміз яғни амбициямыз жайлы айтамыз.  Осы арқылы айналамызға мен келешекте мынадай боламын дегендей әсер қалдырғымыз келеді. Әрине, «болар баланың бетінен қақпа» дегендей жақындарымыз әдетте ойымызды құптайды. Осылайша алдағы уақыттағы жоспарларымызбен бөлісу арқылы өзіміздің не нәрселерге қабілетті екенімізді көрсеткіміз келіп тұрады.

Қандай адамдар жоспарымен бөліспейді?

Белгілі бір жетістікке жеткен, өз-өзіне сенімді адамдар жоспарымен бөліспейді. Себебі олар алда әртүрлі жағдай болуы мүмкін екенін ескереді. Сондықтан да арық айтып семіз шыққанды құп көреді. Олар ойға алады, істейді. Сосын сол жобаның жалпыға жария ететін уақыты келгенде ғана өздері құрған проекттері жайлы айта бастайды. Мысалға үкіметтен қолдау немесе инвестиция тарту қажет болғанда жобаға жарнама жасау үшін сөз қозғайды. Оған дейін қаншама интервьюлерін оқып немесе ютубтағы видео сұхбаттарын көрсеңіз де ләм-мим деп жақ ашпайды. Тіпті журналистің алдағы жоспарларыңыз жайлы бөліссеңіз деген сұрағына мардымсыз жауап береді. Мәселен Марк Цукебергті алайық. Өткен жылдың аяғында Facebook-тің аты Meta болып өзгергенін білеміз. Миллиардер Марк Цукеберг бұл жаңалықты Facebook  тің жыл сайын өтетін конференциясына шамамен бір апта ғана қалғанда ғана бөлісті. Оған дейін Мета ғалам жайлы айтылғанымен оның фейсбук желісінің аты болып өзгеретінін ешкім білген жоқ. Қазірдің өзінде Марк Цукебергтің ойға алған "Мета ғаламы" нақты қандай екенін білмейміз. Цукеберг өзінің ойға алған жоспарымен толық бөліспей жұртқа жария алғашқы қадамдарды ғана жасап отыр.

Ал енді кімдер жалпы жұртқа жар салады?

Өз-өздеріне сенімсіз адамдар. Олар қолға алған ісінің дұрыс екенін іштей біліп тұрса да, міндетті түрде айналасымен бөліскенді құп көреді. Себебі бірден іске кіріспес бұрын жақындарының «иә, солай істе» деген мақұлдауын қажетсінеді. Бұл әдетте үнемі үлкендердің айтумен жүріп, алдын-ала сызылып қойылған «өмір сүру шекарасынан» шықпай жүретін адамдарда кездеседі.

Мылжың

Ауыз жаппай көп сөйлейтін адамдар әңгімеге беріліп отырып, нені айтып, нені айтпау керек екенін өздері де аңғармай қалады. Әңгімелесе отырып алдағы арман, мақсаттарын да байқамай айтып қойғанын біліп, кейде «соны бекер айттым ғой» деп өкініп жүреді.  Енді нақты тақырыбымызға көшсек.

Неліктен жоспарыңды, мақсатыңды ешкімге айтпау керек?

1933 жылы шетелдік психологтар біз ойға алған ниетіміз жайлы неғұрлым көп адамға айтсақ, соғұрлым оның жүзеге асу ықтималдығы аз болатындығын анықтаған. Неліктен? Себебі зерттеуші Вера Малердің айтуынша біз ойымыздағы жоспарымызды біреуге айтқан кезде біздің түйсігіміз (подсознание) ол істі жүзеге асып қойылған деп қабылдайды. Яғни миымыз біздің ауызбен орақ орып отырғанымызды білмейді, ол сол іс жүзеге асты деп түсінеді. Нәтижесінде жаңа ғана біреуге айтпас бұрын «бәрін істеймін» деп құлшынып тұрған біз, басқа адамға жоспарымызды айтқан соң сол жұмысты істеуге деген мотивациямыз жоғалып кейінге қалдырамыз.

Сонымен қатар 1982 жылы Нью-Йорк университетінің психология профессоры Питер Голлуитцер бұл тақырыпты өзінің «Символдық өзін-өзі толтыру»  (Символическое самозаполнение) кітабында қозғаған. Ол 63 адам қатысқан зерттеу жүргізеді. Онда қатысушыларға жоспар жазғызады да, екі топқа бөледі. Біріншісін жоспарларымен басқаларға бөлісуге міндеттейді. Ал екінші топты бұл жоспарлары жайлы ешкімге айтпау керек. Оларға сол жоспарларын орындауға 45 минут уақыт беріледі, бірақ егер қаласа жол ортадан тоқтатып, орындаудан бас тартуға да ерік беріледі. Нәтижесінде жоспарын барша адамдарға жария еткен қатысушылардың жұмысқа деген мотивациясы аз болып, олар істі соңына дейін жеткізбей ортасында тастап кетеді. Ал ешкімге айтпаған екінші топ жоспарын іске асыруға деген құлшыныстары мол болып, өздеріне берілген 45 минуттың бір минутын да бос кетірмей тиімді пайдаланады.  Тіпті істі соңына дейін жеткізуге уақыт тапшылығы ғана себепші болған. Алайда жол ортадан тоқтата салу олардың ойында да болмаған екен.

Осы зерттеуді негізге ала отырып профессор Голлуитцер, біз ойға алған істеріміз жайлы істемей жатып айтуымыз дұрыс емес деген шешімге келеді. Себебі біз осылай жасаған кезде миымыз бұл істі істелініп қойылды деп қабылдайды да, сондықтан жан-дүниемізде «жұмыс істелінді» дегендей бір күй пайда болады. Бұның нәтижесінде ауызбен орақ ормай айтқаныңды өмірде жүзеге асыру бізге бара-бара қиынның қиыны болады. Айналадағы адамдар біздің ниетімізді мақтағанда, жан-дүниемізге майдай жаққанымен бір жағынан бұл мақсатымызға жетуге ерік-жігерімізді азайтады. Осы мақалаға тұздық болу үшін өткен тарихтан мысал келтірсек.

Әлемдегі алғашқы ұшақты ағайынды Уилбер мен Орвилл Райт жасағанын тарихтан білеміз. Алайда олар қазір тарихта аты қалған өнертапқыштар болып қалды. Ал кезінде сол ұшақты жасап жатқан кезде өз қоғамының «бейшаралары» (неудачник) болған еді. Себебі олардан да бөлек Сэмюэл Лангли де алғашқы ұшақты құрастырумен айналысып жатты. Америкалықтардың көпшілігі ағайынды Райттарды емес, осы астроном әрі физик Сэмюэл Ланглиді қолдады. Бұның себебі С. Лангли өзінің жоспарларымен жалпы жұртқа бөлісіп, амбицияларын ашық айтқан еді. Ағайынды Райттар болса іске асырмай тұрып ешқандай уәде бермеді.

Нәтижесінде ағайындылар басқарылатын алғашқы ұшатын ұшақты бірінші болып жасап шықты. Ал барша халық осы жасайды деп үміттенген ғалымның жоспарлары іске аспай ол сәтсіздікке ұшырады. Неліктен? Астороном әрі физик Сэмюэл алдағы уақытта қандай жобаны жүзеге асыратындығы жайлы айтып жұрттан мақтау естіп жатқанда ағайындылар тынбай еңбектеніп жатқан еді. Сол заманда ағайынды Райттарға ешкім мән беріп қарамады, елемеді де. Бірақ ағайындыларға мақтау емес, өз проектілерін жүзеге асыру қызық болды, олар соған барын салды. Сонымен алғашқы ұшақтың авторы болып ағайынды Райттардың аты тарихта қалды.

Біз «мен мынаған жетемін» деп алдымызға мақсат қойған кезде миымыз соған қол жеткізуге дайын тұрады. Бойымызда ешқандай жалқаулық болмай мақсатқа жеткізетін қадамдарды істеуге әзір боламыз. Бірақ… Егер сол мақсатымыз жайлы өзгелерге айтып бастаған кезде біздің ми «мына мақсатқа қол жеткізіп қойдық, шаруа бітті» деп қабылдайды да, әрі қарай әрекет жасағысы келмейді. Бұның әсерінен мақсат қойылғанымен оған жетуге әрекет жасайын десек, еш құлқымыз болмай бойымызды жалқаулық басады. Оның үстіне бара-бара мақсатымыз өзімізді қызықтырмай оған жету жолы тым қиын болып кетеді. Ал егер ешкімге ештеңе айтпасақ, құр мақтануға бой алдырмай өзіміздің мықты екенімізді сөзбен емес, іспен көрсете аламыз.

Енді қорыта айтсақ, жоспарыңыз орындалсын десеңіз, ол жайлы ешкімге айтпаңыз.

Қания Табыс


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (3)

Әсем

Егер уже айтып қойсаң не болад және сол адам сіз бен бақталас болса ше

Әсем

Сәлеметсіз бе, сізден маған көмек керек.
Мен өз жоспарымды біреумен бөлістім, алайда сол бөліскен адамымның жоспары дәл менікіндей болып кетті және екеуіміз қазір бақталас секілдіміз. Енді менің жоспарымның орындалуы қанша пайыз, Мүмкін ол адамның ойын өзгерте алатын шығармын, не істесем болад

Алма

Жоспарды жасай беру керек, бірдей болса да

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз