Өлең, жыр, ақындар

Махамбет – ұлт тәуелсіздігінің жаршысы

Махамбет шығармашылығын Кеңес өкіметі кезінде саяси бағытқа бұрып, қоғам ықпалына орай талданды. Ұлы ақынның жырларын бай-манап, хан-патшаға қарсылық ұғымы шеңберінде ғана бағалауға ұмтылды. Бірақ, тереңірек ойлап ой таразысына салғанда, Махамбет жырларының ұстанған бағыты тереңірек еді. Махамбет қазақ халқының тәуелсіздік туын ұстанған ақын. Тәуелсіздікке, бостандыққа үндеп, азаматтық еркіндікке ұмтылды. Осы жолда басын тау мен тасқа ұрды. Ашық айтты. Тартынбай сөйледі

Поэзияның құдіретті қуат күшіне арқа сүйеп, алыстан сермеді.

Туған еліміз, Қазақстан атты мемлекетіміз тәуелсіздікке қолжеткізген тұста, Махамбет жырларының қадір-қасиетін қайта қарауға, қайта талдау,басқаша бағалау міндеті алда тұр. Махамбет туралы тұжырымды ой-пікір айту үшін, Махамбеттің құдіретті поэзиясына мағыналы баға беру үшін, ең алдымен Махамбет Өтемісұлының өмірін, Исатай Махамбет бастаған халық көтерілісін, Махамбет поэзиясының ақиқат шындығын, оның өлеңдерінің романтизмін, ең ақырында Махамбет жырларының көркемдік ерекшеліктерін ашып айтпай, Махамбет Өтемісұлы-сынды ұлы тұлғаны көзге елестете алуымыз мүмкін емес.

Ғалым Қажым Жұмалиевтың дерегіне сүйенсек, Махамбет Өтемісұлы 1804 жылы Батыс Қазақстанда туғандығын, Батыс Қазақстан ол кезде, Бөкей, немесе, ішкі Орда деп аталғандығына көзіміз жетеді. Жайық пен Еділдің екі арасында өткен өлке еді дейді ғалым. Тайманның-Исатайы да, Өтемістің Махамбеті де Беріш руының перзенті. Батыс Қазақстан поселкасында тұратын, Ерғалиев Құлбайдың айтуынша Өтеміс әулеті: Бекмағамбет, Махамбет, Исмаил, Досмаил, Қожахмет /Ахмет/ Уса, Иса,Хасей Мұса, Ибрайм сынды балалары болған дейді. Махамбеттің әкесі – Өтеміс, атасы – Құлмәлі. Жаугершілік кезде Жайық – Беріш руының батырлары Құлмәліні түрікпеннен қолға түсіріп әкелген деген дерек те бар.

Махамбет ақын – шын мәнісінде халқының ұлт азаттығын аңсаған, тәуелсіздігін көксеген, әділет жолына жанын пида еткен тұлға. Әділет жолындағы бұл іске тегін адам бармайды, жүрегінің түгі бар адам ғана бара алады. Сондықтанда Махамбет ақын:

Толарсақтан саз кешіп,
Тоқтамай тартып шығарға,
Қас үлектен туған қатепті
Қара нар керек біздің бұл іске.
Қабырғасын қаусатып,
Бір-біріндеп сөксе де
Қабағын шытпас ер керек
Біздің бүйткен бұл іске, –
дейді.

Бұл әділет жолына бір жола бет бұрған адамның сөзі. Жүрек толқынысы.

Осындай мағыналы да, саналы да ерлікке кімдер жарамайды, кімдер қолқанат бола алмайды?! Олар:

Арғымақтан туған қазанат,
Шабуыл салса нанғысыз.
Қазанаттан туған қаз мойын,
Күнінде көз көрінім жер шалғысыз...
Айырдан туған жампоз бар,
Нарға жүгін салғысыз.
Аруанадан туған мая бар,
Асылын айуан десең нанғысыз.
Жақсыдан туған жаман бар,
Күндердің күні болғанда
Жарамды бір теріге алғысыз, –

жандар болмақ. Махамбеттің осы екі жырының мәні – ақынның көз қарасын айқындаған. «Толарсақтан саз кешіп... қабағын шытпас ер керек, біздің бүйткен бұл іске» деп тұжырымдаса, «аруанадан туған мая бар, асылын айуан десе нанғысыз, жақсыдан туған жаман бар. Күндердің күні болғанда, жарамды бір теріге алғысыз...» деуі – тәуелсіздік жолындағы өрелі істерге бастайтын тағылымды туынды екенін көрсетеді.

Алда Қазақ Елінің тәуелсіздігіне – жиырма жыл толғалы отыр. Бір қарасаң үлкен жас та емес, ұзақ жыл да емес. Жиырма жылдық атқарылған ұланғайыр істерге көз салсаң қария ғұмырындай біраз айтарлықтай ұлы істер атқарылған. Тәуелсіздікті айтқанда, Махамбеттің жырлары жадыңа оралады. Дүниежүзінде екінші Шекспир атанған Португалия ақыны Луиш ди Камоэнс Махамбет-сынды тәуелсіздік үшін күрескен ақын. Португалия өзінің Тәуелсіздігінен айрылған 1580 жылдың 10 маусымында Луиш ди Камоэнс дүниеден өтеді. «Мен, тіпті, өзімнің туған Отанымда көз жұмғалы жатқан жоқпын, мен сол тәуелсіздігінен айырылған туған Отаныммен бірге өліп жатқандай сезінемін» деген ақынның жалынды сөзі ұлтының жүрегіне ұялап, Португалия елі қайта тәуелсіздік алғанда, ақынның асқан дана сөзі үшін Луиш ди Камоэнс қайтыс болған күнді – Португалияның Ұлттық Күні деп белгілейді». Сол ақынның жүрегімен үндескен Махамбет:

Абайламай айрылдым,
Ар жақтағы елімнен,
Анау Нарын деген жерімнен.
Тірі кеттім демеймін,
Кем болмады өлімнен, –

дейді.

Туған халқының тәуелсіздігінен айрылу, тәуелсіздік үшін күрескен Исатай-сынды нарқасқа асыл ерден айрылу – ажалдан кем соқпаса керек.

Махамбет Өтемісұлы – халқының қамын жеген, мұңымен бірге мұңданған, қайғысымен бірге қабырғасы қайысқан қазақтың ұлы ақыны. Ол өзінің ереуілдес серігі, қандос досы, Исатаймен бірге 1836-38 жылдары Қазақстанның батыс аймағында кеңінен өріс алған отты майданда халық көтерілісін басқарып, бай-шонжарларға қарсы күресіп, азаттық үшін, ұлтының тәуелсіздігі үшін бар жүрегімен майдан салды.

Ел тілегінің жоқшысы Махамбеттің өршіл де отты жыр-толғаулары бұхара халықтың тәуелсіздік жолындағы күресінің айбынды қаруына айналды. Ақын өлеңдері қазақ халқын жігерлендіріп, ерлікке шақырды. Оның өткір де отты сөздері алмас қылыштың жүзінен кем түскен жоқ. Махамбет шығармашылығындағы келелі образдардың бірегейі – Исатай батырдың бейнесі. Исатайдың тәуелсіздік үшін күресі, сол жолындағы ерлігі мен қаһармандығы, батырлығы мен азаматтығы Махамбеттің өлең-толғауларына өзек болып, өміршең әдеби туындыларды әкелді.

Махамбет Өтемісұлы ақын, әрі күйші болған адам. 1836-38 жылдары Исатай Тайманұлы бастаған көтерілістің басы-қасында болып, әрі көсемі, әрі жалынды жыршысына айналған алмас жүзді ақын. Бала кезінен әрі мұсылманша, әрі орысша оқып, зердесін кеңейткен тұлға. 1824-28 жылдары Орынбор қаласында Жәңгір ханның ұлы Зұлқарнайының қасында болды.

Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісов бастаған көтеріліс туралы ғалымдарымыз кеңес өкіметі кезінде саясатқа орай шаруалар көтерілісінің тасасында қалдырды. Бұл көтеріліс тәуелсіздіктің басы еді, әділет үшін майданның алғашқы қадамы еді, ұлт бостандығының тұңғыш бой көтеруі еді. «Исатай Тайманов көтерілісі» атты А.Ф.Рязановтың, «Торғай облысы» атты Добросмысловтың, «Ішкі орда және Исатай Тайманов көтерілісі» атты дүниелер деректілігімен бағалы. Солай бола тұрса да тәуелсіздік рухындағы Исатай мен Махамбеттің тарихи бағасын беруде біржақтылық басым болғандай. Оған, әрине, авторлар кінәлі емес, уақыт, замана, саяси қоғамның өтпелі кезеңі әсер етуінен деп, бағалаған орынды. Бұл орайда Қажым Жұмалиевтың Қазақ ССР ғылым академиясы арқылы 1948 жылы жарық көрген «Махамбет /1804-1846 жж» атты монографиясының құндылығы ерекше.

«Мен едім» деген өлеңінде ақын көкке атылған найзадай тік шаншылып:

Боз ағаштан биік мен едім,
Бұлтқа жетпей шарт сынбан.
Ел құтқарар ер едім,
Жандаспай ақыры бір тынбан, –

деуімен-ақ, ақын өзінің кім екендігін, не үшін күрескендігін айқын дәлелдеген. «Ел құтқарар ер едім» деуі де сондықтан.

Асылында, біз бұрын Махамбетті аясы тар ұғымда зерттеп, оның көсегесін көгерте алмай келгеніміз рас. Махамбет ақын шаруалар көтерілісін бастап, хан-сұлтандарға қарсылық көрсетумен тынған жоқ. Ақын хан-сұлтандарға қарсылық күресімен туған халқына деген әділеттілік үстемдік құруы үшін күресті. Сонымен қатар, ең маңыздысы, орыс патшасының боданында болған хан-сұлтандарға қарсылық күресі арқылы ұлтының тәуелсіздігі үшін күресіп ұлттың ұлы ақыны екендігін жырымен дәлелдеді.

«Ұлы арман» атты өлеңінде:

Желп-желп еткен ала ту,
Жиырып алар күн қайда?
Орама мылтық, тарс ұрып,
Жауға аттанар күн қайда?
Елбең-елбең жүгірген,
Ебелек отқа семірген,
Арғымақтан туған асылды,
Баптап мінер күн қайда?
Алаштағы жақсыдан
Батасын алып дәм татып,
Түлкідейін түн қатып,
Бөрідейін жол жатып,
Жауырыныңа мұз қатып
Жалаулы найза қолға алып,
Жау тоқтатар күн қайда? –

деп, ақын, қандай қиын жағдай болса да, мойымай өз көзқарасының бір беткейлігін танытқан. Қашанда ұлт үшін күрес. Қашанда ұлт үшін майдан. Бұл ақын – кредосы.

«Халық – Құдайдың екінші аты» деген қанатты сөз бар. Сол сөзге сүйенсек, бар құдірет күште, бар байлық-қазына да, бар өмірдің тұтқасы да халықта деп сезінетін ақын «Атадан туған әруақты ер» деген өлеңінде:

Атадан туған аруақты ер,
Жауды көрсе жапырар,
Үдей соққан дауылдай.
Жамандарға қарасаң,
Малын көрер жанындай,
Жүйрік аттың белгісі
Тұрады құйрық, жалында-ай.
Айтып, айтпай немене,
Халық қозғалса,
Тұрмайды хан тағында-ай! –
дейді.

Иә, халық қозғалса төтеп берер ешқандай күш жоқ. Мұны өз заманымыздан көріп келеміз. Ресейде, 1917 жылы халық қозғалып еді, Ресей патшасы әулетімен қөз жұмды. Ресейде халық қозғалып еді, біздің дәуірде демократия орнады. Халық қоғамның тұтқасы. «Халық қозғалса, тұра алмайды хан тағында-ай!» деуі де сондықтан. Махамбет 1938-1946 жылдар арасында ауыр да, қиын, қуғын-сүргін көруі тектен текке емес. Қазақтың хан-сұлтандарына қарсы күресу арқылы, халқымызды бодандықта ұстап отырған патшалық Ресей режиміне де, Ресей патшалығына да қарсылығы екендігін ұмытпаған абзал. Хан ордасының тапсыруымен Сейдалин мен Тәуке төрелердің Махамбет ақынды тұтқындау мақсатында, ізіне шырақ алып түсуі де сондықтан. Біздің тағы да айтарымыз Махамбеттің құдіреттілігі шаруалар көтерілісін бастау ғана емес, қазақ хандығын құлату ғана емес, сол Ресей патшалығына қарсы күрес. Патшалықтарға қарсы күресу арқылы, ұлт тәуелсіздігіне қол жеткізу еді. Біз қазір туған халқымыз тәуелсіздік алып, өзін-өзі басқарған тұста, өз президенті, өз әнұраны, өзінің елтаңбасы, өзінің ұлттық көкбайрағы желбіреп, әлем мойындаған тұста, кейбір саясаткерлер: «Халқымызға тәуелсіздік өзінен өзі келді, ойламаған жерден келді. Жерге түсіп қалған тәуелсіздікті, жерден көтере алмай келеміз»,- дегенді айтады. Түкте олай емес. Тәуелсіздік үшін, нағыз майдан-күресі – Махамбет ақын дәуірінен басталады. ХІХ ғасырдың екінші жартысын үрдіс бой көтерген тәуелсіздік үшін күрес- майдан. Сол күрес-майдан ХХ ғасырды тұтас алып, ХХ ғасырдың аяғында орыс боданындағы он төрт республика Ресей бодандығынан шығып, өз алдына ел болды. Демократия бағытын ұстаған жеке-жеке мемлекет болып, ұлттық туларын көтерді. Солардың белортасын-

да – Қазақ Елі. Қазақстан Республикасы! Сондықтан біздің Тәуелсіздігіміздің туын көтеру үшін – Махамбет ақыннан бастап, халқымыз ғасыр бойы күресіп, бабаларымыз арман еткен тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бұл заман, ғасыр алдындағы – ұлы аброй!

Махамбет поэзиясын қайта зерттеп, қайта заман, қоғамға сай, жаңа тұрпатты баға беру үшін, Махамбеттанушы, көрнетті қазақ ғалымы Қажым Жұмалиевтың еңбегін атап өтпей тұра алмаймыз. Филология ғылымдарының кандидаты Руда Зәйкенова:

Қ.Жұмалиев «Айқас» /1944/, «Махамбет Өтемісұлы» /1948/, «Қазақ әдебиетінің тарихы» /1961, ІІ том, 1-кітап», «Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері» /1958/, «XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ әдебиеті” /1967/ және т.б. еңбектерінде, баспасөз бетіндегі жекелеген зерттеу мақалаларында Махамбет шығармашылығын ғылыми тұрғыдан талдап, оның қазақ әдебиеті тарихынан алатын орнын айқындап, саф күйінде келер ұрпаққа ұсынды.

Бұл зерттеулер Исатай-Махамбет бастаған шаруалар көтерілісінің шығу себебін, әләуметтік маңызын, тарихи өміршеңдігін айқындауда, Махамбет поэзиясының төңкерісшіл рухын танытуда алғашқы жазылған маңызды материалдар еді. Сондай-ақ аталмыш еңбектердің негізгі өзегі – 1836-1838 жылғы шаруалар көтерілісінің әрі көсемі, әрі халық мұңын жырлаған шешені ретінде Махамбеттің тарихи рөлін нақты ашып көрсетіуімен ерекшеленеді. Сонымен бірге Махамбет өлеңдеріндегі Исатай образы, романтизм элементтері, ақынның өмірі, тағдыры, шығармаларының көркемдік ерекшеліктері, Махамбет мұрасын насихаттаушы белгілі жыраулар Мұрат Мөңкеұлы мен Ығылман Шөрекұлының қабілет қарымы мен жыраулық шеберлігіне, т.б. туралы да парасатты пайымдаулар жасайды.

Боз ағаштан биік мен едім,
Бұлтқа жетпей шарт сынбан,
Ел құтқарар ер едім,
Жанбастай ақыры бір тынбан, –

деген ақын дегеніне жете алмай, қапыда қаза тапса да, оның халық сүйіспеншілігіне бөленген ер тұлғасын, күрескер бейнесін, өлеңдерінің

өміршеңдігін дәлелдеуге профессор Қ.Жұмалиев өз діттеген мақсатына жетті дей аламыз» – деп тұжырым жасаған. Бұл өте орынды да. Бұған қоса айтарымыз Махамбет қаза тапса да, өзінің ақын ретінде де, күрескер ретінде де өзінің тарихи миссиясын орындап кеткен тұлға. Ол Исатаймен бірге жеңілген жоқ, қайта Жеңіс жолына деген тарихи соқпақ жасады. Сол соқпақты жолмен халқымыз теңдессіз оқиға – Тәуелсіздікке қол жеткізді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың БҰҰ-ның Мыңжылдық Саммитінде /Нью-Йорк, 2000 жылғы 6 қыркүйек/ сөйлеген сөзінде: «Жаңа мың жылдық бізге жәй ғана ғаламдық өзгерістер әкеліп қана қоймай, сонымен қатар адамзат өміріндегі бетбұрыс кезеңнің басталғанын білдіретіні айдан анық», – деп бастап, сөзін жалғастыра келе: «1943 жылдың аяғында алғаш рет болашақтың әлемдік тәртіп мәселесі талқылаған Тегеран конференциясында ұлы американдық – Құрама Штаттардың президенті Франклин Делано Рузвельт кездесуге қатысушыларға былай деген еді: «Біздің әрқайсымызда өзіміздің дербес философиямыз, дербес дәстүрлеріміз бен өмір салтымыз бар. Бірақ біз осында, Тегеранда біздің ұлттарымыздың бір-бірінен өзгеше мұраттары бізді жалпыға ортақ игілікке бастай отырып, бүкіл әлемнің берекетіне қарай бірлесе қозғалу барысында біртұтас үйлесімді біріктіре алатынын дәлелдедік» – деп тұжырымдаған болатын.

Елбасымыз айтқандай, «Ғаламдық әріптестік үстемдік етуші принципке жүгінетін, әділеттілік, демократия, ең бастысы әрбір елдің өз тәуелсіздігіне үстемдік ететін жаңа дәуір туды. Ол – Тәуелсіздік дәуір. Сол Тәуелсіздік дәуірінің үстемдік етуіне алғаш жол салған – Махамбет пен Исатайдың жанкешті күресі. Сол күрес-майданды баянды еткен Тұңғыш Президентіміз –

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болды. Бүгінде:

Боз ағаштан биік мен едім,
Бұлтқа жетпей шарт сынбан.
Ел құтқарар ер едім,
Жандаспай ақыры бір тынбан, –

дейтін де Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы болмақ.

Тебінгі теріс тағынбай,
Темірқазық жастанбай,
Қу толағай бастанбай,
Ерлердің ісі бітер ме?! –

деп Махамбет жырлағандай, Тәуелсіздігімізді тік тұрғызып, бостандығымызды баянды етпей, «Ерлердің ісі бітер ме?!» дегіміз келеді.

Махамбет Өтемісұлы – Тәуелсіздіктің ұлы жыршысы. Тәуелсіздіктің басы болған ақын. Бұл күнде ақын дегеніне жетті. Қазақ елі – Тәуелсіздіктің туын көкке көтерді. әлем қазақ халқын таныды. Мемлекет екенін мойындады. Мойындатқан ақын Махамбет Өтемісұлы болса, өз ісімен дәлелдеп, қажыр-қайратымен, ақыл-ой парасатымен Тұңғыш Президентіміз болып, Қазақ атын әлемге машһүр еткен Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев!

Кеңес өкіметі кезінде Қазақстан Жазушылар одағының кезектегі съезі өтті. Сол съезд екі бір есте қаларлық оқиғасымен жадымда қалды. Біріншісі Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы, жазушы Әнуар Әлімжанов жазушылар съезін ашты. Сол кезде съез залына бір қария әйел имене басып, ортаға енді.Президиумда отырған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтан бастап барлығы әлгі әйелге аңтарылып қарап қалды. Сол кезде бірінші қатарда отырған Бәукең – Бауыржан Момышұлы мұрты тікірейіп, көзі ежірейіп бұрылып, әлгі әйелге қарады. Ол болса залдың орта шенінде отыратын орын таба алмай, не істерін білмей тұрған сәті еді. Бауыржан Момышұлы әскери әдетіне басып, атып тұрып, әлгі әйелді ерітіп бірінші қатарға келді де, Сырбай Мәуленов, Жұбан Молдағалиев отырған барша ақын-жазушыларға:

– Встать! – деп айқай салды. Бәрі де атып тұрды. Бір орын ығысыңдар деп, әлгі әйелді жанына отырғызды. Президиумдағылар абыржып, залдағы ақын-жазушылар таңырқасып қалды. Мен ол кезде «Қазақстан» саяси баспасында редактор қызметін атқаратынмын. Әлгі бейтаныс әйел біздің редакциядағы Ғалым Мұхамеджанов ағамызға келіп, анда-санда мұңын шағып тұратын. Мен содан танитынмын. Әлгі бейтаныс әйел – ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың жұбайы еді. Ол кез Мағжанның атын айтуға болмайтын, есімі бір журнал-газетке кіріп кетсе, ол газет-журнал міндетті түрде жыртылатын. Өткен ғасыр – ХХ ғасырдың 70-ші жылдары еді. Кейін Мағжан ақын ақталғаннан кейін Мүсілім Базарбаев бастап, біз қостап Мағжан Жұмабаевтың 100 жылдығына арнап, үш томдығын өзінің түп-нұсқасымен шығарған едік. Сол үш томдықтың ғылыми қосымшасы – ғылыми түсіндірмесін мен жазып, редакция алқасының мүшесі болғанмын.

Екіншісі, сол Қазақстан жазушылар одағы съезінде Олжас Сүлейменовке сөз берді. Онда ол қызметте жоқ еді. Олжас Омарұлы әдебиеттің біраз проблемаларын, кезек күттірмейтін күн тәртібіндегі мәселелерді айта келе:

– Мен жақында Сирияда болып қайттым. Шетелдің қай жеріне барсам да, қазақ екендігімді айтсам білмейді. Біздің екі-ақ паспортымыз бар екен: біріншісі – ұлы Мұхтар Әуезов, екіншісі – ұлы Жамбыл Жабаев! Сол ақын-жазушының еліненмін десем, қазақ халқын біле бастайды. Соңғы кездері саяси қайраткерлер басшыларымызды да біле бастапты. Сирияда болған кездесуде маған:

– Сіздің патшаларыңыз –Дін Мұхамедұлы Қонаевтың аты, дін – бұл религия деген сөз, Мұхаммед – пайғамбар аты. Сіздің басшыларыңыз мешітке бара ма, намаз оқи ма?» – деп сауал қойды. Мен былай деп жауап бердім:

– Мен өзім аптасына бір рет мешітке барам. Барған сайын ол кісіні көрмеймін. Соған қарағанда ол кісінің қолы тимейтін болуы керек дедім, – деді.

Бұл екі келтірілген эпизодта да 70-ші жылдары Тәуелсіздігіміздің жоқ екендігі анық көрінсе, екіншіден, адам бостандығы атымен жоқ екендігі байқалса, қазақ деген ел бар екендігін шетелдің білмейтіндігі, тек он бес республиканы Ресей деп танитындығы айқын сезіліп тұр.

Құдайға шүкір, Қазақстан республикасы тәуелсіздігімен, тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіздіктің алғаш жолын бастаған тарихи тұлғасымен, желбіреген көк байрағымызбен, ән-ұранымызбен, Елтаңбамызбен әлемнің түкпір-түкпіріне Қазақ аты жетті. Қазақстан мемлекетін, Қазақстан Президентін білмейтін ел кемде кем. Бұл үшін іштей де, сырттай да жүрекжарды қуануға тұрарлық. Бұған қуана алмаған қазақ басқаны да, ел-жұртты да қуанта алмайды. Қуанта алған қазақ қана болашақ ел-жұртын қуантары ақиқат.

Бұл Махамбет поэзиясына қандай қатысы бар деген ұғым тууы ықтимал. Қатысы болатыны Махамбет Өтемісұлы өмірбақи тәуелсіздікті аңсап өткен ақын. Сол Тәуелсіздік жолында нелер ықылым заман болмады?

Небір қиындықтар, тар жол тайғақ кешумен болды. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов-сынды алаш азаматтары, Алаш қайраткерлері Махамбет ақын жолын жалғастырып, күрес майданға шықты. Бұл күрес те аяқсыз қалды. Аяқсыз қалса да жалғасын тапты. Кеңес өкіметінің, Ресейлік империяның қылышынан қаны тамған тұста қазақ арыстары итжеккенге айдалды, қуғын-сүргінге түсті. Мұндай қасіретті басынан кешкен Махамбет ақын:

Ау, қызғыш құс, қызғыш құс!
Қанатың қатты, мойның бос.
Исатайдан айрылып,
Жалғыздықпен болдым дос,
Ау, қызғыш құс, қызғыш құс!
Ел қорыған мен едім,
Мен де айрылдым елімнен.
Көл қорыған сен едің,
Сен де айрылдың көліңнен.
Аспанда ұшқан қызғыш құс!
Сені көлден айырған –
Лашын құстың тепкіні,
Мені елден айырған –
Хан Жәңгірдің екпіні.
Айтып, айтпай не керек,
Құсалықпен өтті ғой,
Махамбеттің көп күні, –

дейді. Ақын өзіне көмекке келе алмаған жұртына налып, қызғыш құсқа мұңын шағып отыр.

Махамбет ақын қашанда қайсарлық мінезбен ғұмыр кеше отырып, алға қойған мақсатына іштей сенген тұлға. Тәуелсіздік, бостандық бүгін болмаса ертең болатынын түйсіне отырып күрескен.

Назары қайтқан күн болған,
Жібектен бауы көнеріп,
Ақ сұңқар ұшқан күн болған.
Бағаналы боз орда
Еңкейіңкі күн болған.
Телегей-теңіз шалқыған
Қоғалы көлдер суалып,
Тізеге жетер-жетпес күн болған,
Жапанға біткен бәйтерек,
Жапырағынан айрылып.
Қу түбір болған күн болған,
Алқалаған жер болса,
Азамат басы құралса,
Мәшурат берер ел едік;
Исатайдан айрылып
Алқалай келген кеңесте
Дем құрыған күн болған.

десе де, алғаш беттен қайтпаған ақын:

Батыр болмақ ойдан-ды,
Айқайласып жауға ти,
Тәңірім білер, жігіттер,
Ажалымыз қайдан-ды, –

деп өзін-өзі қайрап, өзгені де қайрап әділет жолына бет бұрады. Қаншама элегияға берілсе де, аржағында тасқын күш буырқанып жатады:

Мен тауда ойнаған қарт марал,
Табаным тасқа тиер деп,
Сақсынып шыққан қиядан,
Қайыңның басын жел соқса,
Қаршыға құс қайғырар:
Балапаным суға кетер деп,
Мамығын төккен ұядан,
О дағы біздей болған сорлы екен, –

деп, «табаным тасқа тиер деп», «балапаным суға кетер деп» талай ой-мұңға батқан, талай ой басын таразылаған ақын жан қасіретін бейнелеуге ұмтылады. Махамбеттің лирикаларының астарында ұланғайыр сыр мен шер жатыр.

Бұл дүниенің жүзінде,
Айдан көркем нәрсе жоқ,
Түнде бар да, күндіз жоқ,
Күннен көркем нәрсе жоқ,
Күндіз бар да, түнде жоқ.
Мұсылманшылық кімде жоқ,
Тілде бар да, дінде жоқ,
Көшпелі дәулет кімде жоқ,
Бірде бар да, бірде жоқ,
Азамат ерлер кімде жоқ,
Еріккен күні қолда жоқ.
Заманым менің тар болды.
Тура әділдік биде жоқ,
Бәрін айт та, бірін айт,
Қаумалаған қарындас.
Қазақта бар да, менде жоқ.

деп, ай мен күндегі, көркемдікті өз жанынан, өз жүрегінен іздейді. Ақын құдіреттілігі де осында. «Заманым менің тар болды, тура әділдік биде жоқ» деп, заманы мен қоғамы, дәуірі мен адамынан әділет іздейді. Тиянақ етер, діңгекті аңсайды. Ақын жүрегінен туған жырларды қалай талдасаң да, призманың сан қырындай алдыңнан шығады. Іздегеніңді табасың, ой-пікіріне бас иіп иланасың.

Тәуелсіздіктің ұлы ақыны – Махамбет Өтемісұлы екені даусыз. Хан-сұлтандарға билерге ашынып айтқан әрбір жырының астарында әділет жатыр, әділеттің аржағында бостандық басын биікке көтерген, бостандықтың аржағында тәуелсіздік еңсесін көтеріп, ел-халқының алдында шамшырақ жұлдыздай, бағыт берер темірқазықтай жарқырай жанады.

«Туған ұлдан не пайда?» өлеңінде ақын барша келер ұрпаққа үн тастайды. Риторикалық сұрақтар қою арқылы, болашақтың жас ұрпағына, жас жеткіншектерге үлгі болар ұғымды жеткізеді, аманат етіп:

Ақ жұмыртқа, сары уыз,
Әлпештеп қолда өсірген,
Туған ұлдан не пайда?
Қолына найза алмаса,
Атаның жолын қумаса,
Алаштың байлығынан не пайда?
Құланнан басқа ел таппай,
Қонарына жер таппай,
Маңқиған сары даладан,
Екіндіде құлаған,
Тарылып келген ерлерге,
Қайыры оның болмаса?..

деп түйеді. Соқпағы мол, шытырман оқиғаға толы өмірдің ата салтын, баба дәстірін тиянақты жргізетін ұрпақтар да бар, түйсігі аз, өмірге не үшін келгенін пайымдамайтын жастарымыз да жоқ емес. Міне, осындай ұрпақтарға әсер беретін терең ойлы жырлар бұл. Оптимистік-прогрессившіл ақын өлеңдері романтизмге де, элегиялық сарынға да толы сезімдер. әрбір өлеңі күреске, келешектен күдер үзбеуге де бағыттайды. Сонысымен құнды.

Қарадан бір-ақ тусайшы,
Халықтың кегін қусайшы,
Артымыздан біздердің,
Ақырып теңдік сұрарға! –

дейді, күрескер ақын. Теңдік алу – бақытқа жету жолы екенін ұғынған ақын. Сол үшін жанын пида етуге бар. Жанын сол жолда пида етті де!

Теңдік алу, Тәуелсіздікке қол жеткізу – ақын арманы болса, Махамбет ақынның бүгінгі ұрпағы Тәуелсіздік өмірдің мағыналы ғұмырын кешуде. Бұл да ақын арманының орындалғаны, ақын рухының мәңгі тірі екенін дәлелдейді.

Өтеміс ұрпағының Махамбеттен басқасын тарихи деректермен, атар болсаң, ағасы Бекмағанбет – Жәңгір ханның он екі биінің бірі екен. Исмайыл Қожахмет, Ибрайм-сынды перзенттер Исатай көтерілісіне бірге қатысқан. Десе де, Өтеміс балаларының ішінде Махамбеттің шоқтығы биік. Тек, бір әулет басындағы биіктік емес, барша қазақ атаулыға, барша Алашқа қастерлі де қасиетті болған тарихи тұлға.

Махамбет ақынның өлең өзегіндегі басты кейіпкері – әділет үшін айқасқан Исатай батыр. Исатайдың образын сомдап, бейнесін, өнердің өлмес мүсініне айналдырған ақын. Исатайдың жауға шапқан ерен ерлігін, асқар таудай еңсесі иілмес өрлігін сипаттап:

Толғай, толғай оқ атқан,
Он екі тұтам жай тартқан,
Қабырғасын қақыратқан,
Тебінгісін тесе атқан,
Тізгінінен кесе атқан.

Гиперболланы қолданған ақын оқиғаны дамыту арқылы, Исатайдың кесек тұлғасын сомдайды.

Көрнекті қазақ ғалымы Ә.Дербісалин Орынбор қаласының архивінен Махамбеттің өлімі жайлы жазылған деректерді тапқаны көпшілікке мәлім. «Сыртқы істер министрлігі, Орынбор шекаралық комиссия қылмысты істер бөлімінің Махамбет Өтемісұлының өлтірілуі жайлы түсініктемеде: «Жоғары мәртебелі мырза Орынбор әскері губернаторына, Қырғыз ордасының батыс бөлігін билеуші Баймағамбет Айшуақұлы 5 ноябрьде шекаралық комиссияның 1355 хабарымен қырғыздар арасында жүріп, комиссияның Беріш руынан шыққан қырғыз Махамбет Өтемісұлын ұстау жайлы қатынасын алғаннан кейін, билеуші сұлтан оған 15 адам жібереді. Олар мыналар еді: хорунжидің зауряднигі Ықылас Төлеұлы, би Жаңаберген Боздақұлы, қырғыз Мұса Нарымұлы және тағы басқалар» – деп басталады да, – «Осының арасында үйдің сыртында тұрған қырғыз Жүсіп Өтеуліұлы іштегі айқай-шуды естіп, жолдастарына жақында деп белгі береді де, үйге кіріп кеп, Махамбеттің әйелінің қолындағы наркескенді күшпен тартып алады, ал Мұса болса қанжар жұмсағысы кеп жұлқынып жүрген Махамбетті әзер-әзер ұстап тұрады. Ол қолындағы қанжарын тастату үшін қылышпен Махамбеттің қолын шаппақ болады, бірақ қылыш тура басына тиіп. Махамбет табан астында тіл тартпай өліп кетеді. Ықылас Төлеұлы мен Мұса Нұралыұлының айтуынша, олар Махамбетті өлтіргісі келмепті, – дейді.

Қайыржан Әбисатов «Махамбет ғұмырнамасының беймәлім беттері» атты зерттеу еңбегінде: «Мен 1966 жылы 9 шілдеде антрополог Ноэль Жұмабайұлы Шаяхметовтің Махамбеттің сүйегін қазып түгелдеп алғанын, оның сүйектерін Алматыға алып келгенін, Махамбеттің скульптуралық портретін жасағанын, кейін халқымыздың абзал азаматы, ардақты ұлы, қаһарман ақын-композитор сүйегі 17 жыл бойы қағаз жәшік ішінде шаң-шаң болып әр жерлерде жатқанын, тек 1983 жылы 15 мамырда қайта жерленгенін өз көзіммен көрген, бабамыздың сүйектерін қабірінен және қайта пәктеуі мен қайта жерленуіне басынан аяғына дейін қатысқан куәгермін».

Ал, атақты елімізге мәшһүр антрополог Ноэль Жұмабайұлы тілшілерге берген сұхбатында, «Махамбет өліміне байланысты тарихи дерек туралы не айтар едіңіз? – деген сауалға:

– Алдымен айтарым Махамбеттің басы шабылып өлтірілгені рас болды. Қабірді қазғанда, Махамбеттің басы орнында жоқ екенін байқадық. Ол бөлек қолының жанынан шықты. Махамбеттің 1846 жылы 20 октябрьде өлтірілгені жайлы Орынбор шекаралық комиссиясының документі архивте сақталған. Оны сол жылы 21 ноябрьде Махамбет өлімін тексеру туралы кездейсоқ Махамбет өлімінің үстінен шыққан орыс чиновнигі Редькиннің рапорты жоққа шығарады. Бұл рапортта Баймағамбет Айшуақов берген рапорт тіпті басқаша, – деп дерек берді.

Бұдан әрі антрополог Редькин рапорты шындыққа бір табан жуық екенін, бір топ қырғыздар Махамбеттің басын ұрып өлтіргенін, шекеден ұрған екі соққыдан кейін ақын етбетінен құлап, желкеден тиген үшінші қылыш басын кесіп түскенін баяндайды.

Шынында да батыр ақын қапылыста қаза тапқан. Сөйтіп екі әйелінің көзінше басын кесіп алғанын, антрополог Ноэль Шаяхметов нақты деректермен келтіреді.

1969 жылы «Қазақстан» баспасынан Ноэль Шаяхметовтың «Из тьмы веков» /«Ғасырлар тұңғиығынан»/ деген кітапшасы орыс тілінде жарық көріп, тез таралып кетті. Қайта басылмады.

Мұны келтіріп отырған себебіміз Қазақтың ұлттық ұлы ақыны Махамбет Өтемісұлы ұлт үшін, ұлт тәуелсіздігі үшін құрбан болуы, қапияда қаза тапты. Ақын Исатайға серік болып күресіп қана қойған жоқ, мәңгі тірі өлең-жырларымен майдан салып атқа мінді. Атқа мініп қойған жоқ, ғасырдан ғасырға жететін, мәңгі тозбас алмас қылыштай жырларын ел-жұртына аманат етті. Аманат етіп қана қойған жоқ, тарихи жырларымен тарихи тұлғаларды паш етті. Әділеттілік үшін, бостандық үшін күресіп, алғашқылардың бірі болып Тәуелсіздік туын көтерді. Хан-сұлтандарға жырларымен қарсы шықса да, қазақ халқы үшін өзіндік арыны бар, сол хан-сұлтандарды да жырларымен тарихи тұлға ретінде бейнесі мен ескерткішін қалдырды. Қалай десек те, Махамбет тарихымыз үшін ұлттық тәуелсіздігіміздің туын көтерген ұлы тұлға. Жырлары – мәңгі өлмейтін ұлтымыздың ұлы мұрасы.

Алда ұлы мерекеміз – Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық Мерей тойы. Қазір қазақ елі – әлем таныған ел. Сол Тәуелсіздік үшін күрестің бастау көзі болған ақын Махамбет Өтемісұлының ескерткіші ұлы Кенесары ханмен бірге Есіл өзенінің жағасында Ескерткіш тұрғызуға лайық деп ойлаймыз. Тәуелсіздігіміздің ұлы көш басшысы – тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлына осы бір тілекті ақын ретінде айтқым келеді. Бұл Тәуелсіздік үшін күрестің бүгіні мен ертеңі үшін, болашағымыз үшін қажет дер едім.
Х1Х ғасырдың I-II жартысындағы қазақ поэзиясы және тәуелсіздік идеялары

Махамбет Өтемісұлы (1804-1846)

1836-1838 жылдары қазақ халқының наразылығы бұрқ ете түскен кезде, ақын көтеріліс көсемдерінің бірегейіне айналып, оның ұраншысы, бастаушысы, рухани күш-қуат беруші болды.

Шернияз Жарылғасұлы (1807-1867)

Қазіргі Ақтөбе облысының Ойыл ауданында туған. Исатай Тайманов бастаған кіші жүз қазақтарының көтерілісіне қатысқан. Баймағамбет сұлтан кезінде Исатай мен Махамбетпен қатынасын үзбеген.

Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931)

Шыңғыстауда дүниеге келген Абайдың туған ағасы Құдайбердінің ұлы Шәкәрім Абайдың тәрбиесінде өседі. Шәкәрім ғұлама адам. Түрік, араб, парсы, орыс тілдерін жетік меңгерген.

1931 жылы кеңестік солақай саясаттың құрбаны болған. Жарты ғасыр жабулы жатқан мол мұрасы бүгінде ел игілігіне айналды.

Өлең толғаулары, «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр», «Ләйлі-мәжнүн» дастандары, «Үш анық» және түрік-қазақ халықтарының шежіресі – әдебиетіміздің алтын-маржандары деуге болады.

Махамбет ақын туындылары лирико-философиялық жырлар екендігін ғалымдар қуаттап жазып жүр. Мұнысы дұрыс бағыт. Махамбет ақын тереңнен толғайды, өлеңнің тамырынан тартады. Сондықтанда салиқалы, ойлы. «Қоғалы көлдер қом сулар, Кімдерге қоныс болмаған?». Бірден оқырмандарды тартатын толғаныс. Ұлы Абай да жырларының алғашқы жолдарын осылайша алға тартады. Оқымасыңа болмайды. Бұл ақындықтың белгісі, немесе ақындық болмыс деп бағалауымыз керек. Махамбеттің «Саздауға біткен құба тал, Кімдерге сайғақ болмаған ?». Тосын құбылыс. «Саздауға біткен құба тал» дегеннің өзі қандай әсерлі. Ешкімнің аузына түсе бермейтін сөз. «Басына жібек байлаған, Арулар кімнен қалмаған?». Қалай десеңізде сол аруларды көруге ынтықтыратын өлең жолдары. «Таңдап мінген тұлпарлар, иесін қайда жауға салмаған ?» деген өлең жолдары бір-бірінен озып, арулар мен тұлпарларды астастырады. «Таңдап мінген тұлпарлар, иесін қайда жауға салмаған» дей отырып, одан сайын күшейтіп: «Құландар ішпес бұршақ қақ, кімдерге шербет болмаған?». «Садағына сары шіркей ұялап, жау іздеген ерлердің, қайда басы қалмаған? Ішелік те желік, мінелік те түселік, ойналық та күлелік, Абайласаң жігіттер, мынау жалған сұм дүние кімдерден кейін қалмаған?» жүйелі сөздің мәйегін алдыңа тартып, ойға батырады. Риторикалық сұрау арнау түрінде айтса да, лирика-философиялық қалыпқа түсіреді. Ой өз-өзінен құйылып, жаныңды тербетеді, сезіміңе сезім қосады. Бұл нағыз ақындық шеберлік. Талантты дарындылық белгісі. Ақын бірде лирик, бірде философ. Екі өнерді тоғыстыра алған арғымақ-тұлпар ақын.

Махамбет өзі күрескер ақын, күрескер ақынның жаны лирикаға тарта береді. Елі үшін қамығады, ұлтының ар-ожданын ойлайды. Сол кездегі айнала аңдаған жауларға алаңдайды. Ұлтының салтын, дәстүрін сақтауды негізгі темірқазық етеді. Халқымның күні ертең не болады, болашағы қандай деп, күй кешеді. Бұл жөнінен Абай ойларымен ұштасып жатады. Абай философияға тереңдеп енсе, Махамбет философиясы күрес үстінде өрбиді. Сондықтан да ақын: «Қайыңнын басын жел соқса қаршыға құс қайғырар» деуі де елін, халқын ойлаудың белгісі. «Балапан суға кетер, мамығын төккен ұядан» деуі де қазақ ұрпағын ойлауы. Махамбет өлеңдері элегиялық өлеңдер емес. Соны ойды алға тартатын өжеттік жырлар.

Еменнің түбі сары бел,
Еріскен көңіл бәрі бал,
Жоғарыдан төмен төгейін,
Керегеңді теріп ал! –

деуі де тегін емес. Ол өзіне сенген ақын. Сезім отын елге шаша білген шайыр.

* * *

Махамбет Өтемісов-сынды ақынды зерттеудегі басты бағыт пен міндетті айтар болсақ төмендегі ұстанымды бағыт-бағдар енкеніміз орынды.

Махамбет ақын туралы сөзді, асылында ұлы Мұхтар Әуезов сөзімен бастаған жөн: «Өтемісұлы Махамбет – Исатай қозғалысының ең ірі адамының бірі, Исатай нағыз қанды көйлек жолдасы екен.

Туысы Беріш руынан. Атасы – Өтеміс. Оның атасы – Құлмәлі. Мәлі деген қазаққа бір соғыста қолға түскен тұтқын екен.

Беріш ішінде Тумас дегендер еншілес, туысқан ғып әкеткен. Мәлі тұқымы өздерін парсы патшасы Нәдіршенің нәсіліміз дейді екен.

Құлмәлі кейін өсіп, бір бөлек ел болған. Орныққан мекені: Гурьев үйезі, Тайсойған деген жер.

Қазақ іші Құлмәлі тұқымынан би де, батыр да, шешен де шыққан деп, бұлардың түбін затты десетін болса керек.

Өтеміс Айшуақ, Бөкей деген Кіші жүз хандарының тұсында қабырғалы би атанған. /«Махамбет әлемі», 186-бет, 11-том/»,- деп бастап, Махамбеттің ақындығы туралы: «Сол, «көпті артыңнан ерт, керегіңе жарат» деген бағыт Махамбеттің де әрі іс, әрі сөз жүзінде бірден-бір нық ұстаған програмы. Сонда басшының өзі кім? Оған «Толарсақтан саз кешіп» деген өлеңінде:

Тағыдай таңдап су ішкен,
Тарпаңдай тізесін бүгіп от жеген.
Тағы сынды мырза едік;
Тағы да келдік тар жерге
Таңдансаң тағы болар ма
Тәңірінің салған бұл іске? –

дейді. Ұстанған ісі, ойдағы ниеті бойынша бұл Бұқар ұранын қостап келген «мырза» еді.

Көнбек, бойұсынбақ емес еді. өзінің көздегені бар еді. Онысы өзінің жеке қалпын, бағынбастық қалпын, атағы сынды мырза қалпын» қаймағын бұзбай сақтаймын деген мақсаты еді.

Бірақ ол Бұқар заманы бір сәрі, өтіп кетті. Бұл сол таптың адамы болса да өзгерген тарихи жағдайдың ортасында іс қылатын болды. Қолындағы ту жығылып, сүйенген тірегі сынып, құлдилап, құлап барады. Енді бұған соңғы рет тұяқ серпу, барымен бір-ақ бұлқынып көру ғана қалды. Сонымен Махамбеттің бар сөзі – осындай соңғы бұлқыну, соңғы тулаудың жыры болады. Бұл бұлқынғанда үлкен іспен, ірі екпінмен құлшынып-бұлқынған ісі бір-ақ іс болса да, барды салатын, құлаш керетін астаң-кестеңнің, алай-түлейдің ісі /«Махамбет әлемі», 190-бет, 11-том/», деп түйіндейді. Бұдан әрі Мұқаң: «Салт-сана жүзінде жоғарғы үстем таптың көптен дайындаған қарсылығын бұл қолма-қол іске асырушы ақын болған. Бұныкі сөз ғана емес, ұлы дүбір іс, аласапыран тартыс. Жырының бәрі тұтасқан қимыл. Қан майдан үстінде көпті екілендіре сөйлеген: шабуыл, атой, ұран жыры. Ылғи сезімге соғып, қанға шабатын қыздырма жыр.

Сонымен Махамбет жырлары бір-ақ түйінге арналған, ғасырлар бойында көпшілікке ұдай үлкен дерт боп тұрған үлкен жараның аузын жұлғандай болатын. Бүкіл Х1Х ғасыр әдебиетінде қимыл мен күрес жырын Махамбеттей қып жырлаған өзгеше ақын болған емес. Алды да, арты да бір өзі сияқты / «Махамбет әлемі», 191-бет, 11-том/». Бұл өзі керемет баға. Тәуелсіздіктің жаршысы, тәуелсіздік жолындағы ұлы ақын деп берілген баға.

Бұдан әрі ойын жалғастырған ұлы Мұхаң ақын шеберлігін:

Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку, еңку жер шалмай, –

дегендегі ылғи келетін «е» дыбысы – ауызша өлеңнің бар нәрі боп кетеді. Бұл дауысты дыбыстан құрылған үндестік болғанда «ассонанс» деп аталады.

Егер:

Тебінгі терге шірімей,
Терлігі майдай ерімей, –

деген сияқты «т» дыбысындай дауыссыз дыбыстардан құралған үндестік болса, оны «аллитерация» дейді. Махамбеттің қыздырамын, желпіндіремін деген ауызша үгіті осындай түрде бөленген. Бірақ бұндағы жыр ішіндегі көп көрнекті суреттер Бұқардікінен басқа боп мағыналанған; ішінара бірімен-бірі байланысқан болады. Бұқарда көп түсінбесін деген аттама, аламыш, байламсыз суреттер әдейі келтірілетін. Сондай борасыны бұрқақтың ішінде әр жерге, ұққанға арнап көмбе көміп кететін. Сөз түйімін көптен алып қашу.

Ал мынада: сол көппен бір сапарда, тар кезеңде иық сүйесіп, «бір жеңнен қол, бір жерден сөз шығарам» деп тұр. Сондықтан енді Бұқар үлгісіндегі жалтартпа, тұспал керек емес, уақытша болса да көптің тілі боп сөйлеп бағу қажет. Сол көптің «өзі боп тұрып, тұтас тамсандыратын қып сөйлеу керек. Бұның бәрі ақынның ұғымы болуын тілейді. Махамбет сол керекті дәрежеде ұғымды, көпке түсінікті боп, жақын боп көрінеді. Бұндағы:

Алты малта ас болмай,
Өзіңнен туған жас бала
Сақалы шығып жат болмай, –

деген.

Тебінгі теріс тағынбай,
Темір қазық жастанбай,
Қу толағай бастанбай, –

деген сияқты суреттердің бәрі іштей бір тақырып, бір мақсат, мағынаға бағынады.

Неше алуан сыртқы бөлек көрністің барлығы да осы тартыс жолында жанын аямай еңбек еткен ердің кейпін суреттеп толықтырады. Бұрынғы өлең-жырға әр жерден шаң беріп, басы қосылмай, бытырап жүретін суреттер мынада: қатты жымдасып, екшеленіп, бір бас, бір тас боп алады. Ақынның көпке тастап отырған ұранындағы тілек-талап та осы. Бытырап, ыдырап жүрген ел басы қосылса, ойдағы басшы бастаса іс дәуірлеп, еңбек жанып, көрікті көрініс шығар еді дейді.

Осымен «Ереуіл атқа ер салмай» деген жырлардың ішкі-сыртқы құрылысы: табиғи-тұтас біткен, бірыңғай бүтіндікті білдіреді /Махамбет әлемі», 192-193 беттер, 11 том/», – дейді. Бұл сөзді, бұл ой-пікірді Махамбет ақын туралы тылсым пікірдің басы деп санауымыз тарихи ақиқатқа жатар еді. М.Әуезов ол кезде ойын ашып айта алған жоқ. Соның ішінде індетіп отырып жайып салды, ел-халқына.

Бұдан әрі ұлы Мұқаң: «Сонда «Ереуіл атқа ер салмайдағы» күй: «Талма қажыма, салған сайын өршелендіріп, өрлей бер» деген күй болады.

Ал «Толарсақтан саз кешіп» деген жыр тағы да алғашқы тақырыпты қозғайды. Сөз саптау, көрініс-суретті екшеу бұнда да сол тақырыбымен алғашқы өлеңдегідей үйлес келеді. Бірақ бұның тұсында уақиғаның беті өзгерген. Ақынның халі өзгерген. Ол енді соғыс үстінде емес. Сыртқы халі – жеңілушінің халі. Сондықтан қарсылық ереуілін, ұранын басқа күйге айналдырып:

Ат басына соқтырып,
Ата-енені сөктіріп,
Нәлет десе болмас па,
Біздің осы жүрген жүріске, –

деген қатты қарғыс,ашу серпінімен бітіреді /«Махамбет әлемі», 194-бет, 11-том/»,- дей келіп, «Соның ішінде:

Жаманнан туған жақсы бар,
Атасын айтсаң нанғысыз... –

деп бір қойса:

Айырдан туған жампоз бар,
Нарға жүгін салғысыз, –

деп тағы айтады. Дандайсыған талай мақтаулы жалғыздан да, көптен, төменнен де шығып озған – көп ердің қимылын қостайтыны бар. Көппен бірге жүріп, біте қайнасып, көп сынасу арқылы берген бағасы. Бұл жырында да батыр-ақын төзіп отырған жоқ, дегеніне жетпегеніне өкініп қана отыр

/«Махамбет әлемі», 195-бет, 11-том/», – деп түйіндейді. Бұл Махамбет ақын туралы болашақтағы зерттеулердің әлқиссасы, әрі эпилогы да. Міне, тәуелсіздік туының ақынын болашақта осы бағытта зерттеуіміз керек. Осы деңгейде, Махамбет Өтемісов-сынды ұлы ақынның тарих алдындағы, Қазақ халқы алдындағы, Тәуелсіздік алған Еліміздің алдындағы әдебиеттегі орнын белгілеп беру – ұлы мақсатымыз, әдебиет тану ғылымы алдындағы парасатты парызымыз.

Тәуелсіздік қазақ елінің ұлттық әдебиеті мен ұлттық санасының өзекті құбылысы десек, бұл құбылыстың басында Махамбет Өтемісов-сынды алмас қылыштай ақын тұрары хақ.

Қазіргі Тәуелсіздік кезең – ұлттық жаңғыру процесінің жаңа бағыттарын белгілеп беруіне орай, Тәуелсіздік үшін күреске ақындар қай кезден үн қосқан деп ой топшыласақ, тағы да Махамбет жырларымен тоғысамыз.

Тәуелсіздік кезіндегі көркем-әдеби процесс Абайдың даналық рухының арнасында өтті десек, Абай дәстүрінің, Абай мектебінің ізбасарлары Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев-сынды аса ірі әдебиет қайраткерлері, сонымен қоса Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ғұмар Қараш, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Дөнентаев-сынды ақындар шығармашылығындағы тәуелсіздік идеясын ту етіп алға тартқандығын айта отырып, біз тағы да Махамбет ақын дәуіріне қайта ораламыз. Неге? Онда үлкен мән бар, бас иетін мазмұн бар.

Шынында, тәуелсіздік – көркем әдебиеттің даму процесіндегі методологиялық тұрғыдан алғанда аса маңызды тақырып екенін ескерсек, Тәелсіздік туын алғаш көтерген Махамбет-тану бастауларына қайта үңіліп, жаңаша көзбен даралай бастаймыз.

Махамбеттану бастауларының басында ғалым Қажым Жұмабаевтың еңбегі ересен, көл-көсір деуге болады. Махамбет поэзиясының тілі туралы ғалым Қажым Жұмабаев: «Махамбет тілге ең күшті, ең бай ақын. Ол қазақ тілінің асылын, нағыз шұрайын таңдап ала білген. Оның өлеңдерінің поэтикалық тілдердің қай-қайсысы да табылады. Бұл жағынан алғанда Махамбетті қазақ тілінің энциклопедиясы деуге болады...

Махамбет поэзиясының тілі ірі образ /образ жай мағынасында/, әрі өткір, әрі күшті болумен қатар, әр сөзі орынды, әр жағдайдың өзіне лайықты, тән болып келеді. Оның тілінің күштілігі де, көркемдігі де мазмұнға бағыныңқылы.

Мұнар да, мұнар, мұнар күн,
Бұлттан шыққан шұбар күн.
Буыршын мұзға тайған күн
Бура атанға шөккен күн, –

деген үзіндідегі«мұнар»,«шұбар» деген эпитеттерді алсақ, бұл эпитеттердің өз бастарына және ел басына түскен ауыр халдерін суреттеп беруде үлкен мән бар. Ақын хан, патша, билердің ел басына туғызған қара күндерін, басқа күндерден айыра көрсету үшін, сол күннің бейнесін оқушылардың көз алдына елестету үшін, «күн» деген сөздің алдына «шұбар», «мұнар» деген эпитеттерді қолданған.

Осы үзіндідегі:
Буыршын мұзға тайған күн
Бура атанға шөккен күн, –

деген жолдардағы өткен шақтық есімше етіс арқылы жасалған эпитеттермен аралас келген контраст тамаша шебер қолданылған. Мақсаты орындалмай, Исатай өліп, жолдастары оққа ұшып, көтеріліс апатқа ұшырап, оңға деген іс теріске, ойлаған мақсат керісінше шыққандықтан, Махамбеттің образдары да шалыс келеді /«Махамбет әлемі», 3 том, 20-бет /», – деп жазады ғалым.

Поэтикалық тілдің өте нәзік түрі, ақынның шеберлігін керек ететін метонимияларды айта келіп, ғалым: «Махамбет өлеңдеріндегі теңеу не метафора ғана кездесіп қоймайды, троптың қайсысы болсын табылады. Сонымен қатар, оның поэзиясында фигура да өте көп кездеседі.

Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,
Көл қорыған сен едің,
Сен де айрылдың көліңнен.
Ел қорыған мен едім,
Мен де айрылдым елімнен, –

дейтін антитеза.

Орай да, борай қар жауса,
Қалыңға боран борар ма?
Қаптай соққан боранда
Қаптама киген тоңар ма?
Туырлығы жоқ тұл үйге
Ту байласа тұрар ма?
Ту түбіне тұлпар жығылса,
Шаппаған нәмарт оңар ма?
Қарындастың қамы үшін,
Қатын менен бала үшін,
Қайрылмай кеткен жігіттің
Өзін қатын алғанын
Талақ деп айтсаң болар ма? –

деген риторикалық сұраулар фигураға жатады.

Фигуралардың қолданысы да оның негізгі тілегімен байланысты. Бұл риторикалық сұрауларға берілетін жауаптың бәрі де қарындас үшін, қатын-бала үшін, екінші сөзбен айтқанда, ел үшін, Отан үшін жауға шап деген оның негізгі мақсатымен ұштасып жатыр /«Махамбет әлемі», 3 том, 22-бет /», – деп түйеді.

Эпитет, теңеу, гипербола, литота, троп, фигуралардың өзара байланыстарын Махамбет поэзиясынан «іздеп, оны шығармаларынан таба отырып, Қажым Жұмалиев: «Бұлардың өзара байланыстары ақынның қанша дәрежеде көркем сөзге мәстірлігін аңдатады. Бұл жағынан алып қарағанда да Махамбеттің көркем сөз ұстасы екендігіне оқушылар тәнті.

Мысалы:

Кермиығым, кербезім!
Керіскедей шанбозым!
Құландай ащы дауыстым!
Құлжадай айбар мүйіздім!
Қырмызыдай ажарлым!
Хиуадай базарлым.
Теңіздей терең ақылдым!
Тебіренбес ауыр мінездім! –

деген үзіндіде метафора, теңеу, эпитеттер байланысып келгенін көреміз. Мұндағы образдар шебер қолданылмаған, мына жері жетіспей тұр, не артық деп айта аламыз ба? Жоқ, айта алмаймыз. әр сөзі орынды. әр сөзі суреттеп отырған геройының характерін айқындайды.

Осы өлеңінен:

Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен,
Атылған оғы Еділ, Жайық тең өткен.
Атқанда қардай боратқан,
Көк шыбығын қанды ауыздан жалатқан,
Арыстан еді-ау – Исатай
Бұл фәнидің жүзінде,
Арыстан одан кім өткен?! –

деген үзіндіні алсақ, теңеу, метафора, гиперболалақ теңеу, эпитет және гиперболаны кездестіреміз. Міне, не бары 6-7 жолдың ішінде бір-бірімен тығыз байланысты бірнеше поэтикалық тілдердің қабат келуі, түр жағынан алып қарағанда, оның үздік шеберлігін көрсетеді. Бірақ , оның шеберлігі тек қана сол сөздерді табуында ғана емес, осы образдарының авторы замыслымен байланыстылығында. Демек, бұл контексте ана образдар жай, көркемдік үшін тұрған жоқ. Бәрі де ақынның негізгі пікіріне бағыныңқы; суреттейін деген құбылысына қарап тұр. Ақынның күштілігі де, сөздерінің көркемдігі де осында /«Махамбет әлемі», 3 том, 23-24- беттер/» – деп бағалайды.

Қажым Жұмалиев Махамбеттанушы ғалым ретінде оның еңбегін зерттеу арқылы Махамбет Өтемісов-сынды ұлы ақынның шеберлігін танумен қатар, Қазақ халқының Тәуелсіздігіне қосқан ұланғайыр еңбегін де көріп-танып, ұлы ақындығына тарих алдында лайықты баға бере аламыз.

Махамбет ақын «Азамат ердің баласы» өлеңінде:

Арғымақтың баласы
Аз оттар да, көп жусар –
Талаудан татқан дәмі бар.
Азамат ердің баласы
Аз ұйықтар да, көп жортар –
Дұшпанға кеткен кегі мен
Барымтаға түскен малы бар / «Махамбет», 21- бет/.

деп, әрбір қазақ баласын арғымақтың баласындай «аз оттар да, көп жусар» дегендей азамат болуға, намысты ер болуға үндейді. Дұшпанға кеткен кек үшін айқасып, барымтаға түскен тағдыры үшін күресу керектігін тиянақтап айта біледі. Айтқыр ақын.

«Ұл туса» өлеңінде іштегі асыл арманын ақтара жырлап:

Күнқақты ердің астында
Көп жүгіретін күлік бар.
Көн садақтың ішінде
Көбе бұзар жебе бар.
Қарайғанның, жігіттер,
Бәрін кісі демеңіз, –
Көпе-күндіз тайраңдап,
Түзге шықпас ерлер бар.
Тауда болар тарғыл тас,
Тарықса шығар көзден жас. / «Махамбет», 18-бет/ –

деп қарайған жігіттің бәрі кісі емес екенін, көн садақтың ішінде көбе бұзар жебе бар екендігін, сондай асыл текті жандардан ғана елдікті ойлар ерен азаматтар дүниеге келетіндігін, тауда болар тарғыл тасты ойлап, көзден жас келетіндігін, жыр ете келе:

Ордалыға көз салсаң,
Оғы қалса, жоғалмас,
Топтап озған тарлан боз,
Тұрасынан айрылса,
Тасты басып тұра алмас.
Асылдан болат ұл туса,
Екі жақ болып тұрғанда,
Егескен жерде шарт кетер
Жауырынынан өтіп алса да,
Жамандарға жалынбас! / «Махамбет», 18-бет/ –

деп өз ойын шегелеп айтады. Топтан озған тарланбоз турасынан айырылмауын, жауырынынан өтіп алса да, жамандарға бас иіп, жалынбайтынын жыр етіп, тәуелсіздік үшін бел буып шығар ұл туса деп арман етеді ақын. Жырдың астарында елдік арман, ел үшін деген намыс, елдігін ойлар мақсат-мұрат тұр.

Сол үшін де ақын «Ұл туса!» көкірек жарды арманын ақтарады. Сондай ұлдар туды. Сондай ұлдар өмір сүрді. Олар арман-мақсатын басындағы жастығына жастанып өткен кешегі Ахмет Байтұрсынов-сынды, жарғақ құлағы жастыққа тимей жырлап өткен Жұмабайұлы Мағжан-сынды тұлғалар.

«Еңіреу ұлы емшек боз» – сынды ерекше мағынадағы жырында азаматтықты аңсай отырып, ойға ой қосып, дамытады.

Еңіреу ұлы емшек боз
Ер мінген күні берік болсын.
Еменнің түбі – сары бал,
Ер ішкен күні көп болсын.
Түзге аттанып шыққанда,
Дұшпаның қарсы келгенде,
Ер дініне берік болсын! /«Махамбет», 19-бет/.

Ер мінген күні берік болатын еңіреу ұлы емшек боз деген сөздік айтылу мәнері, оқырманын оқыс өзіне жалт қаратардай. Түзге аттанып шыққанда, дұшпаның қарсы келгенде дініне берік болу, ердің ғана қолынан келетін іс екендігін түгендеп, еңіреу ұлы емшек боз деп сазды әуенін созады. Сен қалай түсінсең, солай түсін, оған ақын уақыт жоғалтпай, кеудесіндегі көкірек дертін төге салады. Сонысымен ақын, сонысымен Махамбет!

Аспанда ұшқан ақ сұңқар,
Қолымда тұйғын, лашын.
Қосылған жаста арудың
Көре алмай кеттім құлашын.
Арпа жемес арғымақ
Ақ селеу отқа зар болар. /«Махамбет», 51-бет/

деп, «қоңырсыған дүниенің» талай талқыға түсерін, өмірдің аумалы-төкпелі екендігін, аспанда ұшқан ақсұңқардың құлашын көріп-сезіну тағдыр екендігін толғанып жыр етіп,

Артында қалған ақсақал
Алақай кеңес құрған күн,
Ақылменен ой табар.
Кейін қалған жас бала,
Күдер үзіп біздерден,
Көңілі қашан жай табар? /«Махамбет», 51-бет/ –

деп «ақылменен ой табатын, кейін қалған жас бала» екендігін мерейлендіріп, «күдер үзіп біздерден, көңілі қашан жай табар?» деп сауал қою арқылы әрбір ұрпақтың өзінше тағдыр тартып, өзінше ғұмыр кешетінін, әрбір өмірге келген адамның тәңір берген тағдыр талай бармағын, «біздерден күдер үзіп» өзінше самғайтын күн болатындығын ақын жүрегі сезіне жырлайды.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз