Бүгінгі қоғамда адамзат баласы технологиялық прогреске малтығып, уақыттың шын мәніндегі құндылығынан айырылып бара жатқандай. Қолымызда – озық техника, көз алдымызда – жасанды интеллект, алайда ойымызда – нақты мақсат жоқ. Күні бойы әлеуметтік желіде сағаттап отырған адам, кешке дейін физикалық еңбекпен айналысқан еңбеккерден әлдеқайда шаршаңқы. Неге? Өйткені уақытты босқа өткізу – рухани құлдыраудың алғышарты.
Саяси, экономикалық және мәдени тұрғыдан ілгері дамыған елдерге қарасаңыз, олардың барлығында ортақ бір қасиет бар: уақытқа құрмет. Жапонияда пойыз бір минутқа кешіксе – бүкіл жүйе кешірім сұрайды. Германияда жиналыс белгіленген уақытта басталмаса – жауапты адам сөгіс алады. Ал бізде ше? Қоғамда “уақыт деген не, әлі үлгереміз ғой” деген селқостық санаға сіңіп кеткен.
Журналист ретінде мені алаңдататыны – жастардың уақытпен қарым-қатынасы. Қазіргі жас – болашақ көшбасшы. Оның әр күні – мемлекетіміздің ертеңіне салынған кірпіш. Бірақ сол күндер Instagram-дағы стористерге, TikTok-тағы минуттық видеоларға жұмсалып жатыр. Мұның артында тұтас буынның уақыттан ұтылған тағдыры тұр.
Уақытты басқару – жай ғана күнтізбе толтыру емес. Ол – ішкі тәртіп, мінез, өз-өзіңе деген жауапкершілік. Уақытты ұтымды пайдалану – тек жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның ілгерілеуінің басты факторы. Мәселе сағат тілімен жарысуда емес, сол сағаттарда мән мен мағына табуда.Сондықтан да, біз уақыттың қадірін ұғынатын, оны тек өлшем емес, өмірлік капитал ретінде бағалайтын ұлтқа айналуымыз керек. Себебі уақыт – тарих жасаушы. Ал тарихта кім қалатынын – оны қалай пайдаланғанымыз шешеді.
Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.
- Нарша Булгакбаев
- Нарша Булгакбаев
- Нарша Булгакбаев
- Нарша Булгакбаев
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі