Өлең, жыр, ақындар

Демократиялық қайта құрулар кеңеюде

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жуырда ғана Қазақстан халқына «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын жариялады. Мемлекет басшысының өзі атап көрсеткеніндей: «Бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кірістік».

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған бұл Жолдауы еліміздің тәуелсіздік тарихында ең маңыздыларының бірі ретінде қалары сөзсіз. Бұл жай ғана саяси реформалар емес, бұл Қазақстанның демократиялық институттарын нығайта түсетін мегамодернизация. Ол көптеген салаларға – саясатқа, азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, мемлекеттік органдарға, парламенттің қос палатасына, партияларға, қоғамдық ұйымдарға, бизнеске, құқық қорғау органдарына және т.б. қатысты. Реформаның ауқымы кең және оны жүзеге асыру үшін белгілі-бір уақыт қажет. Жолдау Қазақстанның ұзақ жылдарға дамуын айқындайды. Бұл қаңтар қасіретінен кейін қажет «естуші мемлекетіне» бағытталған маңызды қадам.

Біздің ойымызша Жолдауда әлі жете зерделеуді қажет ететін жаңа саяси реформалар жарияланды. Жуық арада Ата Заңымызға ауқымды өзгерістер енгізу қолға алынбақ. Мемлекет басшысы ұсынған барлық бастамаларды жүзеге асыру үшін Конституцияға 30-ға жуық өзгертулер енгізілмек. Олар суперпрезиденттік республикадан күшті Парламенті бар президенттік республикаға өтуді қарастырады. Ұсынылған 30-дан астам конституциялық түзетулер – бұл Екінші Республика құрылысының басталуы, мемлекет қызметінің жұмыс істейтін саяси моделі бірте-бірте пайда болуда.

Қаңтар оқиғасы көптеген салаларда белсендірек реформалар жүргізу қажеттігін көрсетті. Осыған байланысты біздің еліміз Жаңа Қазақстанды әлеуметтік, әділ және демократиялық мемлекет ретінде құрудың бағытын белгіледі. Алдағы конституциялық реформаның негізгі нәтижелерінің бірі, әрине, Қазақстанда парламентаризмнің одан әрі дамуы және еліміздің саяси жүйесіндегі Парламенттің рөлінің артуы болмақ. Мемлекет басшысы айтқанындай: «Алдымызда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. Бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады».

Ел эволюциялық түрде дәйекті демократияландыруға қарай жылжып келеді. Мәжіліс сайлауының мажоритарлық жүйесі 30 пайыздық үлеспен қайта оралуда. Саяси партияларды тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдетіледі. Осылайша, тіркеу шегін 20 000 мүшеден 5 000-ға дейін және аймақтық бөлімшелердің ең төменгі санын 600-ден 200 адамға дейін қысқарту жоспарлануда. Жаңа үш облыс құрылады: Абай, Жетісу және Ұлытау. Бұл облыстардың құрылуы қалалар мен аумақтардың дамуына жаңа серпін береді. Оған мысал ретінде Түркістанды келтіруге болады. Сондай-ақ Президент Конституциялық Сотты қалпына келтіруді, прокуратура мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілеттіктері туралы конституциялық заңдарды қабылдауды ұсынды. Президент енді саяси партияның мүшесі бола алмайды, ол тікелей тағайындайтын депутаттар немесе сенаторлар саны қысқарады. Бұдан әрі демократиялық қайта құрулар туралы айта отырып, құрамы жағынан ауқымды жаңа қоғамдық институт – «Ұлттық Құрылтай» құру қажеттігін атап өтті. Бірлестік құрамына барлық аймақтың өкілдері, кейбір депутаттар, ҚХА мүшелері, белгілі қоғам қайраткерлері, бизнес өкілдері және басқа да азаматтар кіреді. «Құрылтай қоғамдық диалогтың бірыңғай институционалдық моделін қалыптастыруы керек, ол билік пен халық арасындағы дәнекер болады», - деп түсіндірді ол. Бұл халқымыздың дәстүрінде бар. Дала демократиясы деген түсінік бар. Бүгін біз бұл демократияны жаңа тәжірибе мен көзқарас тұрғысынан жаңартып отырмыз.

Президент әлеуметтік-экономикалық саладағы да басым міндеттер ауқымын айқындап берді. Сөзінің жеке блогы геосаяси жағдайдың Қазақстан экономикасына ықпалына арналды. Сонымен бірге, күрделі экономикалық жағдайға қарамастан дүрбелеңге негіз жоқтығын баса айтты. Мемлекет басшысы валюталық алыпсатарлыққа үзілді-кесілді қарсы. Үкіметке шұғыл түрде дағдарысқа қарсы шаралар кешенін жүзеге асыру тапсырылды. Ал, бұл істе кешігуге болмайды. Шын мәнінде, тез әрі шешуші әрекет қажет.

Мемлекет басшысы өзінің демократиялық ұстанымын, елдегі саяси үдерістерге ықпал етудің қанша тұтқасын Қазақстан Президентінен, яғни өзінен алып тастауды ұсынғанын көрсетіп, бұл болашақта халық мүддесі үшін демократияландыруға септігін тигізетінін баса айтты. Келесі барлық деңгейдегі депутаттар сайлауында жаңа принцип жұмыс істейтін болады, өзгерістер Парламенттегі Қазақстан халқы Ассамблеясының рөліне де әсер етті. Бұл нағыз үлкен өзгеріс.

Бүгінде шын мәнінде, сөзден іске көшу басталды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев толық билікке ие болып, саяси жүйені түбегейлі реформалауға кірісті. Көптен күткен саяси өзгерістер басталды. Шынында да нағыз демократияландырудың бастауы қаланды. Биліктің өкілетті тармағын, әсіресе, жергілікті жерлерде дамыту мен нығайтуға басымдық берілгені орынды.

Бұл Жолдау өте өзекті. Біз одан саяси реформаларды ғана емес, кеңейтілген саяси бағдарламаны көріп отырмыз. Ұсынылып отырған топтама өте кең. Енді ең бастысы – Президент жариялаған реформаларды жүзеге асыру.  Мемлекет басшысы айтқанындай: «Өзгерістерді әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керек. Әрбір адам және бүкіл қоғам жаңғыруы қажет».

Сабырхан СМАҒҰЛОВ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар