Өлең, жыр, ақындар

Кәсіби іс-әрекеттегі қарым-қатынас туралы заманауи ойлар

Адам басқа адамдармен қарым-қатынасқа түсу барысында немесе өзін өзі тану үстінде сезімдері мен іс-әрекеттерін және мінез-құлқы мен ақыл ойын игере алуы керек, яғни тиімді пайдалануды жүзеге асыруы керек. Сондықтан, қазіргі кезде жеке адамның жан дүниесі мен оның рухани болмысын тану қоғамдық қажеттіліктердің біріне айналып отыр. Ал бұл танымның шыңында психология атты ғылым тұрғанын біз анық білеміз. Бәсекеге қабілетті, дамыған XXI ғасырда психологияны білу заман талабы. Психологияны білетін адам өмірін өз қалағанындай жарқын етуге және барлық арман-мақсаттарын жүзеге асыруға мүмкіндігі зор, сонымен қатар өзін кез-келген ортада еркін көрсете алады. Сол себепті, өміріміздің барлық тармақтарында психологияның рөлі зор деу қате айтқанымыз емес.

Ұлттық білімнің қара шаңырағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқу кез келген жас буынның арманы. Университет қабырғасында адам өміріне қажет, ғылымдар жүйесінің бастауында орын алған психология пәні негізгі және міндетті пәндердің қатарында оқытылады. Психология ғылымдарының кандидаты, профессор Назираш Сүлейменқызының дәрісінен «Басқару психологиясы» пәнінен үйренгендерімізді, қазіргі күнде, өз жұмысымызда қолданып бастадық. Соның ішінде біз, 1-курс магистранттары «Басқару психологиясы» пәнін қызығушылықпен, ынтамен оқимыз. Себебі, бұл пәннің бізге берері мол екенін түсіндік.

«Басқару психологиясы» пәнін оқу барысында қазақ және орыс зерттеушіліренің көптеген еңбектерімен таныстық, және де сол еңбектерді оқу арқылы өзімізге көптеген пайдалы мәліметтерді ала білдік. Әр ғалымның айтқан тұжырымдамасымен таныса отырып, оны басқа ғалымдардың еңбектерімен салыстыра, саралай қарастырдық. Мысалы, Э.К. Қалымбетованың «Басқару психологиясы», Т.С. Кабаченконың «Психология управления», Л.А. Вайнштейннің «Психология управления и основы лидерства» атты оқулықтарын оқу арқылы, көптеген пайдалы ақпарат көзін ала алдық.

Ғалым профессор Н.С. Ахтаеваның «Басқару психологиясы» еңбегінің бізге берер ақпаратының тиімділігі өте жоғары болды. Соның ішінде еңбектің «Өзіндік менеджмент: мінез-құлықтық іс-әрекет және эмоциялық жай-күйді басқару» атты соңғы бөлімі өзіме ерекше әсер етті. Кез-келген ортада өзімізді ұстай алу, эмоциямызды басқару алу, жасаған іс-әрекетімізге жауап бере алу үлкен жауапкершілікті, маңызды іс. Ал ғалым еңбегінің бұл бөлімінде өзін-өзі игере алуды жан-жақты талдап, жолдарын қарапайым түрде, түрлі кеңестерді, мысалдарды көрсету арқылы анықтап берген. Ғалым былай дейді: «Өмірдегі ең маңызды нәрсе – белгілі бір ақыл-ойды дамыта алу қабілеті, қоршаған әлемге деген оң көзқарас таныта алу». Ғалым осы тұжырымдамасына сай еңбекте «Тек бүгін» деген күнделікті орындалуы тиіс бағдарламаны ұсынады: Мен бүгін бақытты боламын.

  1. Мен бүгін өзімді қоршап тұрған өміріме мойынсұнамын. Мен отбасымды, жұмысымды қалай бар солай қабылдаймын. Олардың жақсы жағын көруге тырысамын. Мен бүгін өзімнің денсаулығыма қамқор боламын. Мен спорттық жаттығу жасаймын, тәнімді күтемін, мүмкіндігінше дұрыс тамақтанамын. Мен денсаулығыма зиян келтірмеуге барынша тырысамы. Мен өмірге риза болуым үшін,денсаулығым өте мықты болуы керек.
  2. Мен бүгін өзімнің ақыл-ойымды дамытуға көңіл бөлемін. Пайдалы бір нәрсе оқимын, үйренемін.
  3. Бүгін мен жаныма жақын ұнайтын істермен айналысамын. Біреуге өзі білмейтіндей пайдалы нәрсе жасаймын. Сосын кем дегенде бұрын істеуге құлқым болмаған екі істі атқарамын. Мен бұны өзіме жай жаттығу үшін жасаймын.
  4. Бүгін мен бәріне мейірімді боламын. Мен мүмкіндігінше жақсы көрінуге тырысамын; маған үйлесетін киімді киемін, жұмсақ, тыныш дауыспен сөйлесемін, сыпайы боламын, мақтауға жомарт боламын. Мен ешкімді айқайламауға, ешкімді кінәламауға және біреуді басқармауға немесе біреуді түзетпеуге тырысамын.
  5. Мен тек бүгінге белгіленген істерді ғана орындаймын, себебі бүкіл мәселені бірден шешу мүмкін емес. Мен бүгінгі әр сағатта жасайтын істерімнің жоспарын құрып жазамын. Сағат сайын бұл жоспармен жүру міндетті емес, бірақ мен жазамын. Бұл маған өзімнің асығыстығымнан және шешім қабылдай алмайтындығымнан арылуға көмектеседі.
  6. Бүгін мен жарты сағат жалғыз қалып, өзіме тыныш демалуға уақыт беремін. Бүгін мен ештеңеден қорықпаймын. Мен өзімді бақытты сезінемін, әдемілікке тамсанамын, жақсы көріп, сенемін.

Ғалымның осы 6 қағидаттан тұратын «Тек бүгін» жобасы өзін жоғалтқан, уайым үстінде жүрген, стресске бейім адамдарға жақсы көмек бере алатын өте керемет бағдарлама деп білемін. Тіпті, өзін толыққанды жетілгенмін деп санайтын адамның өзі күнделікті осы іс-әрекеттерді жасаса даму үстіне дами түсер еді. Бұл жоба бізді стресстен сақтауға, мінез-құлқымызды басқара алуға, адамдармен жақсы қарым-қатынас орнатуға, ең маңыздысы өз-өзімізді табуға көмектеседі. Сондықтан «Басқару психологиясы» пәнінің бізге берер пайдасы мол деп білемін. Қазіргі жастардың санасының саулығының негізі осындай пайдаға жарар пәндердің оқытылуынан басталады.

Мадалиева З.Б. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, жалпы және қолданбалы психология кафедрасының меңгерушісі психология ғылымдарының докторы, профессор

Жубаназарова Н.С. психология ғылымдарының кандидаты, профессорм.а.

Бағытова А.С. Филология факультеті, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 1-курс магистранты


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз

Пікірлер