Өлең, жыр, ақындар

Өз дауысы, өз мінезі бар

Әр ақынның тағдыры, поэзиядағы жолы әрқалай. Сәкен Иманасовтың творчествосына келсек, әу баста ақындар әулетіне бірден дүрмекпен шулы келді десек, ақиқатқа жата қоймас. Ол салқынқанды, сабырлы салмақпен қосылып, көп ұзамай жас ақын атанды. Ақындық ауылға, жыр дүниесіне тәй-тәй басып келгеннен бері аз уақыт еткен жоқ. Творчествосы шыңдалып, қаламы қатайды, ойы толысты, сана-өрісі кеңейді, талант қарымы арта түсті. Бірақ ол соған оңайлықпен жеткен жоқ. Талай қағажу көрді, жаны күйзелді, әділетсіздікті басынан кешіруге тура келді.

Алайда тағдырын ақындыққа бағыттаған, оның ыстық, суығына төзімділікпен көнуге берік байлам жасаған талант бәріне төтеп берді. Бүгін ол шалқар шабыттың дер шағында. Оның көктемі енді туғандай. Таланты көктем гүліндей құлпырып, жарқырап ашылғандай. Міне, оның "Адырна" жыр кітабын (1988 ж. "Жазушы" баспасы) оқығандағы алғашқы түйген ойымыз осы.

Қазір С. Иманасовтың есімі, ақындығы кеңінен белгілі. Ол қарымын алысқа сермеп:

"Тыңдауға туған дала болса дайын,
бере тұр, қорамсаққа қол салайын".
Жебенің жеті атасы бар-ау мұнда,
өткір ме — қолыңа алып көрші, ағайын!" —

деп өзінен үлкен үміт күттіре үн тастайды, өлең өлкесіндегі құлшынысы бұрынғыдан артып, алуан сырлы жыр қашайтынына меңзейді.

Жыр кітаптан байқағанымыз, ақын еркін көсіліп жазған, кібіртіктеп, тек ұйқас үшін сөз іздеп жатпаған. Әр өлең жолдары жатық келіп, жеңіл оқылады. Жырлары, негізінен ойға, оқиғалы сюжеттерге құрылған. Сөзуарлыққа құштар емес. Оның кредосы — өмірде көргендерінен, көкірегіне ұялағандарынан түйін түю, ой жинақтау, міне, соларды поэзия тілімен айту. Асығып, аптығу, күпілдеп құр даурығу жоқ. Алдында үлгі тұтар ағалары, артыңда үміт артар інілері болған соң, ол жаман жазуды мұрат тұтпаған. Керісінше, олардың қай-қайсысына болса да өзі үлгі-өнеге боларлық қамы көбірек толғандырған сияқты. Жыр шумақтарынан ақындығы мен азаматтығы тоғысқан арлы жан бой көрсетеді, бүгінгі күн үдесіне сай ширақтық пен жауапкершілік сезіледі. Өз үнімен, өз арнасымен келеді ол.

Ақын өзегін жарып шыққан өлеңдеріне жүрегін сыздатқан көп жайлар арқау болған. Кей өлеңі асқақ сезімге, алабұртқан алаулы жалын күйге, енді кейбірі ойдың тұңғиығынан шым-шымдап шыққан шымыр толғанысқа, сабырлы сырға толы. Өлеңдерінде ызғарлы қыс пен жайдары жаз, салқын күз бен самалы өскен жадыраңқы көктемді еске түсіретін көңіл-күйдің арпалысқан, толғағы жеткен тұстарындағы жан толқынысы өрілген. Адалдықты, ақиқатты аңсайды, ақ жүрек, таза пейілді уағыздайды, жақсыға қуанады, жаманға жирене отырып сынайды, өткір жебесін түйрейді.

С. Иманасовтың туған жерге, ауылыма, ата-анасына деген сүйіспеншілігі, сағыныш сезімі көп өлеңдерінде желі тартқан. Олар үшін не қиынға салса да, өгіздей өрге тартар мінез көрсетіп, бас тігуге бар азамат. Міне, өзін тыңдап көрейікші:

"Бас тартпаймын: туған елім дәл қазір,
Тау қопартып, тас жарғызам десе де".

("Күш" өлеңінде).

Елінің қай талабы болса да оны орындауға дайын ол. Мұнда патриоттық сезім ерекше сезіледі.

"От басының реңі де тірегі ең,
көз алдымда кескінің тұр жүдеген.
Өкпелетіп алдым ба деп,
әлі де қабіріңе күнде барып, гүл егем",

— деген жыр жолдарынан ("Анам туралы триптих" өлеңінен) анаға деген іңкәр көңіл, жүрек түкпірінен бұлқынып шыққан балалық сағыныш сезім, жанға жылу бергендей әсердей боласың. Ана алдындағы борышты өтеудің көрінісі сәтті айтылған.

Ауылын сағыну "Ауыл" өлеңінде асқақ үнмен жырланады.

"Қайтейін", бірақ ауылға,
бұрды да тұрды жүрегім", —

десе, бір жерінде:

"Сағына берем тек сені,
Түтіні түгел тәтті ауыл", —

немесе,

"Қағынып жүрмін кетем деп
сағынып шалғы, кетпенді", —

дейді.

Ауылда туып, сонда өскен жанның адал көңіл-күйін білдірмей ме осы өлең шумақтары. Ақын мейірі, жүрек лүпілі шапағатты жылы лебізінен, күншуақты жан дүниесінен сергек сезіледі. Ауылында ескірген, тозған күйкі тірлікке, бас бұзар төрешіл, әкімшіл қылықтарға күйзеледі, көкірегі қарс айрылып, араша түседі. Ендеше ақын жамандықтың қандайына болса да қарсы.

Ақындықтың нарқын бағалай алмаған кей ақын, әрине, оның қиыннан қиыстырылатын мән-мағынасын түсіне алмаса керек. Осы орайда да С. Иманасов қатты толғанады, біраз өлеңдерінде ойлы-орамды сыр шертеді. Асқар шың атасы Абайға табынып, жүгінеді, оны арқа тұтады, өлең сөздің жайы арзандап бара жатқаны туралы уәж етеді. Жамбылды ақын емес дегендерге күйінеді, Абайға тіл тигіздік деп реніш білдіреді.

"Көңілге келе жатқан толмай әлі,
айтарым өлең қамы сол баяғы, —
бүлініп жүргендер бар жүлде десе,
жүгіріп жерге тимей қолды аяғы" —

дей келіп ("Абай ескерткіші алдында" өлеңінен), ақын бастықтың "бақырбас баласына" өлең арнап, "өңеш созған", татымсыз өлең буымен өздерін елге әйгілеп, қатарындағыларға миығынан күле қарап жүретін кейбір ақынсымақтарды сынай отырып:

"Білмейсің: ақыны кім, ақымағы,
былығып баяғыдай жатыр әлі,
құлқынын тығындайтын "цитат" іздеп,
Сіздің де басыңызды қатырады", —

деп батыл пікір қозғайды, шымбайға батыра айтады, осылардың ұнамайтынын ашына айтады. Осы ой ақынды көп мазалаған болуы керек, "Жыр обалы", "Өлең жолы", "Ауылдаспен әңгіме", "Жауап", "Есею", тағы басқа өлеңдерінде соған оралып отырады. Опа кермей, талай соққы тиіп жапа шеккен жүрегі жаралы, көңілі жадау тартып келген ақын шемен-шерін ағытып, түр-түсі сан өзгеріп тұратын жәдігейлерді нысанаға алады. Азап, бейнет тартқызған кінәлілерді жеріне жеткізе, қабырғасын қайыстыра айыптайды, бүгінгі күн тұрғысынан өз үнін қосады. "Ақын деген — баяғыдан ар құлы" — міне С. Иманасов позициясы. Сондықтан ақындық ар-намысты өзінің эталоны есептеген ол өлең жолының "қилы", "қиын" екенін біле келіп, түні бойы түңіліп, түнеріп, өзін-өзі қайрап, шабытын ширықтырып тынымсыз тірлік кешіп жүріп жазды. Төтеннен тауып алған олжасы да жоқ, бәйгесі де жоқ, үлесі де жоқ. Жылпостық та жат әрекет оған. Талай жүрегі шайылып, түршігіп жүрсе де өмірден түңілмеді, үмітін үзбеді, ешкімге емінбеді, телміріп, телінбей, өз парызын өтеп жүре берді.

"Қолдауы маған да көп бір бақыттың,
болмауы бір жақсылық мүмкін емес", —

деп ("Сенім" өлеңінен) сеніммен қарады болашағына. Кешегі тоқырау заманының жаңаратынына, күн көзінің жарқырап ашылатынына, бәрі өзгеретініне сенеді ол. Сондықтан ол:

"Өзгереді,
бәрі де өзгереді,
құлағың естігенді — көз көреді.
Кеше ғана күндеген көп пысықтар
маған да бір мінбедеп сөз береді",

— деп еді ("Жаңарады" өлеңінен).

Сол айтқандай, С. Иманасов әр мінбеден жиі көріне бастады. Ол қошеметке, қолпашқа, көтермелегенге қарсы, ел ықыласы болса, сол жетеді оған. Сондықтан ол басын тасқа да, тауға да ұрып сан қателескенін де, өз бойында кемшіліктердің, де болғанын ағынан жарылып мойындайды. Ендігі мақсатын:

"Туған жермен бір едім бар тынысым, бар тынысым,
базарлы алқынысым.
Ұнасам да еліме, жыласам да,
құласам да — барлығы халқым үшін! —

деп ("Ардагер сөзі" өлеңінен) түйеді.

Сонымен, өлеңдеріне қаңдай да бір өлшемдермен, зор талаппен қарасақ та, С. Иманасовтың азаматтық белсенділігі күшті ақын екендігіне көз жеткіземіз. Ол ақындық жауапкершілікті, поэзияның ауыр жүгін, сапа-салмағын қатты сезінеді. Сондықтан жүрек көрігі мен ой ордасынан сараланып, сығымдалып қорғасыннан құйғандай салмақты, құнарлы әр сөз, әр өлең ақынның бұлқынған, буырқанған ішкі әлемін, мазалаған жан дүниесін ақтарып алдымызға жайып салады.

Ақын ердің жасы елуден асты. Қызу қанды жастығы етті. Енді оған қара басына түскен жәйттарды көбірек жырлай беруден гөрі, өзекті, күрделі тақырыптарға әлеуметтік, қоғамдық салмағы қомақты ой-пікір қозғауын тілек ретінде айтар едік. Халықтың өмір тынысына тереңірек үңіліп ой толғау, жыр жазу — ендігі толғанатын тұсы осы болса керек. Әйтпесе, "Адырнаны" оқып отырып, өз күй-жайын көбірек жырлапты деген ой да туып кететін сияқты. Бәрін қойғанда бейбітшілікті сақтау мәселесіне, қару-жарақты жою ісіне Сәкен сияқты еңбегімен беделге ие болған ақынның жырларымен үн қосуы ләзім.

"Соңғы сөз орнына" деген кітаптың ақырғы бетіндегі өлеңінде ақын әлі көп жазатынын паш етеді. Сонда тілегіміз ескерілер деп білеміз. Олай болса С. Иманасовтың:

"Жазам бәрін солардың, қазам бәрін,
денсаулық бер, ей өмір, мұрша бер тек!" —

деген өтініш-тілегінің орындалуын қалай отырып, одан әлі де тамаша өлеңдер күтеміз.

"Жетісу " газеті, қыркүйек, 1989 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз