1916 жыл. Қазақ жігіттерін майданға қара жұмыс істеуге алмақ болған патшаның 25 июньдегі жарлығы шықты. Бұрыннан зығырданы қайнап отырған қалың халық бұқарасы тегіс дерлік атқа мінді. Жер-жерлерде халық бұқарасы патшаға және оның үкіметіне қарсы бас көтеріп, ереуіл жасауда еді.
Бұл қозғалыс шаруалардың стихиялық көтерілістерінің бірі еді. Мұның жеңіске жете алмайтындығы белгілі. Бірақ өз халқын жақсы көретін әрбір адам, әсіресе оқыған көзі ашық адам осы халықпен бірге болуға тиіс еді. Дәл осы шақта, ел басына күн туып, қиын-қыстау кезеңге душар болған заманда, жайшылықтағы «ұлтым», «жұртым» деушілердің бірқатары уақиғаға қатынаспай бұғып қалды. Олардың бұқпағандары, өздерін қазақ халқының «қамқоры» деп санап жүретін сабаздар, енді жалт беріп патша үкіметіне болысып кетті. «Ақ патшаның әмірін екі етуге болмайды. Қазақтың ақ патшадан аяйтын малы да, жаны да болмау керек», деп олар өздерінің кім екендерін әшкерелеп, ашықтан-ашық қазақ халқын сатты. Буржуазияшыл ұлтшылдардың басшылары «ақ патшаның әмірін бұлжытпай орындау жөнінде» үндеу де жазып таратты. «Қазақ» газетінде көтеріліске қарсы мақалалар басылып отырды.
Сонымен қазақтың буржуазияшыл ұлтшыл оқығандары халық алдында империалистік соғысты жақтап бір масқара болса, 1916 жылғы Аманкелді Иманов бастаған қазақ халқының патша өкіметіне қарсы көтерілісіне дұшпандық жасап, патшаға болысып, екі масқара болды. «Қазақ» газеті, ақырында, Түркістан өлкесіндегі көтерілісті аяусыз басу үшін жіберілген патшаның оң көзі, барып тұрған реакцияшыл жендет, Түркістан өлкесінің қандыбалақ генерал-губернаторы Куропаткинді мақтап жазды. Куропаткиннің Түркістан өлкесіне генерал-губернатор болып келгенін өзбек қазақ, қырғыз сияқты халықтар үшін үлкен бақыт деп түсіндірді бұл газет. Қазақтың ұлтшыл оқығандарынан бұрыннан-ақ іргемді аулақ салған мен енді «Қазақ» газетінің басшыларынан да, оның төңірегіне топталған қазақтың барлық оқығандарынан да мүлдем түңілдім.
Осындай, екіталай кезеңде қазақ халқының нағыз адал ниетті бір үлкен досы бар екені анықталды. Осы көтеріліс кезінде Қостанай, Троицкі және тағы басқа қалалардағы большевиктердің астыртын ұйымдары көтерілген халықты қолдап, халық арасына өз тілінде басылған листовкалар таратып, жон сілтеп отырды.
Бұл кезде бізбен көрші Торғай уезінде қазақ халқының ардагер батыры Аманкелді Иманов бастаған көтерілістің даңқы ел арасына кең тарап кеткен еді.
Июльдің аяқ кезінде шығар деймін бір күні біздің ауылға үш-төрт жүз атты адам сау етіп келіп қалды. Басшылары біздің үйге түсті. Олар Қайсар және Ділім Төлегенов деген ағайынды екі жігіт еді. Оларды мен бұрын да білетін едім, олар да мені жақсы білетін-ді. Үйге келіп түсіп отырғаннан кейін көп кешікпей-ақ Қайсар сөз бастады:
— Спандияр, — деді Қайсар, — шешінген судан тайынбайды деген біз патша өкіметінің жергілікті ұлықтарымен шайқасуға белді бекем будық! Екі өлмек жоқ. Қарусыз майданға барып қырылғанша, өз елімізде, туған жерімізде-ақ қырыламыз. Бүгін біз болыспен есеп айрысқалы шықтық. Болыстың шаңырағын ортасына түсіріп, үйін өртеп, өзін бауыздап өлтіреміз де, жігіттердің аты-жөні жазылған тізбені алып, өртеп жібереміз. Бір қатарымыздың Аманкелдіге барып қосылу да ойымызда бар. Патшаның езі болмаса да, осы біздің болыстағы оның оң көзі болып отырған болысты өлтіреміз. Ақты-қараны танитын оқыған адамсыз ғой, осыған не айтасыз? Бұл бір. Екіншіден сіздің ауылдың жігіттеpi бізге қосыла ма, жоқ па, өзіңіз қайтесіз? Біз осыны білгелі келдік.
— Көпшілік не айтады? — дедім мен.
— Көпшіліктің айтатыны осы.
– Мен айтайын енді, — деді Ділім, інісінің сөзін бөліп, — болыстың қолындағы тізімді тартып алу керек. Сол сияқты, патша өкіметіне қарсы шайқасып та көру керек. Еркімізбен майданға бармайық. Өлсек осы жерде, өз елімізде өлейік. Мұның бәрі де дұрыс. Аманкелдіге барып қосылатын жігіттер болса, оларға да қой демелік. Ал бірақ болысты өлтірудің қажеті болар ма екен? Оны өлтіргеннен келер не? Оны өлтіру өкімет орындарынан елге отряд шығарып, халықты қырғынға ұшыратуға себеп бола ма деп қорқамын. Осыны ойланып көрелікші. Бір итті өлтіргенмен ертеңіне оның орнына тағы бір итті отырғызбай ма? Одан да болыстың үйіне ат қойып қорқытып, жігіттердің аты-жөні жазылған тізімді алып кетсең соның өзі тыныш емес пе. Осыған сіз қалай қарайсыз. Спандияр? Кәні, осыған ақылыңызды айтыңызшы.
— Туысқандарым, — Дедім мең — не істесеңдер де мен сендермен бірге боламын. Халықтан бөлініп, бұғып қалып жан сақтар жайым жоқ. Мен сияқты, осы ауылдың жігіттері де дайын отыр. Олар да сіздермен бірге болады. Бірақ болысты өлтіру не өлтірмеу мәселесін үстіртін шешпесек деймін. Өйткені оны өлтіргенмен орнына тағы бір сондай сұмырайдың отыратыны даусыз. Олай болса, ең алдымен баралық, жігіттердің талабын айталық. Егерде ырыққа кенсе, жігіттердің талабын орындаса, онда өлтірмей-ақ қоялық. Ал, егерде ырыққа көнбесе, жігіттердің талабын орындамаса, онда обалы өзіне.
— Мұны енді бара көреміз, бірақ оны бауыздау керек-ақ! Ауылыңыздың жігіттері дайын ба? — деді Қайсар.
— Дайын болу керек.
— Онда не отырыс бар? Аттаналық!
— Мақұл.
Сыртқа шықтық. Күн сәске түс болып қалған еді. Біздің ауылдың жігіттері де атқа мінісіп дайын тұр екен. Маған да бір атты ерттеп, әзірлеп қойған екен. Мен де атқа міндім. Төрт жүзден аса адам бес-алты шақырым жердегі Мырзахмет аулына қарай тартып кеттік. Кеп кешікпей-ақ жігіттер болыстық үйін қамап та алды.
Қайсар бастаған бір топ жігіт, шапқылап келген бойларында-ақ, болыстың үйін сойылдап, уықтарын қиратып, үзік туырлықтарын сыпырып алды.
— Шық, азғын! Сыртқа шық! — деп бұйырды.
— Тізбемізді бер, малғұн! — деп жігіттер үйді сабалап жүр.
Болыс қаперсіз отыр екен. Оның мүлдем есі шығып кетіпті. Аузын буған өгіздей, тырп етпей үйден шықпай жатып алды.
Жігіттердің бірқатары аттарынан түсе-түсе қалып:
— Тізімді әкеп бер, жаныңның барында! — десіп үйдің есігіне қарай жүгірді. — «Тоқтаңдар! Сабыр етіңдер!» — деп Ділім де болыстың үйінің есігіне қарай барды. Дәл осы кезде аттан қарғып түсіп, Қайсар Ділімге:
— Болысты арашаламақшы болдың ба енді! — деді. Бірақ Ділім оған қараған жоқ, үйге кіріп кетті де, лезде тізімді алып шығып, атына мінді.
— Міне, тізім! — деп Ділім оң қолын көтеріп жігіттерге тізімді көрсетті. Осы арада Қайсар да атына қайта мініп алды.
— Тізімді алып шығыпты!
— Ә, онда жарады!
— Тізім қайда — оқып көрсінші!
— Болысты, болысты шығару керек үйден!
— Қыл шылбырды салу керек мойнына азғынның! — десіп, жігіттер әлі болыстың үйін қамалап тұр. Мен тізімді қолыма алып, оқып көрдім де, жігіттерге қарап:
— Жігіттер, мынау кәдуілгі тізім. Сіздерге керегі осы тізбе еді ғой. Оны Ділімнің болыстан тартып алып шыққаны рас. Тізбе қолымызға түсті, — дедім.
— Ендеше қайталық! — деп Ділім ауылға қарап тарта берді. Жігіттердің алды қайта бастағанын көріп, Қайсар бастаған бір топ жігіттер де болыстың аулынан дүркіреп шығып, елге қарай бет бұрды. Біздің ауылдағы 1916 жылғы көтерілістің шарықтау шегі осы болды.
Осы уақиғадан кейін де біздің ел екі ай бойына аттан түспеді. Солтүстік аймақтың болыс-болыстарындағы болған көтеріліске қатысқан жігіттермен бірге біздің ауылдың бірқатар жігіттері Аманкелдіге кетті де, ел ішінде қалып қойған бір қатары майданға алынды.
Қазақ халқының еңбекші бұқарасы патша өкіметіне осылай қыр көрсетіп, оған сырт жағынан қатты бір соққы берді. Осы соққы беру ісіне қазақтың буржуазияшыл ұлтшыл оқығандары мен байлары қатыспай қалғаны былай тұрсың тіпті оған қарсы болды. Олар патшаның сөзін сөйлеп, оның сойылын соғып, көтерілген халыққа қарсы арсылдап, етегінен алып жүрді. Бірақ сонда да қазақтың еңбекшіл бұқарасы патша өкіметіне де, өз байларына да қарсы шығып, кім дос, кім қас екенін жақсы сезетіндігін патшалық құрылыспен қазақтың билеп төстеуші үстем табымен өзінің қас жау екенін көрсетті. 1916 жылғы көтеріліс қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының ұзына бойындағы бір жаңа беталысы болды.
Көтеріліс маған үлкен әсер етті. Қалың халық бұқарасының патша үкіметіне қарсы көтерілуі халықтың сана-сезімінің оянғандығын айқын көрсетті. Әрине, қалың халық бұқарасының бұл көтерілісі таңданарлық іс емес еді. Өйткені ол бір шырпы тисе, лап ете түскелі тұрған от сияқты, толғағы пісіп жеткен енді бір сылтау, түрткі керек болып тұрған көтеріліс еді.
Марксизм ғылымынан бейхабар, қоғамның даму заңымен орыс жұмысшы табының ұлы азаттық күресімен жақсы таныс емес, маған да, мен сияқтыларға да қазақ халқының еңбекші бұқарасының патша үкіметі мен өз байларына соншалықты ашынып, ұйымдасқан түрде қарсы шығуы жаңалық болып көрінді. Алайда кедей үйде туып өскен байлардың қорлық-зорлығын көрген мен секілді адамға бұл көтеріліс қанаушы атаулыны бұрынғыдан да гөрі қатты жек көруге, өз тағдырын еңбекші бұқараның тағдырымен байланыстырып, әрдайым солармен бірге болуға, демек еңбекші бұқараның, мақсатты тілегіне үн қосып, өліспей беріспейтін күреске бөлді бекем буып шығуға себепші болды. Мен қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының ендігі жерде орыс халқының ұлы азаттық күресімен ұштасып күшеюін тіледім.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі