Август айының аяқ кезі еді. Сауытбайдың аулында бүкіл Обаған болысының азаматтары қатысқан жиылыс болды. Жиылысқа мен де қатыстым. Бекет Өтетілеуовты көріп аман-сау сұрасқаннан кейін:
— Бұл не жиылыс екен? — деп сұрадым.
— Естіген жоқсың ба? — деді ол, — М. келді ғой.
— Иә?
— Не иәсі бар? Сол сөз сөйлейтін көрінеді.
— Не айтады екен?
— Кім білсін?
— Сөзден басқа беретіні бар ма екен?
— Кім білсін. Айтпақшы, оны сен кермеген де шығарсың әлі. Көріп сәлем беріп, амандасып шықпаймысың, — деді Бекет.
— Жарбақтап қайтемін? Шығады ғой, реті келсе, осы далада-ақ сөйлесермін.
— Өзің біл, мен кіріп біраз отырып шықтым. Сені де сұрады, біледі екен. «Баяғыда бір роман жазып еді ғой, ол кісі» деп бір күліп қойды. Тегі, кіріп шыққаның теріс болмас еді. Жаман болсың жақсы болсың әйтеуір, «азамат» қой.
— «Баяғыда бір роман жазып еді ғой», — деп күлді деймісің?
— Иә, солай деп күлді.
— Азамат» дегенің кекесінің бе, шының ба?
— Кекесін болғаны несі ? Шыным, — деді Бекет.
— Сен де кеттің бе?
— Қайда?
— Соларға.
— Соларың кім?
— «Алаштың азаматтарына».
— Жоқ-ә, сонда да әйтеуір?.. — деп Бекет күмілжіп қалды.
— Сонда да «қамқор» дейсің, бе?
— Өз әлінше қамқорсымақ қой, — деді күліп Бекет.
— Қателесесің, Беке, — дедім мең — «қамқорсымақ» емес, «қамқор № 3». Дәл осындай «Қамқордың» бұрын да бір-екеуі келіп кеткен еді. Даурықпа сөзден басқа немен кенелте қояр дейсің?
— Мұны тауып айттың — «№ 3» екені рас.
Жиылыс басталды. «Қамқор № 3» шаршы топтың алдында шешендікке салынып, өтірікті шындай ғып, лепіріп соғып тұр. Жұрт тыңдап отыр, баяғы құр жел сөз: «ұлт», «жұрт», «автономия», тағы басқа осылар сияқты күнде естіп жүрген жел сөздер. Оның баяндамасы бітті. Сұраулар беріле бастады:
— Мырза, — деді Салмұғамбет болыс, — қазақ өз алдында хұкүмет болғанда, әркімнің ата қонысы, мекені, жер-суы, мал-мүлкі өзінің еркінде, былайша айтқанда, ешкімнің ортағы жоқ, өзінікі болып қала берді ғой.
— Әрине қала береді.
— Өркенің өссін — деді Салмұғамбет.
Мен күліп жібердім. Бекет маған күбірлеп: «қой, қой» деп мені бір түртіп қойды.
— Екінші сұрағым бар, — деді болыс, — қазақ өз алдына хұкүмет болғанда, ол хұкүмет халықты бай-кедей деп алаламайды ғой?
— Жоқ, — деді «қамқор», — біз қазақ халқын алаламаймыз. Бізге оның байы да бауыр, кедейі де бауыр. Бізге бәрібір.
— Өмір жасың ұзақ болсың қамқорым, — деп қойды бір бай.
— Алым-салық сияқты әралуан төлемдер, бай-кедей демейінше түңлікке түседі ғой ? — деп сұрады болыс.
— Әрине.
— Онысы несі?
— Ол қалай ? — деген күбір естілді.
Мен оған мынадай бірнеше сұрақ қойдым:
— Ескі әдет-салтқа, атап айтқанда: қалың мал, көп әйел алушылық сияқты әдеттерге тыйым салына ма?
— Хұкүмет халықтың ежелгі әдет-ғұрпы мен салтанатына тыйым сала алмайды.
Олар, халықтың мәдениеті өсе келе, өзінен-өзі қалуға тиіс:
— Қазақ тілінде мектептер ашу жөнінде не істелмекші?
— Қазір әңгіме мектепте емес, ел туралы, елдің ел болып қалуы туралы болып отыр, — деді «қамқор».
— Жергілікті өкімет орындарының, басшылық жұмысына қазақ даласындағы бұрынғы патшаның атаман шабармандарын өткізбеу туралы қандай амал қолданылмақшы?
— Анықтау етіп айтыңызшы, «атаман-шабармандар» дегеніңіз кімдер ?
Бұрынғы патшадан чин алған шекпен киген атақ алған би, болыс, шонжарларды айтамын — дедім мен.
— Құрметтім, — деді ол, — сіз айтып отырған би, болыс патшадан чин алғандардың бәрі бірдей жаман адамдар емес, олардың ішінде де ақ ниет, адал жүрек адамдар бар. Сіз бен бізден гөрі оларды халық жақсы біледі. Демек олардың ішінен сүйгендерін сайлайды да, сүймегендерін сайламайды. Бұл халықтың өз еркіндегі іс, — деді «қамқор».
— Хақ сөз, — деді болыс.
— Сонда, «алаш хұкүметінің», патша өкіметінен айырмасы қандай болады? — дедім мен тағы да.
Бекет «қой» деп мені тағы да түртіп қалды.
«Қамқор» сыпылдап қоя берді. Ол еткен кездерде «қамқорлардың» патшаға қарсы сөз айтып «бақтыда отырғандарың өзінің де Семей түрмесінде бірнеше күн отырғанын айта келіп, ақырында:
— Болашақ «хұкүметімізге», оның басшыларына әлден осылай қарайтын болсақ, қазақ үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, азуы алты қарыс Николай патшамен арпалысып, жанын оқтың ұшына байлап, абақтыда, айдауда болып келген халықтың қамқорларына пәленшеге, түгеншеге тіл тигізетін болсақ, онда ел болудан қалған екенбіз... — деп және тағы сол сияқты баяғы лепірген сөздерді айтып, біраз даурығып алды.
Бір екі-үш гимназистер «қамқорларға» тіл тигіздің деп маған килігіп, қатты-қатты сөздер айтты.
— Мен жай оқытушымын түсінбеген шығармын дедім, ал түсінбеген болсам, ашу шақырмай-ақ, сөкпей-ақ, түсіндіру керек емес пе? Ол ең алдымен сіздің міндетіңе емес пе еді? Соғыс басталғанда кейбір қамқорсынып жүрген оқығандарымыздың арасында патшаны жақтап шыққан адамдар да болды. Олар 1916 жылы патшаның жазалаушы әскерлері қару-жарақсыз момын халықты қырып, қызыл қанға бояп, қазақ ауылдарына өрт қойып жүрген кезде, патшаны, оның Куропаткин сияқты жендеттерін дәріптеп үндеу жазып, «ақ патшаны» жақтап, халыққа қарсы шыққанды. Мен айтсам осындай адамдардан сақ болайық деймін... — дей бергенімде, «қамқор» орнынан тұрып маған қарап:
— Сіздің, есіміңіз кім еді? — деді.
Мен атымды айттым.
— Иә, баяғы «Қалың мал» романын жазатын жігіт екенсің, ғой?
— Дәл өзі.
— Енді түсінікті, — деді ол, — сонымен «заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген бар емес пе, замандасым. Заманның күйіне қарай билеу керек болатынын да ұмытпау керек. Тойып секіру бар, тоңып секіру бар, оны да айыра білу керек... — деп алыстан орағыта, көмескі мақал-мәтелдермен ақталуға тырысты.
Бірақ мойындауымыз керек: патшаны дәріптеп, Куропаткин сияқты жауыз жендетті мақтау — масқара болу ғой, — дедім мен.
«Қамқор» мұны естімеген кісі болып қана құтылды. Осыдан кейін жиылыс көпке созылған жоқ, ешбір қаулы қарарсыз жабылды да, жұрт тарай бастады. «Қамқор № 3» қазақ халқының «қамқорларының» бағытың көздеп отырған мақсатын түсіндіре шыққан екен. «Қамқорлардың» сыры жұртқа мәлім болды. Ол әлеуметтік мәселелерді қозғағысы келмейтіндігін көрсетті. Халық ағарту ісі, мектеп мәселесі жөнінде бір ауыз сөз айтқан жоқ. Оның көкейтесті сарыны тек қана «хұкүмет» болды. Оның сөзін тек ауылдың билеп-төстеушілері мен байлары ғана түсінді. Тіпті осы жиылыстың алдында ғана әрі-сәрі болып жүрген Бекет те былай шыға беріп:
— Мынанікі демагогия, — деп салды.
— Орысшаңды білмеймін — деді Дүйсембек деген шаруа, — мынауың қой терісін жамылған қасқыр ма деймін.
— Түлкі деңіз, өзі де «заманың түлкі болса, тазы боп шал» деді ғой, — деді тағы да біреу.
— Қазақты жарылқайтын сарбаздар осылар болса, оны да көрдік... — деді қолын сілтеп тағы бір шаруа.
— «Бостандық, теңдік» деп жүргендердің езі не боп кетті? — деді тағы да Бекет.
— Не болсың алдау, бос саз болып шықты ғой, — деді екінші бір жігіт. Бұл жиылыстың жұртқа еткен әсері осындай болды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі