Өлең, жыр, ақындар

Болыстың қолына су құй...

Мектептің есігін қондыртып, ішін сылатып, еденін тегістеткіздім. Тақта жасатқыздым. Үлкен үш дөңгелек үстел қойдырғыздым (балаларды айналдыра отырғызып оқыту үшін). Қабырғаларға әріптер жазылған кестелер, көрнекі құрал, суреттер қадап, өзімше едәуір ретке келтірдім.

Төңіректегі ауылды аралап, оқығысы келетін балалардың тізімін де алдым. Менің ойымша, мектеп маңындағы ауылдың балалары түгел оқығаны дұрыс еді. Өйткені алыстағы ауылдардың балалары қыстыгүні оқуға келе алмай қалуы ықтимал.

Мен мектепте, күндегі әдетім бойынша, оқу жабдықтарын реттеп жүр едім, бір бала келіп:

— Болыс келді, байдың үйіне түсіп, қымыз ішіп отыр. Сізді шақырады, — деді.

— Қазір қолым тимей жатыр, кейін барармын — дедім мен. Бірақ барғам жоқ.

Біраздан кейін болыс, анада көретін старшын мен Оспан деген шаруа, болыстың хатшысы, бай және бірнеше адамдар келді. Болыс жуаң қысық көз, қара сақалды быртиған адам екен. Сәлемдескеннен кейін:

— Қайырлы болсын мектеп саңғырлап тұр екен — деді болыс.

— Несін айтасың?.. — дедім мен кекеп.

Кекеп айтқанымды болыс түсінген жоқ. Старшын тағы да мектепті мақтай ала жөнелді.

— Сірә, бұл маңда мұндай мектеп болмас! — деп аяқтады ол мақтау сөзін.

Менің қай елдің адамы екенімді, ата-тегімді, қайда оқығанымды сұрастыра келіп:

— Қарадан хан болдым де... — деп болыс ыржиып бір күліп қойды.

— Хан да емеспін болыс та емеспін учительмін — дедім мен.

— Бұл жігіт әзілді көтере алмайды, әзілдеп бірдеме айтсаң, шамданып қалады, — деді бай болысқа қарап.

— Жас адамның бас асауы болады ғой, — деді болыс.

— Әрине, былайша айтқаным ғой... — деп бай мырс етіп бір күліп қойды.

— Кәні, — деді болыс хатшысына қарап, — мына оқытушыға оқитын балалардың тізімін бер.

Хатшы тес қалтасынан алып төрт бүктеулі бір қағазды ұсынды. Тізім екен. Бірден «жасы нешеде» деген сызықшаға кезім түсті. Бұл сызықшада... «15, 20, 25, 30» деген цифрлар жазулы екен. Мен хатшыға қарап:

— Мына «20, 25, 30» цифрлары балалардың жасы ма? — дедім.

— Иә, — деді хатшы маған таңданғандай.

— Келіскен екен! — дедім мен.

Болыс маған ажырая бір қарады да, шығуға ыңғайланды.

— Бала, сен де жүр, — деді бай маған.

Үйге келіп отырғаннан кейін байдың бәйбішесі ас даяр болды деді. Бай қақырынып, бір ырғалып қойып:

— Кәні, бала, құман алып, мына болыстың қолына су құй, — деді маған қарап.

— Жо-жоқ... мен құямын — деп шаруа жігіт түрегелді.

— Жоқ, баланың өзі құйсың — деп бай оны қайта отырғызды да, — тұр, шырағым, кісілердің қолына су құй, — деді тағы маған қарап.

— Кешіріңіз, бай. Мен мұнда болыстардың қолына су құюға келгем жоқ, бала оқытуға келдім, — дедім де орнымнан тұрып шығып кеттім.

— Әй, мынаның кісімсінуін қарай гөр! — деген сөздерді құлағым шалып қалды.

Мектепке қарай кетіп бара жатыр едім, біреу жүгіре бастап, менімен қатарласа берді де:

— Қайда барасыз? Сізді шақырып жатыр ғой, — деді. Бұрылып қарасам, Оспан деген шаруа екен.

— Кім шақырып жатыр?

— Бай да, болыс та...

— Қолға су құюға ма?

— Жоқ, болыс менімен табақтас болсын — дейді.

— Рақмет, — деп мен әрі қарай жүре бердім. Оспан ілесе жүріп:

— Бармадыңыз ба? Барсаңыз еді.. — деп күбірлеп қала берді.

Мен мектепке келіп кірдім. Бұл жолы мектеп шынында да маған саңғырлап тұрған сәулетті сарайдай болып көрінді.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз