Ішіне шынтақ айналмайтын,
Ежірей деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң ауырып қалатын,
Бедірей деген қызың болады.
Алдыңнан кес-кестеп өтетін,
Кекірей деген келінің болады.Мөңке би
«Заманына қарай адамының» кебін кидік пе, әлде, «тәртіпке бағынған құл болмайдыны» естен шығарып алдық па, әйтеуір, қазіргі таңда үйдегі тәртіп, түздегі тәрбие жағы ақсаңдап тұрғанға ұқсайды. Көпке топырақ шашудан аманмын тек, кейбір жастардың кей нәрселерін көріп, қарының ашады. «Жас уақытта көңіл-гүл» әрине, бірақ сол гүл көңіл өмірді гүлдендіре алмаса онысынан не пайды? Алдыңғы толқындағы ағаларымыз, әжелеріміз жастарға қарап сүйсіне алмайды ма деп қорқамын. Кезінде Мөңке биіміз болжаған заман ақыр туды ма, әлде?
Домалақ-домалақ дәрің болады,
Жастарға билігі жүрмейтін кәрің болады.
Ертеңіне сенбейтін күнің болады,
Бетіңнен алып түсетін інің болады.
Алашұбар тілің болады,
Дүдәмалдау дінің болады.
Жалған дейін десең, тілдің шұбарланғанын естіп, көріп жатамыз. Діннің дүдамалдау сықпытын хиджап киген қыздарға ұқсатып бетін жапқыласақ та жасыра алмаймыз. Заман түлкіге айналды ма, әлде, Абай атымыз айтқандай «құйрығы-шаян, беті-адам» жандар көбейді ме, біле алмайсың. Қосымша тілді қызыметке емес, ана тілінің қадірін білмегендіктен сөйлегенді дәреже көретін қазақ үшін қайтсек ана тілінің құдыретін түсіндіре аламыз? Иманды адам дегенміз қара жамылғандар мен балағы кесілгендер емес, иман әр адамның жүрегінің төрінде екенін қайтсек жеткізе аламыз? «Алла» дегендердің барлығына ауызы аңқиып қарап отыратындарға «Алла деген сөз жеңіл, Аллаға ауыз жол емес» екенін кім ұғындыра алады? Бұл бір мені ғана толғантатын мәселе емес, әрине, көптің көкейінде жүрген үлкен сұрақ!
Жастардың ұлтжандылық сезімінің тым төмендігі. Еш жерден, ешқашан шын ниетімен оң қолын сол жақ жүрек тұсына қойып Гимнімізді шырқаған жасты мен әлі көре қойған жоқпын. Мүмкін, көзіме түсе қоймаған да шығар, дегенмен, бұл сөзімді ешкім теріс дей қоймас. «Көк тудың желбірегінен» гөрі «махаббат жоқ, сезім өлгені» көп әндерді тыңдап ұйықтағанды тәуір көретін жасөспірімдер әркімнің үйінде барына дауа жоқ.
«Қызға қырық үйден тиым» бұл менің емес, қазақ атамның айтқан сөзі. Бір қолымен бесік, бір қолымен әлемді тербебетін аруларымыздың да сиқы мәз емес-ау, сәрі. «Әйелдерді жамандайын десем, ішінде менің Бәтимамда кетедінің» кебі, қыздарды даттасам таяқтың бір ұшы өзіме тиеді...
Көп жерлерден көріп-біліп жүресің де ойланасың, «сауып ішер сүті жоқ» ақшаға құмар тек қазағымның қыздары ма екен деп?! Кімнің көлігі көп көрікті қыздар солардың соңында, кімнің ақшасы, алтыны асып-тасып жатады ару қыздарымыз солардың көңілдесі. Жасанды бет-әлпет, жасанды мінез, жасанды сөз. Сонда, шынайылық қайда? Бес күндік қыз ғұмырын осындай жасандылыққа арнаса, оның жастығынан не пайда? «Оралыңның барында ойна да күл» дегенді теріс ұғынады ма екен, әлде?! Дос көрмей, шынайы махаббатты сезінбей, еңбекпен тауып татқан нанның тәтті екенін білмей өткен өмір, өмір ме? Қыздың атын шығаратын оның жасанды ажары емес, қыздың анадан көрген тәрбиесі, жүрісі, тұрысы, бір сөзбен Бұқар жырауша айтқанда, «қыз қылықты болмаса, шырайынан не пайда?», яғни, ең бастысы - қылығы!
Ежірей деген ұлдың, бедірей деген қыздың, кекірей деген келіннің болатын заманы осы шығар. Салт-дәстүрді білмейтіні былай тұрсын, мінезге де жарымаған сияқтымыз. Еркегіміз ұсақталып ұрысқа сақадай сай тұрады, қыздарымыз одан өтпей, қайтсін? Қиындық туа қалса, жігерлері жасып, қайратына қайта мінер қайсары таусылып, ішімдікті жолдас көріп, солармен сырласады. Бұндай жағдай тек жастардың емес, орда бұзар отыздан асқан ағаларымыздың да бойынан табылып жатады. Сонда елді ұстайтын ер азаматтарымыз сәл қайғыға қарсы тұра алмай, көше-көшеде сүрініп жатырса, кенеттен жау шаба қалса кімнің артына барып тығыламыз. Соны ақыл етіп айтқан анасына қарсы шығып, ақылын арамдық есебінде көріп, туған шешесіне де қол жұмсап жатқанды көзіміз көрмесе де құлағымыз шалып жатады.
«Қыз қылығы түзде» кім көрінгенмен ұрысып, көше жағалай қалса ауызы толы лас сөздерді айтып жүретін бикештерімізді де кездестіріп жатамыз. Ананың айтқанын ақыл демей, әкенін айтқанын елемей «өзім білемге» салып, білгенін істеп жүрген жүрісі сол. Дәл осындай бедірей деген қызың болмаса, кекірей деген келіннің болмасы анық еді. Келін дегенге әңгіме айтып көрмеген халықпыз. Айтқымыз келгенді «қызым саған айтамын, келінім сен тыңда» дегізіп. Дегенмен айтқанымыз жөн шығар. Көршімен болсын, ағайын-тумамен болсын табыстыратын да, шатыстыратын да – келін. Бірақ қазіргі таңда келіннің де құны кетті ме деп қорқамын. Ырымнан хабары жоқ жастарымыз білдей отбасыға білдей келін болып түсіп жатады. Онысы жақсы-ау, әрине, бірақ, «ұлы сөздің ұяты жоқ» жас босанған келіншектеріміз шашымның сәні бұзылады дей ме, орамал тағуды жөн деп санамайды. Бала кезімізде анамыздан естіп отыратынбыз «бос есікті тербетпе», «жаңа туылған балаға айдың сәулесін түсірме», «жаңа босанған аналар басына орамалын тартып жүру керек, жын-шайтанның бәрі соларды торуылдап жүреді» тағы да басқа осындай тиымдар. Бала болғандықтан ба оны ырым екен деп ойламайтынбыз, жанамыздағы бала «неге?» деп сұраса «сол болмайды дейді» дейміз де отыра беретінбіз. Ырым екенін білмесек те болмайтынын біліп өсеміз, олда жақсы еді.
Не айтсақ та жөнін айттық, дегенмен, «тәрбие басы-талбесік» мұндай жағдайға душар болмас үшін,ең әуелі бесіктегі баламызды тәрбиелеуіміз керек. Қандай болып өссе де «анаған еріп пәлен болды, мынаған еріп түген болды» деген әңгімені қысқартып, не болса да, кім болса да өзімізден көруіміз керек. Тілден де, діннен де адасты дейміз. Абай атамыз 10 қара сөзінде «... әуелі балаңды өзің алдайсың «Әне, оны берем, міне, мұны берем» деп. Басында балаңды алдағаныңа бір мәз боласың, соңара балаң алдамшы болса, кімнен көресің?» дегеннің айнымасы, оларды адастың деп жазғырамыз. Қазақ тіліне жаны ашымайды деп күйінеміз «ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде бір кемпір мен шал болыпты» дейтін әжеміз болмаса, «жілік шағып беремін, көк құтанның құйрығын жіпке тағып беремін» деп бесік тербетіп жатып, ант беретін анамыз болмаса тілге кімнің жаны ашысын? Мақалдап мәнерін келтірмей, «қаншықа», «жалмауызға» салып айғайласақ қазақтың небір керемет сөздерін бала қайдан үйренеді. Патриоттық сезімі жоқ деп паш етеміз. Әр азамат өз елінің патриоты болуы үшін оған «ананы жеме деші» дегеннің орнына әнұраныңды айтшы десек, «патриотпын» деп төсін қақпаса да, елінің әнұранын жатқа біліп шығады емес пе? Қазақтың психолог халық екенін, ел енді-енді ашып жатырған жаңалықтарын қазақ атамыз баяғыда-ақ айтып тастағанын , мың сөйлем етіп құрастырып айта алмаған әңгімелерін Асан қайғылар, Бұқар жыраулар төрт шумақ өлеңдеріне сыйғызғанын айтып, өз қазағын өз баласына неге таныстырмасқа!? «Жас өспей ме, көкейіңді теспей ме?» дейді. Бүгінгі бала - ертеңгі жас азамат. Еліміздің болашағы, сол болашаққа алып барар келешектің тұтқасы жастардың қолында екенін Елбасымыздың өзі де халыққа жолдауында айтқан болатын. Ендеше, «ел боламыз десек, бесігімізді түзейік!»
Аккаюова Маржан
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі