Өлең, жыр, ақындар

Жаһандық мәселелермен айналысатын әмбебап ұйым

24 ҚАЗАН – БІРІККЕН ҰЛТТАР ҰЙЫМЫ КҮНІ

Біріккен Ұлттар Ұйымы күні – БҰҰ Бас ассамблеясының 2-сессиясының шешімімен 1948 жылдан бастап жыл сайын 24 қазанда атап өтіледі. Бұл күні 1945 жылы БҰҰ Жарғысы күшіне енді. 1971 жылы 26-сессияда Бас Ассамблея бұл күнді халықаралық мереке деп жариялап, барлық мемлекеттерді мемлекеттік мереке ретінде атап өтуге шақырды. Осылайша, дүние жүзінде 24 қазан – Біріккен Ұлттар Ұйымы күні. Біріккен Ұлттар Ұйымы күніне орай БҰҰ Бас хатшысы жыл сайын дүниежүзілік қауымдастыққа үндеу жолдайды. Бұл күннің мерекелік шараларына кездесулер, пікірталас «дөңгелек үстелдері», көрмелер кіреді, Бас Ассамблея залында халықаралық концерт өтеді. Кейде БҰҰ мүшелері дүние жүзіндегі қалалармен электронды түрде байланысып, телеконференциялар, арнайы іс-шаралар өткізіледі.

Әр мемлекет бұл күнді әртүрлі түрде атап өтеді: Данияда мен Финляндияда  - Ту күні. АҚШ-та – Біріккен Ұлттар Ұйымы күніне байланысты жыл сайын Президенттің жолдауы жарияланады. Швецияда - Біріккен Ұлттар Ұйымының күні, флагштоктарда Швецияның туы немесе БҰҰ туы көтерілуі мүмкін.

БҰҰ қандай ұйым?

Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін БҰҰ-ның құрылуына әскери, саяси, экономикалық және басқа да бірқатар факторлар серпін берді. Ол кезде көптеген елдер мен халықтар адамзатқа бейбітшілік пен тыныштық әкелетін, халықтардың бейбіт өмір сүруін қамтамасыз ететін және мемлекеттердің дамуына көмектесетін ұйымды армандады. Мұндай халықаралық құрылымды құру идеясы алғаш рет 1941 жылы көтерілді.

БҰҰ – халықаралық бейбітшілікті, қауіпсіздікті сақтау және нығайту және елдер арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында құрылған мемлекеттердің халықаралық ұйымы. Бүгінде әлемдегі ең беделді бұл ұйымға 193 мемлекет кіреді. БҰҰ ең ірі халықаралық ұйым бола отырып, ұжымдық реттеуді қажет ететін қазіргі заманның жаһандық мәселелерін шешуге арналған алаң ретінде қызмет етеді. Бітімгершілік – халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті ілгерілету және сақтау үшін БҰҰ-ның қол жетімді ең тиімді құралдарының бірі.

БҰҰ көптеген жаһандық мәселелерді шешетін әлемдік аренадағы ең ықпалды ұйымдардың бірі. Бұл өз кезегінде мемлекеттердің саяси ғана емес, экономикалық процестерінде де көрініс табады. БҰҰ - қақтығыстарды бейбіт жолмен реттейтін, әлем халықтарын достық қарым-қатынастарды дамытуға ынталандыратын, бейбітшілікке төнетін қатерлердің алдын алатын ұйым.

БҰҰ қалай қаржыландырылады?

Мүше мемлекеттер Ұйымның бюджетіне бағалау шкаласына сәйкес қаражат енгізеді. Ол елдің төлем қабілеттілігі, жалпы ұлттық өнім, халық саны негізінде құралады. Бюджетке негізгі салымшылар АҚШ, Жапония, Қытай және Германия болып табылады. БҰҰ-ның ағымдағы екіжылдық тұрақты бюджеті 5,4 миллиард АҚШ долларын құрайды. Бір жылға арналған бітімгершілік операцияларының бюджеті 6,7 миллиард АҚШ доллары көлемінде. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2016 жылы жаһандық әскери шығындар 2 триллион АҚШ долларын құрады. Осылайша, бейбітшілікті сақтау үшін соғыс жүргізуден гөрі аз ақша жұмсалады.

Сіз білесіз бе?

  • 1945 жылдан бері БҰҰ-ның қолдауымен 170-тен астам бейбіт келісімдер жасалып, аймақтық қақтығыстар тоқтатылды.
  • Отарсыздандыру процесінде БҰҰ шешуші рөл атқарды. БҰҰ-ның көмегімен әлемнің 80-нен астам елі тәуелсіздік алып, егемен мемлекеттер болды.
  • БҰҰ-ның күш-жігерінің арқасында адам құқықтары, терроризммен және халықаралық қылмыспен күрес, босқындар, қарусыздану, тауарлар мен мұхиттарды қорғау туралы 500-ден астам көпжақты келісімдер жасалды.
  • Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы – әлемдегі ең ірі гуманитарлық мекеме жыл сайын 80 елде орта есеппен 90 миллион адамды аштықтан құтқарады.
  • Сарапшылардың болжамы бойынша дүние жүзінде 1990 жылдан бері қақтығыстарда қаза тапқандардың 90 пайызы бейбіт тұрғындар болған, ал олардың 80 пайызы - әйелдер мен балалар.
  • Әлемде өндірілетін барлық вакциналардың жартысын ЮНИСЕФ өз бағдарламаларын жүзеге асыру үшін сатып алады. 
  • БҰҰ-ның агенттіктері 65 миллион босқындар мен қоныс аударғандарға көмек пен қорғауды қамтамасыз етеді.
  • Түрлі науқандар арқылы Ұйым жыл сайын 3 миллион адамның өмірін сақтай отырып, дүние жүзіндегі балалардың 45 пайызын иммунизациялайды.
  • 103 миллион босқындар мен соғыс құрбандарына, аштық пен қуғын-сүргінге ұшырағандарға көмек көрсетеді және оларды қорғайды.
  • Дүние жүзіндегі 12 операция аясында 87 000 бітімгершілік күштермен бейбітшілікті сақтайды.
  • Дүние жүзінде 3,6 миллиардтан астам адамның өміріне әсер ететін су ресурстары мәселелеріндегі жаһандық дағдарысты шешуге көмектеседі.
  • 80 келісім-шарттар мен декларациялар ережелерін басшылыққа ала отырып, барлық жерде адам құқықтарын қорғайды және көтермелейді.
  • 202 миллион адамға 46 миллиард доллар көлемінде гуманитарлық көмекті жинауды үйлестіреді.
  • Дипломатиялық әдістермен қақтығыстардың алдын алады, оның ішінде жыл сайын 50 елге сайлау өткізуге көмектеседі.
  • Жыл сайын 30 миллионнан астам әйелдер пайдаланатын репродуктивті денсаулық сақтау саласында қызмет көрсетеді.

БҰҰ-да сыйлықтар жинағы бар

Бірікен Ұлттар Ұйымының сыйлықтар жинағы – 1950 жылдан бері мүше мемлекеттер, қорлар және жеке донорлар Біріккен Ұлттар Ұйымына ресми түрде сыйға тартқан өнер, тарихи нысандар мен сәулет элементтері жинағы.  

Халықаралық құқықтың қағидаттары мен нормалары сақталу керек

Дегенмен, біз бүгінгі күні адамзат үшін аса маңызды кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Әлем геосаяси қайшылықтар күшейіп келе жатқан жаңа кезеңге тап болып отыр. Жақында ғана, яғни 20 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясының жалпы дебатында сөйлеген сөзінде: «Біз мұнда – БҰҰ штаб-пәтерінде адамзат үшін аса маңызды кезеңде бас қосып отырмыз. Тәртіп пен жауапкершілікке негізделген әрі бұрын қалыптасқан халықаралық жүйенің орнын хаос пен болжауға келмейтін жағдай басып отыр. Тежемелік және тепе-теңдіктің жаһандық жүйесі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап қала алмады. Қауіпсіздік архитектурасы келмеске кетіп барады. Әлемдік алпауыттар арасындағы өзара сенімсіздік жылдам арта түсті. Әлем жаңа әскери қақтығыс ошақтарының құрбанына айналды. Біз екі буыннан кейін алғаш рет ядролық қарудың қолданылу қаупімен бетпе-бет келдік» деп қадап тұрып айтты. Рас, халықаралық ахуал шынында да өте күрделі.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы өз сөзінде атап көрсеткендей: «Өткен жылдардағы көптеген және көбіне өзара байланысты дағдарыстар жаһандық басқаруда айтарлықтай кемшіліктер бар екенін көрсетті. Олар БҰҰ-ны жаңғырту және реформалау қажет екенін айқындап берді».

Осыдан 77 жыл бұрын БҰҰ-ның негізін қалаушы мемлекеттер Ұйымның Жарғысына халықаралық құқықтың қағидаттары мен нормаларын енгізді. Бұл ережелер осы уақыт аралығында әлемдік қауымдастықтың қызметін тиімді реттеп келді. Қазір осы әмбебап Ұйымның негізінде қалыптасқан іргелі қағидаттарға қайта оралу аса маңызды. БҰҰ аясында бекітілген құндылықтар жүйесі әлемнің түпкір-түкпіріндегі миллионаған адамға үміт сәулесі болып қала береді. Біз ынтымақтастық рухына негізделген БҰҰ-ны басшылыққа алып, сол құндылықтарды батыл қорғауға тиіспіз. Біз тек күш жұмылдыра отырып қана қазіргі заманның сын-қатерлеріне төтеп бере аламыз.

Биыл Қазақстан мен БҰҰ арасындағы серіктестікке - 30 жыл! Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен нығаюына БҰҰ зор үлес қосты. Осы аралықта біз Адам құқықтары жөніндегі кеңестен бастап Қауіпсіздік Кеңесіне дейінгі Ұйымның барлық негізгі органдарында БҰҰ Жарғысында белгіленген мақсаттарға қол жеткізу үшін жұмыс істедік.  Қазақстан алда да қауіпсіз, орнықты және дамыған жаһандық қоғам құру жолында бар күш-жігерін аямай жұмсайтын болады. 

Сабырхан СМАҒҰЛОВ,  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар