Өлең, жыр, ақындар

Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш конституциясы

Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясының қабылданғанына 30 жыл.

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда ХІІ шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданды. Ол кіріспеден, 4 бөлімнен, 21 тараудан және 131 баптан тұрады. Коституция Қазақстан мемлекеттік егемендігін алған сәттен бергі көптеген құқықтық нормаларды: егемендік, мемлекет тәуелсіздігі, билікті бөлісу принципі, қазақ тілін мемлекеттік деп тану, Президентті мемлекет басшысы деп тану, сот органдары - Жоғарғы, Конституциялық және Жоғары Арбитраждық соттар және басқаларды қамтыды. 1993 жылғы Конституция негізіне парламенттік республика моделі алынды.

Негізгі заң Тәуелсіздік құндылықтарын қалыптастыруға мүмкіндік беріп, еліміздің демократиялық, парламенттік республика екенін айшықтады. Бұл құжат тарихи қажеттіліктен туды және сол бір өтпелі кезеңде үлкен міндеттерді атқарды. Алғашқы  Конституция Республика егемендігінің қалыптасуын ресми түрде бекітіп, әлемдік қауымдастыққа Қазақстанның жаңа тәуелсіз мемлекет мәртебесін заңдастырды.

Алайда, оның кейбір тұстарына өзгерістер жасау қажет болды. Бірінші Конституцияда мемлекеттік басқару формасы нақты анықталып бекітілмеді. Жоғарғы Кеңес ең жоғарғы билік тұтқасы ретінде танылды. Осы Жоғарғы Кеңес пен атқарушы билік, яғни Министрлер кабинеті арасында басқару механизмінде қайшылықтар туындап отырды. 1993 жылғы Конституция жерге жеке меншік мәселесін шеше алмады.

Сондықтан, уақыт өте келе тұңғыш Конституцияның кейбір тұстары нарықтық қоғамдағы өзгерістерге сәйкес болмай шыққаны байқалып, екі жыл өткеннен кейін қолданыста жүрген қазіргі Конституция қабылданды.

Бұл, 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум бойынша қабылданған, 9 бөлім, 98 баптан тұратын Конс­титуцияның 1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы, оның мазмұнының сапасында еді. Ата заңда жаңа мемлекеттіліктің негізі қаланып, қоғамдық дамуды бағыттауға және реттеуге қабілетті тұтас мемлекеттік билік қалыптастырылды. Конституция бойынша Қазақстан Республикасы демократиялық, унитарлық, зайырлы, әлеуметтік, құқықтық мемлекет. Басқару нысаны бойынша Қазақстан мемлекеті президенттік республика болып анықталды. Қазақстанның негізгі демократиялық қағидалары - адам құндылығы, адам құқығы мен бостандықтары, идеологиялық және саяси әр алуандылық (плюрализм), заң алдындағы теңдікке негізделді.

Конституция мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастырушы құжат болып табылады. Ол мемлекеттілік тетік, қоғамдық, саяси институттар ретінде қызметтің негізі боларлық принциптерін орнықтырады, адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгілейді, экономикалық құрылыстың негіздерін айқындайды. 

Сөйтіп, Қазақстанның толыққанды мемлекеттік тәуелсіздігін конституциялық-құқықтық тұрғыдан рәсімдеу - 1993 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының алғашқы Конституцияның қабылдануымен жүзеге асты.

Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясы:  мемлекеттің тәуелсіздігін заңды түрде рәсімдеді, халықаралық қауымдастыққа Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде танытты, біздің қоғамға жаңадан енген кейбір институттарды қоғамдық, саяси және құқықтық салаларда бекітті, сөйтіп сол кезеңдегі үш негізгі міндетті шешті. Сондықтан, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы өтпелі кезеңде өз қызметі мен міндеттерін ойдағыдай атқара білген тарихи маңызды құжат болып табылады.

Ел тәуелсіздігін алғаннан бері Қазақстан сан өзгерістерді басынан өткерді. Қолданыстағы Конституция былтырғы өткізілген жалпыхалықтық референдумға дейін төрт рет - 1998, 2007, 2011 және 2017 жылдары өзгертілді және толықтырылды. Конституция өзінің әлеуетін тауысқан жоқ, оған енгізілген өзгерістер мен толықтырулар оны нақтылайды және нормаларын айқындайды.

Өткен жылы 5 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өтетінін мәлімдеді. Президенттің айтуынша, түзетулердің мақсаты «жаңа мемлекеттік үлгіге, мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының жаңа форматына» және «суперпрезиденттік басқару нысанынан ықпалды парламент және есеп беретін үкімет болатын президенттік республикаға көшу» болып табылады». Жұмыс тобы 33 бапқа түзетулер әзірледі. Бұл Конституцияның үштен бір бөлігі. Референдум 2022 жылдың 5 маусымында 77% оң нәтижемен өтті. Атап айтқанда, Конституциялық Кеңес Конституциялық Сот болып қайта құрылады. Парламент Мәжілісі аралас сайлау жүйесі бойынша сайланады, Мәжілісте Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы жойылады, Парламент Сенатында Президент ұсынған депутаттардың квотасы қысқартылады.

Ал, осы жылдың 5 маусымында елімізде айрықша мәні бар тарихи оқиға болды. Еліміздің тарихында Конституцияға енгізілетін өзгерістер алғаш рет жалпыхалықтық референдум арқылы жүзеге асырылды. Мемлекетіміз  дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Тәуелсіз Қазақстанның даму тарихында жаңа дәуірге жол ашылды. Ата Заңымызға ұсынылған өзгерістерді  азаматтардың басым көпшілігі қолдады. Референдум жоғары деңгейде өтті. Референдум нәтижесі саяси жаңғырудың анық символына айналды. Біз Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолын таңдадық. Конституциялық түзетулер мемлекеттігіміздің тұғырнамасын түбегейлі өзгертуге мүмкіндік береді. Бүкіл қоғамның дамуына тың серпін береді. Референдум еліміздің тарихындағы маңызды белес болды. Ұлтымыздың шынайы өзгерістерге деген дайындығы мен ұйымшылдығын көрсетті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев референдум қорытындысы бойынша Қазақстан халқына жасаған үндеуінде: «Ата заңға өзгерістер енгізу реформаларымыздың соңғы сатысын емес, енді басталғанын білдіреді. Біз елімізді жан-жақты жаңғыртуды жалғастырамыз. Жаңартылған Конституция негізінде биліктің барлық институты қызметінің мейлінше тиімді моделін қалыптастырамыз. Олардың арасындағы үйлесім мен тепе-теңдік механизмін нығайтамыз. Дәйекті саяси жаңғыру ұлттық экономиканы дамытуға, ұлттық кәсіпкерлікті нығайтуға ықпал етеді» деп атап көрсетті.

Біз адам құқығы мен бостандығын қорғау жүйесін кешенді түрде күшейтуге негізделген бағдарымызды жалғастыра береміз. Құқықтық реформа аясында Конституциялық сот қайта құрылды. 

Қастерлі Тәуелсіздігімізді, ел бірлігін және қоғамдық келісімді нығайту – біздің негізгі міндетіміз. Бұл реформаларды Жаңа, Әділетті Қазақстан құру үшін жасап жатырмыз. 

Референдум қорытындысы біздің мемлекеттігіміздің тарихында мүлде жаңа дәуір басталғанын көрсетеді. Біз қазір барлық саланы жаңғыртуға кірістік. Осы жолда мемлекетті басқару үлгісін түбегейлі өзгерту қажеттігі туындады. Сол себепті Мемлекет басшысы 2022 жылғы наурыз айындағы Жолдауында саяси жаңғырудың ауқымды бағдарламасын ұсынды. Оның басты мақсаты – елімізді одан әрі демократияландыру, халықтың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту. Сондай-ақ Үкіметтің тиімділігін арттыру.

Конституциялық реформа адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін барынша күшейтеді. Сонымен бірге еліміздегі саяси бәсекенің әділ және ашық болуын қамтамасыз етеді. Біз Ата заңымыздың отыздан астам бабына өзгеріс енгіздік.  Конституция баптарының үштен бірі өзгерді. Ашығын айтсақ, Конституциямыз мүлде жаңа сипатқа ие болды. Оның бәрі азаматтарымыздың мүддесіне толық сай келеді. Осылайша мемлекетімізді түбегейлі жаңғыртамыз.

Жүргізіліп жатқан реформалар Қазақстандағы адам құқықтарын қорғауды және азаматтық қоғамның дамуын жаңа деңгейге шығарады.

Сонымен, қорыта келгенде, Мемлекет басшысының ұсынысы және бастамасымен қолға алынып, жалпыхалықтық референдумда азаматтардың басым көпшілігінің қолдауына ие болған түзетулер мен өзгерістер Ата заңымыздың мәні мен маңызын одан әрі арттыра түседі. Қазіргі реформаның ерекшелігі – мемлекетімізді жетілдіру, жаңғырту және нығайту. Конституция Қазақстан мемлекеттілігінің және елдің даму стратегиясының негізі болып табылады.

Сабырхан СМАҒҰЛОВ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар