Наурыз — Шығыс елдерінің бүкілхалықтық мейрамы, яғни, Ұлыстың ұлы күні. Наурыз мыңдаған жыл бұрын шығыс халықтарында жыл басы мерекесі ретінде тойланып, ерекше күн ретінде аталып өтетін болған. Ол — бірліктің, татулықтың, еңбектің, көктемнің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі ретінде тойланған. Сондықтан да болар, бұл күні шаттанбайтын, қуанбайтын, мейірленбейтін адам болмаған. Бұл күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар сондай жақсы өнегеден үлгі алған.
Наурыз — қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде наурыз туғанда — мейрам қылып, бас асып, қазан-қазан көже істеп, ауылдан-ауылға, үйден-үйге жүріп, кәрі-жас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып, көрісіп, араласып қалатын. Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасына қайтып оралса да наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында әр түрлі сөйленеді. Біреулер Наурыз наурыз айының бірінде, екіншілері тоғызында келеді, ал үшіншілері 14 наурыздағы Көрісу күнінен басталады деседі. Наурыз күні парсының нау — жаңа, руз — күн, яғни жаңа күн деген сөзінен шыққан. Бұл қазіргі күн есебі бойынша наурыздың 22 жұлдызына сәйкес келеді. Қазақтар да бұл күнді — жаңа жыл, ырыс, береке, мереке, жыл басы деп есептейді. Қалай болғанда да осы айда жаңа жыл туады. Ескі жыл бітіп, жаңа жыл басталғанда: «Жаңа жыл қайырлы болсын, жаңа бақыт кәсіп болсын» деп құттықтасады, ол күнді мейрам қылып шаттықпен өткізеді. Жаңа жылымыз — Наурыз айдың басында болсын, ортасында болсын, әйтеуір наурызда келетін, шын мағынасымен Жаңа жыл деп айтуға лайық мейрам. Наурыз қай жағынан алып қарағанда да бүкіл халық үшін ерекше мерекелі күн қатарында аталып өтіледі.
Наурыз келеді. Табиғат қыстан шығады. Ызғарлы суық бәсеңдейді. Әуеге бір тазалық, жанға бір кеңдік келеді. Күншығыс халқының сүйкімді жанын майдалығымен сипаған әдемі күндер, жан-жануар, шөптерге жан беретін ауамен сәулелер һәм нұрлар келеді. Күншығыс мұсылмандарының ардақты игі мейрамы Наурыз туды. Наурыз — атынан да белгілі жаңа күн.
Күн жылынып, қар еріп, жан-жануар жаздың жақындағанын сезіп көңілденген кез. Ағаш, шөптер қар астынан сілкініп шығып, гүлденіп жасаруға даярланып, күн де қыстай бір бүйірлеп жүруін қойып жоғары көтеріліп, бүтін ғаламға нұрын шашып, тірі жанның бәріне бірдей сәуле беруге тұрған кез. «Самарқанның көк тасы жібиді». Бұл да наурыз күніне байланысты сөз. Осылайша күннің әлемге жылулық әкелетін сәтін бейнелеп айтқан. Бұл жерден қуат, көктен нұр алатын уақыт. Міне, табиғаттың осындай көңілді өзгерістерінің кезеңінде біздің Жаңа жылымыз туып, ата ғұрпымызды ұмытпай, салт-дәстүріміз негізінде «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деп мәз-мәйрам болып, ерекше қуанышпен тойлаймыз!
Наурыздың айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттылық, мәрт-жомарттық, қадыр-қасиеттілік нышан белгілері мен таным-ұғымдарының үлгі-түрлері өте көп. Оның бәрі әр адамды жоғары саналылыққа, әдептілікке, өнегелілікке, бауырмалдыққа, көрегенділікке, ізеттілік пен білімділікке баурайды.
Осы ұлы күнге байланысты халықтың әдет-ғұрыптары мен жол-жоралары бар.
Наурызнама — шат-шадыманды ойын-сауық, той. Кей жерлерде Наурыз тойы деп те аталады. Бұл күні үлкен болсын, кіші болсын осы мейрамға келіп, көңілді ойын-сауықтар жасалады. Халықтың ұлттық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары кеңінен қолданылатын ерекше үлкен жиын той. Мысалы, ат жарыс, палуан күрес, түрлі ойындар ұйымдастырылып, айтыс, ән, өлеңдер, наурыз жырлары айтылады.
Наурыз бата. Бата — қазақтың ертеден келе жатқан ұлттық дәстүрлерінің бірі. Бата, тілек ақ дастархан басында, түрлі тойларда, жақсылықтарда айтылады. Қазақ халқында батаның түрлері көп. Соның бірі — осы Наурыз бата. Мұнда наурызнама өткізгендерге, осы күнге арнап «Наурыз көжеге» шақырғандарға, тойда өнер көрсеткен ақын, әнші, палуандарға тағы да басқа өнерпаздарға, жас талапкерлерге ақсақалдар мен әжелер, ел ағалары бата береді. Бата жалпы жұртшылыққа, көпшілікке, бүкіл қауымға, ауылға да беріледі. Мысалы:
Өркенің өссін!
Әр күнің наурыз күніндей берекелі болсын!
Ұлың — ұяға, қызың — қияға қонсын!
Еліңе елеулі, халқыңа қалаулы бол!
Бақ берсін, қыдыр дарысын!
Жастар бұл күні үлкендерден бата алуға тырысады. Және наурызда алған батаның орны бөлек.
Наурыз тілек. Наурыз айында көптеген адал, ізгі тілектер айтылады. «Ізгі ниет — жарты дәулет», «Көп тілегі — көл» деген. Тілек — достық көңіл мен тілектестіктің, адамгершіліктің белгісі, әрі тойдың жарасты салтының бірі ретінде айтылған. Әр адам өзіне, отбасына немесе жақын туыс-туғандары мен дос-жарандарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жақсы тілек тілейді, бір-бірінің үйіне кіріп дәм татады. Мысалы:
Пәле-жала жерге енсін!
Төрт түлік ақты болсын!
Өрісің малға, үйің жанға толсын! — деген тілектер айтады.
«Наурыз төл» деген ұғым бар. Наурыз айында мал төлдей бастайды. Олар «наурыз төлі» деп аталып, төл басы ретінде бағаланып, малжанды қазақ баласы оны ерекше күтіп бағады. Төл басы сатылмайды, ешкімге сыйға берілмейді.
Наурыз көже. Наурыз тойына ғана тән, көпшілікке арналған мерекелік тағам. Наурыз көже жеті қоспадан тұрады: су, ет, тұз, май, ұн, сүт, астық дақылдарының бірі, мысалы, күріш, жүгері немесе бидай. Олар қуанышты, сәттілікті, даналықты, денсаулықты, байлықты, жылдамдықты, өсуді және жаратқанның қорғауын білдіреді. Мерекемен құттықтауға келгендерге ықыласпен ұсынылады. Наурыз көженің дәстүрлік, мерекелік, ұлттық тағылымы өте зор. Ол барлық адамдарды жомарттыққа, ізгілікке, ұйымшылдыққа, татулыққа, бірлікке шақырады.
Мейрам — ұлттың жеке-жеке болған мүшелерін біріктіріп бір денедей қылып қосатын бір дәнекер. Көп мақсаты иін тіресіп, тізе қосып, бір жүрсе табылады. Мейрам болған соң тілі бір ұлт бір адам секілді дайын бір сезімге ие болу керек. Наурыз мейрамы да осындай мейрамдардың біреуі. Бұл күні барлық қазақ халқы өзін бір адамдай көріп, барлығы сүйінеді, қуанады, табиғатты тамашалайды. Өзінің ардақтаған балаларын қасына жиып, мейрам үстелінің айналасында көңілі шат болып отырады. Наурыз мейрамында қуанышы қойнына сыймай, өз жайында отырып, бала-шағасымен күліп-ойнап оразасын үйлерінде ашады.
1926-1988 жылдары аралығында, яғни Кеңес өкіметі кезінде Қазақстанда Наурызды тойлауға тыйым салынған болатын. Наурыз мерекесі ресми түрде тек 1988 жылдан бастап тойлана бастады. Араға 62 жыл салып туған елге қайтып оралған Наурыз мерекесі де жаңаша ойлаудың жарқын бір көрінісі болды. Ал, 1989 жылдан бастап Наурыз мерекесі республика көлемінде кеңінен аталып өтті. Оны үш күн қатарынан тойлау тек 2009 жылы басталды. Осы, 2009 жылы Наурыз мейрамы ЮНЕСКО тарапынан адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енгізілді. Сол кезден бастап 21 наурыз Халықаралық Наурыз күні болып жарияланды.
Алдағы жылға аяқ бастық. Қайырлы болсын! Наурызбен құттықтап, Жаңа жыл жайлы болуын тілейміз.
Сабырхан Смағұлов, тарихшы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі