Абылай хан Қазыбек пен Бөгембай батырмен кеңесіп отырып:
— Дүниенің қызығы не? Тиегі не? — деп сұрапты. Сонда әрқайсысы өрісті сөздер айтыпты.
Қазыбек:
— Дүниенің қызығы алдынан сөз кетпеген, артынан топ кетпеген, шешен мен қыран қаршыға, жүйрік ат, жүйрік тазы ғой, — депті.
Абылай:
— Бұл дұрыс емес, — депті.
— Олай болса өзіңіз айтыңыз, — депті. Абылай:
— Дүниенің қызығы мен тиегі әйел емес пе, — депті. Сонда Қазыбек тұрып:
— Әй, Абылай, көпшілік тексіз деуші еді, соған бақтыңыз. Аты, тегі кем әйелді дүниенің қызығы, тиегі дегенің не? — депті. Бұл сөзге ашуланып:
— Мені сен тексіз дедің, басқа не демейді. Өзіңді жоқ қылып, жоқтауыңды асырайын, — деп ұмтылыпты.
Сонда Қазыбек ханға қарсы тұрмай шығып кетеді. Артынан Бөгембай да шығады. Хан ашуынан қайтпай қала берді. Кектенген хан өкпелеп жата берді.
Қазыбек:
— Ханмен бүйтіп жүріп күн көре алмаспын, одан да ерген елді бөліп алып, басқа елге қоныс аударалық, — деп қам- данады.
Сонда Қазыбектің әйелі:
— Батыр, көшем дедің, дұрыс қой, бірақ замандас баты- рыңа ақылдаспайсың ба? — депті.
Қазыбек:
— О да дұрыс екен, — деп Бөгембай батырға келіп, аман- дасып отырып сырын айтады. Бөгембай батыр бұған толғанып отырғанда, батырдың әйелі тұрып:
— «Жақсы кегін кешеді, асыл жаныса өтеді» деген бар ғой, ханның алдына барып өту керек қой. Егер кешпесе, сонда ойлану керек қой, — депті.
Батырлар бұ да дұрыс екен деп, Абылайға Бөгембай батыр келіп, мән-жайды айтады. Сонда Абылай айтады:
— Олай болса сен келдің, мен кештім, Қазыбек келсін! — дейді.
Сонда Бөгембай:
— Қазыбек ат шапанымен, айыбымен келсін! — депті. Абылай:
— Қазыбектің ат шапанының, айыбының керегі жоқ.
Мен малға зарық емеспін, өзі келсе болады, — депті.
Шақырған соң Қазыбек келіпті. Кеңесіп отырып осы жұмыс неден басталып тынғанын сөз қылыпты.
Абылай:
— Енді мынаны қараңыздар, менің ханымым болмаса, сіздердің үйлеріңіздегі жолдастарыңыз ақыл салмаса, бұл жұмыс осылай тынар ма еді? Менің дүниенің қызығы да, тиянағы да әйел дегенім — осы, — депті.
Сонда батырлар бұ да жөн екен деп тоқтасыпты.
Абылайдың «Қанды қарағай қан болды, жол болды» деп ат беруі
Абылайдың қырғыз, өзбекке жорығы (ІІ нұсқа)
Абылайхан
Мақал мәтелдер
Абылайхан
Мақал мәтелдер сөз дері