Боранбай батырдың бір ересен ерлігі Доланқара тауының етегінде өткен қырғын соғыста көрінеді. Жекпе-жекте жаудың бас батырын мерт қылып, қара құрымдай қаптай лап қойғалы тұрған жоңғар әскерінің бетін қайтарып, өзі бастаған жасаққа жол ашады. Жау шегініп тым-тырақай қашады. Боранбай батыр өзіне сеніп тапсырған туды берік ұстап, батыр жігіттерімен ілгері ұмтылып, жоңғарларды өкшелей қуып тастайды.
Батырдың осы батыл қимылына, ерекше ерлігіне дән риза болған Қабанбай қолбасшы оған жаудан қолға түскен олжа — Қарашаш деген сұлу қызды сыйлайды. Қарашаш — қалмақтың бас батыры Долан Қореннің қызы екен. Өзі келбетті, өзі ақылды Қарашаш Боранбай батырды сүйіп қалады. Қабанбай батырдың қоластындағы ел-жұрт, сарбаздар жиылып, Доланқара тауының кең шатқалында жеңіс тойына қоса, Боранбай мен Қарашаштың үйлену тойын өткізеді. Содан былай қарай халық ат бәйгесі өткен, көкпар тартқан, қыз қуу салтын өткізген жазықты «Тойқылған», отқа май құйып, неке қиылған шатқалды «Майлы шат» атап кетеді.
Сол Қарашаштың би баба өзге әйелдерінен ерекше сыйлап, құрметтеп өткен. Себебі Қарашаштың сымбатты сұлулығымен бірге би бабаға лайықты ақыл, парасаты, ізеті, өнегелі мінез-қылықтары сай бопты дейді. Халық арасында мынадай аңыз сақталған.
Ертеде Мырзас елінің тойдан келе жатқан бір топ адамы Боранбай бидің зиратына бұрылып, аттарынан түсіп дұға оқиды. Дұғадан кейін бәрі орындарынан тұрып былай шыға бергенде, біреу: «Би бабамның қасында өзге әйелдерінен тек Қарашаш қана жатыр екен», — дейді. Сонда Тілеуберді деген: «Тәйт, қасиетті би бабамыздың жанында қалмақ жатыр деген не сұмдық! Оны алып тастау керек» деп қалады. Басқа кісілер оған «Қой, олай деме, Қарашаш би бабамыздың нақ сүйері, бәріміздің анамыз», — деп кейіп тастайды. Жолаушылар мүрдеден ұзай бергенде, әлгі Тілеубердінің аты аяқ астынан үркіп кетіп, өзі тасқа құлап түседі, содан бір қолы, қабырғасы сынып ауылға әрең жетеді. Тілеуберді кейін сол аурудан қайтыс болады.
Боранбай тек қана парасатты, ақылды, әділ, көреген би емес, ол сонымен бірге айлакер, әбжіл де жүректі батыр екен. Сол батырдың кейінгі ұрпақтарының бірі Жақыпбек Көріпбайұлы ақсақал былай әңгімелейді:
«Боранбай ірі тұлғалы, ұзын бойлы қара сұр кісі еді. Өзі ат құлағында ойнайтын сайыпкер, жауға алдырмайтын өте әбжіл, шапшаң қимылдайтын, жауды бір ұрғаннан тұрғызбайтын аса қайратты кісі екен. Және қай кезде болсын әділдігін айтып тура сөйлейтін, досқа да, дұшпанға да жомарт екен. Жоңғарлармен бір шайқаста Боранбай бастаған қол жеңіске жетіпті. Жаудың қолға түскен әйел, бала-шағасына бостандық беріпті. Өзімен талай айқасып, жекпе- жекпе шығып жеңіске жете алмай жүрген Дөңке дейтін батыр бұл соғыста қолға түспей қашып кетеді. «Оны іздеп тауып алып жазасын бермей болмас, еліне барып қол жинап қайта шабуылға шығып жүрер» деп, өзінің батыр інісі Нарбота екеуі іздеп шығады. Тарбағатай тауының сай-саласын шолып келе жатса, әлгі қалмақ батыры қалың қарағайдың арасында ұйықтап жатыр дейді. Атын Нарботаға ұстатып қояды да, өзі жаяу жақындап барып жаудың батырын найзамен түртіп оятады. Екеуі алыса кетеді. Бірін-бірі олай-былай лақтырысады. Анау да түйедей бір пәле екен, әл бермей жүреді. Әбжіл Боранбай қанжарын бұрынырақ сілтеп, оны жайратады. Осы бір арпалысты көріп тұрған Нарбота:
— Көкетайым-ау, осынша әлекке түскенше, ол жауызды ұйықтап жатқанда найзамен бір-ақ шаншып құрта салмадың ба? — дегенде, ол:
— Ей, шырағым-ай, батырға мәрттік керек. Ол жау да болса, бір елдің атақты батыры емес пе, қапыда кетпесін деп, ояттым, — деген екен.
Оқуға кеңес береміз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі