Абақ керейдің ең өскен руы — жәнтекей дедік. Мұны «Үш жәнтекей» деп атайды. Сол үштің бірі — Сүйінбай (көк көз, сары кісі болғандықтан оны жұрт орыс деп атаған) бес балалы болған. Олар — Самұрат, Сәменбет, Құты, Бөкес, Төлеке. Шежірешілер осы бес баладан өскен ұрпақты «Бес орыс» деп атаған.
Сүйінбай аса дәулетті болғандықтан, қалың ел күзеуліктен көшкенде «кір шомдап» көше алмай, жортуылшылар жалғыз ауыл Сүйінбайды басып қалады. Сүйінбай ордасының ішінде жаумен жалғыз сайысады. Садақтың жебесін жалғыз ысқыртып, жау жалам шайқаста өзіне серік бола алмаған ұлдарына былай деп баға береді:
— Самұратым жоқ болды,
Сәменбетім құт болды.
Құты, Бөкес жас болды,
Төлеке, сені қайтейін!...
Сүйінбай қан жұта қарысып, жортуылшыларға ордасын бастырмай тұрғанда, қол бастап келген Самұрат сырттан тиіп, жауды айдап салып, ордасын құтқарып алады.
Сүйінбайдың екінші ұлы Сәменбет салауатты, дәулетті, әрі батыр болғандықтан үш әйел алған. Үлкен әйелі Соқсұрдан: Есенбай, Амантай; ортаншы әйелі Тасбикеден: Ақша, Бөрте, Елбай, Жаман, Қаржау, Сары; кіші әйелі Боданнан: Байымбет (Есағасы), Қазыбек туады. Осы он бір ұлдың барлығы ел болып өскен. Мұны халық «Он бір Сәменбет» деп атайды. Осы үш әйелдің ішінде ортаншы бәйбіше Тасбике білімді, ел-жұртына жағымды болып, ел билеп, аты шыққандықтан, кейінгі ұрпақтары жеке-жеке аталмай, анасының атымен «Алты Тасбике» аталып кеткен.
Сәменбет бай ұрпақты болғандықтан, халық «сары үкі дарыған Сәменбет» деп, оны былайша аңыз етеді. «Сәменбет байдың үшінші бәйбішесі Бадан ана ұйықтап жатып түс көреді. Түсінде сары үкі шаңырағына ұялап, қос балапан омырауын еміп жатқанын көріп оянады. Түсінде көрген аянын Бадан ана Сәменбеттің досжар, ақылгөй адамдарына жорытады. Олар бұл түсті жақсылыққа жорып, «екі ұл көреді екенсің» дейді. Осыдан кейін Бадан ана екі ұл сүйеді. Үлкенінің аты — Байымбет, кішісінің аты — Қазыбек, осы екі баладан өсіп-өнген ұрпақ өздерін «Есағасы Қазыбекпіз» деп атап, күні бүгінге дейін үкіні қастерлеп, өлтірмейді. Қолында дәулеті бар бардам адамдар үкі ұстаған адамды көрсе, не тілегенін беріп, үкіні босаттырып қоя береді. Бақсылар, халық емшілері: «иә, сары үкі қолдай көр, Сәменбетке дарыған», — деп санайды. Сол Сәменбеттің он бір ұлының бірі Байымбет құт қонған, асқан бай, білімде, ойшыл һәм есепші би болған екен.
Үнемі мал-жанның қамын жеп жүретін Байымбет бір жылы жазда өз төңірегіндегі жақын туыс, дос-жарандарына: «Биыл жауын жаумады, жер қуаң. Күнгейдің бұта-бүргені қурап, өгізқурай солып кетті. Қарға балапанын қауырсынын аршымай ұшырды. Жұт болатын түрі бар», — деп күн бұрын ескертсе, өзі күні-түні ұйқы көрмейді. Кеште тау басында тұрып батар күнді бақыласа, таңсәріде тағы да сол орнында тұрып, күнді шығармай үйіне қайтпайды. Көктемде алуан түсті торғайлардың бұл өңірден ерте кетуінен-ақ: «шөп балдыр тартпас, гүл шешек жармас» деп сезіктенеді, тырналардың балапанын ерте баулып, күндіз-түні тыраулаған мұңлы дауысынан да күдік алып отырады.
Ауылын күзеулікке ерте қонғызған Байымбет ерекше бір сапарға дайындалады. Қосын бір түйеге арттырып, бес-алты мықты жолдас ертіп, інісі Қазыбектің батыр ұлы Ақан мен өз баласы Кенжәліні қасына алып, «аң аулауға барамын» деп жүріп кетеді. Жаз бойы табиғат ыңғылын байқаған қарт, күз бойы да дамыл таппай, ауық-ауық жол тартып, бұл өңірдің құстары ғана емес, аңдары да ауып бара жатқанын байқайды. Әлгі сапары сол қоңыр аңдардың ауған беталысын білу сапары екен. иенге шығып кеткен қарт жолдастарына былай дейді:
— Сендер не білдіңдер, жыртылып-айырылатын қоңыр аң қайда кеткен, жазғытұрым қырылып қалды ма?
Жолдастары әртүрлі меже айтады, бірақ қарттың көңілі бұған дауаламайды.
— Сендердің айтқандарың бекер болар, әлі де шығысқа қарай жүріп көрейік, — деп жолдастарын бастап жүріп кетеді. Ілгерілеген сайын шұбырынды іздер қоюлап, аң қарасы да көріне бастайды.
— Алла бұйырса, ертең қоңыр аңға араласып қалармыз, тоқтап жәйіліп, еркімен жусап, онан соң жосып кетіп барады. Мынау бастау — кеше солардың түнеп шыққан жері.
Таңертеңінде ізге түсе жүріп кеткен олар, түске жетпей тағы бар қолаттан өтіп, сортаң шалшық суға кезігеді.
— Міне, көрдіңдер ме, қоңыр аң ауып барады. Бұл жануарлар біліп ауып барады. Биыл біздің мекенімізде ойылған жұт болады. Бұл жануарлар жұрт жүрмейтін жер іздеп ауып бара жатқан болар, — деп қарт сөзін жалғай түседі, — Қоңыр аң — біздің жолдасымыз, тіпті жолбастаушымыз. Біз соларға ілесіп, солардың барған жеріне тиянақтаймыз. Барлығыңа айтарым — жолдасқа қар қылмандар, атпаңдар, үркітпеңдер, аң да болса серігіміз ғой, бізден көңілі қалмасын. Бізден алаңдаса, көңіліне алған жеріне жете алмас. Олар көңіліне алған жеріне жете алмаса, біз де жұрт жүрмейтін жерді таба алмаспыз. Осы тілсіз дос, қасиетті жолбастаушымыздың адал серігі, айнымас қорғаушысы бола білейік. Осылар қонған жерге қоңсы қонып, осылар ішкен бұлақтан су ішейік.
Ақан батыр бастаған жолдастары қарияның айтқан сөзінен шықпапты. Олар бірнеше күн жүріп, қар жамылған ақ бас таудың теріскей жазығынан өтіп, үлкен көкшіл таудың баурайындағы алқабы кең, ашылы, шилі өңірге келіп тұрақтайды. Байымбет қосын тіккен осы өңір — Мұзтау мен Көксіннің арасындағы аласа адырлы, бетегелі, ақ шөпті, аяғы айдын көлге тірелген кең байтақ өңір екен. Осы араға келгеннен кейін қоңыр аң қуса да кетпейді, тіпті бұлардың ат-көлігімен араласа, қосының іргесін баса жайылады. Байымбет қарт қоңыр аң тұрақтаған осы жерге келгеннен соң таң ата кетіп, кейде ара қонып, бас-аяғын шолып өте көңілді жүреді.
Бір күні көлбеп келіп қалған шуақты күнге қарай отырып серіктеріне мынаны айтады:
— Іздеген жерге жеттік. Осы қоңыр аң алдағы қыс ызғарын сезіп жұттан қашты. Жұт жүрмейтін жер іздеді және сол жері — енді мынау. Бас-аяғы, оңы мен терісі күншілік ғана. Ат сауырындай осы жерге күшті боран жүрмейді, — дейді.
— Мұны қайдан білесіз? — дейді жолдастары таңданып.
— Сайда өскен шөптен білдім. Биыл осы жерге жеткен ұзын аяқты мал жұттан аман қалады. Басқа жерді мен білмедім — дейді. Онан соң жанындағы Ақан батырға қарап:
— Мен сені мен Кенжәліні әдейі алып шықтым. Енді амандық болса елге барған соң, біткен жылқыны осы жерге әкеп саласыңдар. Бұл жердің байырғы иесі де біз едік, қазіргі иесі де біз боламыз, арғы бабаларымыздың «Сауыр» деп атаған жері — осы. Қаншама заманды өткізіп, айналған ұрпақ біз екеміз, осы күл төккеніміз төккен болсын, — дейді де, алыстан айдынданып көрінген Алтайдың ақ бас шыңына көз тігеді.
Байымбет қарттың айтқаны да екі болмайды, болжағаны дөп келеді. Бұған ілтипат еткен бар керей жылқысын алып, сол жылы Сауырдың жонын алғаш рет қыстайды. Қобыққа келіп, енді ғана ірге теуіп қоныстана бастаған Торғауыттың кегені қыс ортасында кісі жіберіп, жөн сұрайды. Ақан бастаған ба- тырлар:
— Жау емеспіз, елміз, жерімізде жұт жүрген соң мал отарлатып жүрміз, — деп жауап береді.
Оқуға кеңес береміз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі