Батыр Толыбай Жарасұлы туралы ел аузында аңыз-әңгімелер баршылық. Нақты дерек, осы уақытқа дейін бізге жеткен әңгімелерге сүйенсек, Толыбай Барақ батырмен араласып-құраласып, жорықтас болған.
Осындай бір жорықтан кейін Асау Барақ батыр Толыбай ауылымен екі-үш жыл қоңсылас болады. Толыбайдың баласы Ерболат пен Асау жорықтарға бірге шығып, Барақ батыр мен Толыбай батыр бас қолбасшы ретінде жауынгерлерді, оның ішінде жастарды әскери өнерге баулиды. Толыбай батырдың ауылына Барақ батыр, оның жаужүрек ұлы Асаумен бірге келіп тұрған болса, бұл Толыбай батырдың солармен теңдес екенін байқатса керек.
Толыбай батыр жорықта жүргенде, Хиуа ханының барым-ташылары Жарас ауылының жылқысын айдап кетеді. Батыр жорықтан оралған соң ауылдың үлкендеріне: «Батырларыңды беріңдер, мен барлық малды қайтарамын», — дейді. Бұл батырдың жастау кезі екен. Үлкендер: «Сен жассың, жалғызсың, барма», — деп рұқсат бермейді. Бірақ батырды жау қолындағы малды қайтару мақсаты мазалай береді. Бұл ойын ол өзіне тете ағасы Аюға да айтады. Ол да қарсы болады:
— Хиуалықтар көп халық, жазым боласың, — деп беттетпейді. Бұл:
— Біз де аз емеспіз ғой, — дейді. Ағасына атамыздың аяқ-алысын байқап көрейік деп жарысып ауылдан ұзап кетеді. Енді Толыбай атының басын ауылға қарай бұрады. Мұнда да ағасынан озып кетеді. Аю артта қалып қояды. Сол кезде Аюдың артынан тасырлаған аттың дүбірі естіледі. Артына қараса, жер қайысқан қол қуып келеді екен. Толыбай ұзаңқырап барып бір төбенің басына тоқтайды. Аю:
— Сен мені жауға тастап кеттің, өзің құтылып кеткің келеді екен ғой, — деп қамшымен тартып-тартып жібереді. Аю да ірі тұлғалы, қайратты адам болған. Қамшы сілтегенде анау-мынау адам аттан құлап түседі екен. Ал Толыбай болса, мыңқ етпеген. Ағасына:
— Әзәретіңізге құлдық, енді артыңызға бір қараңызшы, — дегенде, ол жалт қараса, арттан ешкім де көрінбейді. Сонда Толыбай:
— Ол жау емес, менің жауынгерлерім еді ғой, — дейді. Ал Аю болса, інісінің тегін емес, аруақты екенін түсінеді.
Сонымен, Толыбай батыр наурыз тойында қырық адаммен Хиуа еліне баратын болып келіседі. Айтқан күні бұлар Хиуаға жақындайды. Ел шетіне жеткенде, мұның қолы жер қайысқан әскер болып көрінеді. Қаптаған жаудың ел шетіне келгенін ханға жеткізеді. Хан да сол күні түс көрген екен. Түсінде аспанның асты қаптаған өрт, бірақ өрт ауылдың айналасын қанша шарпығанмен де хан ордасының алдына келгенде сөне береді. Хан түндегі түсін тәуір көретін бәйбішесіне жорытады. Бәйбішесі: «Ел шетіне жау келген екен, бірақ сенің алдыңа келіп тоқтайды, келісімге келесіңдер, жаудың алдына бір уәзіріңді бас қылып елші жіберіп шақыр», — дейді. Хан солай істейді. Елшілер әскерге жақындағанда қаптаған қалың шыңды көреді. Бұлар да ақ туын ұстап қарсы жүре береді. Бір кезде шаңдақтың арасынан бір бөлек шағын әскер шығып, бұларға жолығады. Толыбай батырдың қолы осы еді.
Хиуа ханы Толыбайдың жолдастарымен бірге құрметпен қарсы алады. Қырық адамды бірнеше күн қонақ етіп, бұйымын сұрайды. Хан өздерінің де бейбітшілікті қалайтынын айтып, алған малдарын жинастыруға рұқсат сұрайды.
Хан айтқан сөзінде тұрып, малды түгел қайтарады. Осында бірнеше күн жатқанда Толыбай батырға ханның қызы қатты ұнайды. Батыр ханға қызына ғашық болғанын біреу арқылы жеткізеді. Хан қыздың анасы арқылы оның ойын біледі. Қыздың батырды ұнатқанын білген соң, хан отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, мол жасаумен қызын ұзатады.
Толыбай батыр осы барған сапарында малымен қоса ханның қызын да алып қайтып, екі елді табыстырады.
Толыбай батырдың қайын жұрты, оның жаужүрек ұлдары Ерболат, Тасболаттардың нағашысы Хиуа ханы болған. Ал Ерболат батыр әулиенің жауынгерлік рухы Асау Барақтан кем соқпаған.
Енді Толыбай батырдың шыққан тегі кім, соған келейік.
Ол Әлімнің екінші баласы Қарамашақтың Жаншұқырынан тарайды. Жаншұқырдан бірнеше ұрпақ таратылып барып, Қасым (Қаркісе), Торым (Сексен), Қойлыбай деген үш бала туады. Сол Торымнан (Сексеннен) Айт, Қожас (Тайжер), Кенжес, ырыскелді (Қызыл) дүниеге келеді. Осы Кенжестен: Айдаралы, Құл, ұлықпан, Қашан, Тұғыр тарайды. Қашанның жеті баласының үлкені — Жақсылық, одан кейінгісі — Жарас. Міне, осы Жарастан Толыбай батыр туады.
Оқуға кеңес береміз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі