Сол кездегі қазақтың батырларымен бірге Сәмен де балаларын, інілерін ілестіріп, қалмақтармен соғысуға кеткенде, Байсеркені елдегі аз ғана шаруаның қисынына бола ауылда қалдырып, «сол тіршіліктерді бітірген соң келерсің» деп тастап кетеді. Әке тапсырмасына орай ел арасындағы тіршіліктерін тындырған соң, негізгі сарбаздарға қосылу үшін екі жолдасымен Байсерке жолға шығады.
Жиренайғыр өзенінің төменгі жағындағы Тасөткелге жақындағанда, алдарынан бір шаршап-шалдыққан, аштықтан әбден әлсіреген бір кемпірге жолығады. Байсеркелер аттарынан түсіп, үлкен кісіден жөн сұрайды. Кемпірдің айтқаны мынау болады: «Ауылдың ер-азаматтары соғысқа кеткенде, оншақты қалмақ келіп, аулын шауып, кемпір-шалдарды, қыз-келіншектерді байлап-матап, малдарды жинап алып, адамдарды ұрып-соғып, жөнсіз әбден басынады. Олардың еркінсігендері сонша, қарсы сөз айтқан бір шалдың жон терісін кесіп алып, етіктерін майлапты. Енді өткелден адамдардан тірі көпір жасап, аяқтарын суға тигізбей өту үшін әрекеттеніп жатқан көрінеді».
Байсерке кемпірді атқа мінгізіп, ауыл шетіне жеткен соң, өздері жасырынып, өткел басына жақындап, «Сәмен! Сәмен!» деп ұрандап, сасып қалған қалмақтарға шабуылды бастап жібереді. Сасқалақтап қалған қалмақтар әуелгіде соғыса алмай қашқақтай бастайды. Байсерке осындай қолайлы сәтті пайдаланып, екі қалмақты қатар түйрейді. Жолдастары да қалыспайды. Шатырдан шыға қашқан біреуін Байсерке желкеден шоқпармен ұрып, құлатады. Қарсыласқан біреуін қасындағы екі жолдасы найзамен түйреп өлтіреді. Енді қалған төртеуі де қолға түседі. Жолдастары халықтың аяқ-қолдарын шешіп, бәрін босатады. Ауыл жұртының Байсерке батырға ризалығында есеп жоқ еді. Ол осылайша ел ішінде батыр атана бастайды.
Байсерке батыр бұдан кейін де әкесі, ағаларымен бірге талай соғысқа қатынасады. Солардың бірі Жоңғар тауындағы соғыс еді. Ертеңгі соғыс басталады деген түні Сәмен батыр шолғыншыларынан жаудың жасырын тобы бар екенін біледі. Соған орай Сәмен батыр ертеңгі соғыстың тәсілін өзгертудың қамын ойлай бастайды. Өйткені ертең қалмақтармен қоян-қолтық ұрыс жүргізіп жатқан сәтте сардарлардың ту сыртынан жасырын топ лап қойса, сарбаздар қоршауда қалуы мүмкін. оған жол бермеу үшін Жоламан мен Байсерке батырларды шақырып алып, жаудың жасырын тобын құртуды тапсырады. «Сендер келгенше өзім сарбаздармен бірге болып, қалмақтарға қарсы соғысты жүргізе тұрайын», — дейді. Арнайы тапсырма белгіленген соң сардарлар жүріп кетеді.
Түнделетіп жүрген сарбаздар таң атып, жер жүзіне жарық түскенде жолға шыққан жаудың жасырын тобына қарсы жолығады. «Біз жеңеміз!» деп кеуделеріне нан піскен қалмақтың батыры ат ойнатып, «жекпе-жек!» деп ортаға шығады. Оған қарсы Байсерке шығады.
Екеуі де қолдарындағы қаруларын бір-бірлеріне дарыта алмай, көпке дейін айқасады. Кезекті қарсы келгенде, Байсерке найзасын қалмақтың батырының қалқанының оң жағын ала найза ұстаған қолына дәлдейді. Найзаның ұшы қолына тигенде, қалмақ батырының найзасы түсіп кетеді. Қалмақтың батыры қарсы алдына қараса, қаптаған қазақтың сарбаздарын көреді. Ол атын тез бұрып, найзасына жеткенше Байсерке бұрынырақ қимылдап, қалмақ батырының кеудесіне найзасын қадап, суырып алғанда, қалмақ шалажансар болып, жерге құлап түседі. Осыны күтіп тұрған қазақтың сарбаздары екі жақтан шабуылдап, қалмақтарды қоршап алады. Қоршауға түскеннен кейін көп қарсылық көрсете алмайды. Қашқаны қашып, қалғандары найза, қылышқа түсіп, ойсырай жеңіледі. Жоламан мен Байсерке он шақты сарбаздарын ұрыс даласында қалған нәрселерді жинастыруды тапсырып, өздері шұғыл Сәмендерге келеді. Бұлар келгенде қоршауда қалған Сәмен батырды Долаңқара жаралап үлгерген екен. Қалмақтардың ту сыртынан Жоламан мен Байсеркенің сарбаздары лап қояды. Ызаға булыққан сарбаздар жойқын соғыс жүргізіп, қалмақтарды қырып салады. Бұл соғыстан кейін де қазақтар көп жыл бойы аттарын, сауыт-саймандарын дайын ұстап, жаугершілік тірлік кешеді. Ел іші тыныштала бастағанымен, қалмақтар шабуылының алдын алу үшін Текебай батырды сарбаздарымен Кербұлаққа қалдырады. Байсерке батыр сарбаздарды Алатау мен Іле өзенінің ортасына орналастырады. Кейін бұл жер Байсерке ауылының қонысына айналады.
Оқуға кеңес береміз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі