Өлең, жыр, ақындар

Жәңгір тойында

Жәңгір хан бір заман сүндет той жасайтын болып, Ыбырай бұрын өзінің қоян қолтық адамдарына повестьке таратады «палуанын, атын жаратсын» деп. «Алдымыздағы июльдің басында келіңіз», — дейді. Той басқарушы үш адам сайлайды. Біріншісі — Бекбенбет би, екіншісі — Балқы би, үшіншісі — Шомбал би. Екіге бөліп, үй тігеді. Көпшеленген арнаулы шақырған адамдарына, азшалаған шақырусыз келушілерге арасы алшақ тігіледі. Байлар атын күні бұрын жарата бастайды.

Бір шеркеш Бейімбет ата нәсілінен Тәжі деген кедей адам төрелер ауылында күпшек тігетін өнерменен кәсіп етіп, қатын-баласын напқаландырып жүреді. Бұның да астында аяқ артар жүйрік аты бар екен. Соны Тәжі бәйгеге қоспақ болады. Сөйтіп, атын жарата береді, той болады, қызық тамаша бір-екі күнге созылады. Үш күн үйден жүрісіп, тойды басқарушылар бәйгі аттарды қатар тұрғызып байқайды. Баяғы бөлек тігілген үйге бармапты. Олар да ат болар деп те ойламапты.

Тәжі бір жанынан көп атқа барысып қосыла кетеді, жазуға кіргізу дегенді білмейді. Бір-екі адам бас болып Сайқынға жақындап барып, аттарын қатар қойып қосып жібереді.

Жәңгір де өзінің Көкмойнағын қосады. Қарақшыға баяғы Тәжінің қара қасқа аты келеді, артынан жалғаса қашығырақ ханның Көкмойнағы келеді. Тәжі атын қыдыртып айналып қалады. Тәжінің анық танитыны Бекменбет би.

— Ақкөке атымның бәйгесі қайда, кім береді? — дейді. Бекмембет:

— Өй-өй, шырағым-ай, саған бәйгі тимей қалды, тізімде жоқсын, сені көтермеші болар деп, комиссиялар бәйгіні ханға беріп жіберді. «Бәйгіні хан алып ата ұлына үлестіріп жібереді, — дейді. Тәжі:

— Енді қайттім? — деп жылап жібереді.

Бекмембет:

— Анау шетте тұрған Исатай, Махамбет соларға бар да, жылап қоя бер, алса, солар алады, енді менің қолымнан келмейді, — деп, жұмсап жібереді.

Тәжі Исатай мен Махамбетке барып жылап қоя береді.

— Я, кімсің? — деп сұрайды Исатай.

— Шеркеш, атым — Тәжі, атымның бәйгесін ала алмай сізге келдім. Жаңағы озып келген менің атым еді, тойбасшылар мені көтермешіге санап, ат бәйгесін ханға беріп, хан бәйгені үлестіріп жіберіпті, соған сізге келдім, бір мархабат жасай ма, — деп. «иә сені маған жұмсаған қақбасың-ау, қайда?» — деп бәле қылады.

Исатай: «Анау қос күрең ат жегіп үйіне қарай кетіп баратқан Жәңгір, шауып бар да, алдына тұра қал, мен де сөзім аяқтап барармын», — дейді. Исатай Махамбетке: «Сен айдаушыны тап және той басқарушыларды жиыстыр», — деп жұмсап жіберіп, өзі жортып ханға келіп ақырып қоя береді.

— Жәңгір, көзің көрді ғой, атың бір шақырым қалық келді, өз тойыңның бәйгесін өзің алып, соныменен атағыңды шығарғың келе ме? Неге бермейсің мына пақырдың атының бәйгесін? — деп ашу айтады. Жәңгір:

— Апыр-ай, Исатай, сен не болса соған кірісе бересің-ау! Мен қайдан білейін, комиссиялар ұйғарғасын алдым, алып үлестіріп жібердім. Мақсатың бәйге алу болса, ана желіде алпыс нар тайлақ бар, соның ішінен он тайлақты айдап алшы, — дейді. Исатай:

— Атасына нәлет, ол тайлағыңның! Аталған бәйгені аламын. Атыңның басын бұр, жүр ортаға! — дейді. Шара жоқ, ортаға барып тексеріп, тарап кеткен бәйге қайта жиылады. Тәжі бәрін қолына алады. Баяғы бәйгені бөлісіп алған билер, байлар қайтадан сауғалап Исатайға келеді.
Исатай ақырады:

— Осы пақырдың өмірінде бір алған бәйгесіне қарап тұр ма сендердің шаруаларың! — деп, Исатай Тәжіге ақырады:

— Әкет қатын-балаңа! — дейді. Тәжі жөнеледі. Сарқыт сұраушылар аузын ашып қалады.

Бұл оқиға да Жәңгірдің қатерінде қала береді. Сөйтіп, жыртыққа жамау болады.

Оқуға кеңес береміз:

Жылқының торысы көп пе, төбелі көп пе? (І нұсқа)

Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)

Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз