Ертеде бір кейуана болыпты. Ол аяғы ауыр әйелдердің босануына жәрдемдеседі екен. Әйелдер «қолы жеңіл» деп, оның алдына жиі келіпті.
Бір күні түн ортасында есігін біреу қағады. Кейуана есікті ашса, ешкім жоқ. Кемпір «қағыс естіген шығармын» деп, қайта жатады. Осы жағдай екі рет қайталанады. Үшінші рет есікті ашқанда ақбоз атты кісіні көреді. Реңі бөлек, жергілікті тұрғындарға ұқсамайтын адам екен.
— Бір келініміз босана алмай жатыр, соған жәрдем берсеңіз, — дейді ол.
Кемпір келісіп жолға шығады.
— Апа, көзіңізді тарс жұмыңыз, біз айтқанша ашпаңыз, әйтпесе майып боласыз, — дейді. Кемпір көзін жұмып отырады. Жолда гүрсілдеген, салдырлаған оқыс дыбыстардан қорқып, зәресі ұшып отырады. Бір жерге жеткенде:
— Апа, көзіңізді ашыңыз, — дейді әлгі адам. Қараса бір үйге келіпті. Төрде бір жас келіншек босана алмай қиналып жатыр екен. Кемпір бірден іске кірісіп аман-есен босандырып алады. Нәрестенің кіндігін кесіп:
— Баланы шомылдыратын су әкеліңдер, — дейді. Өзін ертіп әкелген кісі: «Қазір», — дейді де біраз уақыттан соң су емес сүт әкеледі. Баланы шомылдырып қараса, шара көршісінің сүт құятын ыдысына ұқсайды екен. Кемпір секем алып қалады. Басқаларға білдірмей, сақинасын сүтке салып жібереді. Бәрі біткен соң олар баланы шомылдырған сүт пен ыдысты қайтадан алып кетеді. Үй иелері кемпірге мол сыйлық беріп, үйіне әкеліп тастайды.
Кемпір таң ата салысымен шараны тексеру үшін көршісінің үйіне барады. Әлгі ыдыс көзіне оттай басылады. Ішінде сүт тұр екен. Сүтті сүзіп сақинасын тауып алады. Сол кезде түндегі бейтаныс адамдардың жын екенін түсінеді.
Көршісіне болған жағдайды баяндап, сүтке жын баласының шомылғанын айтады да, сүтті адам аяғы баспайтын жерге төктіріп тастайды.
Көршінің келіні бұрыннан салақ еді. Ырым-тыйым талаптарға жеңіл қарайтын. Майлықтары, жаулықтары айлап-апталап жуылмайтын еді. Кешкі астан соң ыдыстарын жууға ерініп жата салатын. Үйдегі ас-ауқаттың бетін бүркеп жабуға да ерінетін. Сол күні сүттің де бетін жаппастан жатып қалыпты. Оның ашық-шашық ыдыстарын жын-жыпырлар жалап кетеді екен. Соның кесірінен үйінің берекесі қашып, отағасы еселеп мал тапса да, бақуатты өмір сүрмейтін. Осыған байланысты ел ішінде түнге қарай сүт пен суды, ас-ауқатты ашық тастамау, ыдыс-аяқты жуып жату туралы ырым-талаптар көбейген екен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі