Өлең, жыр, ақындар

Ауылдағы құран

Кеңес өкіметі кезінде бір ауылда бір-ақ Құран болды десек, артық айтқандық болмас. Оның өзі не молданың, не ата-бабасы діндар болған адамдардың үйінде ғана бар еді. Сондай бір кезеңде, мұсылман елінің бір ғалымы Боснияға барған екен. Сол жерде бір жаназаға қатысады. Марқұмды жерлеп жатқанда, қабірінен сондай бір керемет мисктің иісі шығады. Әлгі ғалым адам марқұмның отбасын іздеп барады. Ғалым жұбайынан: «Еріңіз қандай адам еді? Ол кісіні қабіріне қойғанда, ерекше бір мисктің иісі шықты. Соның себебін айтып беріңізші», — деп өтінеді. Жұбайы: «Қожайыным ондай оқыған адам емес. Бірақ, бес уақыт намазын оқып, жаман сөз айту, жамандық жасауды білмейтін жан еді. Біздің ауылда бір-ақ Құран бар болатын. Бұл кітап кезек-кезек ауылдағы әр үйге бір күнге ғана берілетін. Отағасы өзінің кезегі жарты жылда бір келгенде, қатты қуанып, барлық ынта-жігерімен дайындалатын. Бейне бір өзіне «джип» машинасын сыйлағанда, қуанған адамдай қуанатын. Құран үйге келер алдында ғұсыл құйынып, ең жақсы киімдерін киіп, хош иісті себінетін. Кәлам-шариф қолына тигенде, сүйіп, маңдайына тигізетін.

Одан кейін, өзі Құран оқи алмаса да, әр бетін ашып, сипап, құшақтап сүйіп: «Мынау менің Раббымның сөзі», — деп, таң атқанша отыратын. Міне, осындай ғана амалы бар болатын», — деп жауап беріпті. Әлгі ғалым: «Абдуллаһ бин Масғұдтан (радиаллаһу анһ) жеткен хадисте Пайғамбарымыздың Мұхаммед (алейһиссалам): «Кімде-кім Аллаһу та’аланы қаншалықты жақсы көретінін білгісі келсе, Құранмен арадағы қарым-қатынасына қарасын», — деген еді. Сіздің жолдасыңыз Құранды құрмет еткені үшін осы дәрежеге жеткен екен», — депті.

Қуат Қабдолда


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз