Өлең, жыр, ақындар

Тиімді әрі салиқалы сыртқы саясат

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» тақырыбымен берілген сұхбатын зор қызығушылықпен оқып шықтым. Еліміздің бүгінгі өмірінің және келешектегі дамуының қоғамды толғандырған көптеген мәселелері бойынша терең әрі айқын да анық жауап беріліп, іргелі ой-пікірлер айтылған екен. Елдегі соңғы жылдары жүргізіліп жатқан саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалардың мәні мен қойылып отырған мақсат, міндеттермен қатар сыртқы саясат және халықаралық қатынастар мәселелері ауқымды қамтылыпты. Сондықтан осы мәселеге назар аударуды жөн көрдік.

Өткен жылға көз жүгіртсек, әлемде және тарихта бұрын-соңды болмаған өзгерістер орын алып, геосаяси қайшылықтар күшейіп, антиглобализм толқыны күшейіп, жаһандық экономиканы қалпына келтіру әлсіз қарқынмен жүріп жатыр. Сонымен қатар, байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық күн сайын кеңейіп, климаттық және энергетикалық дағдарыстар бір-бірінің үстіне қонып, адамзат көптеген қиындықтар мен сынақтарға тап болуда. Сонымен бірге, бейбітшілік, даму, ынтымақтастық және өзара тиімді ұтысқа жетудің тарихи үрдісін тоқтату мүмкін емес, әлемдік қоғамдастық өзара құрметке, әділеттілікке және өзара тиімді  ынтымақтастыққа негізделген халықаралық қатынастардың жаңа түріне үлкен үміт артады. «Адамзаттың тағдыры ортақ қауымдастық» тұжырымдамасы барған сайын адамдардың жүрегінен орын ала бастады.

Шынында да өткен жылы сыртқы саясат саласында ауқымды жұмыстар атқарылды. Қазақстан түрлі саммитттер мен форумдарда өз ұстанымын барынша салмақты жеткізе білді. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев әлемдік деңгейдегі көшбасшылармен көптеген кездесулер өткізді. Әсіресе, өңірлік «С5+» үлгісіндегі басқосулардың маңызы арта түсті. Президенттің пайымдауы бойынша Орталық Азия геосаяси ахуалға қатысты өз пайымы бар әрі қарқынды дамып жатқан аймақ. Бүгінде бұл өңір сауда, инвес­тиция, бизнес, инновация үшін жаңа мүмкіндіктер орны болып отыр. Сол себепті әлем елдері Орталық Азияға айрықша назар аударуда. «С5+» үлгісі маңызды диалог алаңына айналды.

Мұның бәріне ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың әлемдік дипломатиядағы абырой-беделі де белгілі бір дәрежеде ықпал еткені анық. Кейінгі жылдары халықаралық жиындарда климаттың өзгеруі, азық-түлік тапшылығы және энергетикалық қауіпсіздік сияқты барлық елдерге ортақ мәселелер талқылануда, Қазақстан бұл мәселелерді талқылауға белсене қатысып қана қоймай сонымен қатар өзінің нақты ұсыныстарын көтеріп, бірқатар бастамалар жасады. 2024 жылы еліміз өңірлік және халықаралық деңгейдегі бірқатар ықпалды ұйымдар мен бірлестіктерге төрағалық етеді.

Қазақстан тиімді әрі салиқалы сыртқы саясат жүргізу арқылы өзінің ұлттық мүддесін қорғап, стратегиялық міндеттерін орындап келеді. Біздің басты мақсатымыз – еліміздің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтау. Сонымен қатар, Қазақстан азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, экономикамыздың орнықты дамуына барынша қолайлы жағдай жасау. Бүгінгі күрделі геосаяси жағдайда бізге шетелдік серіктестеріміздің бәрімен, әсіресе, көрші мемлекеттермен өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту маңызды.

Қазақстанның сыртқы саясатында аумақтық басымдықтар айқындалған. Соның ішінде біздің еліміз үшін көрші екі алып мемлекетпен қарым-қатынастың маңызы зор. Ресей мен Қазақстан арасында өте жоғары деңгейде қарым-қатынас орнаған. «Ресей Қазақстанның негізгі серіктесі әрі одақтасы екені баршаға аян. Екі ел арасында 300-ден астам шарт пен келісім жасалған. Жоғары деңгейдегі саяси диалог қарқынды дамып келеді. Біз көпжақты құрылымдар аясында, сондай-ақ өңірлік тұрақтылық пен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында ықпалдаса әрекет етеміз», деді Президент өз сұхбатында. Ресей Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Екі елдің тауар айналымы 2023 жылдың бастапқы 10 айында 21,4 миллиард доллар болды. Біздің шекарамыз құрлықтағы ең ұзын шекара саналады. Ғылым-білім және мәдени-гуманитарлық саладағы қарым-қатынасты нығайтуға айрықша мән беріледі.

Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасы достық, тату көршілік және мәңгілік стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамып келеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы республикалық «Егемен қазақстан» газетінде жарияланған сұхбатында айтты. Бүгінде қазақ-қытай қатынастары көпке үлгі болып отыр. Екі елдің өзара тауар айналымы жыл санап артып келе жатыр. Өзара тауар айналымының көлемі 2023 жылдың 10 айдағы қорытындысы бойынша 24,3 миллиард долларға жетті. Бұл – жаңа рекордтық көрсеткіш. Қытай бұрыннан Қазақстан экономикасына мол қаржы құйған ірі инвесторлардың қатарына кіреді. Осы уақытқа дейін ҚХР елімізге 24 млрд доллар инвестиция салды. Қазақстан Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын толығымен қолдайды.

Сондықтан көпвекторлы сыртқы саясат бағытын ұстай отырып, Солтүстіктегі және шығыстағы көршімен тату болып, ынтымақтықты байланыс орнату еліміз үшін аса маңызды.

Сонымен қатар, Қазақстан саяси және экономикалық реформаларды белсенді түрде ілгерілетуде, Қазақстан жаңа экономикалық саясатын толық жүзеге асыруда, индустриялық жүйенің дамуын жеделдетуде, заманауи ауыл шаруашылығын құруға назар аударуда, ғылыми-техникалық инновацияларды белсенді түрде ілгерілетуде және 2029 жылға қарай Қазақстанның жалпы ішкі өнімін екі есе ұлғайту жөніндегі өршіл мақсатқа қол жеткізу жолындағы іс-шаралар мен жұмыстар жүргізілуде.

Сабырхан СМАҒҰЛОВ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар