Өлең, жыр, ақындар

Құстар біздің досымыз

Сахна тақырыпқа сай безендірілген. Көктемнің алғашқы қонақтары құстардың келуін, жапырақтардың бүр жаруын бейнелейтін көркемдеуді әр мұғалім, тәрбиеші өз қалауынша таңдап алады.

Жүргізуші:
Ойын қандай көктемде, жаз да қызық,
Құйылар көңілдерге наз – тамызық.
Арқырайды өзендер бар даусымен,
Құстар келер аспаннан саз тамызып.

Қандай әйбат табиғат алақаны,
Көк шүйгін, жұпар иіс, бал атады.
Құс үнімегн жабылар түн құшағы
Құс үнімен атады дала таңы. –

дегендей, көктемеде елге оралған құстар легін қарсы алайық.

Құстар жайлы ән орындалады. Маңдайларына құстардың атын жазып алған балалар ортаға кезекпен шығады.

Жүргізуші:
Балалар, құстар біздің досымыз. Олар үй құстары және дала құстары болып екіге бөлінеді. Қане, балалар, айтыңдаршы, үй құстарына қандай құстар жатады?

Балалар жауап бере бастайды.

Жүргізуші:
Ал, дала құстарына қандай құстар жатады? Қане, кім айтады?

Балалар жабайы құстарды атай бастайды. Ендеше, балалар, құстар туралы аңыздарға кезек берелік.

Жүргізуші құстар туралы аңыздарды оқи бастайды:

– Ашаршылық жылдары бір бүркіт бір ауылды асырапты. Бүркіт балыққа да түскен.

– Бағзы бір заманда ауылды жау шапқан кезде ел үдере көшіп кетеді де, бір кемпір мен шал жұртта қалып қояды. Себебі шаңырағына қарлығаш ұялаған екен. Олар балапандардың қанаты қатайып, қауырсыны жетілгенше отырамыз деп ұйғарады. Ауылға баса көктеп кірген жаудың бір батыры шаңырақтағы қарлығаштың ұясын көріп, «Бұл қайырымды ел екен!» деп, елді шаптырмайды.

– Бір жылдары Өскемен жерінде жер сілкінгенде, тек қарлығаштар ұя салған үйлер ғана аман қалыпты.

– Қорқыт бабамыз алғашқы қобызын қарағайдан ойып шапқанда, аққуды көзіне елестетіп отырыпты деген сөз бар. Күй тартқанда, қобыздың кейде аққуша сұңқылдайтыны содан болса керек.

– Жаугершілік заманда кептерлер «пошташы құстар» деп аталған.

Жүргізуші:
Ал, енді, балалар, құстар туралы өлеңдер оқысақ қайтеді! Қане, кім өлең оқиды?

1 – бала:
ҚОҚИҚАЗ

Жемін теріп, үнемі
Көл жағалап жүреді.
Қызыл бауыр,
Тік сирақ
Бұл құсты кім біледі?..

Бір аяқпен тұрып та,
Дем алады ол ымыртта.
Бір қызығы:
Қоразы
Басады екен жұмыртқа!

2 – бала:
ЖАРҚАНАТ

Кейде түнде ісі өнбей,
Күні бойы болады аш,
Суға келіп түсердей
Жүреді ылғи жалаңаш.

Таң алдында, шынында,
Сабылады жер қарап.
Күндіз ұшып шығуға
Ұялады ау жарқанат

3 – бала:
ТОҚЫЛДАҚ

Құрттың іздеп түр-түрін,
Таппайды ол бір тыным.
Күн ұзаққа тұмсығын
Аямайды шіркінің.

Жандай-ақ ол кінәлы
Жақын келсең, бұғады.
Бейне орманда морземен
Хабар беріп тұрады.

4 – бала
ШЫРША ТОРҒАЙ

Аяз болсын күн мейлі,
Ол тоңуды білмейді.
Жұмыртқасын басады,
Босқа ұшып жүрмейді.

5 – бала:
ПИКАПАРА – ҚАЛТАЛЫ ҚҰС

Балапанын қалтасына салады,
Самғай ұшып, жиі қанат қағады.
Пикапара - өзгеше үнді қызық құс,
Ыстықтаса суға сүңгіп алады.

6 – бала:
ТОҚЫЛДАҚ

Тоқылдаттың ағашты,
Үнің қырдан әрі асты.
Саған құлақ тосты маң,
Үрікпеді ешбір аң.

7 – бала:
ҮЙРЕК

Үйрек суға сүңгіді,
Балдырларды үңгіді.
Шықты басын нық бұлғап,
Үсті бірақ құп – құрғақ.

8 – бала:
ТҮЙЕҚҰС

Қап – қара боп табаны,
Жүгіруге көндіккен.
Құстай – ақ бір жаралы,
Ұша алмайды ол тіптен.

Қойылған деп дәл аты
Жұрт таң қалып қарайды.
Жүгіргенде қанаты
Өзін өзі сабайды!

«Тоқылдақ» әні орындалады.

ТОҚЫЛДАҚ
Сөзі мен әні: К.Ыбрайұлынікі.

Құрттың іздеп түр-түрін,
Таппайды ол бір тыным.
Күн ұзаққа тұмсығын
Аямайды шіркінің.

Жандай-ақ ол кінәлы
Жақын келсең, бұғады.
Бейне орманда морземен
Хабар беріп тұрады.

Жүргізуші:
Ал, енді, балалар, құстарға байланысты жұмбақтар шешейік! Жүргізушінің өзі жұмбақтарды оқи бастайды:

Бір құс бар денесін
Кәдімгі май басқан.
Туғанда жүгіріп,
Есейіп тәй басқан.
(Қаз)

Бантигі бар басында,
Бір құс жүр қасында.
(Тауық)

Құралсыз үй тұрғыздым.
(Ұя)

Тұмсығы – балға, Ілініп тұр талда.
(Тоқылдақ)

Дауылда тауық бола ма?
(Дауылда тауық болады)

Жүргізуші:
Балалар, біздің құс достарымыз адамдарға, қоршаған ортаға қандай пайда келтіреді?

Балалар жауап бере бастайды.

– егінді құрттардан, шегірткелерден қорғайды.

– ағаштардағы зиянды құрт-құмырсқаларды теріп жейді..

– адамдар бүркіт, ителгі, қаршыға сияқты жыртқыш құстарды баптап, аң аулап, күнелткен.

Жүргізуші: Жыртқыш құстар немен қоректенеді?

Балалар сұрақтарға жауан береді.

Жүргізуші: Балалар, енді «Қораз» ойынын ойнайық. Жүргізуші ойынның шартын түсіндіреді.

Ойынның шарты: Диаметрі 2 метр шеңбер сызылып, екі бала бір аяқпен тұрып, иықтарымен қағып, бір-бірін сызық сыртына шығарады.

Жеңген бала шеңбер ішінде қалады. Ойын осылай жалғаса береді.

Жүргізуші:
Балалар, енді құстар туралы өтірік өлеңдер оқылық!

1 – бала:
Түріндім де жеңімді,
Іс істедім сенімді.
Айдарымен қораздың
Араладым темірді.

2 – бала:
Күнгейінен қыраттың,
Таңдап тұрып шіл аттым.
Бір оғым да дарымай,
Түкірікпен сұлаттым.

3 – бала:
Сәулені үрлеп сиреттім,
Түнді жіппен сүйреттім.
Көлдің бетін жаптым мен
Қанатымен үйректің.

4 – бала:
Қиналдым да үш апта,
Вагон арттым тұсаққа.
Бүркіттің мен қанатын,
Салып бердім ұшаққа.

5 – бала:
Ойландым да азырақ,
(Кетпесе екен шашырап)
Пайдаландым тенниске
Тауық жұмыртқасын ап.

6 – бала:
Қыс ішінде қырық күн,
Жарқынатты қырықтым.
Жүні көп-ау, шіркіннің,
Ұйықтамастан жүріппін.

«Балапан» әні орындалады.

БАЛАПАН
Сөзі мен әні: К.Ыбрайұлынікі.

Айтқаныма көне ғой,
Жем берейін,
Келе ғой.
Тары шашам,
Жүгіріп,
Соңымнан сен ере ғой.

Балапансың - баласың,
Тез алданып қаласың:
Бұршақ жауса,
Дән бе деп,
Шоқып-шоқып аласың!..

Жүргізуші: Балалар, енді құстар туралы жаңылтпаштар айталық.

«Қысқашты, құс басты, үш басшы»
Деген ұйқас жақсы ма,
Әлде
«Құс басты, үш басшы, түс жақсы»
Деген ұйқас жақсы ма?

*  *  *

Аласа бала ала алашаны қағып тұрып,
Ала шағалаға қарады.

*  *  *

Қысқыш жүзгіш, ұшқыш құс.

*  *  *

Бүркітті бір түкті аң үркітті.

Жүргізуші: Балалар, енді Ақан сері атамыздың «Қара торғай» әнін тыңдалық.

Ақан серінің «Қара торғай» әні орындалады.

Жүргізуші: Ән тыңдап болдық. Енді, балалар, «Ұйқасын тап!» ойынын ойнап көрелік.

Жүргізуші ойынның шартымен түсіндіреді.

Ойынның шарты: Өлеңнің екі жолы оқылады. Соңғы жолының ұйқасы құс атауы болып келуі керек. Ұқтық па? Ал, ендеше, бастаймыз.

Әнім, жырым арналар,
Торғай, кептер, ...
(қарғалар)

*    *    *

Баламын мен өте епті, Ұстап алдым ...
(көкекті)

*    *    *

Қуанатын күн бүгін, Сайрап кетті ...
(бұлбұлым)

*    *    *

Кетті аңдар үркіп, Қонған кезде ...
(бүркіт)

*    *    *

Ән шырқайық гәкку деп, Қонсын көлге ... кеп.
(аққу)

*    *    *

Күй тартып Бек билетті, Көлге қонған ...
(үйректі)

*    *    *

Берген жемін тауысты, Әкетіңдер ...
(тауысты)

Жүргізуші: Балалар, мына қағаздар құстардың ұясын жасауға дайындалып қойылған. Қане, кім оңай құрастырар екен?

Балалар ұяны құрастыруға құлшына кіріседі. Олардың жұмысы бағаланады. Ортаға екі «көгершін бала» шығады.\

«Көгершін балалар»:
Көңілдерге жаттаңдар,
Дәйім бізді мақтаңдар!
Адамдармен доспыз біз,
Құс баласын сақтаңдар! –

Біз бүкіл жер шарын аралауға кетіп барамыз. Біздің тілегіміз – Жер бетінде бейбітшілік болса екен, адамзат ұрпағы өркендей берсе екен! Балалар! Сендердің әндерің шырқалған сайын біз неғұрлым биікке самғаймыз! Ал, қош сау болыңдар!

«Көгершін балалар» қанаттарын қағып, шығып кетеді.

А. Жұбановтың «Ақ көгершін» әні шырқалады.

Жүргізуші:
Көңілдер де кетті, міне, шарықтап,
Барады олар күн астына бағыттап.
Көгершіндер бейбітшілік символы,
Көгершіндер ұшсын биік қалықтап.

Осымен «Құстар біздің досымыз!» атты тәрбие сағатымыз өз мәресіне жетті. Қош, сау болыңыздар!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз