Индонезия елінің Горонтало шаһарында пайда болған бес саудагер жайындағы әңгімені ең әуелі қала базарындағы сатушылар естіп білді. Әр тұтынушыны түстеп танитын сатушылардың аңдыған-баққандары сол емес пе?
Сөредегі дүниесін асыра мақтап, қайтсе де ылдым-жылдым өткізіп жіберуге әбден дағдыланған, адамдарды алдап-сулап баюдың жолына шырақ алып түскен олардың бойын іштарлық, қызғаныш сынды қызылкөз нәпсі жайлағалы қа-ша-ан?!
Байқайды, жаңадан келген саудагерлердің азық-түліктері мен жеміс-жидектері табан астында өтіп кетеді. Қалалықтардың тіпті үйме-жүйме болып, кезекке тұрып жатқандарын көрмейсіз бе?
— Бұл нендей сиқыр, япыр-ау?! Бөтен елдің бөгде жандары жұрттың басын айналдырып, дуалап қойғаннан сау ма, өзі?…
— Затымыз өтпейтін болды…
— Аналарға тыйым салу керек…
— Басынуларын…
— Үндемеген сайын үдетіп барады…
— Тегін кісілер емес, сірә! — деп шуылдасты жергілікті сатушы-саудагерлер. Қолдары жүрмеді. Заттары өтпеді. Бұл қырсықтың келімсек саудагерлерден келгенін сезген сайын ашу-ызалары бұрқ етті. Нәпсі-қызғаныштары шыдатпай бас көтеріп әрекет жасауға құмбыл кірісті.
— Табандарыңды тайдырыңдар!
— Қайдан келсеңдер, сонда жөнеліңдер!
— Оңдырмаймыз! — деп қоқан-лоқы көрсетті қала саудагерлері.
— Неге кетулері тиіс?!
— Саудалары адал…
— Сендерге ұқсап таразыдан жемейді…
— Момын жандар, — деп қала жұртшылығы шыр-пыры шыға адал қарапайым, кішіпейіл, жуас жат жұрттықтарды қорғады.
Дау-дамай ұрыс-жанжал соңы жұдырықтасуға жетіп, төбелеске ұласты да, жергілікті саудагерлер жат жұрттықтарды соққыға жықты.
Арашаға келген қазы бес саудагердің басшысы Бахриддинді сұраққа тартты.
— Қайдан жүрген жансыңдар? Кімсіңдер?
— Біз мұсылманбыз. Алланың нәсібімен келіп қалған жайымыз бар…
— Мүләйімсуін қараңыз… Қуланғылары келеді… Арам… — деді қала саудагерлері айқайлап.
Қазы қолын көтеріп шуылдақ жерлестерін тоқтатты.
— Тыныш жұртты неге сонша дүрліктірдіңіздер?
— Біз емес шырқ бұзған, — деді бөгде жандар бір ауыздан. — Жазығымыз жоқ секілді… Неге бізді соққыға жықты?!
— Менің де білмегім осы, — деді қазы сабыр сақтап. — Бахриддин әпендім, шыныңызды айтыңыз? Естуімше, сіздердің саудаларыңыз жүріп кетіпті. Қала жұртшылығы өз сатушыларынан зат алуды азайтыпты. Осы рас па?
— Өтірігі жоқ…
— Ендеше бәрін жасырмай жайып салыңыз. Жұртшылықты қалай қаратып алдыңыздыр? Нендей сыр бар?
— Онда ешқандай сыр да, сиқыр да жоқ. Біз хақ мұсылманбыз. Әуелі жаратушы Алланьң құлы, хазірет Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмбетіміз. Саудамыз адал. Таразыдан әсте жемейміз. Сатқан затымыздың бүлінгені, жарамсызы болса, жасырмай айтамыз. Ұнатпай кері қайтарса, қайтып аламыз. Кішіпейіл, қарапайым, елгезек болуға тырысамыз. Ылпылдатып-жылпылдатып, шапшаң өткізіп жіберуді мақсат етпейміз. Содан болар, біздің заттарымыз өтімді. Ал мұсылман үшін адал сауда жасау сауапқа жатады.
Бахриддиннің уәжді сөзіне тоқтаған қазы бөгде бес саудагерді қалада қалдыруға шешім қабылдайды. Кейіннен сол бес саудагер арқылы Горонтало шаһарында мұсылмандық кең тараған екен.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі