Өлең, жыр, ақындар

Дубровский (Қойылым)

І-сахна.

Автор:
​Ертеде Кирилл Петрович Троекуров пен Андрей Владимирович Дубровский деген екі бай дос болыпты. Троекуров — дәулеті асып-тасқан,​ бес жүз иті, жүздеген құл мен күңі,​ «Покровский» деген қыстағы бар, мақтаншақ тәкаппарлау адам екен.

«Кистенёвка» деген қыстағы, көптеген қызметшілері бар  Дубровский​ — керісінше ақылды,​ оқыған,​ адамға жаны ашығыш, жалғыз ұлын Петербургке оқуға жіберген,​ әйелі қайтыс болған, мерген аңшы болыпты.​

Бірде Троекуров үлкен жиын жасап,​ сол жиында мынадай оқиға орын алады.

(Сахнада Троекуров қызметшілеріне бұйрық беріп тұрады.)

Троекуров:

— Жылдам,​ қонақтарға жеміс апарыңдар! Аю тұрған қораға бір құлды кіргізіп, қорқытыңдар. Қонақтар қызық көрсін! Жендет қамшыгермен ойын көрсететін құлдарды дайындаңдар!

(Сахнаға майысып шыққан бір әйел, Троекуровке келіп былай дейді.)

Әйел:

— Барин, қонақтардың кестелеп тіккен портреттері дайын. Кестеші қыздар алып шыға берсін бе?!

Троекуров:

— Қонақтар жиналсын, өзім айтам!

Әйел:

— Дегеніңіз болсын қожайын! (Сахнадан кетеді. Осы кезде сахнаға Дубровский шығады. Оған құшақ жая қарсы жүрген Троекуров, амандасады.)

Троекуров:

— Андрюша, қайда жүрсің? Шақырмасам келмейсің?!

Андрей Дубровский:

— Амансың ба, Кирилл Петрович?! Тіршіліктен қол босамайды. Ұялғанымнан келдім, қымбаттым!
Троекуров:

— Түсінем барин! Бар шаруа өзіңе қарап тұр. Айтпақшы...  Володя қалай?! Жігіт болған шығар? Қаласаң екеуміз құда болайық? Оған не дейсің,  а?!

Менің Машам да бойжетті.. Володяның болашағы зор жігіт.

Андрей Дубровский:

— Ооо, жо-жоқ Кирилл Петрович! Сіз секілді бай адаммен, біз секілді орта дәулетті шаруа қалай құда болсын?! Сондықтан бұл ойыңызды құптай алмаймын!

Троекуров:

— Өзің біл досым! Маған құда табылар. Саған дұрыс орта, мендей құда табыла қоймас! (Кекесінмен мырс еткен Троекуров, өзге қонақтарды қарсы алуға теріс бұрылып кетеді. Сахнаға өзге де қонақтар шығып, барлығы қаз-қатар тұрады. Троекуров қонақтардың алдына шығып, ауланы таныстыра бастайды.)

Троекуров:

— Аса қымбатты сот, әкім, уезд басшылары! Шет елдік князьдар! Қадірменді мырзалар! Осы демалыс күндері менің үйімде армансыз тойлап,  аңға шығып,  қызық көрсін деп жинап отырмын бәріңізді. Аң демекші...  Аң аулайтын бес жүз асыл тұқымды иттеріме назар аударыңыздар!

1-қонақ:

— Ох-хо, қандай ірі тұқымды иттер?!

2-қонақ:

— Астарында мамық, жегендері қоян еті мен быламық. Тамаша!

3-қонақ:

Мынадай алтын сарайда тұрған иттердің арманы жоқ шығар?

Дубровский:

— Осынша жағдайды итке жасағанша, кедейлерге жасаса ғой? Біздің елде кедейлердің күні иттен де жаман. 

Ит бағушы Тимоша:

— Қымбатты Андрей Владимирович! Кедейлерді сөз ғып қайтесіз..?! Кедей, құл-құтандар түгілі, мұндай жағдай сізде де жоқ қой?!  Орта шаруа сіздің де күніңіз осы иттерден төмен емес пе?!(Қонақтар түгел қарқылдап күле бастайды. Дубровский ашуланып, қызарақтап Троекуровқа қарайды. Троекуров Тимошаның шашынан уыстап ұстап, өзіне ашуланып жақындатады да: «Жарайсың Тимоша! Сөз тапқанға қолқа жоқ!»- деп, арқасынан қағып мәз болып жібере салады. Бұған ашуланған Дубровский, тез-тез басып сахнадан шығып кетеді.)
Троекуров:

— Қадірменді қонақтар,  түскі астан кейін барлығыңызды аң аулауға шақырамын. Әй, қызметші! Дубровскийді шақыр, бізге жол көрсетеді.

Қызметші:

— Государь, Дубровский үйіне қайтып кетті..

Троекуров:

— Оған үйіне қайтуға кім рұқсат берді? Қане, менің алдыма дереу қайта келсін! Тамақ дайын деңдер!

(Екі қызметші соңынан жүгіріп кетіп, бір хатты алып қайта шығады.)

Қызметші:

— Аса мәртебелім...  Дубровский хат беріп жіберді...  Өзі ашулы. «Келмеймін»-деп,  кетіп қалды.

Троекуров ашуланып:

— Оқы хатты!

Қызметші хатты ашып оқи бастайды:

— Итшіңе жұрт алдында мені келемеждетіп қойып, әбден масқараладың Кирил Петрович! Егер ит бағушы Тимошаңды аяғыма жығып, кешірім сұратпасаң, қайтып келеді деп ойлама. Құлың түгілі,  сенің өз сөзіңді де көтере алмаймын. Мен сенің байлаудағы құлың емеспін!

Троекуров:

— Хах! Мына бейшараның ызасын-ай?! Енді жетпегені соның алдында иілуім қалып еді...?!  Тапқан екен ақымақты!  (Өзіне қарап тұрған қонақтарға бұрылып) Құрметті қонақтар, дастарханға қарай өтіңіздер. Барлығы сахнадан шығып кетіп жатады. Соңдарынан қарап тұрып)

Троекуров:

— Шабашкин, - деп шақырады. 

(Шабашкин қасына келіп, басын иеді)

Шабашкин:

Аса мәртебелім!  Менен не көмек?!

Троекуров:

— Жаңағы хатты естідің ғой?

Шабашкин:

— О, не дегеніңіз?! Қымбатты Кирилл Петрович! Қаласаңыз, Дубровскийдің үйі мен егіс алқаптарын, дүние-мүлкін тегіс сіздің басыңызға аударып берейін?! Тек...  Құжаттары қолға тисе болғаны..?

Троекуров:

— Құжат деймісің?! Құжаттары жоқ оның. Өртеніп кетті деген. 

Шабашкин: 

— Тамаша! Онда жалған куәгерлер жинап, оның мал-мүлкі түгел сізге тиесілі екендігін растайтын сот жиынын өткізейік?! Сосын көрейік оның қалай астамсығанын?!

(Жан-жағына қарап, ешкім көрмейтініне көзі жеткен Троекуров қалтасынан ақша алып, Шабашкиннің қалтасына салады.)

Троекуров:

— Мынау, алғашқы ауызбастырық! Тыңда Шабашкин. Егер осы істі соңына дейін жақсылап жеткізсең, алтынға шомылдырам!

Шабашкин:

— Кирилл Петрович! О не дегеніңіз?! Сіздің бұйрығыңыз маған заң! (Екеуі қол алысады. Көңілденген Троекуров Шабашкиннің арқасынан қағады.)

Троекуров:

— Қане заңгер! Дастарханға барайық?! (Шабашкин басын иіп, екеуі шығып кетеді.)

ІІ-сахна.

Сахнада стол, кресло. Дубровский қағаз жазып отыр. Сырттан қызметші кіріп:

— Андрей Владимирович!  Сотқа тағы да шақырту келді. Не деп айтайын?

Дубровский:

— Менің ата-бабамнан қалған жерде, олардың не атасының құны бар? Қане, барайыншы! Не айтар екен?! (Дубровский кетеді. Сахнаға Троекуров, сот, Шабашкин, тағы бір-екі адам шығады. Осы кезде Дубровский қайта келіп, сот басталады.)

Шабашкин:

— Құрметті мырзалар!  Бүгінгі сот отырысын «ашық» деп жариялаймын! Бүгінгі сотта қаралатын мәселе, Андрей Владимирович Дубровский мырзаның, егіс алқаптары мен дүние-мүлкіне қатысты болмақ. Көп жыл алдын, барин Кирилл Петрович Троекуров мырза, Дубровский мырзаға осы жер мен дүниелерді сыйға тартқан екен!  Екеуінің арасындағы кикілжіңге байланысты, аталмыш сыйды қайтарып алмақшы...! 
Дубровский орнынан атып тұрып:

— Жалған! Жалған! Троекуров маған ешқашан сыйлық жасаған емес. Бұл жер — менің ата-бабамның жері. Үйді де өзіміз салып алдық. Бұл барып тұрған қастандық. Озбырлық!

Шабашкин:

— Сабыр етіңіз Дубровский мырза!  Біз ешқашан жалған төрелік жасамаймыз! Егер жер мен дүниеңіз ата-бабаңыздыкі болса, әлбетте өзіңізге қалдырамыз. Куәгерлер, сіздер не дейсіздер?

1-куәгер:

— Тек шындық, шындықтан өзге сөзді айтпауға ант етемін! Осы Кисилевка қыстағы мен дүние-мүлік, түгел Троекуров мырзаға тиесілі! Сенбесеңіздер өзге куәгерлер айтсын!

2-куәгер:

— Мен де шындықтан өзге ешнәрсені айтпауға ант етемін! Бірінші куәгердің сөзіне толықтай қосыламын!
(Троекуров мәз болып, қуанып отырады. Дубровский ашуланып, өз-өзін ұстай алмай қалшылдап, тісін шықырлатып отырады.)

3-куәгер:

— Құрметті сот мырза! Жер де, үй де, тіпті қызметшілер де Троекуров мырзаға тиесілі. Осы кісінің сыйлығы болатын. Дубровский жалған айтады.

(Дубровский орнынан атып тұрып, куәгерлерді ұра бастайды. Барлығын жан-жаққа итеріп, көзі қанталап, айғай салып, Троекуровқа жүгіреді. Өзгелері жабылып ұстап, Дубровскийді шығарып жібереді.)

Шабашкин:

— Құттықтаймын Кирилл Петрович! Дубровский тәкаппар ғана емес, есі ауысқан адам екен ғой?! Халыққа айту керек, одан аулақ жүрсін.
Троекуров:

— Хе, Дубровский, Дубровский! Менімен жауласудың қандай екенін көрген боларсың?! Кім-кімге бас иетінін көрейік?! Менің жанымда ешкімнің паңдануына жол бермеймін. Ал, сен Шабашкин, жарадың! (Қалтасынан дорба шығарып, Шабашкинге береді. Шабашкин кетеді. Креслоға барып шалқайып отырған Троекуров, қарқылдап күліп, сосын көзін жұмады. Осы кезде сахнаға бір қызметші айқай салып жүгіріп жетеді.)

Қызметші:

— Барин, Барин. Государь! Дубровский қайтыс болды. Үйін алуға барған сот қызметкерлерін, қызметшілері түгел өртеп жіберіпті. Не істейміз... мырзам..?! (жыламсырап) Дубровскийдің ұлы келіпті. Барлығын бастап, бүлік шығарып жүрген сол екен. Бұзақылар барлығын тонап, қалада бүлік басталды!  Е, құдайым!  Өзің сақта, өзің қорға! (Қайтадан жүгіріп шығып кетеді. Орнынан атып тұрған Троекуров, жүрегін ұстап тұрып қалады.) 

Троекуров:

— Жеткен екен ғой күшік?! Кек алмақшы екен ғой менен. Келсін, келе ғойсын! Әкесінің артынан аттандырайын! Қызметші, атты даярла! Мен ол күшікті тайраңдатып қоймаймын. (Асығып киінген Троекуров, ашуланып шығып кетеді.)


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз