Тобықты Құнанбайдың әкесі Өскембайға ас береміз деп Қарқаралы әм Семей дуандарына қараған елдерге сауын айтты. Ағыбай ел-жұртпен танысам деп о да келді. Кенесарының Ағыбай батыры келді деген соң асқа жиналған халық «көреміз» деп Ағыбайды босатпады.
Ел егер болып аттар шабылмайтын болып, ат ұлдарына жол-жоба бәйгелерін беретін болды. Сонан соң балуан күрестірмек болды. Сол елде Көтен балуан деген бар екен.
Бұл Көтен балуан білектей жуан жас қайыңды екі басынан ұстап иіп қосады екен. Мұның баласы: «Мен әкемнен күштімін» деп айтқанын Көтен естіп, бір жауан қайыңды кесіп әкеп, екі басын иіп баласына: «Мұнаны қозғалтпай ұстай тұр, мен үйден жуан қайыс әкелейін», — деп баласына ұстаттырады. Өзі үйге кіріп, есіктен сығалап «не қылар екен?» деп бас бағып тұрды. Баласының қолын жазып қайың ашылып барады. Баласы әкесіне айғайлады: «тезінен әкел?» — деп. Көтен келгенше қайың балаға көнбей жазылып кетті. Көтен балуанның күші сондай болған адам.
— Күрестірмекке күтемін Ағыбайды? Халық ұйғарды. Ағыбай айтты:
— Ей, әлеумет халық! Мен күресіп ешкіммен көргенім жоқ, әгарда керек қылсаңыздар халықтың сағы сынбасын, ат үстінде тартысып қайратымды көрсетейін? Халық құп көріп ұйғарысты. Ағыбай немере інісі Шыңбайды жылқы аралатып, жуан белді бір ат алғызды. Шыңбай ерттеп жуан қыл шылбырмен ердің үстінен баурынан қатты тартқанда, ат жата қалды.
Қаракесек біріңғай, тобықты біріңғай екі жік болып отырды. Көтен балуанды үкелеп, құрметтеп төрт кісі алып шықты. Ағыбайды қаракесек болып сондай қадірлеп алып шығайын деп еді, Ағыбай: «Ешбір адам ермеңіздер? Алатаудың Кекілік кезеңінен де, үйсін Бөлтіріктен және қалмақтардан да Құдай сақтаған, бас аяғы бір тұтам көтен болмақ түгіл, ішек-қарын болса да, өзім барамын», — деп мінген атты қамшылай басып, жүре берді. Көтенге қарсы оң жақ жеңін сыбанып, тақымын қысып. Көтеннің тақымы ашылып, өңі қашып: «Мен ат үстінде тартысып көргенім жоқ, тартыса алмаймын», — деп аттан түсіп жаяу жүре берді. Бәйгені Ағыбайға берді. Ағыбай олжасын қаракесек ортасына салды.
Ағыбайдың шешесі Ақмола уезіне қараған тарақты деген рудан. Әкесі ер болған, онан туған Қасқымбай, Шөмішбай дегендер — бұлар өз заманында батыр болған. Ағыбайдың шешесінің сипаты: ұзын бойлы, жалпақ иықты, күшті қандай мықты жігіттерді екі қолынан ұстап қозғалтпайды екен, ат үстінен аударып алады.
Байы Олжабай өлгеннен кейін Ағыбай он екі-он үш жаста екеуі қалған. Бір түйе, бір зор күрең аты бар. Басқа мал жоқ. Күрең ат басқа адамдарды маңына жолатпайды. Алдына келсе, аузын ашып тістеймін деп ұмтылады, артына келсе, тебеді. Жалғыз-ақ бәйбішемен Ағыбайға ұстатады. Бәйбіше «берсе — жолынан, бермесе — қолынан» елден алып күн көреді. Қасым Абылай ханұлы мұны естіп, шақыртып алып: «Зорлығыңды қой, әйел басыңмен мұндай жұмысты екінші істеме? Әгарда істесең, менен жақсылық күтпе! Әгарда жоқ болсаң, біздің үйге араласып қазан-аяқ ұста», — деді. Сондағы айтқаны: «Мен сықылды әйел, Ағыбайдай бала, сенің қатын-қыздарыңның дәрет суын дайындап жүреміз бе?». Қасым ашуланып: «үйден шық!» — деп қуып жіберді.
Бәйбіше зорлығын қоймады. Бір күні Қасым күрең атты екі кісі жіберіп, ұрып жығып, ұстатып арқандатып қойды. Мұны бәйбіше көріп Қасымға келді:
— Ей, тақсыр төре! Жалғыз атымды беріңіз? Ағыбайда ер-жетер, о да бірдемеге жарар, ең болмаса ат ұстап беруге жарар, елді шауып, шәншіп алған малыңнан бөліп бермесең, жалғыз атымда нең бар? Қасымның бәйбішесі атын қайыртып бергізді. Қасым айтты:
— Арқандаулы тұр, жүгенсіз, ноқтасыз өзің ұстап ал, — деді. Сонда басындағы күндігін алып аттың қасына келіп, арқанды шешіп күндігін мойнына салып, ырғып мініп, желе жортып кетті. Сонда Қасым айтты: «Еркек болса, дұшманнан кек алып берер еді-ау! Әйел басымен елді жылатады, өз беті болмаса көнбейді».
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі