Өлең, жыр, ақындар

Эфир мәдениеті және журналист этикасы

Қазіргі бұқаралық ақпарат құралдары қоғамның мәдени құндылықтарын және моральдық нормаларын қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Әсіресе, теле - радио хабар тарату саласында эфир мәдениеті мен журналист этикасының маңызы зор. Тікелей эфирде шығатын бағдарламалар өткірлігімен және күтпеген жағдайларымен ерекшеленеді. Өйткені, тікелей трансляцияны өзгерту немесе өңдеу мүмкін емес. Мұндай бағдарламаның жүргізушісі тек өзінің сөздерін ғана емес, студиядағы қонақтардың да әңгімесін дұрыс бағыттай білу үшін нағыз журналистік батылдық пен жоғары кәсібилікке ие болуы керек. Тікелей эфирдің мәдениетін ұстанған журналист ақпараттың сапасын, аудиторияның сенімін және медиамәдениеттің деңгейін көтереді.

  Эфир мәдениеті ақпаратты дайындау және тарату кезінде кәсіби стандарттарды қадағалаумен анықталады. Ол келесі аспектілерді қамтиды:

​•​Тіл және сөйлеу мәнері. Жүргізушілер сауатты, түсінікті және сыпайы сөйлеуі тиіс. Бейәдеп сөздер мен дөрекі сөйлеуден аулақ болуы керек. Кішіпейілділік пен ізеттілік - жүргізушінің эфирдегі ең керемет қасиеттері.

​•​Объективтілік пен шынайылық. Ақпараттың дұрыстығын тексеру, фактілерді бұрмаламау және манипуляцияға жол бермеу маңызды.

​•​Қонақтармен және көрермендермен сыпайы қарым - қатынас жасау, зорлық - зомбылықты үгіттеуге жол бермеу.

​•​Эфир мазмұнын қадағалау. Демек, бағдарлама арандатушы материалдарды қамтымауы тиіс. Журналист адамның ұлтына, дініне, көзқарасына немесе әлеуметтік мәртебесіне тіл тигізбеуі тиіс. Бұл талаптарды студиядағы қонақтардың біреуі бұзса, дереу ескерту жасағаны абзал.

​•​Қызу тақырыптарды талқылау кезінде эмоцияға берілмеу. Мимика, ым - ишара және дауыс ырғағын қадағалау жөн. Күрделі жағдайларда суыққандылық танытуы керек.

  Кейде тікелей эфир тізгінін ұстаған жүргізушілер бағдарламаның жұлдызы болғылары келеді. Бірақ бағдарлама жұлдызы қонақ екенін ұмытпаған жөн. Сұхбаттасушылардың сөзін бөлмей, оларға ойын толық жеткізуге мүмкіндік беру керек. Егер әңгіме шиеленісіп кетсе, оны сыпайы түрде дұрыс бағытқа бұру қажет. Өзінің бағдарламасына назар аудару үшін провакация, манипуляция сияқты қара әдіс - тәсілдерді қолданатын журналистер де аз емес. Адамның жеке өміріне құрметпен қарамай, рұқсатсыз дербес мәліметтерді жариялау - жүргізушінің ең төмен іс - әрекеті. Әрине,  жүргізушінің эфирдегі сыртқы келбетіне де назар аудармасқа болмайды. Жүргізуші эфир форматына сай ұқыпты және жарасымды киінгені дұрыс. Демек, кеудесі мен қолдарын жабатын, тізесінен төмен киімдер.

  Тікелей эфир журналистен жоғары кәсібилікті ғана емес, сонымен қатар аудитория алдындағы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Кез келген қате немесе орынсыз пікір қоғамның көзқарасына әсер етуі мүмкін. Эфир мәдениеті – журналистердің кәсіби этикасының маңызды көрсеткіші.

 

Әл - Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері Абдрахманова Айгерім , Көкеева Нұрханым және Алтынбекқызы Алтынай

Жетекшісі: ф.ғ.к., доцент Жақсылықбаева Римма


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар