Ел бастау қиын емес,
Қонатын жерден көл табылады.
Қол бастау қиын емес –
Шабатын жерден ел табылады.
Шаршы топта сөз бастаудан
Қиынды көргенім жоқ...
Бұқар жырау
Сөз өнерінің қиын екендігі, өнер атаулының ең биігі екендігін, Бұқар жыраудың осы бір сөзінен-ақ аңғаруға болады. Қазақ халқы өз ұрпақтарының тіліне, сөйлеу мәнеріне ерекше көңіл бөліп, сөздік қорының молайып отыруына, әдемі сөз саптауларына, өз ойларын еркін айтуларына мән беріп отырған. Демек, тіл дегеніміз – дәлелдеуді қажет етпейтін, аксиомаға айналған, әр ұлттың, әр қоғамның дамуының құралы, танымдық өзегі. Әсіресе қазіргі қазақ қоғамында тілдің коммуникативтік қызметі ерекше сапаға айналып бара жатыр. Яғни тіл тілші-ғалымдардың, журналистердің немесе қазақтілді жұртшылықтың ғана қолданыс құралы емес, ол – қоғамның қозғалысы. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады» деген болатын. Яғни қазақ тілі ұлттың сақталуында да қуатты рөл атқарады деген сөз.
Сауаттылық — санадан демекші, Вернадский ілімі бойынша біз таңбалар әлемінде өмір сүреміз. Ал таңбалар әлемінің бір тұсында үйлесімсіздік, бұзылушылық болса, рухани экологиялық апат келді деген сөз. Осы сияқты терең рухани-танымдық негізді жоғалтпау үшін, сақтау үшін біз тілімізді әліпбиге емес, әліпбиді тілімізге бейімдеуді ұмытпауымыз қажет. Сонымен қатар, сауаттылық тілдік санаға байланысты. Осыған орай тағы да бүгінгі күні де маңызын жоғалтпаған Ахмет Байтұрсынұлының жазбасын сөзге тиек еткіміз келіп отыр: «Біздің жасынан орысша я ноғайша оқыған бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша келтіріп жаза алмайды, я жазса да, қиындықпен жазады. Себебі – жасынан қазақша жазып дағыдыланбағандық. Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағыдыланып үйренген. ... Қазақ сөздерін алып орыс... сөзінің жүйесімен тізссе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды».
Қазір қоғамдық сананың өзгеруіне байланысты тіл көркемдігінен, әдемілігінен айырылып барады десек болады. Қазақтың дәстүрлі сөз саптауында ой еркіндігі, ой жүелілігі мен жүйріктігі, сөзбен тоқтату, сөзден жаңылыстыру, тұспалдап сөйлеу, асыра сөйлеу сияқты сөйлеудің небір түрлері болғаны бәрімізге мәлім. Ал қазір көпшіліктің шешендіктен бұрын таза қазақша сөйлей алмайтыны рас. Бұған әсер ететін фактор көп. Дұрыс сөйлеу мәселесінде ерекше көзге түсетін тілдік құбылыстардың бірі – паразит, диалект сөздердің қолданылуы. Мұндай сөздер – жат, артық, мағыналық жүгі жоқ дегенді білдіреді. Яғни қазіргі тілмен жаргон, арго, сленгтер. Бұдан бөлек қазақ тілінде әрбір сөздің дұрыс айтылуы мен қолданылуы бар. Мысалы, қазір журналистер «қандай тамақ тұтынасыз?», «қандай киім-кешек тұтынасыз?» деп сұрақ қоятын болды. «Тұтыну» сөзінің де қолданылатын жері бар, «халық тұтынатын тауарлар» деген секілді. Ал енді киім, тамақ, тағы басқаларға қатысты орынсыз қолдана берудің қажеті жоқ. «Қандай тамақ жейсіз?» деп, өзіміздің түсінікті тілімізде сөйлеуіміз керек. Тағы бір мысал: «Қымбат автограф» («Егемен Қазақстан», 23 тамыз 2008 жыл. No 260) деген мақала тақырыбындағы «автограф» сөзі “мақсатты” қолданылғанға ұқсайды. Орыс тіліндегі «автограф» сөзінің тіліміздегі баламасы «қолтаңба» сөзі. «Автограф» сөзінің тілдік қолданысымызда болғаны белгілі. Алайда осы сөздің орнын «қолтаңба» сөзі алмастырып, жаппай қолданылатын деңгейге жетіп, əдеби тіл сөздігі мен қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздіктеріміздің бəріне енгеніне, қолданысы орныққанына да едəуір уақыт өтті. Соған қарамастан, мақала мəтінінде «қолтаңба» сөзін қолдана отырып, тақырыпқа «автограф» сөзі алынғанда не мақсат көзделді екен деген ойға қалдық. Біздіңше, тақырыпты «Қымбат қолтаңба» деп қойғанда екі сөздің басындағы дауыссыз «қ» дыбыстары өзара үндесім тауып жарасып-ақ кетер еді. Мəселен, «дүбірлі дода», «жасыл желек», «қылықты қыз», «терең теңіз» деген тіркестердегідей дыбыстар үйлесімі көрер көз, естір құлаққа жағымды əсер етіп, оқырман назарына ілінер еді.
Салыстырмалы түрде жазушы Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді» әңгімесінен үзінді келтірейік: «Мен ойладым ...
Өмір деген ғажап дейді, түк те ғажап емес, әншейін осындай автобусқа мініп белгілі бір аялдамада түсіп қалу, біреудің тойып секіруі, біреудің тоңып секіруі. Әлдекімдер көрер таңды көзімен атқызып, ой қажып ұйықтамайды, әлдекімдер ішіне тарс бүркеніп, уайымсыз тоқ ұйқыға басады. Сайып келгенде, өмір дегеніміз - өзгенің бақытына қызығып өту ғана ... Ал мынау жанымдағы тойған қозыдай томпиып отырған қыз ше? Оны ертең не күтіп түр? Бақытты ма, бақыты жоқ болса, оны іздеп таба ала ма? Не ойлайды? Жігіті, ұнатқан біреуі бар ма? Тіпті мен туралы қандай сезімде келеді. Адамдарға сене ме? Аты кім? Қайтіп кездесер ме екенбіз? ...». Жазушы кейіпкердің ішкі сезім дүниесін ашу үшін әдеби жатық тіл мен көркемдік тәсілдерді қолданады. Әсіресе, ішкі монологқа, ішкі тебіреніс-толғанысқа жиі ерік береді. Мұнда басы артық сөз, оралымсыз тіркестер атымен жоқ. Бәрі де орнықты, ой дүниесіне байланысты өз орындарын тауып, әдеби нормаға сай берілген. Көркем әдебиет тілінде ғана емес, ауызекі тілде де әрбір сейлеуші өз сезімін осындай әдеби жатық тілмен еркін жеткізе білу керек. Əрине, қазақтың тілін бір кісідей білетін, қаламы төселген, əр сөзді талғап-таңдап орнымен қолданатын, қағаз бетіне түскен немесе аузынан шыққан əр сөйлеміне үлкен жауапкершілікпен қарайтын тəжірибелі, білікті журналистер де аз емес. Олардың жазғанын кім де болса сүйсініп оқиды, сөйлеген сөзіне зейін қойып ілтипатпен тыңдайды. Алайда үнемі олай бола бермейді. Кез келген өзге салалардағы мамандар сынды журналистердің де біліктілігі, кəсіби деңгейі, жазу шеберлігі, сөз қолдануға деген жауапкершілігі бірдей емес. Сондай-ақ газет-журналда тек журналистердің ғана емес, білімі мен кəсіби дайындығы, тілді білу деңгейі əркелкі түрлі сала мамандарының жазғандары да жарық көріп жатады. Осының бəрі баспасөз тілінің сапасына əсер ететіні сөзсіз. Бұл секілді факторлардың қай-қайсысын да ескере отырып, бүкіл қоғам көз тігетін қазақ баспасөзі тіл мəдениетінің жоғары болуына, əдеби тіл нормаларының сақталуына, публицистикалық стильдің кемелдене түсуіне айрықша мəн беріп отырғанымыз абзал. Бұған қолына қалам ұстағандар да, әртүрлі басылымдардың оқырмандары да мүдделі болуы керек. Айналып келгенде, мұның бəрі ұлттың тілін жетік білу мен кəсіби біліктілікке келіп тірелетіні айдан анық. Осы ап-анық нəрселерді ескере отырып маман дайындай алмау, сол жоғары талапқа сай келетін мамандардың өз орнында қызмет етпеуі, білетін ісінің басында болмауы тек журналистика мен тіл саласы ғана емес, қоғамдық өміріміздің басқа да барлық салаларындағы шешімін таппаған мəселелердің қордалана беруіне апарып соғатыны сөзсіз. Қорытындыны мына бір сөйлеммен аяқтасақ: «Абайдың даналығын, Әуезовтің ғұламалығын, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлерін ұмытпасақ рухани мәдениетіміз өлмейді!»
ТҰРАХАН НҰРАЙЫМ, МАМАЖАНОВА МАДИНА
Журналистика факультетінің 3-курс студенттері
Жетекші: ф.ғ.к., доцент Жақсылықбаева Римма
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі