Өлең, жыр, ақындар

Бүгінгі журналистің тіл мәдениеті, сауаттылық әдебі және тіл шеберлігі


Қазақ журналистикасы – сөз өнерінің, ой мәдениетінің, елдік ұстанымның ізі қалған арналы сала. Бұл жолда қалам ұстаған әр журналист – қоғамның айнасы, заманның үні. Ал бүгінгі ақпарат тасқыны кезінде журналистің шебер тілі, сауаттылығы мен сөйлеу әдебі бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Себебі сөздің сұрауы бар. Журналистің сөз саптауы – оның ішкі дүниесінің, танымының, білім деңгейінің, рухани мәдениетінің өлшемі. Тілге немқұрайлы қарау – журналистің кәсібіне деген жауапсыздығын білдіреді. Мәтіндерден жиі кездесетін грамматикалық қателер, орынсыз калькалар, әсерсіз сөйлемдер – тіл мәдениетінің әлсіреуінің көрінісі.
Профессор Кәкен Қамзин бұл жайлы былай дейді: «Журналист – қоғамның мәдени көшбасшысы. Оның әр сөзі – оқырманның ішкі әлеміне әсер ететін рухани күш. Сондықтан тіл – жай ғана қару емес, ойлаудың көрінісі, жан дүниенің тілі». Бұл пікір бүгінгі журналистерге ескерту ғана емес, бағыт. Ақпаратты сауатты жеткізе білумен қатар, оны көркем, ұғынықты, тартымды етіп беру – үлкен өнер. Осы өнерді меңгерген журналистің материалы – оқырманмен тілдесе алатын тірі мәтінге айналады. Сауаттылық әдебі – сөзге деген сыйластықтан басталады. Қате жазу – тек кәсіби шеберліктің кемдігі емес, оқырманды сыйламау, қоғамды елемеу. Әсіресе, көпшілік алдында сөйлеу, теле-радио эфирінде сөз айту жауапкершілікпен қатар, сыпайылық пен мәдениеттілікті талап етеді. Қуандық Шамахайұлының сөзімен айтқанда: «Журналистік сөз – оқ дәрісі тәрізді. Ол орнымен қолданылса – ем, орынсыз қолданылса – дерт» .Бұл – тілге де, тыңдаушыға да құрметпен қараудың айғағы. Журналист эфирде немесе мақалада артық эмоцияға, дөрекі сөйлеуге, стереотиптік ойлауға бой алдырмауы керек. Себебі қоғам оны кәсіби тұлға ретінде қабылдайды.
Журналистиканың табиғаты – шығармашылық. Сол себепті журналист тіл шеберлігіне ұдайы ден қоюы тиіс. Сөз тіркесі, стильдік реңк, композициялық тұтастық – бәрі мәтінді тірілтетін тетіктер. Бұл шеберлік уақытпен, тәжір    ибемен, көркем әдебиетті көп оқумен қалыптасады. Зерттеуші Жидегүл Әбдіжәділқызы тіл шеберлігі туралы: «Журналистің шеберлігі – тек ақпарат беру емес, оны тыңдарман жүрегіне жеткізе білуінде» – деп атап көрсетеді  Мысалы,  егер журналист жаңалықта: «Оқиға орнына полиция жетті» деп қана шектелсе, бұл ақпарат қана. Ал: «Жарты сағат ішінде оқиға орнын қоршауға алған тәртіп сақшылары, куәгерлерді сұрастырып, мән-айды анықтауға кірісті» десе – бұл тірі тіл, әрекет пен сезім бар. Немесе: «Күн суық» дегеннен гөрі, «Аяз сүйектен өтті, жел бет қаратпады» десе, сезімге әсер етеді.
Журналистикада тіл мәдениеті мен сауаттылық, этика мен адамгершілік ұстанымдары тоғыса отырып, дара тұлғаның бейнесін қалыптастырады. Қазақ журналистикасында мұндай биіктікке көтерілген тұлғалардың бірі – Бейсен Құранбек. Оның шығармашылығы мен эфирдегі әрбір сөзі – тілге деген құрметтің, тыңдарманға деген жауапкершіліктің, шынайылық пен тазалықтың үлгісі. Мысалы, «Айтуға оңай» бағдарламасының бір эфирінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған ананың тағдырын талдай келе, Бейсен Құранбек былай деген: «Адамның тағдыры – ойыншық емес. Бір ауыз сөзбен адамды күлдіруге де, жылатуға да болады. Қазір сол сөздің қадірі жоғалып бара жатқандай. Бірақ біз – сол қадірді қайта тірілтуіміз керек». Бұл сөйлемде бір жағынан тіл мәдениетіне деген құрмет, екінші жағынан қоғам алдындағы моральдық жауапкершілік терең сезіледі. Журналист тек ақпарат беріп қана қоймай, адамгершілікке үндеп, сөз арқылы санаға әсер етіп отыр. ағы бір эфирінде ол көпбалалы аналар мәселесін қозғап тұрып: «Қоғамда үнсіз қалған жандар көп. Біз – сол үнсіздіктің үні болуымыз керек. Қай мәселеге де жүрекпен қарауымыз қажет» – деген. Мұндай сөздер – тек әсерлі ой емес, тіл шеберлігі мен журналистік этиканың жарқын көрінісі. Ол күрделі әлеуметтік тақырыптарды қарапайым, бейнелі әрі жүрекке жететін тілмен жеткізді. Бұл – Бейсен Құранбектің қалам мен микрофон арқылы қоғамды тәрбиелегенінің айғағы. Зерттеуші Ж. Әбдіжәділқызының айтуынша: «Құранбек эфиріндегі тіл мәдениеті – қазақы таным мен заманауи публицистиканың синтезі. Ол әрбір сөзі арқылы санаға ой салды, жүрекке жол тапты» .

Журналист кәсібі – тек оқиғаны баяндау емес, оны сауатты, әсерлі әрі мәдениетті тілмен жеткізу өнері. Дегенмен, қазіргі медиакеңістікте осы талаптарға сай келмейтін бірқатар кемшіліктер жиі байқалады.
1. Ауызекі сөйлеу тілінің баспасөзге енуі
Кейбір интернет сайттар мен әлеуметтік желілердегі жаңалықтарда әдеби тіл нормалары сақталмайды, керісінше, ауызекі, тіпті жаргондық сөздер жиі қолданылады. Мысалы:
«Бастықтар әлі шешімге келе алмай жатыр»,
«Бұл мәселе халықтың мазасын әбден алды»,
«Қазақша сөйлеуге келгенде көп шенеунік мүдіреді».
Мұндай сөйлемдерде сөйлеу тілі мен публицистикалық стильдің айырмашылығы сақталмаған. Бұл – тіл мәдениетінің төмендігін көрсететін мысал. Сөздің бейнелі, мәдени әрі тартымды берілуі орнына, жеңіл-желпі, ұқыпсыз мәтіндер жиі кездеседі.
2. Грамматикалық және орфографиялық қателер
Кейбір жаңалық порталдары мен блог-платформаларда грамматикалық сауаттылық ескерілмейді. Сөйлем құрылысы дұрыс болмай, тыныс белгілері орынсыз қойылады немесе мәтіндерде қазақша мен орысша сөздер аралас қолданылады:
«Біз бүгін ашық есік день ұйымдастырдық»,
«Бұл проблема өзекті болып табылады және шешімі табылу қажет».
Мұндай қателер – журналистің кәсіби даярлығы мен жауапкершілігінің төмендігін аңғартады. Әсіресе мемлекеттік тілде жұмыс істейтін БАҚ өкілдері үшін мұндай қателіктер – кешірілмейтін кемшілік.
3. Сөйлеу әдебінің сақталмауы, дөрекі тіл
Кейбір журналистер эфир кезінде немесе тікелей сұхбаттарда сұхбаттасушыны бөліп, дауыс көтеріп немесе пікірін менсінбей сөйлеу сияқты әрекеттерге барады. Бұл – этикалық кодексті бұзу ғана емес, журналистің ішкі мәдениетінің төмендігін көрсетеді.Мысалы, бір ток-шоуда жүргізуші қонақтың ойын толық тыңдамай: «Сіз не айтып тұрғаныңызды өзіңіз түсінесіз бе?!» – деген сөйлеммен оны тоқтатып тастайды. Бұл – сауаттылық әдебінің бұзылуы. Журналист қандай жағдай болмасын, қонақтың пікіріне құрметпен қарап, сабырлы және сыпайы стильде сөйлеуі тиіс.
    4. Тіл шеберлігінің жетіспеушілігі, ойды құрғақ жеткізу
Көптеген жаңалық материалдары мен репортаждарда бейтарап, жалаң ақпарат беріледі. Тіл бейнелі емес, ой тартымсыз, эмоциясыз жазылады: «Кеше Астанада конференция өтті. Онда жастар мәселесі қаралды. Конференцияға әкім де қатысты». Мұндай мәтіндер оқырманды тартпайды. Себебі тілде образ жоқ, ойда тереңдік жоқ. Бұл – тіл шеберлігінің жеткіліксіздігін білдіреді
Журналист – сөздің ғана емес, ойдың да, рухтың да иесі. Ол – оқырман мен қоғам арасындағы алтын көпір. Бұл көпірдің берік болуы – журналистің тіл мәдениетіне, сауаттылығына және тіл шеберлігіне тікелей байланысты. Кәкен Қамзин айтқандай, «журналист – ұлттың сөз жүгін көтеретін тұлға». Сондықтан журналист тек кәсіби ғана емес, тілдік тұрғыдан да үздік болуы тиіс.  Бүгінгі ақпарат дәуірінде тіл мәдениетінің қадірін жоғалтпай, сауаттылық пен сөйлеу әдебін қатар ұстанып, сөздің шын мәніндегі құдіретін көрсете алатын журналистерге қоғам зәру. Өйткені ұлттық болмыстың діңгегі – тіл десек, сол тілдің абыройын асқақтатар да, ажарын аша түсер де – сөз қадірін білетін, ойы мен тілі тұтас, шеберлігі мен әдебі үндес қалам иесі. Осы тұрғыдан алғанда, журналистің сөзі – тек тіл емес, ұлттың үні, елдің келбеті. Ал тіл мәдениеті мен сөз шеберлігіне ұқыпсыз қарау – сол ұлттың рухани келбетіне селкеу түсірумен тең. Демек, журналистикада сапа – тілмен өлшенеді. Ал тілдің сапасы – терең оймен, ішкі мәдениетпен және кәсіби шеберлікпен шындалады. Сондықтан әрбір журналист «менің сөзім – елдің санасына себілген ойдың дәні» деген биік түсінікті жадында ұстауы тиіс. Сөзге салмақ, тілге жауапкершілік, шеберлікке ұмтылыс – нағыз кәсіби журналистің басты ұстанымы болуға тиіс.

 

Жеңісбекқызы Аягөз, Қалдыбаева Балғын, Жақсылық Мәди

Журналистика факультетінің 3-курс студенттері

Жетекші: ф.ғ.к., доцент Жақсылықбаева Римма

 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар