«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» – деп ақын Қадыр Мырза Әлі айтқандай, ең алдымен адам баласы өзінің ана тілін жетік меңгеріп, оны құрметтеуі қажет. Себебі өз тілін сыйламау, түп-тамырын білмей жатып, өзге тілдерді бағындырғысы келу – бос әурешілік.
Қазіргі таңда өзінің ана тілінде еркін сөйлей алмайтын адамдар аз емес. Өз тіліне шорқақ адамдардың өзге тілде сөйлеуге тырысуы – қынжылтарлық жайт. Сондықтан көзі ашық, көкірегі ояу тұлғалар алдымен өз ана тілін жетік меңгеріп, содан кейін ғана өзге тілдерді үйренуге мән береді.
Өзге тіл — өрісіңді кеңейтеді
Өзге тілді меңгеру — ойлау қабілетіңді дамытып, дүниетанымды кеңейтеді. Қазір – ақпарат пен технология заманы. Сондықтан тіл үйрену бұрынғыдай қиын шаруа емес. Тек ниет пен қызығушылық қажет. Бүгінде тіл үйретуге арналған онлайн және офлайн қосымшалар, курстар жеткілікті. Мектеп оқушылары үшін 1 немесе 3-сыныптан бастап орыс және ағылшын тілдері оқытылады. Бұл — тіл меңгеруге барлық жағдай жасалғанын көрсетеді. Тіл үйрену қиын деу – жай сылтау. Осындай мүмкіндікке қарамай, алтын уақытымызды мәнсіз дүниелерге жұмсау – шынында бос әурешілік.
Көптілділік саясаты
Көп тіл білу — заман талабы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі – жаңа Қазақстан» атты Жолдауында:
«Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» — деген болатын. Әлемдегі дамыған елу елдің қатарына қосылу үшін елімізде «Үш тұғырлы тіл» саясаты жүргізіліп келеді. Бұл бастама — еркіндіктің, бостандықтың, әлемге ашық болудың кепілі.
Қазақстанда көптілділік деңгейі (статистика)
Қазақ тілі
2022 жылғы зерттеу нәтижелері бойынша, Қазақстан халқының 92%-ы мемлекеттік тілді меңгерген.
Орыс тілі
Орыс тілі Қазақстанда кеңінен қолданылады, әсіресе қалалық жерлерде. 2022 жылға дейінгі жоспар бойынша, халықтың 95%-ы орыс тілін меңгеруі көзделген.
Ағылшын тілі
2021 жылғы халық санағына сәйкес, халықтың 35,1%-ы ағылшын тілін түсінеді, ал 18,1%-ы еркін сөйлеп, жаза алады.
Білім ешқашан артық етпейді. Көп тіл меңгеру — тек тіл үйрену емес, бұл — жаңа мәдениетке ену, жаңа көзқарас қалыптастыру, мүмкіндіктерге жол ашу.
Қазақтың ұлы ақыны Абай: «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі соныменен бірдейлік дағдысына кіреді», – десе, А.П. Чехов: «Қанша тіл білсең — сонша рет сен адамсың», – деп бекер айтпаған.
Тіл білетін адам еш жерде қор болмайды. Ел мен елді, халық пен халықты байланыстыратын алтын көпірдің бірі — тіл. Сол көпірді сақтап қалу үшін әр халық өзара тіл үйренуге ынталы болуы керек.
«Өз тілің — бірлік үшін, өзге тіл — тірлік үшін» дегендей, көп тіл білетін тұлғалардың жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғары, шетелде еркін әрекет ете алатыны және түрлі жетістіктерге қол жеткізу мүмкіндігі арта түсетіні — шындық. Сондықтан көп тіл білу — заман талабы.
«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Дарменбай Зейнеп
- Тлеуғабыл Шырайлым
- Тлеуғабыл Шырайлым
- Тлеуғабыл Шырайлым
- Тлеуғабыл Шырайлым
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі