Өлең, жыр, ақындар

Төре әулеті

Әкелер өткен ұлы өмір!

Бүгінгі дәуір міндеттері біздерді алыс болашақтарға көз тіктіртеді, кейінгі ұлы тарихқа, данышпан, батыр бабалар жолына зер салдырады. Ежелгі ұлылардың жан-дүниесіне үңілгендей күй кешіп, қазіргі егемен Қазақстан өмірі бұдан сан ғасыр бұрынғылардың арман-мүдделері жүзеге аса бастаған өрелі кезең екенін көреміз. Бұл пікірге біз Халық батыры, біртұтас Қазақ мемлекеттігін, халықтар ынтымақтастығының ұйтқысы, қазақ ұлтын нығайтып, дамыту жолындағы қайраткер, қазақтың кемеңгер көсемі Сүйінқара 1756-1841 жылдар кезеңінде өмір сүрген Адайдың әйгілі батыры, тарихта өз орны, іс-әрекеті бар, халық мүддесіне жанын салған, барын арнаған азамат. Ол жарының Жетімек тайпасының перзенті.

 Жетімектен–Пұсырман,одан-Үргішбай.Сүйінқар Үргішбайұлы 85 жаста дүниеден өткен. Сүйінқара өмір сүрген кезең қазақтың орыстармен бірігуі немесе оған бодан болу жөніндегі талас- тартыстың шиеленіскен тұсы еді.

Сүйінқара Батырдың Хиуа мен Ресей патшалығы бодандығынан қорғаған өжет жауынгер, әрі би болған еді. Оның батырлығы Махамбет пен Исатай батырлығымен бірге айтылғанмен, Орыс бодандығына Махамбет пен Исатайдың жеңіске жетуі осы батыр Сүйінқараның арқасы екенін көп жерде айтыла бермейді. Шын мәнінде Сүйінқара жасағының саны Махамбет пен Исатай батырларына қарағанда басым болған. Сүйінқараның әскері де, өзі де өжет болды.Қазақ жері, әсіресе, Батыс өлке Маңғыстау орыс бодандығынан аман-есен қалуы осы керемет батыры Сүйінқараның соғыса білген өжеттілігіне байланысты. Сүйінқараның қыздары Айсалқам мен Жансалқам да, інісі Кежі де, ұлы Бүркіталы да өте керемет жауынгерлікпен танылған. Олар Хиуа бодандығы кезінде көтерілісте қаза табады. Кежі інісі киіз үйлердің бірінің ішіне кіріп алып жауларды тосып, екі қылышымен барлығын шауып отырған, киіз үйді жау әскері көтере жөнелгенде, Кежі батырдың оншақты жауын бір өзі шауып тастағанына күә болған.Әнуар Әлімжановтың "Махамбеттің жебесі" атты кітабінде Сүйінқара Беріштер рулы батырларына көмек беруді және дос болуды көрген деп айтылған.     

Ол Махамбет пен Исатай батырларына көмек беруді ойлаған, қылышы жерге тимеген Адай руынан шыққан ең ғажап жауынгер, ақкөңіл батыр болған екен. Ірі және ұзын бойлы болған екен.Сүйінқара батыр ешуақытта елін жау жанына қалдырмаған, елі үшін, жері үшін жауға қарсы шыға берген өте өжет адам болды.

Кейбір, мағлұматтарда Сүйінқара қарақшы ретінде, яғни,сол заманның бандиті болған, деседі. Кіші жүздің Адай руының Мұңалдың Жары Жетімегінен шыққан. Ресей империясының, Хиуа хандарының, түрікмен билеушілерінің үстемдігіне қарсы күрескен. Сүйінқара 1837 жылы Жайықтың шығыс бетіне өткен Исатай-Махамбетке қол жинауға көмектескен. Сүйінқараның орыс зерттеушісі С.Г.Карелинмен, Жайық беттегі көтеріліс басшылары Исатай мен Махамбетпен кездескені және де Англия тыңшысы Джейс Абботты қолға түсіргені туралы “Сүйінқара” атты романда айтылады. Сүйінқараның інісі Кежінің, балалары Бүркіталы, Сатыбалды, Көтібардың ерлігі, қыздары Айсалқам мен Жансалқамның қайғылы тағдыры туралы ел аузында аңыздар көп сақталған. Батыр туралы А. Ф Рязанов пен В. Ф. Шахматовтың ғылыми еңбектерінде, Ә. Кекілбаев, Қ. Сыдиықов, Е. Жаманбаев, Қ. Шыртанов, Ә.Спановтың көпшілікке арналған мақалаларында сөз болады. Оған А. Өтембетұлы, Ы. Шөреков жыр арнаса, М. Әбдіқалықов “Сүйінқара” атты роман жазған. Сондай-ақ Сүйінқара батыр туралы Ә. Әлімжановтың “Махамбеттің жебесі” романында айтылады, Ә. Кекілбаев “Күй” повесінде Сүйінқараның бейнесін сомдаған. Сүйінқара батыр Маңғыстаудағы Сейсен ата қорымына жерленген. 

                          

                                                                                                            (Маңғыстау  ақын – жазушыларының  кітапханасы).      

 

              Заманнан заман озғанда      

 

  Заман белгілі бір кезеңдегі уақыттың ұзынды-қысқалығымен емес, оның мінез-құлқымен айқындалады.

Заманның мінез-құлқы адамның қолында. Заманды құйындай  ұйытқытатын да, мамыржай күйге түсіретін де-адам.

         Жиырма бірінші ғасыр биігінен кейінге көз салсақ, біздің қазақ жиырмасыншы ғасырда бес түрлі заманды бастан өткеріпті. Алғашқысы – он тоғызыншы ғасырдан бермен жалғасып, 1916 жылғы ұлт азаттық қозғалысына жеткізген заман. Ол бірінші дүниежүзілік соғыстың дүмпуімен туды. Екіншісі–1917 жылғы Ұлы Октябрь социалистік революциясынан екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі арайлы армандар мен қиямет – қайым, зұлмат кезеңі. 1941 мен елуінші жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысы және соғыс зардаптарынан арыла бастау шағы өз алдына оқшау тұр. «Қой арқасына бозторғай жұмыртқалаған заман» елуінші жылдар соңынан 1990 жылға дейінгі аралыққа созылды. Содан бермен қуанышы мен қаяу-кірбіңі, жұты мен ырыс-несібесі араласа жетіп, тек екі мыңжылдық тоғысынан асқанда тамырына сыздықтап қан жүгіре, алға озған тәуелсіздік заманы.

           Бұл кітапта сыр толғанатын кіші жүздің Адай руының Мұңалдың Жары Жетімегінен шыққан Сүйінқара ұрпағы Төре әулеті осы бес заманның да жаймашуақтары мен қайғы – қасіреттерінің, үміттері мен шапағаттарын бастан өткеріп, ілгері ұмтылуда.

 

Әке туралы сөз

  Бұл қамшының сабындай қысқа өмірде адам баласының бүкіл болмысын, тыныс тіршілігін, кескін-келбетін ғажайып нұрға бөлейтін, жүрек төрінен мәңгі кетпейтін, көңілдің саясын паналайтын екі асыл жан бар.

 Оның бірі-аяулы ана болса, екіншісі–ардақты әке. Біздің қанатымыз қатайғанша, бұғанағымыз бекінгенше аялап, мәпелеген аяулы қос шынардың алдындағы перзенттік борышымызды ешқашан өтей алмайтынымыз анық.

Дүниедегі ешбір оқу – әке мен ананың берген тәлімін бере алмайды. Оқудан білім қонар, ал тағылымды тәрбие – тек әке мен анадан ғана берілетін қасиет. Әке мен ананың бергеніндей білім, ақыл, тәрбие еш жерде болмайды. Оны кітаптан табу қиын. Олардың тәрбиесі, Абай айтпақшы, бар тамырды қуалайды. Жүректен шығып, жүрекке жетеді. Әкенің балаға айтқан әңгімесі, баласымен бірге ойнап-күлгені, серуендеткені, ел аралатып қыдыртқаны, жаңа адамдармен таныстырғаны, «балам» деп мақтанғаны, ата-бабасының, руының, елі мен жерінің кім екенін ұқтырғаны – тәрбиелік мәні терең дүниелер.  Әке туралы әңгіме қозғаған соң, бір сәт ұлағатты әкелер туралы айтайықшы. Ондайлар да бар ғой. Көп шығар деп ойлаймын. Сәл тарихи шегініс жасап, кешегі ұлылардың заманына зер салсақ, қазақтың бас ақыны – Абай. Оның әкесі Құнанбай. Құнанбайдың Абайға айтқан бір сөздері бар емес пе еді: «Мықты болсаң, өзіңдей ұл тудырып ал» деген, немесе  "Балам, сен әкеңе жете туғансың ба, өте туғансың ба?" деп сұрағаны. Сонда Абай: "Әке, мен өте туғанмын, өйткені мен ақын болдым" деген екен. Аз ғана ойланған дана Құнанбай: "Жоқ, сен маған жете тудың. Өте туу үшін Абай секілді бала тәрбиелей алуың керек" деп жауап қатқан деседі.  Бұл сөзде үлкен мән жатыр. Абай сияқты ұл тудырып, ұлағатты тәрбиесін беріп, ел өміріне араластырып шыңдауы жас баланың халықты ерте тани бастағанына дәлел емес пе? Құнанбай болмаса, Абай Абай болар ма еді? Міне, баланың өмірінде әкенің алатын орны қандай! Анау Шоқанды алайық. Шоқанның тәлім-тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, бала Шоқанды оқуға жібергізіп, дана Шоқан қылған кім? Шоқанның әкесі – Шыңғыс болмаса, Шоқан Шоқан болар ма еді? Демек, баланың дана болуына, азамат боп ержетуінде әкелердің алатын орны ерекше. Ұлы Абай әкесі Құнанбайдың қадіріне жете білген. Оны мына бір өлең жолдарынан көреміз:

Мұсылманға қоймаған,
Орынсыз жанжал, шатақты.
Ерегескен жауларын.
Кісен салып матапты,
Зекет жиып, егін сап.

 Тойдырған ғаріп, жатақты,
Ескендір, Темір, Шыңғыстай.
Мұсылманда атақты,
Мұқым қазақ баласы.                                                                                                                                                

  Тегіс ақыл сұрапты,
Тобықтыны ел қылып.
Басын жиып құрапты,
Меккеде уақып  үй салып.
Пәтер қып, жаққан шырақты,
Бір Құдайдың жолына.
Малды аямай бұлапты,
Ажал уақыты жеткен соң.
Соның да гүлі қурапты
Қажыны алған бұл өлім,
Сабыр қылсақ керек-ті.

Әке туралы баланың бұлайша толға­нуы – заңды нәрсе. Әкелер өмірден өт­кен соң, артындағы ұрпақ олардың қадірін кеш түсі­ніп жатса да, үлгі-өнегесін, ардақ­ты есімін еш уақытта естен шығармайды. Жаратылыстың бір құпиясы сонда, әрбір адам баласының бұл дүниедегі іздері олар өмірден өткенімен, соңында сайрап жатады. Әрине, оны тек ет жақындары сезеді. Ол адамның өзі болмағанымен, оның рухани кеңістігі, сөздерінің кеңістігі, істерінің кеңістігі сезіліп, аңғарылып тұрады. Ол бейнебір өшпегендей, бұл дүниеден өтпегендей, ағайын-туыстарының жадында сақталып тұрады. Жұбату айтқанда да «ол біздің жадымызда мәңгілік сақталады» деп айтылуы тегіннен-тегін емес. Баланың көз алдындағы әке бейнесі ең бір жарқын сәттерге толы болып есте қалады.

Маған да ардақты әкемнің өмірдегі таудай тұлғасын, биік адамгершілік қасиетін, ұсақ тірліктің әр сынынан азаматтық болмыспен жол тауып шығатын сұғылалығын ойыма алғызған, қолыма қалам ұстатуға мәжбүр еткен оған деген сағыныш, құны еш нәрсемен өлшенбейтін перзенттік сезім болса керек.

Әкем, Әбдіреш Төреұлы мынау жарық дүниедегі маңдайына жазылған өлшеулі ғұмырда сөзі мен ісі үйлесім тапқан ардақты азаматтың бірі еді. «Әке» деп ауыз толтырып, көкірегіңді керіп, кеудені айқара ашып, ерекше ықыласпен, ізгі ілтипатпен айтуға тұратын өмірдегі аяулымның да қамшының сабындай қысқа, бескүндік жалған өмірмен қош айтысқалы да жеті жыл өте шықты.

Әкеме деген балалық сағынышымды, сырым мен ешкімге айтылмаған әңгімемді қағаз бетіне  түсіруді жөн көрдім.

Ойлаған адамға, тіпті, өмірдің өлшеуіне салып қарағанда, жеті жыл –азғантай жыл. Алайда, осы уақыт мен үшін ғана емес, әкеміздің қанынан тараған ұл-қыздары үшін де жылдар пара-пар болды. Өйткені, әкесіз өткен осы уақыт жүректі қарашаның суық желіндей тоңдырды, желтоқсанның ызғарындай қарыды, қаңтардың аязындай қатайтты.

 

Алланың берген ұлы сыйы – Марияш анамыз!

           Анамыз Марияш 1947 жылы 15-ші наурызда Тәжікстан республикасы Душанбе қаласы Октябрьский ауданы колхоз Москва №4 бөлімшесінде руы қосай Шергалив әулетінде  дүниеге келіпті. Әкесі Жұмабай мен асыл анасы Ұштап  үш қыз бен екі ұлды дүниеге әкелген екен. Олар: Қалы, Марияш, Әбдурахман, Әтіргүл, Әбдурашит.

        Анамыздың әкесі Жұмабай жергілікті ауданының  Партком хатшысы қызметін атқарған. Анасы Ұштап жалпы білім беру орындарында сауатсыз жұмысшыларға сабақ берген мұғалім болған. Анасы Ұштаптың руы қосқылақ.

         1965 жылдың ақпан айында  Марияш анамыз Төре әулетіне келін болып түсіпті. Анам келін болып түскенде Аманқос ағам, Жәмила, Камила апаларым жүгіріп жүрген кішкентайлар. Сосын Жеңіс, Бақтыгүл, Зейдінабдулла, Айшагүл, Оспан туды. Анамыздың тұңғыш  баласы дүниеге келгенде есімін үлкен шалдың баласы Құттыбай қайнағасы   қойыпты. Ата-анам өз алдына бөлек үй болудың қамын ойлауға кіріскен. Сөйте-сөйте бөлек шығып, үй болып кетіпті. «Шебердің-қолы алтын» дейді атам қазақ. Сөзге де шебер, іске де ұста халқымыздың зор мәдениеті мен өнері бір анамыздың бойынан табылған. Марияш анамыз біз үшін өзінің қуанышы мен тыныштығын, денсаулығы мен әдемілігін құрбан еткен абзал жан.Біз дүниеге келгеннен кейін де, үнемі қасында ұстап, ақ сүтімен азықтандырып, түнгі ұйқысын төрт бөліп, жылағанда тыныштандырып, еңбектеніп тыным таппайтын, перзенті ер жетсе де, алаңдамай қоймайтын. Ендеше, біз үшін асыл қазына, Алланың берген ұлы сыйы-Марияш анамыз! Ол бізді тәрбиелеуден, ауырсақ емдеуден, қамқорлық етуден еш шаршамаған. Осылайша ата-ананың, оның ішінде, әсіресе, ана орнының өте жоғары екенін көреміз.  Анамыз Марияш – үйдің берекесі, қыз баланың өнегесі, шаруаның несібесі бола білген жан. Ананы аспандағы ай мен күнге, жарық жұлдызға, баға жетпес асыл заттарға теңеу дәстүрі де өз тілімізде берік қалыптасқан.

                  Асыл Ана
Өмірдің иесі сен, ғазиз Ана,
Келтірген дүниеге нелер дана.
Анасыз батыр да жоқ, ақын да жоқ,

Өмірдің алтын кілті сонда ғана, - дегендей көктем табиғатымен жымдасқан жылылық, шексіз мейірімділік, дүниеге жаңа келген тіршілік иесіне нұрын шашып, келешекке ақ жол, адал ниет нұсқап өмір себуші асқақ құдірет иесі, адам сәулетшісі – ол Марияш анамыз.

Өмірде Ана алақанының қызуы мен әке-шеше мейірімін тоя жеген тамақ та, шипасы күшті дәрі де алмастыра алмайды. Осыдан жарты ғасыр бұрын ғалымдар жүргізген бір қарапайым тәжірибе осыған дәлел болса керек. Ғалымдар адам Аналарынан айрылған маймыл балалар үшін екі қуыршақ маймыл Ана жасап, бірінің омырауынан сүт шығатын, денесі қатты да суық етіп, екіншісінің омырауынан сүт шықпайтын, бірақ денесін жылы да жұмсақ етіп, жасаған екен. Маймыл балалары сүті бар денесі қатты қуыршақты емес, сүті жоқ болса да денесі жұмсақ қуыршақты Ана ретінде қабылдап, соның бауырына тығылған. Міне, сонда кімге болса да бәрінен бұрын керегі мейірім, Ана құшағы ғана. Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистерінде де ең алдымен Ананы құрметтеу парыз екені айтылады. “Әуелі Анаңа, тағы да Анаңа, содан соң әкеңе жақсылық жаса” делінген онда. “Егер атаң мен Анаң бір мезгілде үн қатып қалса, әуелі Анаңа жауап бер” деген ұлағатты сөз бар. Пайғамбарымыздың тағы бір хадисінде “Анаңды Меккеге үш рет арқалап барсаң да, парызыңды өтей алмайсың”; “Кімде-кім ата-анасының ризалығын алған болса, бала соның өмірін ұзартады” делінген. Жұмақ - ананың табанының астында. Оның ризалығын алмай, жақсы өмір кештім деудің өзі бекершілік болар дегім келеді.

 

Өркені өскен шаңырақ!

        Тураев Әбдіреш Төреұлы! Бұл есім Оңтүстік Қазақстан өңіріне біршама жақсы таныс. Өйткені ердің бағасын елі біледі. Оның өмірбаяны да онша күрделі деуге бола қоймас. 1945 жылы 1-ші қаңтарда Тәжікстан республикасы Душанбе қаласында Қарымсақовтар әулетінде  дүниеге келген. Балалық бал дәурені көңілсіз болған жоқ. Білім ордаларының қара шаңырағы Сырдария облысы Жетісай ауданы Ленин колхозының жалпы орта мектебінде оқыды. Әкеміз жастайынан мектепте үздік оқыды. Іске  ұсынақтығымен, тапжылмас табандылығымен көзге түскен. Әсіресе қолдан келгенше еңбек етуден тайсалмайтын ерік-жігері сүйсіндіретін болған екен. Жоқтан бар  жасауға талаптанған жан. «Өнерді үйрен де жирен» деген аталы сөзді естен шығармаған. Бұдан соң да өмір баспалдақтары бастау ала берді. Ол бүгінгі күні Оңтүстік Қазақстан аймағының-Ай мүйізді азаматы атанды.

Әкесі Төре мен аяулы анасы Ұштап  үш қыз бен екі ұлды дүниеге әкелген екен. Менің әкемнің өзінен үлкен Қаным, Темір есімді екі апасы мен Әбдімұқан ағасы және өзінен кейінгі қарындасы Базаргүл болған. Әкем тумаларының арасында төртінші бала екен.

Әкесі Қарымсақұлы Төре 1897 жылы Маңғыстау өңірінде дүниеге келіпті. Төре атамыз жаугершілік кезінде Түркімен еліне барымташылап тұрған жаужүрек әрі мерген, тапқыр, қайрат-күші мол, батыл да төзімді, шапшаң қимылдап, жөргегінде жатып жылқының кісінеген даусымен оянатын, қаршадайынан аттың жалына жабысып өскен, аттың құлағында ойнаған кісі болған екен. Кенеттен Қазан төңкерісінің қара дауылы килігіп, шырқы бұзылған тіршілік шыркөбелек айналып жүре берген...

Мал-дәулеті тасыған, әсем  тұрмысты күн кешкен Төреге де қауіп төніп, Тәжікстан республикасы Душанбе қаласына қоныс аударыпты.

           Бері келе, Төре атамыз жанұясымен Сырдария облысы Жетісай ауданы Ленин колхозына көшіп келеді. Ұл-қыздары  Ленин колхозында жалпы орта мектебін бітіреді.

              Үлкен ағасы Әбдімұқан Сырдария қаласындағы педагогикалық институтының физика-математика факультенінің бітіреді. Қоныстанған ауылында жалпы орта мектебінде математика пәні мұғалімі болып қызымет атқарады.              

              Әкеміз Әбдіреш орта мектепті бітірген бойдан, Сырдария қаласындағы милиция училищесіне оқуға түсіп, оқуын аяқтап шығады. Сөйтіп, анам Марияшпен танысып, құда түсіп, шаңырақ құрыпты. Орысша білім алған анамыз Марияшқа әкемнің отбасында бірден тіл табысу қиын болса да, шыдамдылық пен төзімділік танытып, сый-құрметке ие болады. Анамыздың құлақтың құрышын қандыратын әндері мен жүректен шыққан өлең жолдары таң қалмасқа шек келтірмеді. Алла тағала әкем мен шешеме перзентті бірінен кейін бірін беріп, шаңырағын шаттыққа, босағаларын бақытқа кенелткен екен.

 Жаңылай әжем
           Сынықшылық – екінің біріне қона бермейтін ерекше қасиет. Асқан ептілікті, жауапкершілікті жүктейтін емшіліктің бұл түрі ерте заманнан қазақпен бірге жасасып келеді. Дамыған медицинасы жоқ ескі заманды былай қойғанда, қазіргі күннің өзінде халықтың сынықшылар алдына баратын жағдайлары көп кездеседі. Мұның өзі осы қасиетті бойына дарытқан адамдарға деген халықтың сенімін көрсетсе керек. Сынықшыны қазақ «оташы» депте атайды. Жаңылайдың анасы Мұңсыз  аруақты оташы болған. Сол кісінің 20 ғасырдағы жалғасы, бірегейі Жаңылай әжеміз еді. Халық ұғымында ерекше қасиетке ие адамдар «иесі бар», «киесі бар» деп ардақталатыны белгілі. Ал Жаңылай әжеміз шын мәнінде «иесі бар» аруақты сынықшы болған. Үлкен кісілердің айтуынша Жаңылай әжемізге бұл қасиет анасы Мұңсыздан ауған. Мұңсыз анасы өз заманында атақты сынықшы болған. «Сүйегі шыққан, сынған адамдардың қолымен бір сипағаннан орнына түседі екен» дейді көнеден жеткен сөз. Сол Мұңсыз әжеміз қартайған шағында замандастары «Болашақта осы қасиетіңіз, сынықшылығыңыз қай балаңызға ауады» деп сұрағанда аруақты сынықшы: «Менің бұл қасиетім балаларымның ішінен Жаңылай қызыма ауады» деген екен. Сол қызы Жаңылай әжеміз еді. Енді өзім сөз еткелі отырған әжем Жаңылай  жайында баяндайын. Жаңылай әжемнің атын шығарған сынықшылығы болатын. Сынық салуды 30-40 жасынан бастап, 2020 жылы 80-ге келіп дүние салғанша тастамаған. Бұл кісінің бір қасиеті әлдебір мұқтаж адамның келетінін алдын ала біліп отырған. Дене мүшесі сынған немесе шыққан адам келер алдында денесі құрысып «Тағы қандай бейбақ келе жатыр екен-ай» деп айтып отырады екен дағы, көп ұзамай өзі айтқандай дене мүшесін жарақаттаған біреу келе қалады екен. Келген адамның жазылмай кеткені болмаған. Адам баласына жақсылық жасау сауапты іс екендігін ескерсек, бұл кісінің көзі тірісінде халықтың ықыласына бөленгені анық. Енді Жаңылай әжеміздің сынықшылық ерекше қасиетке ие болғандығын дәлелдейтін бірді-екілі оқиғаларды баяндайын. 2014 жылы болса керек, менің  жамбасым шығып кетіп Жаңылай әжеме әкелді. Қартайып күш-қуаты азайсада жамбасымды қолымен сипап отырып салды. Қолмен уқалап, маймен сылап отырып сынық салады. Ал шыққан сүйекті сипап отырып орнына келтіру кез-келген сынықшының қолынан келе бермейтіні ақиқат. Қош дейік. Сынықшылығымен танылған Жаңылай әжеміз тігіншіліктен кенде болмаған. Қазақтың қазыналы әжесі ретінде ескілікті әңгімелерді көп білуі мен шежірешілдігі өз алдына бір төбе болған. Ендігі сөзді оташының жолын жалғаған ұрпақтарына бұрсам. Әбдімұқан тәтеміздің жұбайы Жаңылай әжемізбен  1958-ші жылдары бас қосып 8 балалы болады. Олар: Аманқос, Жамила, Камила, Жеңіс, Бақтыгүл, Зейдінабдулла, Айшагүл, Оспан. Қазір Маңғыстау облысы Ақтау қаласында тұрады. Ана бойындағы қасиеттің ұшқыны ұлы Зейдінабдуллаға тиген, сынық салады. Ел адамдары түрлі жағдайлармен барып жатады. Ұлы Зейдінабдулла анасының сынықшылығын алып қалған. Зейдінабдулла көп балалы әкелердің бірі. Бұл кісінің зайыбы Айгүл келініміз  «Батыр ана». Жаңылай әжемнің жолын бүгінде ұлдары жалғауда. Ұрпақ сабақтастығы деген осыда. Сөз соңында бұл әулетке амандық тілеп, өсіп-өне беріңіздер демекпін.

ҚЫЗМЕТ ҚЫЛДЫМ ХАЛҚЫМА                                                                                           

            Өмір дөңгелегі зыр айналып, адамды кейде терең тұңғиыққа тұншықтырып, кейде асқар таудың биік шыңына жетелейді. Әбдіреш әкеміздің тіршілігі қара қазандай қайнаған ішкі-істер қызметінде еңбек жолы басталады. Таза еңбектің, маңдай терімен атқарылған жұмыстың тәттілігі ерте жастан сезілді. Ол теңіздей толқыған тірліктің барлық мағынасын еңбектен тапты. 1965-1995 жылдары  Шымкент облысы Шардара қаласында ел тыныштығын қорғаған, жол тәртібін сақтаған ішкі-істер органында қызметін абыроймен атқарып, зейнеткерлікке шықты. Әкеміз ішкі-істер қызметінде 30 жыл қызметте болды.

       Еңбек ардагерінің көп жылғы адал еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Ол "Iшкi  iстер  органдарындағы   мiнсiз  қызметi  үшiн", «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медаліне ие болумен қатар, әлденеше рет  Халықаралық, Республикалық, облыстық, аудандық деңгейлердегі Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталды. Облыстық, аудандық газеттеріне  «Жол тәртібін сақтаймыз!», «Еліне елеулі, халқына қалаулы-ұлы тұлға!» деген атпен «Өскен өңір» газетіне әкеміз туралы мақалалар жарияланды.

        Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де әкеміз Әбдіреш ел арасында беделсіз болған жоқ, жастарға ақыл-кеңесін айтып, үлгі-өнеге бола білді. Ел арасында қадір-қасиетін жоғалтпай, кішіге аға, үлкенге іні болып, өмірінің соңына дейін азаматтық тұлғасын биік ұстап өтті.

      Емен ағашы тіп-тік өседі, тал-терек сияқты жан-жағына қисаймайды. Сол секілді Әбдіреш әкеміз алған бағытынан таймай, бірқалыпты қоңыр күймен алға қарай іркілісіз келді. Әулет даңқын әспеттеп, ата-баба, әке аруағына көлеңке түсірмей, тынымсыз еңбегімен елге танылып, ізденістің ізгі соқпағында өз жолын тапты.

         Маңғыстаулық ақын-журналист Мұрат Базархан ұлының бір өлеңінде: «Жылағанды жұбатты, жетім көрсе жебейді, Қолдан келсе қамқорлайды, «Мынау бөтен» демейді. Алтын алмай алғыс алып имандылық жолында  Хақ Алланың  алдындағы сауабы оның көбейді...»  деген екен.

        Ел үшін еңбек етіп, ел тыныштығын қорғаған әкеміз Әбдіреш игілікті ісі, аппақ арманы, биік мұраты, мейірім шапағаты міне осылайша, жапырағы жайылып жалғаса түсуде.                                                                                                                                                                                                      

«АЛТЫН ЖҮРЕК»  АЗАМАТ

         Жұртқа мәлім шығыс елдерінің ескілікті фольклорында жиі кездесетін кейіпкерлердің бірі де бірегейі ол-«Атымтай Жомарт». Ол өзінің айрықша қайырымдылық шапағаты жомарттылығына сай аты көпке жайлып, халық жадында құрметпен әсептелген киелі адам. Оның атағы аталғанда қайрымдылық, мейрімділік, бауырмалдық, жомарттылық бірден-ақ көңілге оралады. әрине  мұндай қасиеттер ұлтына, дініне, көл-көсір жинаған дүние–мүлкіне, қазына байлығына байланысты емес. Қайырымдылықты көрсету шынайы адамгершілік, сүйекке сіңген, туа біткен асыл қасиет. Ол қызу қанның, ыстық жүректің әмірі. Қазіргі кезде қолы ашық, жомарт жандарды «меценат» дейді. Бұл сөз өмірде жиі қолданылып та жүр. Көпшілікке түсінікті сөзге айналды. Дегенмен осы бір сөздің мағынасы белгілі болғанмен, оның түп – төркінін біреу біліп, біреу білмейді. Ертедегі дүние тарихынан  белгілі Римнің алғашқы императоры Октавиан Августың тұсында Той Цильний Меценат деген аса даулетті адам өмір сүрген. Жасында саясатқа белсене араласып, император Августың ақыл-кеңесі бойынша ғұмырының бәрін қазіргіше айтқанда демеушілік, қайрымдылық жолына арнаған. Ол өшпес өнер жасай білетін шынайы өнерпаздардың шығармашылықтан басқаны ойламай, қамсыз тірлік кешуіне жағдай жасап отырған. Сондай-ақ елдегі әртүрлі мекемелерге де немесе  тарихи оқиғаларға байланысты дәйекті түрде тартынбай қол ұшын беруді дәстүр еткен. Өмірде қиын  жағдайға кездейсоқ тап болған жандарға да қол ұшын берген.

        Қазақ халқында қайрым ел-жұрты үшін малын  да, жанын да аямаған ауқатты  адамдар да аз болмаған. Мәселен өзгені айтпағанда Оңтүстік Қазақстан өңірінде  аты аңызға айналған қайрымы мен ізгілігі мол, жүрегі жасыл жайлау, көкірегі көк өріс, кейінге үлгі азаматтар, талай игі жақсылар өткен ғой.

         Солардың ішінде әкеміз Әбдіреш Төреұлы  есімі ерекше аталып келді. Ол  дәулетті алып, байлығы көлдей тасыған, төрт түлігі сай, шоқтығы биік тұлға болған. Алдындағы мыңғырған малын ортаның несібесі, сарқылмас ризығы деп қараған. Жарлы-жақыбайға қарасып, қолтығынан демеп, қажетіне қарай қол ұшын беріп, қамқорлығына алып отырған.

Оның дәлелі Қарақалпақыстан елінде қоныс тепкен ағайын ағасы Есқалиды отбасымен ауылына көшіріп алып келіп, өзі отырған үйін берген. Есқали атамыздың баласы Дайрабай інісін жұмысқа орналастырып, үйлендірген. Қазіргі таңда Дайрабай ағамыз бен Алтын жеңгемізден тараған ұл-қыздары үйлі-жайлы, балалы-шағалы, еліне елеулі, халқына қалаулы азаматтар. Және дәлелі Маңғыстау облысы Жаңа өзен елді мекенінде қоныс тепкен Құрал інісін жанұясымен ауылына көшіріп алып келді. Үй алып, Құрал інісін жанұясымен жайғастырды. Құралдан кейінгі Орақ есімді інісін  үйлендіріп, ел қатарлы шаңырақ көтертті. Кейінгі інілері тым жас еді. Владимир есімді інісін әкеміз өз отбасына алды. Сонымен қатар Жамбыл  өңірінде қоныс тепкен Жетпіс есімді ағайын ағасын да  көшіріп алып келді. Шардара елді мекенінде қоныстанған Нұржан ағасын да үйлендіріп, үйлі-жайлы етті. Сөйтіп, Есқали, Жетпіс, Нұржан есімді ағайын ағалары пәни дүниеден бақилыққа кеткенде әкеміздің өзі жерледі. Әкеміздің қамқорлығы мен көмегін алдына келген тумалары бәрі сезінетін. Ол ешқашан көмек сұрап келген тумаларының бетін қайтармай, бәріне қолдан келгенше көмектесетін. Тумаларының бетін қайтармай, бәріне көмек қолын созатын.Шынында да әкеміз Әбдіреш «Алтын жүрек» Азамат! Жұртқа мәлім шығыс елдерінің ескілікті фольклорында жиі кездесетін кейіпкерлердің бірі секілді.                                                                                                                                      

Өмірдің үміті бар бақыт деген,

Бақытпен бірге туар жақұтты өлең.

Арманның биігінен сен сөйлесіп,

Сый келер ақ кеме алтын уақытпенен.

Кәсібіңде ар-ұяттың беделі бар,

Намыстың үлгісі мол кемелі бар.

Қос алақан қайырым нұрға толы,

Халқыңнан алған алғыс беделің бар.                                                                

         Иә, ақ адал еңбек еткен бақыт басын иеді. Бұл ежелден белгілі қағида. Ал халық сенімінен шығып, ел игілігі үшін еңбек ету әрбір азаматтың басты парызы. Әбдіреш әкеміз өз жауапкершілігін нақ осылай түсінген жан.

       Қысқасы ол қиналғанда-қуаткер, оңашада ой салар, жалғыздыққа-жолдас, бақытына бастар ақылшы торыққанға таяныш, жабыққанның жанында болар жұбаныш-абзал жан.

Әкеміз Әбдіреш, міне осылайша, өз биігіне өзі шыққан тұғырлы биік тұлға..   


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз