Өлең, жыр, ақындар

Қымбаттарым менің!

Шіркін өмір, сен адамзатқа қаншалықты аян болсаң, соншылықты жұмбақсың. Өткен шақтың әр кезеңінде туысқандық көңілмен ойнап-күліп бірге жүріп, өмірдің қызығын да, ауыртпалығын да бірге көрген, қоғамдық өмірдің алуан саласының қажетін өтеуге барлық жастық жалынын, талап-талантын берген әкемнің аяулы туыстары – аға-жеңгем, жезде-апаларым, тайдай тебісіп әкеммен ойнаған  бауырлары бүгінде жоқ болса да бейнелері көз алдымызда. Олар: Қаным-Тәңірберген, Темір-Лақай, Әбдімұқан-Жаңылай, Базаргүл апамыз, сіздерден көз жазып қалғанымызға да бір шама жылдар өтті. Бұл өмірдің қас-қағымдай қысқа екенін білсек те, соңдарыңда қалған біздер-ұрпақтарың, туыстарың өкінішпен еске алып қана қоймай сіздердің азаматтық, адамгершілік ағайындық-ерлік қасиеттеріңізді мақтан тұтамыз.

Кімдер келіп, кімдер кетпеген дейсің бұл өмірге. Жақсы да, жаман да, дана да, батыр да... бәрі-бәрі тұрақты орын ала алмаған бұл жалғаннан. Тұрлаусыз өмір дейтіні де сондықтан шығар, бәлкім.

Мұқағали ақын айтқандай, «өмір шіркіннің түбіне жетерме ой, өмір дегенің бір күндік сәуле екен ғой» деп егіле отырып естелік айтудан, жазудан басқа қолдан келер шама жоқ.

Әкеміздің үлкен апасы Қаным апамызбен бір ауылда тұрдық. Қаным апамның жүрегі таза, ниеті ақ, адал жан болды. Ол өз бетімен оқып-тоқығаны көп, көзі ашық жан еді. Қаным апамыз бен жездеміз Тәңірбергеннен бес ұл-қызы, күйеу балалары мен келіні бар. Олар: Сара, Баян, Дана, Нұрсұлу, Мұхтар. Қаным апамыздың балалары бүгінде қатардың белгілі азаматтары болып, жапырақтары жайылуда.

Әкеміздің Темір есімді апамыздың үйіне жанұямызбен жиі келетінбіз. Темір апам баурмалдықпен маған «Динажан» деп мейіріммен қарайтын еді. Ол өте қонақжай, үйге кірген адамды дәм татқызбай жібермейтін. «Ердің бақытын көтеретін де-әйел, ерге бақыт әперетін де-әйел» деген, жездеміздің бақытын жандандырған жан шуағы еді. Бірақ апамыз жездемізді артына тастап пәни дүниеден бақилыққа кетті, жатқан жері жарық, топырағы торқа болғай, оның жақсы қасиеттері ұрпақтарына дарып, иманы жолдас болғай дегеннен басқа айтарымыз жоқ.

Темір апамыздың өмірден өткені Лақай жездемізге  қатты батты. Жездеміз екеуінің махаббаттары жарасқан, бір-бірін өте сыйлайтын, бірінің ойын екіншісі айтқызбай түсінетін жұбайлар еді. Бұлардан Мақтагүл, Елубай есімді ұрпақтары өмірге келіп, бақытты өмір жолына түсіп еді. Олар сіздердің өмірлеріңіздің жалғасы ретінде бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның беделді азаматтарының қатарында еңбек етіп, жарқын болашаққа өздерінің үлестерін қосуда. Қызы Мақтагүл апамыз Ташкент қаласындағы Низами атындағы мемлекеттік педагогикалық университетінің филология факультенінің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін бітіреді. Қоныстанған ауылында жалпы орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып, 40-жыл қызымет атқарды. Соның ішінде 25-жыл ДТЖО қызметінде, 8-жыл оқу ісі жөніндегі директор орынбасары қызметінде болды. Қазіргі таңда жиен апамыз Мақтагүл мен жездеміз Нұргелдіден төрт ұл-қызы бар. Олар: Жансерік, Меруерт, Ержан, Мөлдір.

Жиен ағамыз Елубай мен жеңгеміз Раушанның төрт ұлы бар. Олар: Сағындық, Әнуар, Рейім, Ырымбай.

Қазіргі таңда Темір апамыз бен Лақай жездеміздің ізін жалғастырып келе жатқан ұрпақтары ұлы Елубай мен қызы Мақтагүлден сегіз немере, он жеті шөбере бар.

Өмір дегеніміз құбылыс, қозғалыс. Зымыраған уақыт бізге бағынбай өтіп жатады. Ал адам осы уақыт керуенінің бір жібіне байланған тағдыр иесі. Сапарыңда не жолығатының, қай жерге барып тоқтайтынын өзі де білмейді. Бар қызығы алда деп үміттенеді. Соған арқа сүйейді. Өткен өмір ешқашан қайталанбайды. Өткенін ойлағанда өзегіңе түскен сағыныш жүректі тербейді. Шымырлап бойға түсіп толғандырады... өткеннің қайтып келмейтінін ұғынғанда ғана барып, оның бағасын бағалайсың.

Әкеміздің ағасы марқұм Әбдімұқан тәтеміз бен жеңгесі Жаңылай әжемізді жиі еске аламыз. Әбдімұқан тәтеміздің отбасы Қазақстан совхозында тұрған. Руы шегем Ақтөреқыз Жаңылай әжеміз атағы шыққан сынықшы болған. Әбдімұқан тәтеміз қоныстанған ауылында  25-жыл жалпы орта мектебінде математика пәні мұғалімі қызметін атқарып келген. Тәтеміз сондай сындарлы, сынағы мол жолмен азамат атына кір келтірмей, аброймен жүріп өткен азамат. Осы ретте шығыс халқының шайыры, қазақ халқының данасы Шәкәрім Құдайбердіұлының:

Адамдық борышың-халқыңа еңбек қыл,

Ақ жолдан айнымай, ар сақта, соны біл.

Талаптан да білім мен ғылым үйрен,

Білімсіз, ғылымсыз болады ақыл тұл,-деп айтып кеткен сөздері түгелдей тәтеміздің ойынан да, бойынан да табылатын еді.

Әбдімұқан тәтеміз бен Жаңылай әжемізден өнегелі, білімді сегіз ұл-қызы, келіндері мен күйеу балалары бар. Олар менің туыстарым Аманқос–Зияда, аға-жеңгем, Жәмила-(Алик) апа-жездем, Камила-(Шоқан) апа-жездем, Жеңіс-Гүлзира аға-жеңгем, Бақтыгүл-Ислам сіңілім-күйеу бала, Зейдінабдулла-Айгүл іні-келінім, Айшагүл-Жандос, сіңілім-күйеу бала, Оспан-Света іні-келінім.

Бүгінде Аманқос ағамыз үлкен бір әулеттің ақсақалы, қадірлі ел ағасы. Аманқостың өз орынын тауып, азамат болып өсіп, қалыптасуына әуелі әке мен шешенің үнемі балаларының құлағына құйып отыратын адамгершілік, әділдік, қайрымдылық туралы, өзгенің ала жібін аттамау,  жолдастарыңмен сыйласу болу тәрізді отбасындағы тәрбиесі үлгі болса, одан кейін осы Әбдіреш ағасының ағалық қамқорлығы, әсіресе әсері көп болған.Осы ағасының үйінде жатып, жұмыс жасады. Нақты айтқанда, Аманқос ағамды Н.К. Крупская атындағы жалпы орта мектебіне мұғалім етіп жұмысқа орналастырды. Менің көз алдымда өткен өмір жолдары елестеп, киноның ленталары тәрізді өтіп жатты. Шардара қаласындағы төменгі тоғай ауылындағы руы табын Айытқалиқызы Зиядамен отау көтергенде ресми некеге тіркелулерінен кейін, ағасы Әбдіреш үйінің ауласына үлкен палатка тігіп, үйлену тойын жасады. Той өткен соң, үйінің  іргесінен үй алып, жас жұбайларды сол үйге көшіріп алып келді. Аманқос інісін аудандық үшінші хатшысының көлік жүргізушісі етіп жұмысқа орналастырды. Сөйтіп, бір балалы болған соң, Жетісай қаласынан үй алып, көшіп кетті. Сөйтіп, балалы-шағалы болып, жапырағы жайылған үлкен шаңырақтың иесі болды. Қазіргі таңда бес ұл-қызы бар. Олар: Эльмира Гульмира, Нұркен, Мереке, Нұрбол.

Жәмила қарындасы Шардара қаласындағы СПТУ сауда бөліміне оқуға түсіп, осы ағасының үйінде жатып оқыды. Жергілікті отырған жерінде азық-түлік дүкенінде жұмысқа орналысып, руы жанақ Алик есімді жездемізбен шаңырақ құрды. Қазіргі таңда төрт ұл-қызы бар. Олар: Айнаш, Таңат, Жазира, Назира.

Камила қарындасы Жетісай қаласындағы педагогикалық училищесіндегі мектепке дейінгі бөлімін бітіріп, жергілікті отырған жерінде балабақшада тәрбиеші болып қызмет атқарды. Жұмысын атқарып жүріп, руы тастемір жары Шоқан есімді жездемізбен шаңырақ құрды. Қазіргі таңда екі ұл-қызы бар. Олар: Маржан, Болатбек.

Әкеміз Әбдіреш 1984 жылы шілде айында Жеңіс інісін өз балаларымен бірге Қарағанды қаласына алып келіп, Қарағанды мемлекеттік университетінің экономика факультетіне оқуға түсірді. Өсіп келе жатқан әр жастың «менде осы кісідей болсам-ау» деп еліктейтін, армандайтын тұлғалары болады емес пе, ал Жеңістің ең алғаш сәби көңілін өзіне аударған асқар таудай адамы осы ағасы болатын.  Әкеміздің ақыл кеңестерін тыңдады, жерге тастамай орындады, бір сөзбен айтқанда оның жүргені де, тұрғаны да, киім кигені де, сөйлеген сөзі де Әбдіреш ағасы тәрізді жастарға үлгі болатын. «Мен де осы ағамыздай азамат болып өсуім керек, менде өскенде осы ағамдай өзімнен кейінгілерге үлгі болуым керек, елге пайдамды тигізуім керек...керек...керек». Міне, Жеңістің бала жүрегі осылай соғатын. Жеңіс «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер, өшер елдің баласы бірін-бірі қатын дер». Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келедіні ұстанған азамат. Жеңіс інісі соңғы курста оқуып жүріп Гүлзира есімді жеңгемізбен танысып, шаңырақ көтерді. Маңғыстау облысы Ақтау қаласында ішкі-істер органдарының қызметкері болып 25-жыл жұмыс атқарып келді. Қазіргі таңда үш ұл-қызы бар. Олар: Олжас, Марлен, Жанат. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, өнегелі отбасы.

 Зейдінабдулла інісі Орта Азия университетінің заң факультетін бітіріп, Маңғыстау облысы Ақтау қаласында  ішкі-істер органдарының қызметкері болып жұмыс атқарды. Айгүл есімді келінімізбен шаңырақ құрып, қазіргі таңда көп балалы бақытты отбасы.

 Бақтыгүл қарындасы Шымкент педагогикалық институтының филология факультенінің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін бітірді. Бүгінде Ақтау қаласындағы  Шахмардан Есенов атындағы мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ұзақ жылдар бойы дәріс беріп келеді. Ислам  есімді күйеу баламен шаңырақ көтерді. Бір қызы бар. Ол: Айғаным.

 Айшагүл сіңілім Жетісай қаласындағы педагогикалық училищесін бітіріп, Жандос есімді күйеу баламен бас қосып, қазіргі таңда көп балалы отбасы болып отыр.

Оспан інісі Алматы қаласында ҚазМУ заң факультетін бітіріп, руы шегем Света келінімізбен шаңырақ көтеріп, қара шаңырақтың иелері болып отыр. Қазіргі таңда Маңғыстау  облысы  прокурорының  орынбасары қызметін атқарып келеді. Адамның шын бақыты-мақтаулы, жұртына сыйлы, халқына беделді, адамгершілік қасиеттері мол, адал еңбектерінің, елге, халыққа жасаған жақсылықтарының алдынан жыр болып төгіле беретіні шындық. «Жақсы ата-ананың атағы балаларына өмір бойы азық»-деген қазақтың даналық сөзінің мәнісін де бәрі түсінеді. «Әке көрген оқ жанар» дегендей, Әбдімұқан тәтеміз бен Жаңылай әжеміздің балалары мен немерелері де ел сыйлайтын азаматтар болып өсіп жетілді.

          Әкеміздің кіші қарындасы Базаргүл апамыз бен Аяп жездеміздің үйіне де барып тұратынбыз. Базаргүл апамыз көкірегі ашық, ақкөңіл, өте жуас жан болатын. Жалғыз қызы Алтынай мен күйеу баласы Тойбектен үш ұл-қызы ұрпағын жалғастырып келеді.

Құлан-тайдай тебісіп, қатар өскен әкеміздің бауырлары қайтыс болғаннан бері қаншама жылдар өтсе де, жадымыздан көптеген оқиғалар ескіре бастаса да абзал азаматтардың жарқын бейнесі күні бүгінге дейін ұмытылмақ емес.   Халық даналығы тіршіліктің мәнімен тереңделе түсіп: «Адам Ұрпағымен мың жасайды»,- деп тұжырымдаған.

 

 

 

 

 

 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз