Өлең, жыр, ақындар

Қазақстан совхозында қонақта

Жаз айының басы. Жаздық демалысқа шығып, мәз-мейрам болып, қуанып жүрген шақ. Біздің ауыл қала орталығына жақын орналасқан. Жазғы демалыс басталған бойдан-ақ, әкемнің ағасы Әбдімұқан тәтеміз бен Жаңылай әжемнің  ауылына қыдырып келетінбіз. Біз  ауылға кіре бере, нағыз ауылдың иісі аңқып шығатын, лезде бұл иіс кез-келген жанды баурап алатын. Ағаштан жаққан отынның иісі, бір бөлек...

Әжем самаурынын сыртқа алып шығып, кішкентай ағаш қалдықтарын жағып, шай қоятын. Самаурыннан ішкен шай, балдай дерсің...

Күн батысқа батқанда, анадай жайлаудың бір шетінде, әнімді айтып, өзіммен қатар өскен Жеңіс ағаммен бірге өріске шығып, сиырларды жайып келетін едік. Ауланың бір шетінде, шөп үйіліп тұрса, сол шөпке барып, аунай кетіп, асыр салып ойнайтынбыз. Тығылмашақ ойнаған кезімізде, әлі есімде, іргелес жатқан көршілердің ауласынан бір шығып, ұрыс еститінбіз. Қораның ішіне де, сиырдың жанына да жасырынатынбыз. Сиыр мөңіреп қалса: мен ғой, Дина! Тұршы тыныш, біліп қояды қазір!- деп, құдды, айтқанды түсінетіндей ақ, ұрысып қоятынмын. Қораның төбесіне  шығып, Жеңіс ағамнан жасырынғаным есімде.
-Түс, тезірек, тәтең ұрысады!- деп, Жаңылай әжем  мені байқап, шыр-пыр болғаны бар.
Тәтең дегені менің әкемнің ағасы Әбдімұқан. Әттең, қазір жанымызда болғанын да ғой...
Жазмыштан озмыш жоқ...
Туған жерімнің түтіні ыстық...
Күн ұясына батқанда, нағыз күйбең тіршілік басталады. Әжем сиырын сауып келіп, сүтін қайнатып, бізге жаңа ғана тандырдан шыққан ыссы нанымен қосып беретін. Балалықтың дәмі...
Құрт, ірімшікті екі ұртымызға салып алып, ойнап кететінбіз. Топырақты басымызға дейін шашып, апыр-топыр ойнаймыз. Қуаласпақ кезінде, жүгіріп келе жатып, қандай бақытты күйде екеніңді сезінесің. Күн көзіне шағылысып, самал жел басыңды сипап өткендей,осы сәтте бар жылдамдықпен жүгіріп келіп, жаныңда бірге шауып келе жатқан жылқымен және оның тайқұлынымен бірге жарысқандай боласың. Ешкімді елемейсің, желмен жарысып, құйғытып, шаң басып шауып келе жатырсың, сен және серігің жел. Басқа ешкім жоқ...

Артыңнан кімнің келіп, аяғыңнан шалатыны маңызды емес. Себебі, өзіңе, жаныңдағы серігіңе сенімдісің. Міне, менің бақытты балалығымның аспаны. Міне, менің балдай шағым.

Кеш. Отын жағып қойып, картопты ағаштың арасына салып, отқа қақтырып жейтінбіз. Ешқандай жаман жаңалықты естімей, тек өмір сүріп жүргенімізге қуанатынбыз. Бала күлкімен, әр нәрсеге мәз болып жүре беретінбіз.
Сыртқа қазан  ошақты алып шығып, тамақ әзірлеуге кірісетін едік. Далаға жасалған тағамның дәмі, шіркін, бөлек қой... Тапшан үстіне дастарқанды жайып жіберіп, тамақтанатынбыз.

Қараңғы бөлмеде, жанымда Жамила, Камила апаларым, Жеңіс ағам мен кішкентай бауырларым, бірге әңгіме,ертегілер айтып, түрлі сахналық қойылымдар қойып, тәтті ұйқыға бататынбыз. Қабырғада тәтелеріміздің  ата-әжелерінің суреті ілулі тұратын еді. Кенеттен, бір нәрсе сыбдыр ете қалса, сол сурет қозғалып тұрған сияқты  болады, дереу  Жәмила апамды құшақтап алып, ұйықтайтын едім. Біз ылғи далада ұйықтайтынбыз. Жаз кезінде әрине. Елестетіп көріңізші, шегірткелердің шырылдауы, самал желдің лебі. Аспан жұлдызға толы, басыңды көтерсең, жетіқарақшынының жанынан шығатындайсың.
-Жеңіс...- деп, мен жай дауыспен, сыбырлап әңгімемді бастаймын.
-Ау?
-Ұйықтап жатырсың ба?
-Ммм...
-Анау қандай жұлдыз?
Ұйықтап жатқан адам қайдан білсін?
-Ол...ол Жетіқарақшы деген жұлдыз.
-Жеңіс...
-Ммм....?
-Ұйықтамашы, әңгіме айтайық.
Осы кезде Жеңістің қорылы естіледі...
Осылай сыбырласып, сырласып ұйықтап калатынбыз.
Қазір осы шақтарды есімізге алып, бір ерекше сезімге бөленеміз...
 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз