Қазақ тілі – тағдыры тәлкекке түскен тіл бе?
Айналамызды сан соқтырған мәселелер мен бітпейтін ойлар – күнделікті өмірдің машақатын айқын көрсетіп отыр. Қамшының сабындай қысқа өмірде көзге көріне бермейтін, бірақ өзекті мәселелер аз емес. Солардың бірі – қазақ тілі.
Қанша жерден дабыл қағып, дауыстап айтсақ та, қазақ тіліне құлақ асатындардың саны күн санап азаюда. “Тіл болмаса – ел де болмайды” деген терең мағыналы сөз бар. Қазақ тілі үшін күрескен ерен тұлғалар мен зиялылардың еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Алайда бүгінгі қоғамда тіл үшін шырылдағандар көбейсе де, келешек ұрпақтың міз бақпауы – көңілге қаяу түсіреді.
Мұның себебі неде? Үйдегі тәрбие ме? Әлде тілдік ортадағы салғырттық па? Қалай болғанда да, “қазіргімен өмір сүр” десек те, болашақ туралы ойлану – әркімнің міндеті. Бүгін қолға алынбаған мәселе ертең орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін.
Сорақысы, қазіргі күннің өзінде мектеп оқушыларының шамамен 65%-ы ана тілін жетік меңгермеген. Шала біліп, “сөйлей аламын” деп ойлау – өз-өзіңді алдау. Өз жерінде тұрып, өз ана тілін білмеу – ұят әрі өкінішті.
Мейлі, уақытың болмасын, ыңғайың келмесін – қазақ тілін үйренуге, оқуға, дамытуға әркім атсалысуы керек. Біз неліктен өзге елдерге қызығамыз? Бір жағынан қызығып, бір жағынан іштей мойындаймыз. Бұл – сол елдерде тіл мен мәдениетке құрметтің жоғары екенін көрсетеді.
Мысалы, сіз Америкаға барсаңыз, сізді ағылшын тілінде қарсы алып, шығарып салады. Ал біз ше? Қазақстанға келген туристке қазақ тілінде емес, орысша сөйлеп, барынша “ыңғайлы болуға” тырысамыз. Тіпті, қазақ тілін білмейтін кей адамдар қазақ тілінде сөйлегендерді менсінбей, орыс тілінде жауап беруді “заманауи стиль” деп қабылдайтын болды.
Қазақ жерінде тұрып, қазақ тілін білмеу – сән емес, масқара. Қазақша сөйлеу – ұят емес. Керісінше, қазақ тілін біле тұра сөйлемеу – ұят, әрі санаға сын. Қазақ тілі – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – ұлттың жаны мен рухының айнасы.
«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Жидебай Айзада
- Асқарұлы Санжар
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі