Өлең, жыр, ақындар

Халық өлшемдері - метрология ғылымының негізі

Метрология (гректің «метро»-өлшем, «логос»-оқу, білім) - өлшемдер туралы, олардың бірлігі мен талап етілетін дәлдігін қамтамасыз ететін әдістер мен құралдар туралы ғылым. Метрология ғылым және тәжірибелік қызмет саласы ретінде ерте замандарда пайда болған. Әрбір өлшем жүйесінің өзіндік ерекшеліктері болған, олар сол дәуірмен, ұлттық дәстүрмен және ұлттың кәсіби мамандықтармен байланысты болды. Іргелес жатқан халықтардың өлшем бірліктері арасында өзара байланыстылық болды. Мысалы: Халқымыздың  бір «түйенің жүгі»  өлшем бірлігіне Таяу Шығыс мемлекеттерінде салмақ өлшем бірлігі 1 васк; мысқал бірлігі-орта ғасырлық  Бұхара үшін екі мискалдық түрде анықталған, бірі 4,8 мискал қымбат бағалы металдар, асыл тастар, бұйымдар үшін және екіншісі 5,0 г жалпы қарапайым бұйымдар үшін пайдаланылған. Қазіргі заманғы  өлшемдердің негізі  XYIII  ғасырда сауда қарым-қатынастарының дамуына байланысты Европадан Ресей,  Орта Азияға біртіндеп енді. Алғашқы ұзындық өлшемдерін ағылшындармен сәйкестендіру  I Петрдің жарлығымен іске асты. Орта Азия және  Қазақстандағы метрология күрделі және аз зерттелген. Шығыс метрологиясы бойынша В.Хинцтың «Мусульманские меры и веса с переводом в метрическую систему»  [1] оқу құралдары Сейіт Кенжеахметұлының «Халық өлшемдері» еңбектері ғана белгілі.

Халық өлшемдері - ұлт мәдениеті мен этнографиялық салаларының бірі. «Халық айтса - қалт айтпайды» дегендей, халық өлшемі-анық өлшем десек, қателеспейміз. Өйткені оны ата-бабаларымыз бірнеше ғасырлар бойы қолданып, сол арқылы өлшем негіздерін жасаған. Халық өлшемдерінің негізгі түрлері мыналар: салмақ өлшемі, көлем өлшемі мен мөлшері, ұзындық өлшемі, қашықтық өлшемі, уақыт және мезгіл өлшемдері.

Халқымыз салмақ өлшемдерін былайша жіктеген: мысқал (0,4г), қадақ (750г), келі (1кг), пұт (16кг), батпан (100кг) Бір түйенің жүгі ( 194,3 кг). Бұл өлшемдермен  бірге халық салмағынан жер ойылғандай, түйеге жүк болғандай деген сияқты бейнелеу, теңеу сияқты айшықты сөз өрнектерін қолданып, ауыр, жеңіл деген сөздерді де пайдаланады. Көлем өлшемдері бір заттың немесе малдың санын, көлемі мен мөлшерін, аумағын, шамамен белгілейді. Мысалы: бір шымшым, бір шөкім, бір уыс, қос уыс,  бір тілім(нан), бір түйір, бір қолтық, бір шүйке, бір құшақ, бір қап, бір шелек, бір қасық, бір тамшы, бір арқа, бір шана, бір арба, бір табақ, бір шоқ (үкі, тал), бір топ (адам),  бір қарын, бір сандық, бір қалта. Мал саны мен мөлшерінде осындай шамамен ажыратады, яғни бір отар, бір қора, бір соқыр,  бір табын, бір үйір, он шақты, жиырма шақты. Заттың көлеміне, аумағына кейде бармақтай, шынашақтай, жұдырықтай, құмалақтай, етектей, алақандай деген теңеу деген сөздерде қолданыла береді. Сұйық заттарға мөлшер сөзі қолданылып, оны мөлшерлеп есептейді. Халық қалыңдық өлшемінде ұмытпаған.  Мұны олар көбіне жылқы қазысының  жұқа, қалыңына қарай айтқан. Айталық, бұлт, пышақ сырты, қылыш сырты,  (бұлар 1-2,5см), екі елі, сере, табан (7-10 см)т.с.с. Басқа заттардың көбнесе саусақ қыры-елімен өлшенеді.

Ұзындық және қашықтық өлшемі мүлде екі ұғымды, екі түрлі өлшемді білдіреді. Ұзындық өлшемдері бір заттың (таяқтың, арқанның) ұзындығын анықтайды, атаулары: бір елі (1-5см), екі елі, үш елі, тұтам, сынық сүйем (14-15см), сүйем (17-18см), қарыс,  кере қарыс (20-22см), кез (50см), аршын (75см), құлаш (1,8-2м), т.б. Балтасап,  кебіс басындай деген балық өлшемдері де бар. Қашықтық өлшемдері: адым (қадам) (1м), Таяқ тастам (10-15м), әй дейтін жер (100м), дауыс жететін жер (250-300м), шақырым (1км), иек асты, бір төбе астында (4-5км), қозы көш (5-6км), көз ұшында (6-7км), тай шаптырым (4-5км), құнан шаптырым (8-10км),  ат шаптырым (25-30км), бір күндік жер, айшылық жол т.б. Бұл межелер ауыл ішінде бұл күндеріде жиі айтылады. Ел ішінде тереңдік, биіктік өлшемдеріде бар.  Бұған терең, тайыз,  биік, аласа, деген сөздер қолданылады. Бір айта кетерлік жай: жоғарыдағы аталған өлшемдер бір-бірінің орнына жүрмейді.

Ауа райын бақылауда, сондай-ақ ыстық, суықты және оның өзіне тән өлшемін белгілеуде де халықтық атаулар аз емес: қанжылым, мұздай, қапырық, қайнап тұр, күйіп тұр, аспан айналып жерге түскендей, ми қайнар деп жаз айындағы күн райын айтса,  қыста шуақ май тоңғысыз, шыбынсыз жаз, суық салқын, аяз, үскірік, бет қаратпас аяз, саршұнақ аяз, тіфу десе, түкірік жерге түспейтін аяз деген теңеулер арқылы күннің қаншалықты суық екенін анықтап, соған сәйкес әрекет ете бастайды.

XYIII  ғасырда Әз Тәуке хан басшылығмен жасалған әйгілі «Жеті жарғы» заңы құқықтық  негізінде шығын және құн мөлшерін белгіледі.  Дау-жанжал немесе ұрыс кезінде адам өлімі мен дене жарақатына сай айып, құн өлшемін бекітті. Мысалы, ет адам құны - 100 жылқы. Егер біреудің белін сындырса, толық адам құнын төлейді. Адамның бір көзін шығарса, оның жарты құнын төлейді.  Ұрыс төбелесте бас бармақ сынса- 100 қой, шынашақ сынса-20 қой төлейді. Дене зақымынан бала өлі туса: 5 айлық бала үшін 5 ат, 5 айдан 9 айға дейінгі бала үшін әр айға бір түйе төлеген. Аталған заң негізінде 100 түйе 300 атқа немесе 1000 қойға теңестірілген. Бұл мөлшердің әлеуметтік, мемлекеттік маңызы да өте зор болды. Саудада әр заттың, малдың құнын белгілеуде де орайлы әдістер мен жолдар таба білген. Ақшалай саудада тиын мен теңгені, алтын күміс сияқты құнды металдарды қолданған. Айырбас сауда да әркімнің келісіміне сәйкес шамамен түйені құлынды биеге, биені бұзаулы сиырға,  сиырды тай, құнанға, тайды 3-4 қойға айырбастаған. Сөйтіп, мал, бұйым саудасында да әр заттың лайық, кесімді өлшемдері болған.

Халық уақытты анықтауда бай тәжірбие жинақтады. Оны қолданудың сәті мен жолданы, соған лайықты сөз өрнектерін ойластыра білді. Жылды, тоқсанды, айды, аптаны, тәулікті бөлудің шаруашылыққа сай реті мен ыңғайында келтіре білді. Мерзім, мезгіл өлшемдерінің халықтық атауларына қазақ тілі өте бай. Ұлттық ұғымда мерзім уақыттың, мезгілдің шамасы мен ұзақтығын білдіреді, мысалы: бір сәт, қас қағым, ә дегенше (1 сек), сүт пісірім (10-15 мин ), шай қайнатып (20-30 мин), бие сауым (1,5 сағат), ет пісірім (2-3 сағат), тоқсан (3ай). Адам өмірі де жас (1 жыл), мүшелермен (12 жас) есептеліп, бір мүшел (13 жас), екі мүшелі (25 жас), үш мүшелі (37 жас), төрт мүшелі (49 жас), т.с.с. бөлінеді. Уақыт мезгілдерін анықтауда және оның жиіліктерін жіктеп, айыруда халық теңеулері мен өлшемдері әрі қызық, әрі анық, әрі түргеде өте бай. Мысалы: елең-алаң, құланиек,  таң сәрі, құлқын сары,  таң бозара, алакеуім,  таң біліне, күн қызара, күн көтеріле, күн арқан бойы көтеріле, тал түс, шаңқай түс, талма түс, сәске түс, түс ауа, түс қайта, бесін, екінді, кеш, көлеңке басы ұзара, күн бата, ымырт , іңір, апақ-сапа, намаздыгер, ақшам (намазшам), ақшам жамырай, бейуақыт, қас қарая,  түн қараңғысы, ай туа, жұлдыз сөне т.б. Демек, мұның бәрі халқымыздың  таным-түсінік, ойының, әр істің байыбына терең бойлау, бағдарлау қабілетінің жоғары тұрғанын дәлелдеп береді. Мезгілді қазақтар күндіз көлеңкеге, түнде жұлдызға қарап та анықтаған.

Қолданған әдебиеттер: 

1. Сейіт Кенжеахметұлы «Халық өлшемдері» 361 бет, «Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары», «Атамұра» корпорациясы ЖШС-нің  Полиграфкомбинаты, 050002, Алматы қаласы, М.Мақатаев көшесі, 41
2. Сейіт Кенжеахметұлы «Жеті қазына», «Мысқалдан батпанға дейін», 57 бет, «Ана тілі баспасы ЖШС, 480009, Алматы қаласы, Абай даңғылы, 143-үй»
3. Сейіт Кенжеахметұлы Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті «Халық өлшемдері» (308), 328 бет, ЖШС «Алматы кітап баспасы» 050012 Алматы қаласы, Жамбыл көшесі № 111
4. К.Акишев, Г.Дарибаева  «Метрологияның даму тарихы» 119 бет, « Стандарттау, метрология және сәйкестікті бағалау», «Фолиант» баспасы, 010000, Астана қаласы, Ш.Айманов көшесі, 13


Шымкент аграрлық колледжінің
М9-151 тобының студенті: Ауелтаев Биназар
Жетекші: Қожабек Батырхан Өтешұлы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз