Өлең, жыр, ақындар

Кәріз – ежелгі су тарту жүйесі

Жердегі өзгеше ойықтарға назар салыңызшы, бұлар не деп ойлайсыз? Әңгімені бұл жырықтардың қашан пайда болғанынан бастасақ. Олар 3000 жыл бұрын - парсылардың гректермен соғысынан бұрын салынған. Бұл құрылымдар кәріз немесе qanat деп аталады және ол қазіргі Иран аумағындағы Гонабад қаласынан орын тепкен. 

Кәріз - сол уақыттағы маңызы зор өнертабыстардың бірі саналады. Бұл су тарту жүйесі жерасты суларын жинап, оны қалалар мен суландыру каналдарына тасымалдауға қабілетті. Осының арқасында Парсы елі құрғақшылық климат жағдайында өмір сүріп, дамыған.

Гидротехникалық жүйеде жердің үстіңгі қабатындағы сулар жиналатын негізгі құдық, қандай да бір нақты орынға су тасымалдайтын туннельдер жүйесі, ылғалды конденсациялауға мүмкіндік беретін және барлық бағыт бойы желдететін вертикальді ұңғымалар бар.

Бұдан басқа, жерасты су таратқышы ылғалдың булануын айтарлықтай төмендетеді.

Гонабад кәрізінің ұзындығы 33,113 метрді, тереңдігі 427 метрді құрайды. Бұл құрылыстар физика, геология және гидравлика заңдарын қолдану арқылы салынған. Ал, бұл – парсылардың даму деңгейінің жоғары екендігінің дәлелі. 2007 жылдан бастап Гонабад кәрізі ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілген.

Суды осы жолмен алу тәсілін көптеген халықтар пайдаланған. Мұндай кәріздер Мароккода, Алжирде, Ливияда және Ауғанстанда кездеседі. Сондай-ақ, Евпатория мен Қырымда да бар. Бір кездері оларды армяндардың тұрғызғаны белгілі.

Сегіз мың жыл бұрын Көпеттаудың (Копетдаг) тау баурайында таудан бастау алып, ағып жатқан өзендер мен бұлақтардың суын пайдалана отырып, суармалы егіншілікпен айналыса бастаған. Кейіннен егін шаруашылығының дамуы мен үздіксіз ілгері басуы - жаңа су көздерін талап етті. Ол – кәріздер болды.

Зерттеушілердің пікірінше, Оңтүстік Түркіменстан аумағы мен Иранның солтүстік аймақтарында алғашқы кәріздер біздің заманымызға дейінгі I мың жыл бұрын пайда болған. Түрікмендік аңыздарда кәріздердің құрылысы Александр Македонскийдің дәуірімен тұспа-тұс келетіндігі баяндалады. Көне тарихшы Полибий Оңтүстік Парфиядағы кәріздер туралы хабарлаған. Ол «осы төңірекке бұлақ суын» кім тартса, сол адамның бес ұрпаққа дейін бүкіл облысты пайдалана алатынын атап өткен. Және бұл кездейсоқтық емес.

Кәріз – жерасты галереясына қосылған құдықтар жүйесін құрайтын күрделі гидротехникалық құрылым. Тереңдігі бірнеше жүздеген метрге дейін жететін, ал галереясының ұзындығы шақырымды құрайтын кәріз құрылысы көп бейнетті талап ететін іс саналады.

Сонымен қатар, шеберлер құдықты төменнен жоғарыға қарай қазған. Ал, бұл өте қауіпті жұмыс, себебі қазып жатқанда үйіндінің астында қалып кету жағдайлары жиі кездескен. Бір кәріздің құрылысына ұзақ уақыт жұмсалған, тіпті он жылға дейін созылған. Бірақ, онымен ағып келетін су ондаған гектар құнарлы жерді суарған.

Бас шебер – кәріз жасаушының қоластында 4-5 көмекшісі болған. Құдықтар мен жерасты галереясын салу кезінде қарапайым құралдар пайдаланылған: қайла, шағын күрек, қорғаныс тақтасы, арнайы бас киім, былғары қап, шеберлерді жоғары көтеріп, төмен түсіретін кезде қолданылатын ағаш шығыр, топырақ салынған қаптар, құрал-саймандар және т.б.

Құдықтың тереңдігін бас шебер қарапайым деңгейдің (салмақ бергіші бар арқан) көмегімен анықтап отырған. Құдықтың диаметрі 1 метрден аспайтын болған, ал галереяның биіктігі әдетте 1 м 30 см-дан 1 м 50 см-ға дейінгі аралықта болған. Ені 80 сантиметрге дейін жеткен.  Құдықта ауа жеткіліксіз болған кезде ұста ошағы орнатылған және қамыс түтіктің көмегімен галереяға ауа беріп отырған. Құдықтардың ара қашықтығы 20-30 метрді құраған, оны шебердің өзі анықтап отырған. Жаңа кәріздердің құрылысы мен жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары ұзақ және қажырлы еңбекті ғана емес, кәріз жасаушы шеберлердің айрықша біліктілігі мен қайсарлығын талап еткен. Шеберлер мен олардың көмекшілері үлкен күшке ие болған. Бұған тастардың көлемі дәлел бола алады. Кейбір тастардың көлемі  120 х 70 х 50 см-ге дейін жеткен. Мұндай ауыр тасты көтеріп, оны жерасты галереясын бекемдеуге пайдаланылатын қалауға мұқият орналастыру үшін көтергіш кран қажет. Біздің ата-бабамыз оны қалай жасағаны – осы уақытқа дейін жұмбақ болып қала бермек. 

Гидролог Г. Куртовезов атап өткендей, жерасты суларын кәріз жүйесі арқылы алу әдісінің бірегейлігі - бұл құрылымдар жер асты галереялары мен тік құдықтар арқылы күрделі тізбектермен аса қатты тереңдіктегі суларды өндіріп, дәстүрлі қуат көздерін пайдаланбай, суларды өздігінен жердің бетіне шығаруында.

Шынында, кәріздер тау бөктері мен шөлейтті жерлерде ауызсудың жалғыз көзі саналатын. Түрікмендер құмды үйінділерден аман алып қалу үшін және оны жаулардан жасыру үшін құдықтарды киізбен орап қоятын болған.

Орта ғасырда кәріздер Түрікменстан аумағында қыруар көп болды. Хорасан билеушісі Абдуллах ибн Тахир (830-840 жж.) діни құқық білгірлеріне (факихтерге) кәріз бойынша арнайы басшылық құруды тапсырған. XI ғасырдағы автор Гардизи билеушінің бұйрығымен жазылған «Китаб ал-Куний» («Құдықтар туралы кітап») кітабы оның ел билеген дәуірінде де, сондай-ақ 200 жыл өткен уақытта да қолданыста болғанын жазған. Өкінішке орай, аталмыш кітап біздің заманымызға жеткен жоқ.

Кәріздер Түрікменстанның Алтын асыр, Ақ бұғдай, Рухабат, Геоктепі, Бахарлы этраптарында (аудандарында) жиі шоғырланған. Ірі кәріздер осы уақытқа дейін халықты ауызсумен қамтамасыз етіп келген Бахарлы этрабында жұмыс істеп келген. Оларға Бахарлыдағы, сондай-ақ Дуруна, Мурча, Сунча, Келятадағы кәріздер жатады.

«1882-1890 жылдардағы Каспий маңы облысына шолу» еңбегінде аталып өтілгендей, 1890 жылдардың басында тек Асхабад уездінде 17 кәріз бен 140 құдық орналасқан. Ашхабадтың өзінде XX ғасырдың 40-жылдарына дейін төрт ірі кәріз жүйесі жұмыс істеп келген. Инженер Я.Таиров 1892 жылы Асхабад уездінде 42 кәріздің болғанын жазған. Ескі кәріздер тазартылып, қайта қалпына келтірілген болса керек.

Қуатты кәріз жүйесі Бикрованың Акдепе (қазіргі Ашхабад қаласының Чандыбил этрабы) қалашығында болған. Бұл жерде қазба жұмыстарын жүргізу барысында автор 38 қираған құдықты тапқан. Бұл құдықтар оңтүстік-батыс-оңтүстік және ары қарай қазіргі автобанға дейін оңтүстік бағытқа қарай жалғасып жатқан. Шамасы, құдықтар өте көп болған және олар тау бөктерінен ежелгі қалашыққа дейін созылған.

Кәріздер өзінің тиянақтылығымен және аса күрделілігімен таңқалдыруда. Мысалы, Көне Мурча кәрізінің жерасты галереясының биіктігі 4 метр және ені 2 метр! Дурундық кәріздер өзінің ұзақтығымен тәнті етуде. Олар бұрын тау бөктерінен құмды шөлмен шекарада орналасқан Шехрислам қаласына дейін ондаған шақырымға созылып жатқан күйдірілген кірпіштен жасалған су құбырымен жабдықталған.

Кәріз сулары көптеген су диірмендері мен су тартатын құрылғылардың (шығыр) жұмыс істеуіне ықпал еткен. Сондай шығырлардың бірі X ғасырда Ферава рабат (Парау) облысындағы кәрізде кездеседі. Зерттеушілер бұл шығырды Сердар қаласының оңтүстік-батысында орналасқан Жанахыр кәрізі деп есептейді. Әл-Хорезмиге сәйкес, орта ғасырда Хорасанда жегілген жануарларды қозғалысқа түсіретін шығырлардың алуан түрлері (дулаб, далия, гарраф, зурнук, наура, манджанун) болған. Дереккөздерге сүйенсек, XX ғасырдың 20-жылдары Әмударияның өзінде 15 шығыр жұмыс істеген. Оның көмегімен отыз мың гектарға жуық жер суландырылған.

Есте қаларлығы, түрікмендерде Шахызенна табынушылығы – құдық ісі шеберлерінің қамқоршысы деген түсінік болған. Олардың құрметіне құрбандық шалынған. Кәріз жасаушы шеберлер жердің бетіндегі топырақты алғаннан кейін, жерді қазумен қатар бақытсыздық келмеуі үшін Шахызенна құрметіне адамдарды садақаға шақырып отырған. Шеберлер құдық қазатын ыңғайлы жер іздеуден бастап жұмыс аяқталғанға дейін Шахызеннаға сыйынып, одан сәттілік жіберуін тілеген. Кәріз шеберінің еңбегін әр үлескер судың тәуліктегі нормасындағы үлесіне байланысты төлеп отырған.

Бір қызығы, әрбір кәріз көптеген адамдарға қызмет көрсеткен. Мысалы, 120 жыл бұрын Хунтуш пен Айнабат дурундық кәріздері сәйкесінше 95 және 143 үй иелерін, ал Көне Мурча кәрізі 53 үй иесін сумен қамтамасыз еткен. Жекелеген елді мекендерде адамдар кәріз ісі шеберлерінің тіпті есімдерін есте сақтап қалған. Мысалы, Жанабат кәрізін 160 жыл бұрын кәріз жасаушы Эрназар мен оның көмекшісі салған.

Расында, ерекше халықтық гидротехника уақыт өте келе дамып, жетіле түсті. Енді, адамдарға көмекке қуатты техника мен заманауи технология келген уақытта, өткеннің құнды тәжірибесі назар аударуды және зерттеуді қажет етеді. 

Айта кеткен жөн, гонабадтық жүйе 2700 жыл бұрын тұрғызылса да, қазіргі уақытқа дейін жұмыс істеп келеді. Бүгінде ол шамамен 40 000 адамды сумен қамтамасыз етіп отыр. Ал, бұл - аз көрсеткіш емес.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (2)

Еркебұлан

Біз қазақтар сол 3000 жыл бұрынғы адамдардың деңгейіне әлі жете алмай келеміз )))

Қайрат

Қазіргі уақытта қасымыздағы өзеннен бақшалық су шығара алмай жүрміз ғой....

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз