Өлең, жыр, ақындар

Балапан торғай

Қолында аша ағашы бар сұр кепкалы бала жақындай түссе де, балапан торғай бейқам отыра берді. Тек аяғының дәл астындағы шарбақ ағаш сақ ете түскенде, ол селт етіп, шошып қалды. Жантас екінші рет атып үлгіргенше, балапан торғай жөндалбаса ұша жөнелді.

Балапан торғай алыс шырқап ұша алмайтын еді. Кешенің ар жақ бетіндегі бір шоқ талға талып, әрең жетіп қонды. Жүрен кеудесіне сыймай дүрс-дүрс соқты.

Әккі Жантас ентелеп тағы жетті. Рогаткасын жүгіріп келе жатқан бойда оқтап алды да, қалт тұра қалып және атты. Тас бұл жолы зу етіп, балапанның төбесін жалап кетті. Ол көзін жыпылық еткізіп, бұға қалды.

Балапан торғай ұша жөнелді...

Жантас балапан торғайдың қыр соңынан қалмады, ауылды шыр айналдырып қуа берді. Өкпесі өшіп, әлсіреген балапанда көтеріліп ұшуға енді хал де қалмады.

Үрейі ұшқан балапан жүнін үрпитіп, дуалға жабыса түсті. Әлсіз аяқтары сырғанақтап, сүріне құлап «Аяшы!» Атпашы!» деп жалынғандай шыр-шыр етті. Бірақ без бүйрек Жантас оған құлақ аспады. Қол созым жерде тұрып атқылай бастады.

Кенет Жантастың арт жағынан:

— Әй, о немене? — деген дауыс саңқ ете қалды. Жалт қараса, Қожа жүгіріп келеді екен. Жантас балапанды тездетіп тағы бір атып жіберді. Егер осы атқаны да тимесе, онда бас салып, Қожадан бұрын оны ұстап алмақ.

Бірақ бұл жолғы атылған тас несінің жауыз ниетін құптап ұшты. Дәл топшысынан деп тиген тас балапан торғайды домалатып түсірді...

— Байғұсым - ай! Өліп қалар ма екенсің!

Торғайды Қожа екінші алақанына аударып салды. Аузын ақырын ашып үрледі. Балапанның кілегейлене жабылған кезі жылтырап қайтадан ашылды. Тыпыр-тыпыр еткен нәзік аяқтары Қожаның алақанын жыбырлатты. Енді бірнеше минуттан кейін жан шақырып, тұруға әрекеттенді.

Қожа қуанып кетті.

Балапан торғай ұшамын деп оқыс ұмтылып, торс етіп жерге құлап түсті. Қожа енді байқады: оның бір канаты салбырап, зақымдалып қалған екен.

Торғайды Қожа мәпелеп ұстап үйге әкелді. Газет бетіне нанның үгіндісін сеуіп, же деп тұмсығын апарды. Бірақ балапан торғай жемек түгіл, басын оңды-солды жалт-жалт бұрып, татып алмады.

Қожаның босатып қоя беруі мұң екен, балапан жорғалап барып кереуеттің астына еніп кетті.

Осы кезде тыстан жылаған дауыс естілді. Жантастың даусы. Қожа жүгіріп шықты:

— Не керек саған?

— Бер торғайымды.

— Бермеймін. Ол сенікі емес.

Қожа әлгінде Жантасты балапанға істеген озбырлығы үшін біраз төмпештеп жіберіп еді. Ол кемсеңдей жылап, апасына шағым айтуға жөнелген.

— Не боп қалды тағы да? — деп сұрады анасы.

— Қожа торғайымды тартып алды. Желкемнен түйіп - түйіп жіберді.

— Тәйт! Арыз айтқаннан басқа осы сенің білерін бар ма? Өзің жайыңа жүрсең, Қожа саған тимейді. Жыламай аулақ кет.

Апасынан қолпаштау таппай, тауы шағылған қиқар Жантас енді міне ыза буып, жарыла жаздап келіп тұр. Көзінің жасын сорағытып: «Бер деймін торғайымды!» — дейді ол.

Жантастың тоң айбатына ыға қоятын Қожа емес.

— Айттым ғой бермеймін деп. Торғай сенікі емес. Марш!

Екі иығынан қапсыра ұстап, дедектеткен бойда Қожа Жантасты есіктен бір-ақ ытқытып шығарды...

Балапан торғай бұл кезде кереуеттің түкпір сирағын папалап, жүрегі дүрс-дүрс соғып, көлеңке бұрышқа жабысып алған еді. Төсекжапқыш жоғары қарай сырылып, жарық, молырақ түсті де, артынша Қожаның жүзі көрінді. Балапан торғайдың жүрегі одан бетер тулап, кеудесіне сыймай кетті.

— Сен не, бұрышқа тығылып алғансың? Өзін нағыз бір қорқақ екенсің ғой.

Қожа балапан торғайдың қасына газетке салып нан үгінділерін әкеп қойды. Қағаз сыбдыры оны одан бетер шошытты. Ол бұрышқа тақала түсемін деп, тайып кетіп, зақымданған топшысын ауыртып алды.

Түні бойы балапан тырп еткен жоқ.

Ертесінде ол жаңа «пәтерге» кешті. Оны жасаған Қожа болатын. Кәмпиттен босаған шағын жәшікке Қожа темір тордан төбе шегеледі. Кішкентай етіп ашпалы есікше істеді. Балапан торғайды соған кіргізіп жіберді де, сыртындағы тиекшесін іліп қойды.

Қожа жәшікті террасаға шығарып, терезенің дәл алдына апарып қойды. Күншуақ дүние балапан торғайды бірден сергітті. Бақтың түкпір жағындағы мәуелі шие ағашының бұтағында отырған бір топ торғайдың жәрмеңкесі оны еліктіріп әкетті. Сол бір сәтте балапан өзінің мүшкіл халін ұмытып, ұша жөнелмек болды. Бірақ торға соғылып, құлап түсті. Жаралы топшысын тағы да ауыртып алды. Қолында екі аша ағашы бар сұр кепкалы бала көз алдына елестей қалды...

Түс ауа мектебінен қайтып келген Қожа жәшік түбіндегі нан қоқымын тыпың-тыпың теріп жеп жатқан балапанды көрді.

Ол осылайша жем жейтін, табақшаға құйып әкеп қойған судан ішетін болды. Суды кәдімгі торғайларша ішеді: тұмсығын батырып алады да, кілт жоғары көтеріп, өңешіне құяды.

Арада бір жетідей уақыт өтті. Балапан торғай тыңайып, есейіп қалды. Енді оны балапан деп айтудың әзі лайықсыз еді. Жүні құлпырып, арқа тұсы күдістеніп, ірі түлғалы кәдімгі қара жағал қораз торғай кейпіне келді. Топшысының ауырғаны да басылды.

Қожаның әжесі өте бір мейірбан кісі. Ол енді немересіне маза бермейтін болды.

— Сен жібер бұл бейшараны. Өзіңді өстіп қамап қойса, жақсы көрер ме едің? — деп қоймады.

Ақыры Қожа әжесінің айтқанына көнді, балапан торғайды босатар алдында:

— Тағы бір кездессең, мен сені танитын болайын, — деп, ол торғайдың аяғына қалайыдан сақина кигізді. Сонан соң тұмсығынан шөп еткізіп сүйді де, әуелетіп ұшырып жіберді.

Біртін-біртін биіктеп, балапан торғай бұлдырап көрінбей кетті.

Ертеңінде таңертең тысқа шығып бара жатып, Қожаның көзі террасадағы үйшік жәшікке түсіп кетіп еді. Ішіндегі торғайды керіп, кілт тұра қалды. Сол! Дәл өзі! Аяғында жарқыраған қалайы сақина. Аяулы досымен қайта табысқандай Қожаның жүрегі қуанышқа толып кетті.

Үйшік өзімдікі дегендей балапан торғай ашық қалған есікшеден еніп алып, жемін жеп, суын ішіп сайраңдап жүр.

Ол осылайша өздігінен асыранды торғайға айналды. Үйшігіне әлсін-әлсін ұшып кеп кіреді де, Қожа досының әзірлеп қойған сый-сыбағасына бөгіп, сосын сайрандауға қайыра ұшып кетеді. Кіріп-шығып жүрген адамдардан да именбейді. Ал кейде бөтегесі томпайып, тойып алғаннан кейін үйшігінің үстінде қонақтап отырып, құбылтып жыр шертетіні де бар.

Арада жарты ай шамасы уақыт өтті.

Бір күні таңертең балапан торғай көрінбеді. Қожа оған жем - суын әзірлеп қойды да, сабағына кетті. Кайтып келсе, бәpi сол қаз қалпында: ешқандай із түспеген.

— Әже, торғайым келді ме? Байқадың ба?

— Көре алмадым. Сол сірә, келген жоқ-ау деймін, — деп жауап берді әжесі.

Қожа елегізіп, торғайын көп күтті. Торғай осылайша зым - зия ғайып болды...

Өзіңді ажалдан арашалап алып қалған Қожа досыңды ұмытып, әлде мекен ауыстырып, басқа жаққа ұшып кеттің бе? Немесе түбіңе Жантас секілді сотқар біреу жетті ме?! Қайда, қайдасың, сен, балапан торғай?!


Пікірлер (1)

Рукаия

Өте жақсы әңгіме

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз