Файзолла Бектұрғановтың бүгін түсінде көргенін айтпаңыз! О не болды, түсінен шошып па дейсіз бе, жоқ. Енді не екен деп танданбай-ақ қойыңыз, Колхида ойпатында кездесетін кәдімгі алты құлаш айдаһар беліне оралыпты деп те ойлап қалып тұрмысыз, ол да емес. Адамның басына бермесін, егер ондай жағдай бола қалса, Файзолла елсізге жалғыз аттанып жынданды дейсіз бе! Файзолланың түсінде көргені кәдімгі басқа кисе тумақ, иыққа жамылса ішік болатын алтайы қызыл түлкі емес пе. Өзі сылаңдап, құйрығы бұлаңдап тіпті есік пен төрдей-ақ қалды-ау! Па шіркін-ай, қызыл қылшыққа тырнағының ұшы бір тиіп кеткенде, денесінің ду етіп жүріп бергенін қайтерсіз. Енді аз ұйықтай тұрғанда Арқаның алтайысы қанжығасына байланып та қалатын еді! Қап, қырдың қынадай қызыл түлкісін бұйыртпаған құдайға не айтарсың.
Мұндай түсті күнде көре беретін Файзолла Бектұрғанов жай адам емес. Оның түсінің мүлт кеткен жері жоқ. Осындай түс көргенде ол аттанып кеп кетсе, қанжығасы құр болуы мүмкін емес. Сәуегейлік дегенді бұдан кейін қане жоққа шығарып көріңізші. Біреудің екі қабат әйелі түсінде пышақ алса, сөз жоқ, ол ұл балалы болады. Енді біреу түсінде бір табақ піскен ет жемек болса, алдына әкелінсе, немесе тісі ырсиып, құлағы қалқиып қойдың піскен басы майлы құйқасымен алдыңызға келе қалса, оның үстіне ол бас быжынап құрттап кетсе, онда оның бай... болмағанда несі қалды. Тіпті, мұндайда бір қойды құдай үшін шалып жіберіп, етін асып елге тарқатып берсе, құртша быжынаған қалың қой бітіп, бір-ақ күнде дәулеті тасып жүре береді. Әттең сол түсінде алдына құртты бас келгенде сақал-мұртын өсіп кетсе! Мұртыңды балта кеспейтін бай сонда боласың, шаруашылығың да шалқып кетеді. Міне осының бәрін білетін Файзолла Бектұрғанов қалай ғана қасиетті түс көрген соң үйінде отырып қалсын.
Таңертең құласын құйғытып Файзолла аттанып кетті. Мектептегі шәкірттер бұл шаруақұмар мұғалімін әрі тосып, бері тосып ақыры түс ауа тарап кетуге мәжбүр болды. Бұл күні ол аң аулап кеткен екен.
Балалар ертеңіне тағы жиналып алып, мұғалім ағайын күтіп отырды. Ол күні ағасы әлі аңнан қайтпады. Әлде түлкісі құрғыр кәдімгі бұланына салып, желе шоқырақтап, есек дәмелендіріп алысырақ ертіп кетті ме кім білсін, оның ертеңіне де келмеді. Арада үш-төрт күн өтіп те кетті. Шәкірттер бұл кезде оқудан күдер үзіп, кезексіз каникулдың болғанына таңдана түсіп жүре берді.
Төрт оқу күні бос өтіп, бесінші күнге аяқ басқанда құла атты құйғытып Файзолла Бектұрғанов әйтеуір келіп жетті-ау. Шынын айту керек, колхозшылар Бектұрғановқа өздерінің наразылығын білдірмей тұра алмады. Сөзді «Бұлақ» колхозының бригадирі Василий Колыш бастады;
— Бұныңыз қалай, Бектұрғанов жолдас, шәкірттер... «Шәкірттер» деген сөздің аяғын Бектұрғанов айтқызбай қағып әкетіп, тастағы түлкіге түсе алмай ашуланған бүркіттей шабынып алды:
— Маған сөйлеп, ескертпе жасайтын сен кімсің, ой, қаратабын колхозшы. Мен кім, сен кім?! Мен құла аттың құлағындамын да, сен оның тұяғында емеспісің?! Бригадир басыңмен...
Ол Колышты сөзбен жерлеп, тіпті өзі өмірдегі ең таза адамдай, анау бұған жала жауып тұрғандай ашуланып, күйіп-пісті. Мұны көрген шәкірттер көшеде біріне-бірі:
— Ағай да ұрсады екен.
— Ұят-ай, ағай балағаттап жатыр,— десіп жүрді.
Күнде-күнде сабақ та болмай қалып жүрген соң балалар сабаққа келмес бұрын «ағай, бүгін сабақ бола ма, болмай ма» деп сұрап алысатын болды. Осындай сабақтың сәті түскен күні Файзолла класқа әндете кірді. Сабақ былай өтті: төртінші класта «Қазақстан байлығы» деген жаңа сабақ басталды. Мұғалім түсіндіре жөнелді.
— Дүниеде бай ел көп, бірақ Қазақстандай бай ел жоқ. Өйткені Қызылорда күріш береді, Оңтүстік Қазақстан мақта береді, Қарағанды қара алтын береді. Қара алтын деген не — ол байлық. Ол неліктен байлық. Өйткені ол көп. Ол неліктен көп, өйткені ол байлы болғандықтан көп.... Ілік септеуі қалай дейсіңдер ме? Лар-лер, дар-дер, тар-тер, бұлар ілік септеуі болады. Барыс септеуі қалай? Ой, ақымақтар, айтып едім ғой, қалай білмейсіңдер, тан-тен, дан-ден емес пе?
Сабақты осылай бастан келе жатқанда Бектұрғановтың мұрнының жыбырлап, есінен жүріп бермесі бар ма. Не істеу керек? Шіркін, қара бұйра насыбайдан бір атса бүйтпес еді-ау! Қап, бағана шақшасы құрғыр үйде ұмтылып қалыпты.
— Балалар, сендер сабақ жаттай тұрындар мен насыбай атып келейін.
Мұғалім сол кеткеннен мол кетті. Насыбай іздеп үйден-үйге өтіп, бәрін аралап келгенде ауылдың аяғына да шығып қалды. Соңғы кірген үйі ертеңгі шайға жаңа отырған екен.
— Насыбайыңыз бар ма, отағасы?—деді Бектұрғанов.
— Насыбай дәмнен үлкен емес, кел шайға отыр.
— Насыбай іздеп...
— Ертеңгі ас қой, ертеңгі асты тастама, кешкі асқа қарама деген емес пе.
— Айтқандай ертеңгі ас екен ғой.
Файзолла Бектұрғанов насыбай іздеп жүргенде қыстың қысқа күні батып кетіп, артынан шәкірттер де іздеп келісіп қалды.
— Ағай, сабақ бола ма?
— Я, менің сабағым бар екен-ау... Жарайды, тарқай беріңдер, ертең кітап оқып келіңдер.
Шәкірттер ертеңіне мектепке уақытысымен келгенімен мұғалім кешіге берді. Балалар хабарласуға енді шыққалы тұрғанда мұғалім кірді. Тағы да әндете келді. Балалар сабақ болмайтынын қашан да осы ызың әннен аңғара бастап еді.
— Құйрығын-ай, түлкінің бұлаңдаған...
— Ағай тағы да кетпегей еді,— десті біріне-бірі.
— Балалар, бүгінгі ететін сабағымыз. «Шоп» туралы, «Ас адамның арқауы» деген сияқты, шоп малдың арқауы. Өйткені оны мал жейді. Шөпсіз мал жұтқа ұшырайды. Шөпсіз мал мал бола ма?
— Жоқ, жоқ...— десіп шу ете түсті балалар.
— Ендеше, менің құла атым ақырда тақырлап тұр. Алдында шөбі жоқ. Сендер кітап оқи беріңдер.
Бектұрғановтың бұл кетісі жаңа жылдан он күн бұрын болып еді. Ақыры балалардың елка төңірегінде ойнап, көңіл ашар кезінде мектеп есігінен қара құлып ажырамады. Ескі жылдың он күнін тұтас алған Бектұрғановтың «демалысы» жаңа жылдағы каникулмен ұштасып, айға созылды. Әрине, оның мектепке қайтқан күндер! жалақы алумен байланысты болады. Ақша алуға оның ұқыптылығын айтып жеткізу қиын. Қар түсіп, сомарланған күні «құйрығын-ай, түлкінің бұлаңдаған...» деген әніне басып Бектұрғанов кетеді де, содан ұзын сонарға түседі. Бұл оның бес жыл бойғы әдеті. Кейде менің жайымды айтып қоясыңдар деп көрші-көлемінің есігін тепкілеп-тепкілеп алады. Ал көңілі келген күні мектепке шәкірттерге тапсырма беріп, тайып тұрады.
Мұғалім бар, сабақ жүріп жатыр деп аудандағылар отырады.
Мінекейіңіз, құрметті оқушы, осы Бектұрғанов сіздің, ауылда да жоқ па, көз салыңызшы!
1956
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі