Ерубай ауылында 37 үй бар. Бұл 37 үй бұрын үшке жіктелетін: бай, орташа, кедей болып. Бір кездерде байдың саны — 4, орташа — 12, қалғаны кедей болып жүрді. Берірек келген соң, әрине, төңкерістен кейін жерде бір санағандарында байдың саны 3, орташа 20, қалғаны кедей болды.
— Осы дұрыс па? — деп сұраушыларға, ауыл болып:
— Осы дұрыс-ақ! — деп жауап берісіп жүрді.
Былтыр осы Ерубай ауылында "Таң" деген колхоз ұйысты. Колхоздың бастығы ерші Ерман, орынбасары Мәкен жеңгей, хатшысы Дүйсекей болды.
Жетібайдың үйінің төргі бөлмесін кеңсе қылып, колхоз іске кірісті. Толып жатқан список жасалды. Толып жатқан анкет толтырылды. Список, анкеттерді қорытып келіп, ауданға дерек білдіргенде:
"Ерубай ауылы жүз процент колхоз болды" — деген қорытынды шықты.
Жалпы жиылыста баяндаманы Ерман істеді.
— Ау, осынымыз әуелі қалай өзі? Мына Дүтпай ауылдары байларын аластап шығарып жатқан көрінеді. Олар — тоқсан процент қана колхоз болып отырмыз дейді. Біз осы асыра сілтеп алып жүргеніміз жоқ па? — деп Ысқақ танауы делдиіп, көптің алдында қасқая бір тұрды.
— Бәсе, Ысқақ неғып шатақ шығармай жүр деп едім-ау!
— Дау шығармаса, Ысқақтың ішкен асы бойына тарамайды ғой.
— Атын шығару үшін сөйлейді көбіне.
— "Белсенді" деп айтсын дейді.
— Ысқақ... Ысқақ... — деп жиылыста отырғандар шулап ала жөнелісті.
Ерман ымдаған соң, Дүйсекей хатшы орнынан тұрып, кішкене кітаптың бір бетін аударды, екінші бетін аударды, бір жеріне шұқшия қадалды:
— Колхозға кімдер кіре алмайды? Міне, мұнда айтылған, — деді Дүйсекей жайраңдап, жерден жеті қоян тапқандай.
— Ал, кімдер?
— Бай кіре алмайды, молда кіре алмайды. Патша тұсында әкім болғандар, шен алған, шекпен кигендер кіре алмайды...
Жұрт біріне-бірі қарады. Жаманбай молда, Ербосын, Ерубайлар біреу көріп қала ма дегендей, бұға түсті.
— Ау, осы айтқандарың бізде бар ма? — деді біреу.
— Бар! — деп, Ысқақ тағы дауыстады.
— Әне, тағы кірісті.
— Іздегені бұзықтық.
— Елдің ел болғаны оған не керек, — деп жұрт тағы шуласты. Әйелдер сыбырласты. Біреулері ернін шығарысты.
— Ысқақ бар деп тұр ғой, айтсын! —деді бір жуан дауыс.
— Ал, Ысқақ, айтасың ба? — деп Ерубай шұқшия қалды.
— Солбыраймай тұрсай, ант ұрған! — деп біреулер жып ете қалды.
Ысқақ сүйретіле басып, көптің алдына келді. Бөркін алып, қолтығына қысты. Сақалын бір-екі рет тұтамдап ұстап, шырқ еткізіп жерге түкіріп те алды.
— Ay, қашан айтасың?
— Бәлденіп тұр ғой.
— Түнеугі өкіріктен келген өкіл құсап сөйлемекші болып тұр ғой, — деп жұрт тағы кеуілдесті.
— Жолдастар! — деді Ысқақ оң қолымен мықынын тіреп.— Біз соқыр болмайық. Біз кедей атына лайықсыз жұмыс істемейік. Біз шын колхоз болайық. Ерубай ауылында бай жоқ, дегенге кім нанар? Нандыршы, қане? Біз айтпағанмен жұрт айтар. Қара жолдың үстінде отырған ауылмыз. Өткен-кеткеннің бәрі біледі біздің ауылды. Көк төбелі ағаш үйлерді көрмеген кім бар дейсің?..
— Осы не сөйлеп тұр? Көк төбелі үйің қайда? — деп шеткерек отырған сопақ бетті кісі, танауы қусырылып, Ысқақтың жағасынан ала түсетін адам тәрізденді.
— Жоқ, жолдас, бұрын барды, бұдан екі жыл бұрын ғана барды. Сатса, бәрі де жоқ болады. Үй түгіл, мал да жоқ болады. Осы ауылдың үсті қара құрым болып жататын мал еді, сол қайда білесіңдер ме? Ерманның екі қарасы әлі бар. Менің екі қарам әлі бар. Ол мал қайда кетті? Ол мал кімдікі еді?..
— Ay, уақытымыз жоқ, жұмысымыз бар. Ысқақтың сөзі бітпес. Басқарма бізді жинады екен! Жұмысын бітірсе екен де, бізді таратса екен? — деді Жүсіп көтеріле түсіп.
— Пәлі, осы жөн, — деп Адырақ оны қостады.
— Біздің қарап отырған мәселеміз — байды зерттеу ме, жоқ басқа ма? — деп біреу сұрау беріп еді.
— Ауданға жіберілетін деректі бекіту үшін жинап отырмыз, —деп Дүйсекей шапшаңдатып жауап қайтарды.
— Ендеше, бекітілсін! Ал, жұрт, тарайық! — деп, Дәуренбек орнынан тұрып еді, жұрт дүркірей тұрды.
— Ал, Ысқақ, соға бер.
— Доклат істе.
— Сөз Ысқақ жолдасқа берілді, — деп тарап бара жатқан жұрт даурығысып күлісті.
Ысқақ бірсыпыраға шейін үндемей отырды. Үстел басында Ерман бастық пен қаулының ағын жазып үлгіре алмай отырған Дүйсекей қалды.
— Ерман шырағым, біздің ауылда осы шынымен бай жоқ па? Ашып айтшы, — деді Ысқақ бір кезде күрсініп.
— Мен қайдан білейін. Солай десіп жүр ғой. Жеке салыққа, қара тізімге іліккен адамдар да жоқ, — деп Ерман күңкілдеді.
— Жеке салыққа, қара тізімге байлар, молдалар өздері ізденіп барып іліге ме екен, әлде, оларды іліктіріп беру міндеті ме екен?..
— Өй, басымды ауыртпашы, мына бір анкетін тапсыра алмай жатырмын, — деп Ерман қағазына үңілді.
"Таң" колхозының мүшелерінің арасы алты айғы қою даудан арылмады. Ұрыс десең, осында, төбелес десең, осында. Қатыннан айрылу десең, осында.
— Колхозың құрысын, берекеміз кетіп болды, — деп реніш білдіргендер де сезілді.
Бір күні жалпы жиналыс шақырылды. Жиылыс өте тығыз шақырылды. Ерман қалтыранып, сұрланып, жиылысты не үшін шақырғанын айтты:
— Осылай да осылай. Егінге ертең шыққалы отырғанымызда 12 үйдің "бөлінеміз" деп отырғаны мынау...
— Бөлінгенде, бөлек колхоз болмақ па?
— Жоқ, мүлде колхоз болмаймыз дейді.
— Олар кімдер?
— Жаманбай, Ербосын, Ерубайлар, тағы басқалар, — деп Ерман арыздағы тізбені шұбырып оқып шықты.
Ысқақ мырс етіп, миығынан күлді.
— Ерман шырағым, осы біздің ауылда бай бар ма енді, білесің бе? — деді Ысқақ күлімдей түсіп.
— Өй, қойшы, адамның басы қатып отырса, — деп Ерман желкесін қасыды.
Ысқақ орнынан құшырланып тұрды:
— Жоқ, жолдастар, бас қататын жұмыс бұл емес. Қатқан бас қатар, енді жазылу керек. Былтырдан бері байды жоғалтып алып масқара болып жүр едік, міне, көрдің бе! Өздері ашып берді! Бет пердесі ашылды деген осы! Колхоздан шығамын деп отырған осы 12 үйдің ішінде сытығы бар ма? Кілең байдың, шонжардың тұқымы емес пе! Осыларды кедеймен бірге тілек тілейді деп кім айтар?! Шықсын, аласта! Арызын былай қой, аластап шығар! Жаз протоколды!
Ұйлығып отырған жұрт тірелген түбектен жол іздеп тапқандай, кәдімгідей жазылып сала берді.
— Е, бәсе, Ысқақ бірдеме тапса керек еді! — деп біреулер қуанып қалды.
Дүйсекей хатшы көптің атынан қаулы жазды. Қаулыға мүшелер тегіс қол қоймақшы болысты.
— Әлгі менің сөзім түгел осында жазылды ма? — деді Ысқақ.
— Жазылды.
— Ендеше, әкел, алдымен өзім қол қояйын, — деп бармағын сияға малып, ақ қағазға баржита бастады. Ақ қағазға бармақтың қара табы басылды.
— Құрып қалғыр Ысқақ, қолыңды сонша бояғаның не қағаздың бетін қап-қара қылыпсың ғой, — деді Дәуіт күліп.
— Жоқ, бұ да аз. Бұл байларға салған таңбам. Таңбаны баттита салмасам, Ерман тани алмай қалатын болып жүр, — деп Ысқақ мырс-мырс күлді.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі