Өлең, жыр, ақындар

Жүректегі таңбалар

О, жүректің жады! Сен күштісің

Ақыл-ойдың қайғылы жадынан да...

Батюшков.

Оқырмандар жазатын адамдардан олар кітаптары үшін материалды қалай, ұзақ уақыт жинай ма деп жиі-жиі сұрайды. Және оларға материалды ешқашанда әдейі жинау деген болмайды, болған да емес деп жауап қайтарғанда, олар, әдетте, таңғалысады.

Жоғарыда айтылған жайттың — жазушының мына кітабына ма, әлде ана кітабына ма қажетті ғылыми не біліми материалды оқып, игеруіне, әрине , қатысы жоқ. Гәп тек өмір-тіршілікті бақылау жөнінде ғана болып отыр.

Өмір материалы — Достоевский айтып кеткен "ағындап жатқан өмірдің егжей-тегжейін", — оқып үйренбейді. Егер осылай деп айтуға болатын болса, жазушылар сол материалдың ішінде өмір сүреді, — өмір сүреді де азаптанады, ойланып-толғанады, қуанады, үлкенді-кішілі оқиғаларға қатысады, және өмірдің әрбір күні әрине олардың жады мен жүрегіне белгісі мен таңбасын қалдырады.

Оқырмандардың (сондай-ақ кейбір жас жазушылардың) есінен жазушы дегенің қолына жазу кітапшасын алып, көрінген жерде сандалып жүретін адам ретінде, өмірдің кәсіби "жазарманы" және тыңшысы ретіндегі түсінігі, біржолата жойылып кеткені қажет-ақ.

("Бірдеңені ұмытып қалмас үшін") өзін өмірді бақылауға мәжбүр етіп, соларын қор ғылып жинап, жазғандарын әлпештеп сақтап жүретін кісі, әлбетте, талғамсыздықпен бақылауларын таудай етіп, үйіп тастайды, бірақ олары өлі күйінде қала береді. Басқаша айтқанда, со бір бақылауларды жазба-кітапшасынан тірі прозаның арқауына көшіретін болсақ, олар әманда езінін айқындығын жоғалтады да шығармада мүлде бөгде нәрсе сияқтанып тұрады.

Осынау шетен ағашының бір түбі немесе оркестрдегі ана бір ақшашты барабаншы бір кездері жазатын әңгімеме керек болып қалар екен-ау деп, оған айрықша көңіл бөліп, тіпті жасанды түрде болса да, оны мұқият бақылауым қажет екен деп, әсте ойлауға болмайды. Ал, реті келгесін, "қызмет бабымен", іскерлігім ұстап, бақылау тағы да жөн емес.

Бақылауларын қанша сәтті болғанымен, оларды ешқашанда прозаға күшпен сыналап, тығып жіберуге болмайды. Қажет кезінде, олардың өзі оған енеді де тиісті орнына барып, тұра қалады. Кейде жазушының өзі баяғыда, мүлде ұмытып кеткен бір жайт немесе бір нәрсенің егжей-тегжейі кенет, жұмысқа керек кезінде, оның іждағатты жадында түрленіп-гүлденіп шыға келеді.

Жазушылық негіздерінің бірі — кісінің жақсы жады.

Егер мен "Жеделхат" атты әңгімемнің қалай жазылғанын айтып берсем, мүмкін, осынау ойларым айқындала түсетін шығар.

Күздің соңғы кезінде мен Рязань түбіндегі бір деревняға, өз кезінде белгілі болған гравер Пожалостиннің мекен-жайына барып қоныс тептім. Онда жалғыз-жарым болып, қаусап тұрған мейірбанды кәрі кемпір, Пожалостиннің қызы, Катерина Ивановна қалған ғұмырын өткізіп жатты. Оның жалғыз қызы Настя Ленинградта тұратын және шешесін біржолата ұмытып кеткен еді — ол тек екі айда бір рет қана Катерина Ивановнаға ақша салып жіберетін.

Мен қабырғалары бөренеден салынған, гуілдеп тұрған үлкен үйдің бір бөлмесіне орналастым, кемпір үйдің өзге бөлегінде тұрып жатты. Оған қаңырап бос қалған сенек арқылы және едендерінің тақтайлары сықырлап жататын шаңлы бірнеше бөлмелерден өтіп баруға болатын еді.

Бұл үйде кемпір мен менен басқа тірі жан тұрмайтын. Және бұл үй мемориалды деп аталатын.

Қиюы қашқан қосалқы үй-сарайлары бар ауланың арт жағында, жел өтінде, үйдің өзі тәрізді көптен күтілмеген, суықтан жаурап қалған, ылғалды үлкен бау шулап тұратын.

Мен жұмыс істеуге келгенмін және әуелгі кездері өз бөлмемде таңертеңнен қараңғылық түскенше жазатын едім. Және ымырт тым ерте үйірілетін. Сағат бесте, күліңгір түсті әйнек абажуры қызғалдақ тәрізді етіп жасалған, керосин шамды жағу керек болатын.

Бірақ мен сосын жұмысты кешке қарай көшірдім. Күндізгі азын-аулақ сағаттарды бөлмеде өткізу өкінішті болып көрінді, ал со кездері мен қыстың келуіне әзірленіп үлгірген ормандар мен шабындықтарды аралап, сейілдеп жүрер едім ғой.

Мен жер кезіп, ұзақ жүретін болдым және күздің көп белгілерін көрдім. Ертеңгілік шалшықтың мұз әйнек қабығы астынан ауаның көбігі көрінеді. Кейде қуыс кристалл шар сияқты осындай көбік ішінде, көктеректің не қайыңның қызыл күрең не сарғыш жапырақтары жатады. Мен мұзды жарып, со бір қатып қалған жапырақтарды үйге алып келуді ұнатушы едім. Көп ұзамай менің тереземнің алдында сондай жапырақтар үйіліп қалды. Олар жылынғаннан кейін, төңірегіне иісін тарата бастады.

Бәрінен де орман іші рақат еді. Шабындықтарда жел гулеп соғады, ал орман-тоғай ішінде мұздақтары сытырлаған, тұнжыр тыныштық тұнып тұрады. Бәлкім, орман іші қоңыр бұлттардан түнеріп кететін шығар. Олардың жерге жақындап, төніп келетіні сондай, кейде қарағайлардың ұшар басын тұман орап тастар еді.

Кейде мен Оканың бір тармағына барып, қармақ саламын. Ол жақта тал жапырақтарының ащы иісінен беттің терісі жиырыла түседі. Қарасу беті жасыл рең тауып, құбылып жатады. Балық күзде абайлап, қармақты сирек қабады.

Содан кейін шелектеп жаңбыр жауып, баудың ұйқы-тұйқысын шығарды, қарая түскен шөпті жермен жексен етіп, жабыстырып тастады. Ауадан ылғалды қар иісі сезіле бастады.

Күз нышандары көп-ақ еді, бірақ қайсы бірін есіңде сақтай бересің. Менің ақиқат бір білетінім - жан сарайым жаңғыра жеңілдеп, басымда үйірілген қарапайым да айқын ойлардың со бір қоңыр күздің күйініш-сүйінішімен кереметтей болып жұптасып кеткенін ешқашанда ұмытпаймын.

Жалба-жұлба ылғалды етегін жер үстімен салпылдатып сүйретіп өтетін бұлттар қабағы түнере түскен сайын, жауын-шашын да суыта бастаған сайын, менің жаным да бір түрлі жай тауып, жазуым жеңілдеп, бедерлі сөздер қағаз бетіне өздігінен тізіліп жатқандай болып көрінеді.

Күз қасиетін терең сезініп-түйсінуден туған сезімдер мен ойлардың түзілуі аса маңызды. Ал материал атаулының бәрі - адамдар, оқиғалар, жеке бөліктері мен егжей-тегжейлері -ол, өз тәжірибемнен білетіндейін, белгілі бір уақытқа дейін, әлгі күзді сезіне-түйсінудің бір жерінде сенімді түрде жасырылып қойылған еді. Сосын мен әңгімелерімнің бірінде сол сезім-түйсігіме қайта оралсам болғаны, соның бәрі дереу жадымнан шыға келіп, қағаз бетіне түсер еді.

Мен өзім тұрған со баяғы үйді әңгімеге қажет материал ретінде арнайы тексерген емеспін. Мен тек оны тұнжыраған қалпы мен тыныштығын, сағатының берекесіз тықылдап соғуын, пешінен ұдайы шығып жататын қайың түтінінің иісіқ қабырғаларға ілінген ескі гравюларын (олар өте аз қалған еді, өйткені Катерина Ивановнаның барлық гравюларын облыстық музей алып кеткен еді):

Брюлловтың "Автопортретін", "Кресті алып жүруді", Перовтың "Құс аулаушысы" мен Полина Виардоның портретін жақсы көріп кеткен едім. Терезелерінің әйнектері ескі де қисық болатын. Олар кемпірқосақ тәрізденіп жарқырап, құбылып тұратын, ал шырақ жарығы оларға неге екенін қайдам қосарлана түсіп, шағылысып жатады.

Күллі жиһаз — дивандар, үстелдер мен орындықтар ақшыл ағаштан жасалған екен, уақыт оларды жалтыратып жіберіпті және олардан иконалар тәрізді кипарис иісі шығып жатады.

Ол үйде кісінің күлкісі келетін және енді қажетке аспай қалған заттар көп болатын: маздақ тәрізді мыс түндік (шам), кілтипанды құлыптар, ішінде кремдері қатып қалған, сыртына "Париж" деп жазылған бүйірлі кәрлен шишалар, балауыздан істелген, шаң-тозаң басып қалған бір шоқ шайгүл (ол тат басқан жуан ілмекке ілулі тұр), ломбер үстеліне бормен жазылған карта ойнындағы ұтысты өшіруге арналған жұмыр шөткі т.б.

1848, 1850 және 1852 жылдардың үш қалың күнтізбесі де бар еді. Солардағы сарай маңында жүретін әйелдер тізімінен мен Пушкиннің әйелі — Наталья Николаевна Ланскаяны және Пушкинмен ашына болған әйел Елизавета Ксаверьевна Воронцованы таптым. Неліктен екенін әлі күнге дейін' өзім де түсінбеймін, әйтеуір мен соған бір түрлі мұңайып қалдым. Мүмкін үй ішін жайлаған өлі тыныштықтан ба. Алыстан Ока үстінен, Кузьмин шүлезі жанынан пароход қышқырды, со мезетте мына бір өлең есіме түсе кетті:

Жауынды күн батты; жауынды түн түнегі

Қорғасындай киімімен төселе берді аспанға,

Аруақтай елестеп, қарағайлы орман сыртынан,

Тұманды ай туды бұлдырап...

Кешқұрым мен Катерина Ивановнамен бірге отырып, шай ішетінмін.

Кемпірдің өзі қазір нашар көреді, үй ішінің әр түрлі уақ-түйек шаруасын істеп тастау үшін, оған күн сайын көршісінің қызы Нюрка екі-үш рет жүгіріп келіп-кетіп жүреді, оның қабағы бір ашылмайтын, дүниенің бәріне наразы, шалыс мінезді қыз еді.

Нюрка самаурынды қойып, бізбен бірге отырып, шыны аяқтан сораптап шайды ішеді. Катерина Ивановнаның жайымен айтқан сөзінің бәріне ол бірер сөзбен ғана жауап береді:

— Әне, қарашы! Не ойлап тапқанын! — деп.

Мен оны ұялтып, кейіген болам, бірақ ол маған да:

— Әне, қарашы! Не ойлап тапқанын! Мен бір ештеңені түсінбейтіндей, мен бір мәгас сияқтыдай?! — деп бажырайады.

Бірақ іс жүзінде, тегі, Катерина Ивановнаны жақсы көретін бірден-бір жан — Нюрка болатын. Сонда Катерина Ивановнаның оған бірде құрылтай құсының тұлыбы қадалған көне барқыт қалпағын, енді бірде шыны түйреуішті не уақыттан сарғыш тартқан шілтерді сыйлайтыны үшін емес.

Катерина Ивановна бір кездері әкесімен бірге Парижде тұрған, Тургеневті білетін, Виктор Гюгоны жерлеуге барған. Кейуана маған оны әңгіме етіп айтқан, ал Нюрка оған:

— Әне қарашы! Тағы не ойлап тапқанын! — деп күңк етті.

Бірақ Нюрка ұзақ отырмайды, "кішкентайларын" ұйықтатуға үйіне кетіп қалады.

Катерина Ивановна ескі атлас сөмкесін ешқашанда қолынан тастамайтын. Сөмкеде оның бар байлығы: Настяның хаттары, азғана ақшасы, паспорты, сол әлгі Настяның — жіңішке қиғаш қасты, томаға көзді сұлу әйелдің фотосуреті, Катерина Ивановнаның өзінің, нәзіктік пен тазалықтың бейнесіндей үлбіреп тұрған баяғы қыз кезіндегі сарғая түскен суреті сақтаулы еді.

Катерина Ивановна әлсіз кәрілігіне болмаса, ешқашанда бөтен ештемеге шағынып көрген емес. Бірақ мен көршілерінен өрт сөндіргіштер сарайының күзетшісі, қайырымды да берекесіз шал Иван Дмитриевичтен білгенім, Катерина Ивановнаның көрген күні күн емес — тек қана қасірет, Настя, міне төртінші жылдың жүзі болды, келмейді — ендеше анасын ұмытқаны, ал Катерина Ивановнаның күні санаулы. Бәле-мәтердің беті аулақ, әйтпесе, ол бейшара жалғыз қызын көре алмай, оны аймалап сүйе алмай, оның "әспетті сұлу" ақсары шашын (Катерина Ивановна со шаш туралы осылай дейтін) еміреніп сипай алмай өліп қалады ғой.

Настя Катерина Ивановнаға ақша жіберіп тұрады, бірақ ол да кейде үзіліп қалады. Ал, со үзілістер кезінде Катерина Ивановнаның қалай тұратынын тірі жан білмейді.

Бір күні Катерина Ивановна менен өзін бауға апаруын сұрады — ол онда ерте көктемнен бері болмапты, шығуға әл-дәрмені жетпепті.

— Қымбаттым, — деді Катерина Ивановна, — мені, кәрі кейуананы кешір. Мен бауды ақырғы рет көргім келеді. Мен онда баяғы қыз кезімде Тургеневті бас алмай оқушы едім. Және кейбір ағаштарды өз қолыммен отырғызған едім.

Ол өте ұзақ киінді. Ескі жылы пәлтосын киіп, басына жылы орамал тартты, сосын менің қолымды қысып ұстап, абайлап басқыштан түсті.

Күн кешкіре бастаған. Бау жалаңаш еді. Аткөпір болып түскен жапырақтар жүруге бөгет болды. Олар сытырлап, аяқ астыңда суси қозғалып жатты. Жасыл рең тапқан шапағатты көкте бір жұлдыз жанды. Шалғайдағы орман үстінде ай орағы ілініп тұр.

Катерина Ивановна жел қаққан жөкенің жанына барып тоқтап, оған қолымен сүйеніп, жылап қоя берді.

Ол құлап қалмасын деп, мен оны қаттырақ ұстап тұрдым. Күллі кәрі адамдар сияқты, ол көз жасын төккеніне ұялмай, егіліп жылады.

— Құдай сіздің басыңызға салмасын, қарағым, қартайғанда қу бас болып қалуды! Құдай сақтасын! — деді ол маған.

Мен оны абайлап демеп, үйге қарай беттедім, ал кешкісін Катерина Ивановна маған әкесінен қалған, сарғайып кеткен бір байлам хаттарды оқуға берді.

Онда суретші Крамской мен гравер Иорданның Римнен жіберген хаттары бар екен. Иордан өзінің атақты даниялық мүсінші Торвальдсенмен дос екенін, Латеранның таңғаларлық мәрмәр статуялары туралы жазыпты.

Мен бұл хаттарды, бұрынғыша, түнде оқыдым. Үй сыртыңда жел азынап соғып, жалаңаш ылғалды бұталарды шуылдатады, май шам пышырлап, зеріккеннен өзімен-өзі сөйлесіп тұрған тәрізді. Осынау Римнен келген хаттарды осы арада жауынды түнде, деревня күзетшісінің айналма жол үстінде қолтоқпағын қалай тоқылдатып жатқанын тыңдай отырып оқу, неге екенін қайдам, жаныма бір түрлі жайлы да жағымды сезіледі.

Со кезде мен Торвальдсенге қызығып, Мәскеуден ол туралы оқитын әдебиетті тауып алдым, оның ертекші Христиан Андерсенмен дос болғанын білдім, араға бірнеше жыл салып, ол туралы әңгіме жаздым. Бұл хикаяны жазғаным үшін де, мен со бір ескі деревнялық үйге қарыздар едім.

Тағы да бірнеше күннен кейін Катерина Ивановна жатып қалды да содан қайтып тұра алмады. Оның еш жері ауырмайды. Тек шаршап қала беретініне ғана шағынатын болды.

Мен Ленинградка Настяға жеделхат жібердім. Бірдеңе бола қалса, жақын жерден табылуы үшін, Нюрка Катерина Ивановнаның бөлмесіне көшіп алды.

Бір күні түнде Нюрка мен жатқан бөлме қабырғасын қатты тақылдатты да:

— Келіңіз! Әже өліп барады! — деді үрейлі дауыспен.

Катерина Ивановна ес-түссіз жатыр екен, тек әлсіз ғана тыныстайтын тәрізді. Мен оның тамырын ұстап көріп едім, ол бүлкілдеп соқпай, өрмекшінің ауы сияқты, жіп-жіңішке болып, жай ғана дірілдеп тұр екен.

Мен киініп, қол шамды жағып алып, селолық ауруханаға қарай жүрдім. Аурухана орман ішінде, алыс жерде болатын. Қара жел кесілген тоғай жақтан ағаш ұнтағының иісін жеткізеді. Тас қараңғы түн еді, тіпті бұйығып иттер де үрмейді.

Дәрігер Катерина Ивановнаға камфора жасап, бір күрсінді де кетіп қалды, кетерінде бұның агония — жанталас екенін, бірақ оның әлі ұзаққа созылатынын, өйткені Катерина Ивановнаның жүрегі жақсы екенін айтты.

Катерина Ивановна таң атарда көз жұмды. Мен оның көзін жабуыма тура келді. Оның сол ғана ашық қалған қабағын абайлап жаба берген кезімде, одан бір тамшы жастың аунап түскенін мен ешқашан да ұмытпаймын.

Нюрка жылағаннан демігіп тұрып, маған умаждалған бір конверта ұстата салды да:

— Мұнда Катерина Ивановна өзін қандай киіммен қоюға болатынын айтқан, — деді.

Мен конвертті ашып, қарттың дірілдеген қолымен жазылған бірнеше сөзді — өлгеннен кейін өзіне не кигізу керек екенін білдірген тілегін оқыдым — мен бұл жазбаны ертеңгілік Катерина Ивановнаны соңғы сапарына әзірлеуге келген әйелдерге бердім.

Сосын мен зиратқа моланың орнын көріп, белгілеп қайтуға бардым, қайтып келсем, тап-тұйнақтай әзірленіп үстел үстінде жатқан Катерина Ивановнаны көргенде қайран қалып, тұрып қалдым.

Ол ескі заманның алтын реңді, шлейфті, би көйлегін киіп, қыз сияқты, жіп-жіңішке болып жатыр екен. Шұбатылған шлейфімен аяғын орап тастапты. Оның астынан кішкене ғана қара күдері туфлиі көрініп жатыр. Шырақ ұстаған қолына аппақ биялайды кигізіп, шынтағына дейін тартып қойыпты. Қырмызы жібек раушан-гүлдің бір шоғы корсажына қадалыпты.

Жүзі торғын желекпен бүркеліпті, егер жеңі мен ақ биялайының жиегі арасынан көрінетін құрғақ әжімді шынтағы болмаса, оны бұл жатқан сұңғақ бойлы жас әйел екен деп ойлап қалуға болар еді.

Настя үш күнге кешікті де, оны жерлегеннен кейін ғана келді.

Міне осы жоғарыда айтылғандардың бәрі жазушының өмір-тіршілігінің, кейін проза тудыратын материалдары болып табылады.

Бұның бір ерекшелігі — деревня үйі мен күздің барша жағдайы, бүкіл егжей-тегжейі, жиһаз-мүліктері мен сыр-сипаты — осының бәрі Катерина Ивановнаның хал-ахуалымен, оның ғұмырының ақырғы күндерінде басынан өткерген ауыр жан тебіреністерімен мейлінше үйлесіп жатқан еді.

Дегенмен, менің со кездері көріп, ой елегінен өткізген нәрселердің дені "Жеделхатқа" енгізілмеді. Әдетте, болып жататыңдай, көп нәрсе әңгіме шегінен тыс қалды.

Жазушы тілімен айтатын болсақ, қысқа әңгіме үшін, соның ішінен ең бағалысын таңдап алу үшін, қыруар материалды көтеру керек.

Екінші дәрежелі ролдерді ойнаған жақсы актерлердің жұмысын менің талай рет бақылауыма тура келді. Сондай актер ойнаған кейіпкердің, пьесаның бүкіл он бойында айтатын екі-үш ауыз-ақ сөзі болады, бірақ актер автордан сол адамның мінез-құлқы мен сыртқы түр-пішіні туралы ғана емес, оның өмірбаяны туралы, шыққан ортасы туралы да ежіктеп сұрап жатады.

Мұндай нақты білім-білік актерге өзінің екі-үш ауыз сөзін дұрыс айтуы үшін керек.

Жазушылардың басында да дәп осындай жайттар болып жатады. Материалдардың қоры әңгімеге қажетті мөлшерден әлде қайда мол болуға тиіс.

Мен "Жеделхат" туралы айттым. Бірақ әр әңгіменің өз тарихы мен өз материалы бар.

Бірде мен қысты күні Ялтада тұрдым. Терезені ашқан кезде, бөлмеге еменнің құрғақ жапырақтары ұшып кіретін. Олар жел лебімен еденде сыбдырлап, жылжып жүретін. Бұл ғасыр жасаған емендердің жапырақтары емес, қырым Яйласының бөктерлеріне қаулап шығатын жатаған емен бұталарының жапырақтары болатын.

Түн сайын кар басқан таулардан ызғарлы жел соғатын. Сол қар жылжымалы жұлдыздар жарығымен сыйқырланып қалғандай жалтырап жататын.

Менімен қатар тұратын ақын Асеев қаһарлы Испания туралы, "Барселонаның ежелгі аспаны" туралы өлеңдер жазатын (бұл испан оқиғалары болып жатқан кездегі жайт).

Ақын Владимир Луговской өзінің әлуетті жуан даусымен ағылшын матростарының ескі әндерін айтатын:

Қош бол, жер! Кеме кетті көк теңізбен, Шағала ізі қалды артымызда...

Кешқұрым біз радио жанына жиналып, Испаниядағы соғыс туралы ақпарларды тыңдайтынбыз.

Біз Симеиз обсерваториясына бардық. Ақ шашты астроном бізге жұлдызды аспанды — аспанның құшақ жетпес құздарындағы сирек те кісі басы айиалатын алыстағы оттардың шұғыласын көрсетті.

Қара теңіз флоты кемелерінің оқу-жаттығу жолындағы атыстарының дыбысы, сирек те болса, Ялтаға жетіп жатады. Со сәтте графиндердегі судар дірілдейді, бәсең гуіл Яйла үстінен аунақшып өтіп, қалың қарағай қылқандары арасына барып өшеді.

Түн ішінде аспан-көкте көзге көрінбейтін ұшақтар гүрілдеп жатады.

Мен неміс жазушысы Бруно Франктің Сервантес жөніндегі кітабын оқып жүргенмін. Кітап аз болатын, сол себепті де мен оны бірнеше рет оқып шықтым.

Со кездері төрт табанды свастика Еуропаға жайыла бастады. Генрих Манн, Эйнштейн, Ремарк, Стефан Цвейг — Германиянын дегдар адамдары — "қоңыр оба" мен қосырей Гитлердің сыбайластары болғысы келмей, отандарын тастап кетіп қалды. Қуғындалған кісілер өз жүректерінде гуманизмнің — бауырмалдықтың жеңетініне деген бұлжымас сенімін ала кетті.

Гайдар бәріміздің үйімізге күлімдеген сарғыш көзді үлкен сабалақ овчарканы ертіп келді. Бұл — қойшының таудағы иті, — деді ол бізге.

Гайдар әдебиеттен мүлде ештеңені де түсінбейтін сыңай танытады. Жалпы ол қара дүрсін адам болып көрінуді ұнататын.

Қара теңіз түнде мұңая шулап жатқандай болады. Ол күндіз де шулайды, бірақ ол сонда анық естілмейтіндей болып көрінеді. Теңіз шуылы аясында жазу жеңіл сияқты.

Сол кездегі "ағымдағы өмірдің" тұтас бір егжей-тегжейі міне, тап осындай еді. "Құмай Тазылардың шоғыры" хикаясы солардан құралды. Сол әңгімеден сіз мен жоғарыда атап өткен нәрселердің бәрін дерлік: еменнің құрғақ жапырақтарын, ақ шашты агрономды, канонада гуілін, Сервантесті, гуманизмнің жеңетініне кәміл сенетін адамдарды, таулық овчарканы, түнгі ұшуды және басқа көптеген нәрселерді табасыз.

Осының бәрі біріктіріліп, белгілі бір тепе-теңдікпен белгілі бір сюжетке енгізілді.

Мен осы әңгімені жазған кезде тұла бойымда түнгі таулардан соғатын суық желді ұдайы сезініп-түйсініп отыруды сақтауға тырыстым. Бұл әңгіменің арқауы сияқты еді.

Аударған Әбілміжін Жұмабаев


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз